Хадис

«Фәжр» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 131-тарау · 1 хадис · № 863

Хадистер

863
Кутуб ситтә, № 863 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Имран ибн әл-Хусайн (р.а.)

عَنْ عِمْرَانِ بْنِ الْحُصَيْنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الشَّفْعِ وَالْوَتْرِ. فَقَالَ: هِىَ الصَّلَاةُ بَعْضُهَا شَفْعٌ، وَبَعْضُهَا وَتْرٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн әл-Хусәйін (р.а.) былай дейді: «Расулалладан “Фәжр” сүресіндегі жұп пен тақ туралы сұралды. Ол: “Бұл – намаз. Намаздардың бір бөлігі жұп, бір бөлігі тақ”, – деді».1

Түсіндірме

Алла Тағала «Фәжр» сүресінің басында бірнеше нәрсеге, соның ішінде жұп пен таққа серт етеді. Аяттардың мәтіні мен аудармасы:

1. ﴿وَالْفَجْرِ﴾ «Таңсәріге серт!»

2. ﴿وَلَيَالٍ عَشْرٍ﴾ «Он түнге серт!» («Он түн» тәпсірлерде зұлхижжа айының алғашқы он түні деп түсіндіріледі.)

3. ﴿وَالشَّفْعِ وَالْوَتْرِ﴾ «Жұпқа және таққа серт!»

4. ﴿وَاللَّيْلِ إِذَا يَسْرِ﴾ «Өтіп бара жатқан түнге серт!»

Аяттағы «тақ» және «жұп» сөздерін аталмыш риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз деп түсіндірген. Төрт немесе екі рәкаттық намаздар жұпқа жатады, олар: таң, бесін, екінті және құптан т.с.с. Ал үш рәкаттық намаздар таққа жатады, олар: ақшам мен үтір намаздары т.с.с. Егер хадис сахих болса, бұл түсіндірмеге сай Алла Тағала намазбен серт етіп, оның мәртебесін көтерген. Себебі Ислам ғалымдары бір ауыздан қабылдаған тұжырым бойынша, Құранда жоғары мәртебелі, өте маңызды нәрселермен серт берілген.

Хадиске қатысты мынадай пікірлер де айтылған:

– Мәтіндегі «тақ» және «жұп» сөздері: иман-күпірлік, һидаят-далалат, жұмақ-тозақ, күндіз-түн, жер-көк, құрлық-теңіз, Күн-Ай, жын-адам т.с.с.

– Түндердің тақтары мен жұптары.

– Бір түсіндірмеде жұп – Арафа күні мен құрбан айт күні, ал тақ – құрбан айттың түні.

– Тағы бір түсіндірмеде жұп – зұлхижжаның алғашқы он күні, тақ – Минада өтетін үш күн.

– Тақ пен жұп арқылы бүкіл сандар айтылған, өйткені сандар да тақ пен жұпқа бөлінеді.

– Жұп – хайуандар, өйткені еркек-ұрғашы болып бөлінеді; таққа жансыз заттар жатады.

Басқа пікірлер де бар, дегенмен бәрі де риуаятқа негізделмеген. Дұрысын Алла біледі.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Фәжр» сүресі (№3342, Ибраһим Жанан басылымында №3339).