Хадис

№ 907–919 хадистер

Кутуб ситтә, 3-том, 144-тарау · 13 хадис · № 907–919

ҚҰРАН ТИЛӘУАТЫ МЕН ҚЫРАҒАТЫ

Хадистер

907
Кутуб ситтә, № 907 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: اعْتَكَفَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ فَسَمِعَهُمْ يَجْهَرُونَ بِالْقُرْآنِ فَكَشَفَ السِّتْرَ فَقَالَ: «أَلَا إِنَّ كُلَّكُمْ يُنَاجِى رَبَّهُ فَلَا يُؤْذِيَنَّ بَعْضُكُمْ بَعْضًا، وَلَا يَرْفَعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ فِي الْقِرَاءَةِ»، أَوْ قَالَ: «فِي الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітте иғтикафта отырған еді. Жұрттың Құранды дауыстап оқығанын естіп, пердені ашты да: “Біліп қойыңдар, әрқайсысың Раббысына жалбарынып тұр. Бір-біріңе кедергі жасамаңдар, Құран оқығанда дауыстарыңды бір-біріңнен асырып көтермеңдер”, – деді». Рауи «Құран оқығанда» деген сөзді «намаз оқығанда» деп те жеткізген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 315, (1332).
908
Кутуб ситтә, № 908 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَامَ رَجُلٌ مِنَ اللَّيْلِ فَقَرَأَ وَرَفَعَ صَوْتَهُ. فَلَمَّا أَصْبَحَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «كَأَيِّنْ مِنْ آيَةٍ أَذْكَرَنِيهَا اللَّيْلَةَ كُنْتُ أَسْقَطْتُهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُهُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Түнде бір кісі тұрып, Құранды дауыстап оқыды. Таңертең Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Кеше түнде ол мен оқығанда қалдырып кеткен қаншама аятты есіме салды!” – деді».1

Түсіндірме

Әбу Дәуіттегі нұсқада «Алла оны рақымына бөлесін» деген дұға бар. Мүслимнің бір риуаятында Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітте Құран оқыған кісіні тыңдап: «Алла оны рақымына бөлесін! Маған ұмыттырылған бір аятты есіме салды», – деген. Тағы бір нұсқада бірнеше сүреден ұмыт болған аяттарды еске түсіргені айтылады.

Бұхаридың риуаятында да кейбір өзгешеліктер бар. Сондай-ақ, Расулалланың (с.а.с.) тыңдаған адамының аты берілмеген. Бір риуаят бойынша, ол кісі – Аббад ибн Бишр. Бөлмесінде болған кезде мешіттен шыққан дауыстың Аббадтікі (р.а.) екенін білген. Басқа риуаятта ол дауыс кімнің даусы екенін сұраған кезде «Абдулла ибн Бишр» деп айтылған. Осы жағдайға қарап екі бөлек оқиғаның орын алғаны айтылған.

Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) есіне түскен аяттардың қай сүрелерден екені көрсетілмеген.

Аяттардың оқылмай қалуы олардың сол сәтте естен шығып кетуінен болған.

Алла елшісінің (с.а.с.) «ұмыттырылған» деген сөзіне сүйенген кей ғалымдар мұның астарында белгілі бір хикмет болуы мүмкін деп санаған. Басқалары «Құранды ұмыттым» дегеннен гөрі «Маған ұмыттырылған екен» деуді әдепке сай көрген. Риуаяттың бір нұсқасында «ұмытыппын» деген сөз де бар.

Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) Құран аятын ұмытуын екі түрлі түсіндірген.

1. Уақытша ұмыту. Ұмытқан нәрсе көп ұзамай еске түседі. Бұл адам табиғатына тән. Алла елшісі мұны былай білдірген:

إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ مِثْلُكُمْ أَنْسَى كَمَا تَنْسَوْنَ

«Мен де сендер сияқты адаммын. Сендер ұмытқандай, мен де ұмытамын».

2. Аяттың оқылуы насых етілгенде Алланың оны жадынан шығаруы. Мұндай ұмытуға мына аятта ишара бар:

سَنُقْرِئُكَ فَلَا تَنْسَى إِلَّا مَا شَاءَ اللَّـهُ

«Біз саған Құранды жүрегіңе қондырып, толық оқытамыз. Сөйтіп, сен оны ұмытпайтын боласың. Тек Алланың қалағаны бөлек»2

Бірінші ұмыту түрі – өткінші, тез аяқталады. Өйткені:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ

«Шүбәсіз, осынау зікірді Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»3 деген аят осыны растайды.

