Хадис

«Жын» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 119-тарау · 1 хадис · № 846

Хадистер

846
Кутуб ситтә, № 846 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا قَرَأَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى الْجِنِّ وَلَا رَآهُمْ، انْطَلَقَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي طَائِفَةٍ مِنْ أَصْحَابِهِ عَامِدِينَ إِلَى سُوقِ عُكَاظَ، وَقَدْ حِيلَ بَيْنَ الشَّيَاطِينِ وَبَيْنَ خَبَرِ السَّمَاءِ. وَاُرْسِلَ عَلَيْهِمْ الشُّهُبُ فَرَجَعَتِ الشَّيَاطِينُ إِلَى قَوْمِهِمْ. فَقَالُوا: مَا لَكُمْ؟ قَالُوا حِيلَ بَيْنَنَا وَبَيْنَ خَبَرِ السَّمَاءِ وَأُرْسِلَتْ عَلَيْنَا الشُّهُبُ. قَالُوا: مَاذَاكَ إِلَّا مِنْ شَيْءٍ حَدَثَ، فَاضْرِبُوا مَشَارِقَ الْأَرْضِ وَمَغَارِبَهَا. فَمَرَّ النَّفَرُ الَّذِينَ أَخَذُوا نَحْوَ تِهَامَةَ بِالنَّبِىِّ ﷺ وَهُوَ يُصَلِّى بِأَصْحَابِهِ صَلَاةَ الْفَجْرِ فَلَمَّا سَمِعُوا الْقُرْآنَ اسْتَمَعُوا لَهُ وَقَالُوا هَذَا الَّذِي حَالَ بَيْنَنَا وَبَيْنَ خَبَرِ السَّمَاءِ فَرَجَعُوا إِلَى قَوْمِهِمْ. وَقَالُوا: إِنَّا سَمِعْنَا قُرْآنًا عَجَبًا يَهْدِى إِلَى الرُّشْدِ فَآمَنَّا بِهِ وَلَنْ نُشْرِكَ بِرَبِّنَا أَحَدًا. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى عَلَى نَبِيِّهِ ﷺ: قُلْ أُوحِيَ إِلَيَّ أَنَّهُ اسْتَمَعَ نَفَرٌ مِّنَ الْجِنِّ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жындарға Құран оқымаған, оларды көрмеген. Расулалла бір топ сахабасымен Указ жәрмеңкесіне бармақ болып жолға шықты. Сол кезде шайтандардың көктен хабар алуына тосқауыл қойылған еді. (Сондықтан, үнемі көктен хабар әкелген) шайтандарға шаһаб1 лақтырылды. Осылайша шайтандар қауымдарына (хабарсыз, құр қол) қайтатын. Қауымы: «Не болды, неге құр қол қайттыңдар?» – деп сұрады. Олар: «Біз бен көк арасына тосқауыл қойылды, үстімізге шаһаб лақтырылды. (Содан қашып кері қайттық)», – деді. «Бұл, шамасы, жаңадан шыққан бір нәрсенің кесірінен болар, жердің шығысы мен батысын шарлаңдар (осы тосқауыл жайлы хабар әкеліңдер)» деген тапсырма беріледі.

(Жер жүзін шарламақ болып, топ-топ болып жолға шығады. Олардан) Тихама жаққа кеткен топ (Указ жәрмеңкесіне бара жатып жолда таң намазын оқып жатқан Алла Елшісіне (Нахла деген жерде) жолықты. Құран кәрімнің тиләуатын естігенде, бәрі оған құлақ түріп: «Біз бен көк арасына тосқауыл қойған нәрсе, міне, осы!» деп, қауымдарына оралды. Оларға былай деді: «(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық». «Ол әрдайым хақ жолға бастайды, біз оған иман келтірдік. Біз ендігәрі Раббымызға ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаймыз!»2

Осыған байланысты Алла Тағала Пайғамбарына (с.а.с.) уахи беріп, жағдайдан хабардар етті: «(Уа, ардақты елшім), былай де: «Маған келген уахи бойынша, бір топ жын (мен оқыған Құранды) тыңдап, кейін (тайпаларына барып): «(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық». Ол әрдайым хақ жолға бастайды, біз оған иман келтірдік. Біз ендігәрі Раббымызға ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаймыз...»3

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жындармен кездесті ме, кездеспеді ме? Бұл жайлы екі түрлі риуаят бар. Ибн Аббастың (р.а.) аталмыш риуаяты бойынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жындармен кездеспеген, оларға Құран үйретпеген. Алайда жындар Алла Елшісінен (с.а.с.) өздерінше тыңдап, Құранды үйренген.

Алайда ибн Мәсғудтың (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жындарды көрген және оларға Құран кәрім оқыған. (№786 хадиске қараңыз.)

Екі риуаят арасында қарама-қайшылық бар. Алайда ғалымдар риуаяттарды талқылап, әр риуаяттың басқа-басқа оқиғаларды баяндағанын айтқан. Нәуәуидің ғалымдардан жеткізгені бойынша, ибн Аббастың хадисі әуел бастағы жағдайды баяндайды. Себебі пайғамбарлықтың алғашқы уақыттарында жындар Алла Елшісіне барып, оның قُلْ أُوحِيَ إِلَيَّ أَنَّهُ اسْتَمَعَ қыраатын тыңдаған. Ғалымдар бұл жерде мына мәселеде пікір таластырады: Шамасы, осы қыраатын жындар тыңдап тұрған кезде, Расулалла олардың өзін тыңдап тұрғанын білді ме әлде кейінірек білді ме?

