Хадис
صحيح البخاري

Кітап пен авторы жайлы толығырақ

Сахих әл-Бұхари · Имам Мұхаммед ибн Исмайыл әл-Бұхари (һ. 194–256)

Сахабалар Алла елшісінің (с.а.с.) айтқан сөзін, істеген ісін жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Хадис ғалымдары осы мұраны жинап, әр риуаяттың қалай жеткенін зерделеді. Хадистерді сенім, құлшылық, мәміле, әдеп және Пайғамбардың өмірі секілді тақырыптарға бөліп, жүйеледі. Осы еңбектердің арасында имам Бұхаридің «әл-Жамиғус-сахих» жинағы айрықша орын алады. Ол «Сахих әл-Бұхари» деген атпен кең танылған.

I. Имам Бұхари

Имам Бұхаридің толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмайыл ибн Ибраһим ибн Мұғира ибн Бәрдизба әл-Бұхари әл-Жуғфи. Кунясы – Әбу Абдулла. Ол һижраның 194 жылы шәууәл айының он үшінші күні Бұхарада дүниеге келді. Әкесі Исмайыл хадис ілімімен айналысып, Мәлик ибн Әнәс пен Хаммад ибн Зәйдтен риуаят жеткізген. Әкесінен ерте айырылған Мұхаммед анасының қамқорлығында өсті.

Ол он жасынан хадис дәрісіне қатыса бастады. Бұхарада Мұхаммед ибн Сәләм әл-Байкәнди мен Абдулла ибн Мұхаммед әл-Мүснадиден хадис тыңдады. Жас Мұхаммед мәтінді жаттай жүріп, оны жеткізген кісілердің қай дәуірде, қай жерде өмір сүргенін, кімнен хадис алып, кімге жеткізгенін зерделеді.

Бұхари он бір жасында әд-Дахилидің дәрісінде иснадтағы, яғни хадис жеткізушілер тізбегіндегі бір есімнің жаңсақ оқылғанын аңғарады. Ұстазы «Әбу Зүбәйр» дегенде, ол бұл кісінің Зүбәйр ибн Ади болуы керегін айтып, бастапқы жазбаны қарауын өтінеді. Әд-Дахили жазбаны қарап, шәкіртінің сөзін растап, есімді түзетеді. Бұхари он алты жасқа келгенде Абдулла ибн әл-Мүбәрак пен Уәкиғ ибн әл-Жаррахтың кітаптарын жатқа білген.

Ілім сапары және хадис жаттау машығы

Һижраның 210 жылы Бұхари анасы және бауыры Ахмадпен бірге қажылыққа аттанды. Осы сапардан бастап, барған елінде хадис ғалымдарынан дәріс алды. Балхта Мәкки ибн Ибраһимді, Меккеде Абдулла ибн Язид әл-Муқриді, Куфада Убайдулла ибн Мұсаны тыңдады. Басрада Әбу Асым мен әл-Ансариден, Бағдатта Аффан ибн Мүслимнен хадис алды. Өзінің айтуынша, Шамға, Мысырға және әл-Жәзираға екі рет, Басраға төрт рет барған, Хижазда алты жыл тұрған.

Бұхаридің мың сексен кісіден хадис жазып алғаны айтылады. Ол ілім үйренудің әдебін былай түйіндеген: «Кісі өзінен үлкеннен де, құрдасынан да, жасы кішіден де ілім алмайынша кемелдікке жетпейді».

Басрада бірге оқыған Хашид ибн Исмайылдың айтуынша, қатарластары естігенін жазып отырғанда, Бұхари кейде тыңдаумен шектелген. Жолдастары мұның себебін қайта-қайта сұраған соң, ол жазбаларын алып келуін өтінеді. Он бес мыңнан асқан хадистің бәрін Бұхари жатқа айтып бергенде, шәкірттер дәптерлерін оның айтқанымен салыстырып, түзете бастайды.

Бұхари хадисті жаттаумен қатар, рауилерді де жақсы таныған. Әл-Фиряби бір дәрісінде жеткізушілерді Әбу Уруа, Әбул-Хаттаб және Әбу Хамза деген куняларымен атайды. Сонда Бұхари олардың Муаммар ибн Рашид, Қатада ибн Диама және Әнәс ибн Мәлик екенін бірден айтады. Мұхаммед ибн Әбу Хатимнің жеткізуінше, Бұхари жақсы жаттаудың жолын үздіксіз еңбектену мен өзіне талап қоя білуден көрген.

Ғылыми еңбектері мен шәкірттері

Бұхари бозбала шағында еңбек жаза бастады. Он сегіз жасында сахабалар мен олардан тәлім алған табиғиндердің сөздері мен шығарған үкімдерін жинауға кірісті. Қажылықтан кейін Мәдинада бір жыл тұрып, хадис жазумен шұғылданды. «Әт-Тарих» еңбегін Алла елшісінің (с.а.с.) қабірінің жанында қолға алғанын да еске алады. Рауилерге арналған «әт-Тарихул-кәбир» – оның осы саладағы ең белгілі туындыларының бірі. Бұдан өзге «әт-Тарихул-әусат», «әт-Тарихус-сағир», әдеп туралы «әл-Әдәбул-муфрад» және намазға қатысты «Рафғул-йадайн фис-салат» секілді еңбектері бар.