Екінші түрі насыхқа қатысты. Бұл жөнінде «Бақара» сүресінде былай делінген:

مَا نَنْسَخْ مِنْ آيَةٍ أَوْ نُنْسِهَا نَأْتِ بِخَيْرٍ مِنْهَا أَوْ مِثْلِهَا

«Біз қандай да бір аяттың үкімін жоятын немесе ұмыттыратын болсақ, орнына одан да жақсысын, яки соған ұқсасын түсіреміз»4 деген аят осыған қатысты.

Ғұламалар аталмыш риуаяттан мына үкімді шығарған: «Алла Елшісінің (с.а.с.) дінді жеткізуге қатысы жоқ нәрселерді ұмытуы табиғи нәрсе. Ал дінге қатысты нәрселерді екі шартпен ұмыта алады:

1. Сол мәселені жеткізгеннен кейін.

2. Бұл ұмыту ұзаққа созылмайды. Бұларды не өздігінен, не сыртқы себептер арқылы еске түсіреді. Хадис осындай ұмыту түріне мысал болады».

Кейбір усул ғалымдары мен сопылар Алла елшісі (с.а.с.) мүлде ұмытпаған, болған жағдай тек ұмытқандай көрінген деп санаған. Қади Ияз усул ғалымдарынан бұл пікірді тек Әбу әл-Музаффар әл-Исфарайини қолдағанын айтып, оны әлсіз пікірге жатқызады.

Хадистен түнде мешітте дауыстап Құран оқуға рұқсат екені және игіліктің келуіне себеп болған адамға, тіпті өзі оны білмесе де, дұға ету жөн екені аңғарылады.

«Құранды ұмыттым» деу әдепке сай келмейтіндіктен, мәкруһ саналады. «Ұмыттырылған екен» деп айтқан жөн.

Жатталған Құранның ұмытылуы мәселесіне келсек, бұл мәселеде алдыңғы буын ғалымдар әртүрлі көзқарас айтқан. Кейбіреулері жаттағаннан кейін Құранды ұмытуды «үлкен күнә» деп есептеген. Бұлардың дәлелдерінің бірі – Әбу Дәуіт пен Тирмизиде берілген мына хадис:

عُرِضَتْ عَلَيَّ ذُنُوبُ أُمَّتِي فَلَمْ أَرَ ذَنْبًا أَعْظَمَ مِنْ سُورَةٍ مِنَ الْقُرْآنِ أَوْ آيَةٍ أُوتِيَهَا رَجُلٌ ثُمَّ نَسِيَهَا.

«Маған үмбетімнің күнәлары көрсетілді. Құраннан бір сүре немесе бір аят үйретіліп, кейін оны ұмытып қалған адамның күнәсінен үлкен күнә көрмедім».

Осыған қатысты басқа риуаяттар да бар. Сахабалардың Құранды үйренгеннен кейін ұмытуды ардақты Пайғамбар дәуірінде үлкен күнә деп санағанына қатысты біршама риуаяттар да бар. Ғұламалар ұмытудың тиләуатты тастаудан туындайтынын, ал тастаудың Құранға мән бермеу, болмашы көру, қадірсіз санау секілді ойлардан туындайтынын көрсетіп, ұмытудың жазасының ауыр болатынын айтқан.

  1. 1Бұхари, Шаһадат 11, Фәдәил әл-Құран 26; Мүслим, Мусафирин 225, (788); Әбу Дәуіт, Салат 315, (1331).
  2. 2«Ағлә» сүресі, 6–7-аяттар.
  3. 3«Хижр» сүресі, 9-аят.
  4. 4«Бақара» сүресі, 106-аят.
909
Кутуб ситтә, № 909 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Үммі Һани (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ هَانِئٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أَسْمَعُ قِرَاءَةَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَأَنَا عَلَى عَرْشِي». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Һани (р.а.): «Үйімнің төбесінде отырғанда Алла елшісінің (с.а.с.) Құран оқығанын еститін едім», – дейді.1

Түсіндірме

Риуаяттағы «арш» немесе «ариш» араб тілінде «патшалар отыратын тақ, күрсі, көлеңкелеу үшін жасалған шатыр» деген мағыналарды білдіреді. Мәдинадағы үйлердің бәріне ариш делінген, өйткені салқындау үшін үстіне шығатын еді.

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Құранды естілерліктей дауыспен оқығанын көрсетеді.