Ибн Мәсғудтың (р.а.) риуаяты басқа оқиғаны баяндайды. Осы екінші оқиға кейінірек болған, яғни Ислам кең жайылғаннан кейінгі уақытқа қатысты.

Ибн Хажар жындардың бірінші келуінің себебі «шаһаб» оқиғасы, екінші келуінің себебі «мұсылман болу, Құран тыңдау, дін үкімдері жайлы сұрақ қою үшін» дегеннен кейін, бірінші оқиғаның пайғамбарлықтың әуелгі кезінде, екінші оқиғаның һижреттен кейін болғанын бірауыздан айтады.

Ибн Сағд пен ибн Исхақ аталмыш хадисте айтылған бірінші келудің пайғамбарлықтың оныншы жылында зул-қағда айында болғандығын айтады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесі Әбу Талибтің өлімінен кейін Таифқа барып, өзіне қолдау іздеген еді. Әлгі оқиға сол уақытта болған. Бұл жағдайда бір проблема туындайды: Алла Елшісіне (с.а.с.) Таиф сапарында Зәйд ибн Харисадан (р.а.) басқа ешкім ермеген еді. Алайда ибн Аббастың риуаятында «бір топ сахаба» айтылады. Ғалымдар бұл проблеманы Таифтан қайтқанда, жолда Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірнеше сахабамен кездесіп, олармен бірге болған болуы мүмкін деген ықтималды айту арқылы шешкен.

Ибн Хажар бойынша, бұл риуаят шайтандардың көктен хабар әкелуіне тосқауыл қойылуы, оларға шаһаб лақтырылуы пайғамбарлықтың алғашқы уақыттарында-ақ басталған болуы мүмкін.

Жындардың Құран тыңдауға келуі Таиф сапарынан екі жыл бұрын болған.

Хадисті түсіндірушілер осыған байланысты «жұлдыз ағу» құбылысына кеңірек тоқталып, әртүрлі көзқарас айтады. Себебі ибн Аббастың риуаятынан Құран түскенге дейін «жұлдыз ағу» құбылысы жоқ еді деуге болады. Алайда Суһайли жаһилият ақындарынан «жұлдыз ағуға» қатысты мысалдар келтіріп, бұл пікірді жоққа шығарған. Зуһриден осы мәселе сұралғанда, былай жауап береді: «Жаһилият дәуірінде де «жұлдыз ағу» құбылысы бар еді, алайда Ислам келген соң жиілеп кетті». Ибн Хажар бұған «ең дұрыс тұжырым» деп баға беріп, әртүрлі пікірлердің басын қосатын бір риуаятты Уәһб ибн Мунәббиһтен жеткізеді:

«Ібіліс аспанның бүкіл қабатына шығып, әр қабатта қалағанынша серуендейтін. Әзірет Адамнан әзірет Исаға дейінгі аралықта еркін жүрді. Әзірет Иса әуеге көтерілгеннен кейін оған төрт қабатқа кіруіне тыйым салынды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келген соң, қалған үш қабат та тыйым салынды. Ібіліс пен әскерлері құлақпен сұғанақтайтын, алайда оларға жұлдыздар атылды».

Осы мағынаны растайтын басқа риуаяттар да бар. «Пайғамбарымыздан кейін, яғни уахи тоқтағаннан кейін, шайтандардың жасырынуына не кедергі, әлі де шаһабтар атылып жатқанына куә болудамыз?» деген сұраққа Мүслимде берілген Зуһридің мына риуаятымен жауап берілген:

«Біз (жұлдыз ағуына қарап) «Бүгін бір ұлық адам туды немесе бір ұлық адам өлді» дейтінбіз. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Жұлдыздар ешкімнің өмірі не өлімі үшін атылмайды. Алайда Раббымыз бір істің болуын қалағанда, аспан тұрғындары бір-біріне хабар береді. Осылайша хабар жер аспанына дейін келеді. Осы жерде жындар хабарды естіп қалу үшін құлақ түреді де, оны достарына жеткізеді». Ибн Хажар жалғастырады: «Осы риуаяттан мынаны аңғарамыз, (аспанның) қорғанысы мен жындарға қарсы қысымның көбею себебі, Құран уахиының тоқтауымен жойылмаған. Өйткені Алла тағаланың әмірімен періштелерге үздіксіз жеткізілген жаңа әмірлер бар. Шайтандар Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жіберілгеннен кейін өздеріне қысым көбейгеніне қарамастан, ардақты Пайғамбар заманында құлақ сұғанақтығын қоймаған болса, онда пайғамбардың өлімінен кейін де бас тартпақ емес».

Ибн Хажар шайтандардың Алла Елшісінің (с.а.с.) өлімінен кейін де хабар ұрлау ісін жалғастырғанын кейбір оқиғаларды дәлел етіп көрсетеді.

Әртүрлі риуаяттарда ардақты Пайғамбармен кездескен жындардың саны мен аттары жайлы егжей-тегжейлі жазған. Алайда бұл сандар түрліше: 4, 7, 9, 12 мың т.с.с.

  1. 1Шаһаб: ел аузында «жұлдыз ақты» деп аталатын түндегі аспан құбылысы, ғылыми тілде «атмосфераға өтіп жанып кететін метеор».
  2. 2«Жын» сүресі, 1–2-аяттар
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Жын», 1, «Азан», 105; Мүслим, «Салат», 149 (№449); Тирмизи, «Тәпсір», «Жын» (№3323, Ибраһим Жанан басылымында №3320).