عَنْ عَلْقَمَةَ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَمَنْ يُؤْمِنْ بِاللَّهِ يَهْدِ قَلْبَهُ﴾، قَالَ: «هِيَ الْمَصَائِبُ تُصِيبُ الرَّجُلَ، فَيَعْلَمُ أَنَّهَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ تَعَالَى فَيُسَلِّمُ وَيَرْضَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.
Алқаманың Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткізген риуаяты бойынша, Ибн Мәсғуд ﴿مَآ أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ ٱللَّهِ وَمَن يُؤْمِنۢ بِٱللَّهِ يَهْدِ قَلْبَهُۥ وَٱللَّهُ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ «Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады. Кімде-кім Аллаға шын көңілден иман келтірсе, Алла оның жүрегін ақиқатқа және тура жолға бұрады. Алла барлық нәрсені білуші!»1 деген аятқа қатысты былай деген: «Олар – адамның басына келген кесел-кесапаттар. Иман еткен кісі (Алланың мейірімімен) бұл кесел-кесапаттардың Алладан екенін біледі, Алланың тағдырына жазғанына мойынсұнып, разылық танытып (сабыр етеді)».2
Түсіндірме
Аят иман еткен адамның жүрегін Алла тура жолға бастайтынын сүйіншілейді. Ибн Мәсғуд (р.а.) аяттағы һидаятты бастан кешкен қиындықтың Алладан екенін білу деп түсіндірген. Мүмін мұны сынақ деп қабылдап, оны сабырмен еңсеруге болатынын біледі. Өйткені ол мына аятты біледі: ﴿وَلَنَبْلُوَنَّكُم بِشَىْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلْأَمْوَٰلِ وَٱلْأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَٰتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّٰبِرِينَ﴾ «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер.».3
Осы аятқа сенген адам қандай қиындық туса да, сабыр сақтап, оны еңсеруге күш салады. Басына іс түскенде абыржып, қайғыға берілмей, есін жиып, бойын тіктейді.