  1. 1Нәсәи, Ифтитах 81, (2, 179); Ибн Мәжа, Иқамат 179, (1349).
910
Кутуб ситтә, № 910 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي قَيْسٍ، قَالَ: «سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا كَيْفَ كَانَتْ قِرَاءَةُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِاللَّيْلِ، أَكَانَ يُسِرُّ بِالْقِرَاءَةِ أَمْ يَجْهَرُ؟ قَالَتْ: كُلُّ ذَلِكَ قَدْ كَانَ يَفْعَلُ. رُبَّمَا أَسَرَّ، وَرُبَّمَا جَهَرَ. فَقُلْتُ: الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي جَعَلَ فِي الْأَمْرِ سَعَةً». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбу Қайс былай дейді: «Айшадан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) түнде Құранды қалай оқитын еді? Іштей оқитын ба, дауыстап оқитын ба?” – деп сұрадым. Ол: “Екеуін де істейтін. Кейде іштей, кейде дауыстап оқитын”, – деді. Мен: “Бұл мәселеде кеңдік берген Аллаға мақтау болсын!” – дедім».1

Түсіндірме

Бұл үзінді жеке хадис сияқты оқылады және сұрақ түнде Құран оқуға қатысты көрінеді. Тирмизи оны ұзағырақ хадистің ішінде келтірген.

Хадисшілер бірнеше мәселені қамтитын хадистің бір бөлігін осылай жеке риуаят етуді «тақтиғ» деп атайды.

Толық нұсқасына қарасақ, сұрақ түнгі намаздағы қырағат туралы болған. Фиқһ ғалымдары осы хадиске сүйеніп, түнгі намазды іштей не дауыстап оқуды адамның өз қалауына қалдырған.

Тиби діни міндеттерді орындаудағы бұл кеңдік Алланың нығметі екенін, оған мақтау айту керектігін айтқан.

  1. 1Тирмизи, Салат 330, (449), Сауабул-Құран 23, (2925); Әбу Дәуіт, Салат, 343, (1437); Нәсәи, Салатул-ләйл 23, (3, 224); Тирмизи хадиске: «хасан сахих» деген.
911
Кутуб ситтә, № 911 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ قَتَادَةَ، قَالَ: سَأَلْتُ أَنَسًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ قِرَاءَةِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: كَانَ يَمُدُّ مَدًّا، ثُمَّ قَرَأَ: «بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ»، يَمُدُّ بِبِسْمِ اللَّهِ، وَيَمُدُّ بِالرَّحْمَنِ، وَيَمُدُّ بِالرَّحِيمِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Қатада былай дейді: «Әнәстан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) қырағаты жайында сұрадым. Ол: “Алла елшісі созылатын дыбыстарды созып оқитын”, – деді. Содан соң بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَٰنِ الرَّحِيمِ деп оқып, “Бисмилләһ”, “әр-Рахман” және “әр-Рахим” сөздеріндегі созылатын дыбыстарды көрсетті».1

Түсіндірме

1. Араб тілінде қысқа және созылыңқы дыбыстар бар. Осы және осыған ұқсас риуаяттар Құран оқығанда созылыңқы дыбыстарды өз мөлшерімен созу керектігін білдіреді. Тәжуид ілімінде мұны «мәдд» деп атайды. Мәддтің бірнеше түрі бар. Құран оқушы тәжуидті үйреніп, қағидасына сай оқыса, оқуының сауабы арта түседі.

2. Хадисте Әнәс (р.а.) мәддке мән беру керектігін көрсеткеннен кейін мысал ретінде «бисмилләны» береді. (Бұл мысал (Әбу Дәуіттің Сунәнінде келген секілді) кейбір риуаяттарда берілмейді. Бұхаридің риуаятында бар.) «Қалыпты жағдайда мәдд жасалатын жерлер араб тілінің емлесінде белгілі. «Әлиф», «уау» және «йә» әріптері – мәдд әріптері. Алайда Құран кәрімнің емлесінде әрқашан бұл әріптер мәдд жасалатын жерде жазылмайды, дәл «Бисмилләдағы» сияқты. «Бисмиллә» емле бойынша былай жазылу керек: بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ Бәлкім, эстетикалық тұрғыдан емлеге бағынбайған, тіпті кейбір риуаяттар бойынша «Бисмилләдағы» «син» әрпін созып жазу керек екенін пайғамбардың өзі бұйырған. Демек, «Бисмилләда» әрдайым «син» әрпі созылып жазылады: بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ . Бұл емле шынымен де «Бисмилләға» ерекше эстетикалық әсемдік береді.

