Хадис

«Кәусар» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 139-тарау · 2 хадис · № 884–885

Хадистер

884
Кутуб ситтә, № 884 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ إِذْ أَغْفَى إِغْفَاءَةً ثُمَّ رَفَعَ رَأْسَهُ ضَاحِكًا. فَقِيلَ: مَا أَضْحَكَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: نَزَلَتْ عَلَيَّ سُورَةٌ آنِفًا فَقَرَأَ: بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ إِنَّا أَعْطَيْنَاكَ الْكَوْثَرَ حَتَّى خَتَمَهَا قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا الْكَوْثَرُ؟ قُلْنَا: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: إِنَّهُ نَهْرٌ وَعَدَنِيهِ رَبِّى عَزَّ وَجَلَّ عَلَيْهِ خَيْرٌ كَثِيرٌ، وَهُوَ حَوْضٌ تَرِدُ عَلَيْهِ أُمَّتِى يَوْمَ الْقِيَامَةِ. آنِيَتُهُ عَدَدُ نُجُومِ السَّمَاءِ فَيُخْتَلَجُ الْعَبْدُ مِنْهُمْ فَأَقُولُ: رَبِّ إِنَّهُ مِنْ أُمَّتِى فَيَقُولُ مَا تَدْرِى مَا أَحْدَثَ بَعْدَكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір күні Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітте көз шырымын алып, күлімсіреп оянды. «Уа, Алла елшісі, неге күлдіңіз?» деп сұралған кезде, «Маған жаңа ғана мына сүре түсті» деп, бисмилла айтып, «Кәусар» сүресін бастан-аяқ оқып шықты:

﴿إِنَّا أَعْطَيْنَاكَ الْكَوْثَرَ﴾ «Шынында, Біз саған Кәусәрді нәсіп еттік.» ﴿فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ﴾ «Сен де Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» ﴿إِنَّ شَانِئَكَ هُوَ الْأَبْتَرُ﴾ «Ақиқатында, сені кемсітушілердің өздері ұрпақсыз, өздері мақұрым!»1

Расулалла сүрені оқып болған соң: «Кәусәрдің не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Біз: «Алла мен Оның Елшісі біледі», – дедік. Ол: «Кәусәр – Раббым маған уәде еткен өзен. Онда мол игілік бар. Ол – Қиямет күні үмбетім келетін хауыз. Ыдыстары көктегі жұлдыздардай көп. Олардың арасынан бір пенде қуылады. Сонда “Уа, Раббым, ол – үмбетімнен”, – деймін. “Оның сенен кейін не шығарғанын білмейсің”, – делінеді», – деді.2

Түсіндірме

«Кәусар» сөзі «кәсрат» түбірінен тарайды, «молшылық, шектен тыс көп» деген мағынаны білдіреді. Алайда аятта қолданылған мағынасы жайлы жиырмадан астам риуаят бар.

1. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай, кәусар – жаннаттағы Расулаллаға берілген өзеннің атауы. Басқа хадистер осы өзенді жан-жақты сипаттаған: «Жағасында іші бос інжу ыдыстар бар, ішінен хош иісті миск шығады, сүттен ақ, балдан тәтті, ұзындығы мен ені батыс пен шығыстың арасындай, тереңдігі мың жылдық. Суынан бір рет ішкен адам ешқашан шөлдемейді, онымен дәрет алған адам ешқашан өкінбейді, маған берген сөзінде тұрмаған, менің әһл-бәйтімді өлтірген адам одан іше алмайды».

2. Кейбір риуаяттар «кәусар»-ды қауыз деп айтады. Қауыз бен өзен бірдей нәрсе ме әлде бөлек нәрселер ме, ол жағы беймәлім. Көпшіліктің пікірінше, екеуі екі бөлек нәрсе. Қауыз махшарда, ал өзен жаннатта. Сондай-ақ басқа пайғамбарлардың да қауызы бар деп айтылған, дегенмен Кәусар өзені тек Расулаллаға тән.