Имам Бұхари хадис ғалымы әрі фиқһ білгірі еді. Нуғайм ибн Хаммад оны: «Мұхаммед ибн Исмайыл – осы үмбеттің фақиһы», – деп бағалаған. Бұхари хадистен қандай үкім шығатынына, ғалымдардың байламы қандай дәлелге сүйенетініне ден қойды. Бұл қыры жинақтағы бап атаулары мен хадистердің орналасуынан айқын көрінеді.

Бұхариден Мүслим, Тирмизи, Мұхаммед ибн Наср әл-Мәруази, Салих ибн Мұхаммед және Ибн Хузайма секілді ғалымдар тәлім алды. Олар сүннетті жаттау мен түсінуде ұстазының жолын жалғады. Имам Зәһәби Бұхаридің зеректігін, ілімге ынтасы мен тақуалығын қатар атаған. Ибн Хиббанның баяндауынша, Бұхари Құран оқығанда аяттардың мәніне үңіліп, адал мен арамның ара-жігін зерделеген.

Бұхара әкімі Халид ибн Ахмадпен арада келіспеушілік туып, Бұхари туған қаласынан кетуге мәжбүр болды. Самарқан маңындағы Хартанк ауылында туысы Ғалиб ибн Жәбірилдің үйіне түсті. Самарқан жұрты шақырғанда жолға жиналғанымен, көлігіне жетпей әлсіреп, сапарға шыға алмады. Һижраның 256 жылы Ораза айтқа қараған түні, алпыс екі жасқа толар шағында дүние салды.

II. «Сахих әл-Бұхари»

Жинақтың жазылу тарихы

Имам Бұхариге дейін де хадис жинақтары жазылған. Хафиз Ибн Хажардың айтуынша, оларда сахих және хасан деп бағаланған хадистермен бірге әлсіз риуаяттар да кездесетін. Бұхари сахих хадистерді, яғни сенімділігі айқындалған риуаяттарды, бір жинаққа іріктеуді ойлады. Ұстазы Исхақ ибн Рахуя бір мәжілісте: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахих сүннетін ықшам бір кітапқа жинасаңдар ғой», – деген. Бұхари осы сөз көкейіне қонып, «әл-Жамиғус-сахих» жинағын құрастыруға кіріскенін айтады.

Арабша кіріспеде жинақтың жазылуына түрткі болған тағы бір риуаят бар. Бұхари түсінде Алла елшісінің (с.а.с.) алдында тұрып, оны қолындағы желпуішпен қорғаштап тұрғанын көреді. Түс жорыған кісі оған: «Сен Алла елшісін жалған сөзден қорғайсың», – деген екен. Бұхари осы түсті де кітапты жинауға түрткі болған себептің бірі ретінде атайды.

Арабша кіріспеде Бұхаридің жинақты Меккеде жаза бастағаны, алты жүз мың хадистің арасынан іріктеп, еңбекті он алты жылда түзгені айтылады. Бұхаридің өз сөзімен айтсақ: «Алладан қайыр тілеп, екі рәкағат намаз оқымайынша әрі хадистің сахих екеніне көз жеткізбейінше, оны жинаққа енгізбедім. Бұл кітапты Алла алдында өзіме дәлел еттім».

Бұхари қолжазбаның алғашқы нұсқасын аяқтаған соң, оны аққа көшіру үшін Мәдинаға келген. Бап атауларын Алла елшісінің (с.а.с.) қабірі мен мінберінің арасында көшіріп, әр атауды жазарда екі рәкағат намаз оқығаны баяндалады. Каир басылымының мұқабасында жинақтың толық атауы берілген.

الجامع الصحيح

المسند من حديث رسول الله صلى الله عليه وسلم وسننه وأيامه

Бұл атаудан Алла елшісінің (с.а.с.) хадистері, сүннеті мен өміріне қатысты оқиғалар жеткізу тізбегімен бірге жинақталғанын аңғарамыз.

Хадисті іріктеу өлшемдері

Бұхари риуаяттың мәтініне де, оның кімдер арқылы жеткеніне де ден қойды. Іріктегенде жеткізушінің сенімділігіне, естігенін дәл жеткізуіне және тізбектегі буындардың сабақтастығына мән берді. Рауилердің дәуірі мен мекенін, ұстаздары мен шәкірттерін жасынан зерделеуі осы еңбегіне негіз болды.

Имам Нәуәуидің түсіндіруінше, Бұхари «пәленшеден» деп жеткен хадистің иснадын жалғасқан деп тану үшін қатар тұрған екі рауидің жүздескені анықталуын талап еткен. Мүслим мұндай риуаятта рауилердің бір дәуірде өмір сүргенін және жүздесу мүмкіндігін негізге алған. Нәуәуи Бұхаридің осы өлшемін оның жинағына берілген жоғары бағаның бір себебі ретінде атайды.