3. Хадиске қатысты мынаны да айта кетейік: Ибн Хажардың айтуынша, кейбір фиқыһшылар осы хадиске сүйеніп, намазда «Фатиха» сүресінің басында әрдайым «Бисмиллә» оқылу керек деген үкім шығарған. Яғни, Расулалла әрбір рәкатта «Фатиха» сүресінің басында әрдайым «Бисмиллә» оқыған болуы мүмкін. Алайда Мүслимнің әзірет Әнәстан жеткізген бір риуаятында Расулалланың (с.а.с.) намазда «Бисмилләны» оқымағандығы айтылған.

Ибн Хажар «Бисмилләның» «Фатихадан» бұрын оқылуы мәселесіне аталмыш хадистен дәлел көрсетудің дұрыс болмайтынын айтып, қарама-қайшы мәселенің шешімін көрсетіп былай дейді: «Бисмилләны» оқыған кезде Расулалланың мәддтерге мән беріп оқығанын, әр рәкатта «Фатиха» сүресінің басында «Бисмилләны» оқығанын білдірмейді. Өйткені әзірет Әнәс (р.а.) «Бисмилләны» мәддке мысал болсын деп берген».

  1. 1Бұхари, Фәдәил әл-Қуран 42, 29; Әбу Дәуіт, Салат 355, (1465).
912
Кутуб ситтә, № 912 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّهَا نَعَتَتْ قِرَاءَةَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قِرَاءَةً مُفَسَّرَةً حَرْفًا حَرْفًا. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَاللَّفْظُ لِلنَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Құранның әр әрпін анық дыбыстап оқығанын баяндаған.1

Түсіндірме

Тирмизидегі нұсқа толығырақ. Үммі Сәләмадан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) қырағаты сұралғанда: «Оның қырағатын қайтпексіңдер? Ол намаз оқитын, сонша уақыт ұйықтайтын, ұйықтағанындай уақыт қайта намаз оқитын, сосын намаз оқығанындай уақыт ұйықтайтын. Осылайша таң ататын», – деген. Содан кейін ол Алла елшісінің қырағатын әр әрпін анық дыбыстап оқу деп сипаттаған. Хадисшілер мұны тәртил мен тәжуид қағидаларына сай оқу деп түсіндіреді.

Тәртил – Құранды оқыған кезде терең ой жүгіртіп ерекше мән беріп оқу. Аталмыш риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) Құранды тәртил бойынша оқығанын көрсетеді. Бұл жайлы басқа риуаяттар да бар. Ибн Аббас мұның маңызын көрсету мақсатында былай деді:

أَنْ أَقْرَأَ سُورَةً أُرَتِّلُهَا أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ أَنْ أَقْرَأَ الْقُرْآنَ كُلَّهُ بِغَيْرِ تَرْتِيلٍ

Ибн Аббас: «Тәртил бойынша бір ғана сүре оқуды тәртилсіз түрде Құранның бәрін оқудан артық көремін», – деді.

Үммі Сәләма анамыз (р.а.) хадистің басқа нұсқасында мына түсіндірмені берген: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құран кәрімді оқыған кезде аят-аятты бөліп оқитын (яғни әрбір аятты оқыған кезде бір рет тоқтайтын) және «Фатиха» сүресін мысалға келтірген, сүрені «бисмилләмен» бастап, аят-аятты бөліп оқыған:

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ ۝ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ ۝ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ ۝ مَٰلِكِ يَوْمِ ٱلدِّينِ «Рахман аса Рақымды Алланың атымен Бар мадақ пен шүкіршілік әлемдердің Раббысы Аллаға арналады. Ол – Рахман, аса Рақымды, Дін күнінің иесі!»

Расулалланың (с.а.с.) ардақты жұбайы Үммі Сәләмадан (р.а.) жеткен осы риуаят бірнеше жолмен келген. Хадисшілер оның сахих екенін бірауыздан қабылдаған. Тирмизи де осы хадиске «хасан сахих» деген.

Кейбір ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, әр аяттың соңында тоқтауды сүннет деп санаған. Әбу Амр әд-Дани: «Осыны құп көремін», – деген. Бәйһақи мен өзге ғалымдар да келесі аятпен мағыналық байланысы болса да, әр аяттың соңында тоқтауды абзал көрген. Олардың пікірінше, бұл Алла елшісінің (с.а.с.) оқу үлгісіне сай.