3. Кәусар – ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) берілген пайғамбарлық мәртебе, пайғамбарлықпен бірге берілген барша игілік атаулы соның ішіне енеді: қасиеттері, ұлық ахлағы, Құран кәрім, тәухид, Ислам, ілім, хикмет, мұғжизалар...

Олардың әрқайсысы мол игілік болғандықтан «кәусар» ұғымына жатады» делінген.

4. Кәусар – «үмбеттің ғұламалары» делінген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үшін бұл да үлкен мәртебе. Өйткені оның үмбетінен сан мыңдаған ғалымдар, мүжтәһидтер шыққан. Мүжтәһидтер өзгеріске ұшырамаған, уахидан алынған насстарға (дәлелдерге) сүйенгендіктен, дәлме-дәл ижтиһад жасаған. Аздап қателескендері бар болса да, шынайы ниетпен әрекет еткені үшін олар да олжалы. Көптеген пайғамбарлар қиямет күні аз ғана үмбетімен келген кезде, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлардың мирасқоры болып саналған ғалымдармен бірге келеді, әр ғалымның соңынан ерген саны шексіз көптеген адам болады, олардың бәрі Расулалланың (с.а.с.) айналасына жиналады.

5. Кәусар – Алла Елшісінің (с.а.с.) үмбетінің көптігі. «Уақиға» сүресінің 13–14-ші және 39–41-ші аяттарының тәпсірі ретінде жазылған сахих хадистер бойынша, жаннат тұрғындарының жартысынан көбі Расулалланың үмбеті болады.

6. Расулалланың (с.а.с.) мүбәрак ұрпағы, яғни әһл-бәйтінің көптігі. «Кәусар» сүресі осыны да сүйіншілеген. Өйткені негізгі түсу себебі аздап осы мағынаға негізделеді. Келесі риуаятта айтылғандай, Расулалланың (с.а.с.) ұл баласы шетінеген кезде, Ас ибн Уаил, Әбу Жәһил, Уқба ибн Әбу Муайт секілді мүшріктер «Ол ұрпақсыз», яғни «артынан еретін ұрпағы жоқ» деп келеке еткен, бұл жағдай Алла Елшісін (с.а.с.) мұңайтқан. Алла Тағала сол кезде «Кәусар» сүресін түсіріп: «Дұшпандарың ойлағандай, ұлыңның шетінеуі – ұрпағың үзіледі деген сөз емес, керісінше, уақыт өте келе саны арта түсетін көптеген ұрпақ береміз» деген. Өйткені әһл-бәйттен Ислам үмбетінің қаншама әулиелері, рухани көсемдері шығып, өздері өмір сүрген ғасырды нұрландырған.

Расулаллаға (с.а.с.) берілген кәусар, яғни «мол игілікке» осы аталғандардың бәрі де жатады. Алла ең дұрысын біледі.

  1. 1«Кәусар» сүресі, 1-3-аяттар
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Кәусар 1, Риқақ 53, Мүслим, Салат 53, (400); Тирмизи, Тәпсір, Кәусар (3357), Әбу Дәуіт, Сүннет 26, (4747, 4748); Нәсәи, Салат 21, (2, 133, 134).
885
Кутуб ситтә, № 885 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَتْ قُرَيْشٌ: إِنَّ مُحَمَّدًا لَيْسَ لَهُ وَلَدٌ وَسَيَمُوتُ وَيَنْقَطِعُ أَثَرُهُ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى سُورَةَ الْكَوْثَرِ إِلَى قَوْلِهِ: إِنَّ شَانِئَكَ هُوَ الْأَبْتَرُ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Құрайыштықтар: “Мұхаммедтің ұлы жоқ. Өзі қайтыс болғанда, ізі де өшеді”, – деген. Сонда Алла Тағала «Кәусар» сүресін “Ақиқатында, сені (ұрпақсыз, нағыз жақсылықтан мақұрым деп) кемсітушілердің өздері ұрпақсыз, өздері мақұрым” деген аятына дейін түсірді».

Рәзиннің қосымшасы.

Түсіндірме

сі алдыңғы риуаятта берілді.