Бұхари бұл кітапқа сахих деп таныған хадистерді ғана енгізгенін, жинақтан тыс қалған сахих риуаяттар бұдан да көп екенін айтқан. Әбу Бәкір әл-Исмаилидің түсіндіруінше, имам барлығын қамтығанда, бір бапқа сол тақырыпта бірнеше сахабадан жеткен риуаяттарды әрқайсысының жеткізу жолдарымен бірге беруге тура келер еді. Бұл кітаптың көлемін едәуір ұлғайтар еді.

Әбу Жағфар әл-Уқайлидің айтуынша, Бұхари жинағын аяқтаған соң оны Әли ибн әл-Мәдини, Ахмад ибн Ханбал, Яхия ибн Мағин және өзге замандастарына ұсынған. Олар еңбекті құптап, төрт хадистен басқасының сахих екенін растаған. Әл-Уқайли сол төрт хадис жөнінде де Бұхаридің бағасын дұрыс санаған.

Баптар жүйесі және хадистің фиқһтағы орны

Бұхаридің фиқһтағы ізденісі жинақтың құрылымынан көрінеді. Ол әр бапқа сол мәселеге қатысты хадистерді орналастырған. Баптың атауы автордың хадистен қандай мәселеге дәлел тапқанын жиі аңғартады. Бұхари ғалымдар талқылаған фиқһ мәселелерінің негізін Құран мен сүннеттен іздеген. Жинақтың баптарында құлшылық, мәміле мен әдепке қатысты алуан мәселе осы тұрғыдан қарастырылады.

Бір риуаяттың әр қыры әртүрлі мәселені ашатындықтан, сол хадис бірнеше бапта келуі мүмкін. Бұхари бірде мәтіні сәл өзгеше нұсқаны, бірде хадистің басқа жеткізу жолын береді. Нәуәуи кей риуаяттың оқырман әуелі іздейтін тақырыптан басқа бапта да ұшырасатынын атап өтеді. Мұндайда хадис пен баптың арасындағы мағыналық байланысты аңғару маңызды.

Мүслим бір хадистің түрлі иснадтары мен сөз нұсқаларын әдетте бір тұсқа топтастырған. Бұхариде сол нұсқалар өзіне қатысты баптарға таралып беріледі. Сондықтан жинақтан бір риуаяттың барлық жеткізу жолын іздегенде, оның өзге баптарда келетін орындарын да ескеру керек.

Қолыңыздағы Каир басылымының кітаптарын, баптарын және хадистерін Мұхаммед Фуад Абдулбақи нөмірлеген. Кіріспедегі ескертпеге сай, риуаят алғаш келтірілген тұста оның өзге баптардағы орындары да көрсетілген. Бұл белгілеу хадистің нұсқаларын тауып, олардың қандай мәселеге дәлел ретінде келтірілгенін салыстыруға көмектеседі.

Жинақтың орны және түсіндірмелері

Имам Нәуәуи «Сахих Мүслим» жинағына жазған түсіндірмесінің кіріспесінде Бұхари мен Мүслимнің жинақтары Құраннан кейінгі ең сенімді кітаптар ретінде қабылданғанын баяндайды. Хадис ғалымдарының көпшілігі Бұхари жинағын жоғары қойған. Нәуәуи Мүслимнің еңбегіне басымдық берген ғалымдардың пікірін де келтіреді. Екі «Сахих» Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи және Ибн Мәжаның жинақтарымен бірге хадистің алты негізгі кітабының қатарына кіреді. Әбу Ахмад әл-Хаким Бұхаридің хадис ілімінің негіздерін жинақтап, кейінгі ғалымдарға жол ашқанын атап өтеді.

«Әл-Жамиғус-сахих» жинағына арналған түсіндірмелерде рауилердің өмірі, мәтіндегі сирек сөздер, жинақтың құрылымы мен хадистерден алынатын фиқһ үкімдері зерттелген. «Кәшфуз-зунун» еңбегінде осындай жүзге жуық зерттеу мен түсіндірме аталғаны айтылады.

Жинақтың ертедегі түсіндірмелерінің бірі – Әбу Сүлейман әл-Хаттабидің «Ағләмул-хадис» еңбегі. Ибн Әбу Жәмра «Бәһжәтун-нуфус» еңбегінде таңдаулы хадистердің рухани және тәрбиелік мәніне ден қойған. Шәмсуддин әл-Қирманидің «әл-Кәуәкибуд-дирари фи шархи Сахихил-Бұхари» және Алауддин Моғолтай ибн Қылыштың «әт-Тәлуиһ фи шархил-жамиғис-сахих» еңбектері де осы дәстүрді жалғастырған.

Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Фәтхул-бәри» мен Бәдруддин әл-Айнидің «Умдатул-қари» түсіндірмелері бірнеше рет басылған. Молла Ғуранидің «Кәусарул-Жари» және Мұхаммед Әнуар әл-Кәшмиридің «Фәйзул-Бари» еңбектері де жинақты зерделеуге арналған. Осы шархтарда риуаяттың қалай жеткені, мәтіндегі сөздердің мәні және хадистің тиісті баптағы мәселеге қалай дәлел болғаны талданады.