  1. 1Тирмизи, Сауабул-Құран 23, (2924); Әбу Дәуіт, Салат 335, (1456); Нәсәи, Салат 83, (2, 181).
913
Кутуб ситтә, № 913 · тараудағы реті: 9

وَفِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ مُغَفَّلٍ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَلَى نَاقَتِهِ يَقْرَأُ سُورَةَ الْفَتْحِ وَيُرَجِّعُ فِي قِرَاءَتِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Муғаффал (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) түйе үстінде “Фәтх” сүресін оқығанын көрдім. Оқығанда дауысын құбылтып, тәржиғ жасады», – дейді.1

Түсіндірме

Ибн Муғаффалдың осы риуаяты Алла Елшісінің (с.а.с.) таржиғ бойынша Құранды тиләуат жасағанын көрсетеді. Таржиғтың дауысты тамақта ойнатып әндету екенін, Құран кәрімнің бұлай оқылуының тыйым салынғанын жоғарыда (№906 хадистің түсіндірмесінде) айтып өттік. Арадағы осы қарама-қайшылық хадисшілердің аталмыш хадис мәселесінде әртүрлі болжам айтуына себеп болған. Өйткені таржиғтың тыйым салынғаны анық. Алайда осы риуаят та сахих һәм бұл хадистің Бұхаридің «Китабут-Тәухид» бөліміндегі нұсқасында Алла Елшісінің (с.а.с.) таржиғты қалай жасағаны суреттелген, бір әлифті дауыстап үш бөлек әлиф секілді آ آ آ етіп оқығаны айтылған. Тіпті хадисті ибн Муғаффалдан жеткізген Муғауия ибн Қурра былай айтады: «(Даусыма) халықтың жиналуынан қорықпасам, ардақты Пайғамбардың қалайша таржиғ жасағанын ибн Муғаффалдың маған көрсеткеніндей мен де сендерге көрсетер едім».

Қуртуби «Мұндағы мақсат – мәдд жасалатын орында әлифтің жеткілікті мөлшерде созылуы» деп, тыйым салынған нәрсенің таржиғ еместігін меңзеген. Кейбіреулер ибн Муғаффал естіген таржиғ «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйенің үстінде болғандықтан, түйенің теңселуінен туындаған болуы мүмкін» деп айтқан. Осы пікірді құптаған ибн Әсир қосымша ретінде таржиғпен оқуды Расулалланың тек Мекке жеңісі кезінде ғана жасағанын айтады. Өйткені таржиғпен оқығанын көрсеткен риуаят жеңіс күніне қатысты. Нәуәуи «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранды таржиғпен оқыған» дейді.

Хадиске түсіндірме жазған ғалымдар тәржиғтың бұл түріне қатысты кесімді үкім айтпаған. Алла елшісінен (с.а.с.) сахих риуаят жеткендіктен, бұл мәселеде сақтық танытқан.

Әртүрлі хадистердегі ләхын (әуенмен оқу), таржиғ және тағанни (әсемдеу, әрлеу) жайлы бұйрықтардан Құран кәрімнің жағымды да тартымды жолмен оқылу керектігін түсінген ибн Хажар былай дейді: «Мынаны анық білемін, адам нәпсісі әуенмен оқылған қырағатты тыңдау кезінде сезінген қызығушылығы әуенсіз оқылған қырағаттан артық. Өйткені ұнамды нәрсе жүректі тебірентсе де, мұңға бөлесе де өте әсерлі».

Алдыңғы буын ғалымдары Құранды ән сарынына салып оқуға қатысты әртүрлі пікір айтқан. Құранды әдемі дауыспен оқудың құпталатынына келгенде пікірлері бір.

Абдулуаһһаб әл-Мәликидің риуаяты бойынша, Имам Мәлик әуенге салып оқудың харам екенін айтқан. Сондай-ақ, Әбут-Тайиб әт-Табари, әл-Мәуәрди, ибн Хамдан әл-Ханбали секілді бірқатар ғалымдар осындай көзқараста екені риуаят етілген.

Ибн Баттал, Ияд, Қуртуби секілді кейбір Мәликилер, Мәуәрди, әл-Бәндәнижи және Ғазали секілді Шәфиғилер, Сахибуз-Заһира секілді Ханафилер мәкруһ екенін риуаят еткен. Әбу Яғла мен ибн Акил секілді кейбір Ханбалилер де осы көзқарасты қолдаған. Ал кейбір сахабалар мен табиғиндер рұқсат екенін риуаят еткен. Шәфиғидің де үкімі дәл сондай. Әбу Ханифаның да үкімі осындай екенін Тахауи риуаят етеді.

Шафиғи ғалымы әл-Фурани бұлай оқуды рұқсат, тіпті мұстахаб деп санаған. Ғалымдар пікірінің алшақтығын әріптердің дұрыс дыбысталуына қойылатын шарттармен түсіндірген.

Әріп дұрыс айтылмаса, әндетіп оқудың харам екеніне ғұламалардың бір көзқараста екенін имам Нәуәуи «әт-Тибиянда» былай келтірген: «Ғұламалар Құран кәрімнің оқылуында дауысты әсемдеудің мұстахап екеніне бір ауыздан келіскен (ижмағ), тек мәдд оқылатын, яғни дауысты дыбыстың созылып оқылуы кезінде белгіленген шектен артық созбау керек. Егер шектен шығып, бір әріпті артығымен айтса немесе бір әріпті жасырса, дұрыс болмайды.

Имам Шафиғи: «Әуенге салу бір сөздің дұрыс дыбысталуын бұзса, мұндай оқу харам», – деген.

  1. 1Бұхари, Фәдәил әл-Құран 24, 30, Мағази 48, Тәпсір, Фәтх 1, Тәухид 50; Мүслим, Мусафирин 237, (794); Әбу Дәуіт, Салат 355, (1467).
914
Кутуб ситтә, № 914 · тараудағы реті: 10

وَفِي أُخْرَى عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ: بِسْمِ اللَّـهِ الرَّحْمَـٰنِ الرَّحِيمِ الْحَمْدُ لِلَّـهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ يُرَتِّلُ آيَةً آيَةً». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَٰنِ الرَّحِيمِ деп бастап, الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ деп, “Фатиха” сүресін аят-аятқа бөліп, тәртилмен оқитын», – дейді.1

Түсіндірме

«Тәртил» сөзінің мағынасы – «бір нәрсені реттеу, анық баяндау». Құранды тәртилмен оқу дегеніміз – әр әрпін, дыбысталуын, сөз жүйесі мен мағынасын ескеріп, асықпай оқу. «Муззаммил» сүресінде де Құранды тәртилмен оқу бұйырылған.2

  1. 1Рәзиннің қосымшасы. Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте», 4-т., 446-б.
  2. 2«Муззаммил» сүресі, 4-аят.
915
Кутуб ситтә, № 915 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اقْرَأْ عَلَيَّ الْقُرْآنَ فَقُلْتُ: أَقْرَأُ عَلَيْكَ وَعَلَيْكَ أُنْزِلَ؟ فَقَالَ: إِنِّي أُحِبُّ أَنْ أَسْمَعَهُ مِنْ غَيْرِي فَقَرَأْتُ عَلَيْهِ سُورَةَ النِّسَاءِ حَتَّى بَلَغْتُ هَذِهِ الْآيَةَ: فَكَيْفَ إِذَا جِئْنَا مِنْ كُلِّ أُمَّةٍ بِشَهِيدٍ وَجِئْنَا بِكَ عَلَى هَؤُلَاءِ شَهِيدًا. فَقَالَ: حَسْبُكَ. فَالْتَفَتُّ فَإِذَا عَيْنَاهُ تَذْرِفَانِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) маған: “Құран оқып берші”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, өзіңізге түскен Құранды өзіңізге оқып берейін бе?” – дедім. Ол: “Мен оны өзге адамның оқуымен тыңдағанды ұнатамын”, – деді. “Ниса” сүресін оқып, فَكَيْفَ إِذَا جِئْنَا مِن كُلِّ أُمَّةٍۭ بِشَهِيدٍ وَجِئْنَا بِكَ عَلَىٰ هَٰٓؤُلَآءِ شَهِيدًا “Уа, Расулым! Әр үмбеттен бір куәгер шығарғанымызда, әрі сені де мыналарға қарсы куәға тартқанымызда, адамдардың жағдайы не болар екен?!” деген аятқа жеткенімде: “Әзірше осы жеткілікті”, – деді. Оған бұрылып қарасам, көзінен жас ағып тұр екен».1

Түсіндірме

• Пайғамбардың «Маған Құран оқып берші» деген сөзі Құраннан бір бөлікті оқуды сұрағанын көрсетеді.

· Пайғамбарымыздың Құранды басқалардың аузынан тыңдауды ұнатуы, Құран аяттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік тудыратындықтан болуы мүмкін. Өйткені Құранды оқыған кезде адам ондағы оқылу ережелеріне мән береді. Ал тыңдаушы адам мұнымен әуре болмайды. Оқылған аяттарды зейін қойып тыңдай алады, сондай-ақ терең ойлануға да мүмкіндік алады. Пайғамбарымыз Убәй ибн Кағбқа бұйыру арқылы, Құран оқу мен тыңдауды сүннет қылды.

• Имам Нәуәуи: «Құран оқығанда не оны тыңдағанда жылау – ізгі құлдардың қасиеті», – деген. Имам Ғазали мұны мұстахаб санаған. Құранда мұндай жандар мақталады: وَيَخِرُّونَ لِلْأَذْقَانِ يَبْكُونَ وَيَزِيدُهُمْ خُشُوعًا «Сөйтіп, олар жылаған күйде тағы да сәждеге жығылады. Міне, Құран олардың Аллаға деген тағзымын осылайша арттыра түседі».2

· Ибн Хажар әл-Әсқалани Құран оқыған кезде жылаудың жолын былайша түсіндіреді: «Құрандағы ескертулер мен жаһаннам азабы айтылған аяттар жайында терең ойланып, жүректі үрейге толтыру қажет. Бойдағы кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыдан кейін жүрек жібіп, көзден жас шықпаса, сол үшін жыласын. Өйткені Құран аяттары жайында терең ойланған соң көзден жастың шықпауы – қасіреттің үлкені», – дейді.

· Ғалымдар: «Алла Елшісінің жылау себебі – үмбетіне деген мейірімнен. Өйткені оқылған Құран аятында үмбетінің ақыреттегі жағдайы баяндалған. Пайғамбарымыз үмбетінің жаман амалдарына куә болатынын, сол себепті олардың жазаға тартылатынын және олар үшін шапағат ететінін көз алдына келтіріп жылаған еді», – деген.

  1. 1Бұхари, Фәдәил әл-Құран 32, 33, 35; Мүслим, Мусафирин 247, (700); Тирмизи, Тәпсір, Ниса, (3027, 3028); Әбу Дәуіт, Илм 13, (3668).
  2. 2«Исра» сүресі, 109-аят.
916
Кутуб ситтә, № 916 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әсма (р.а.)

وَعَنْ أَسْمَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا كَانَ أَحَدٌ مِنَ السَّلَفِ يُغْشَى عَلَيْهِ وَلَا يُصْعَقُ عِنْدَ تِلَاوَةِ الْقُرْآنِ، وَإِنَّمَا كَانُوا يَبْكُونَ وَيَقْشَعِرُّونَ، ثُمَّ تَلِينُ جُلُودُهُمْ وَقُلُوبُهُمْ إِلَى ذِكْرِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Әсма (р.а.): «Алдыңғы буын мұсылмандары Құран оқылғанда талып та қалмайтын, есінен де танбайтын. Олар жылап, бойлары түршігетін. Содан соң тәні мен жүрегі Алланы еске алғанда жұмсаратын», – дейді.1

Түсіндірме

Риуаяттың Бағауидегі нұсқасы мынадай: «Уруа ибн Зубәйір былай дейді: «Әжем Әсма бинт Әбу Бәкірден: «Құран оқылған кезде Расулалланың (с.а.с.) сахабалары не істейтін еді?» – деп сұрадым. Маған былай жауап берді: «Алла Тағаланың Құран кәрімде көрсеткені бойынша әрекет ететін: көздері жасқа толып, жан дүниесін үрей билейтін».

Сонда мен: “Қазір кей адамдар Құран естігенде талып қалады”, – дедім. Ол: “Қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын!” – деді».

Риуаят бойынша, ибн Омар (р.а.) талып қалған бір Ирактық кісіні көріп қалып: «Бұған не болған?» – деп сұрайды. Сол жердегілер: «Ол Құранның тиләуатын немесе Алланың зікірін естіген сайын талып қалады», – деп жауап береді. Ибн Омар оларға былай дейді: «Біз де Алладан қорқамыз, бірақ талып қалмаймыз!»

Ибн Омар (ары қарай): «Бұлай талып қалған адамның ішіне шайтан кірген болуы мүмкін. Мұндай жағдай әзірет Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабаларында кездескен емес», – дейді.

Олай болса, Құран тиләуаты кезінде жылау әдептілікке жатады, бірақ талып қалып, үсті-басын жыртып, ұрып-соғу секілді жасанды әрекеттер әдептілікке жатпайды һәм сүннетке де қайшы. Қолдан жасалатын мұндай жасандылықтардан аулақ болу керек.

  1. 1Рәзин қосымшасы. (Бағауи Тәпсірінен алынған 7, 238).
917
Кутуб ситтә, № 917 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ قَرَأَ مِنْكُمْ بِالتِّينِ وَالزَّيْتُونِ فَانْتَهَى إِلَى: أَلَيْسَ اللَّهُ بِأَحْكَمِ الْحَاكِمِينَ؟ فَلْيَقُلْ: بَلَى وَأَنَا عَلَى ذَلِكَ مِنَ الشَّاهِدِينَ. وَمَنْ قَرَأَ لَا أُقْسِمُ بِيَوْمِ الْقِيَامَةِ فَانْتَهَى إِلَى: أَلَيْسَ ذَلِكَ بِقَادِرٍ عَلَى أَنْ يُحْيِيَ الْمَوْتَى؟ فَلْيَقُلْ: بَلَى، وَعِزَّةِ رَبِّنَا. وَمَنْ قَرَأَ وَالْمُرْسَلَاتِ فَبَلَغَ: فَبِأَيِّ حَدِيثٍ بَعْدَهُ يُؤْمِنُونَ؟ فَلْيَقُلْ: آمَنَّا بِاللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ بِطُولِهِ، وَالتِّرْمِذِيُّ إِلَى الشَّاهِدِينَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Кім “Тин” сүресін оқып, соңындағы أَلَيْسَ ٱللَّهُ بِأَحْكَمِ ٱلْحَٰكِمِينَ “Алла – үкім етушілердің ең әділі, ең абзалы емес пе?!” деген аятқа жетсе, “Иә, мен бұған куәлік етушілерденмін” десін. Кім “Қиямет” сүресінің соңындағы أَلَيْسَ ذَٰلِكَ بِقَٰدِرٍ عَلَىٰٓ أَن يُحْـِۧىَ ٱلْمَوْتَىٰ “Сонда мұның бәрін істегеннің өлілерді қайта тірілтуге құдіреті жетпей ме?!” деген аятты оқыса, “Әрине, жетеді. Раббымыздың ұлылығына ант етемін!” десін. Кім “Мурсалат” сүресінің соңындағы فَبِأَىِّ حَدِيثٍۭ بَعْدَهُۥ يُؤْمِنُونَ “Олар осынау Құранға сенбегеннен кейін басқа қай сөзге сенеді?!” деген аятты оқыса, “Аллаға иман келтірдік” десін».1

Түсіндірме

Кейбір ғалымдар аталмыш сүрелер оқылған кезде аталмыш сөздерді айтудың мұстахап екенін һәм бұл аяттарды намазда да, намаздан тыс оқығанда солай жасау керектігін айтады. Расулалланың (с.а.с.) Алладан кешірім сұрауды (истиғфар) бұйырған аяттарды оқыған кезде кешірім сұрағандығы, Аллаға сиынуды талап еткен аяттарда сиынғандығы жайлы риуаяттарға қарайтын болсақ, Құранды судыратып оқып шыққаннан гөрі мағынасына терең бойлап, барынша түсініп, баяндалған ақиқаттарды жақсы ұғынып, қамтылған рухани аурасын жан дүниесімен терең сезініп оқу керек екенін ұғынамыз. Құран кәрімді бір айда бір мәрте бастан-аяқ оқып шығуға кеңес беруі, әсіресе, бес күннен аз уақытта оқып бітіруге рұқсат бермеуі де осыны қуаттайды. Өйткені адам Құранды тез оқыған сайын терең ойлана алмайды, жан дүниесімен терең бойлауы, ақыл-ойымен ұғынуы барынша азаяды. Келесі риуаяттар да осы тұрғыдан өте маңызды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 154, (887); Тирмизи, Тәпсір, Тин, (3344), хадис; Әбу Дәуітте толығымен, ал Тирмизиде «мен бұған куәлік етушілерденмін» сөздеріне дейінгі бөлімі риуаят етілген.
918
Кутуб ситтә, № 918 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ مِنَ اللَّيْلِ فَاسْتَعْجَمَ الْقُرْآنُ عَلَى لِسَانِهِ فَلَمْ يَدْرِ مَا يَقُولُ فَلْيَضْطَجِعْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайсыбірің түнде тұрып Құран оқығанда, тілі күрмеліп, не айтып жатқанын аңғармай қалса, жатып демалсын», – деген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят түнгі құлшылықты ұйқысырап тұрғанда атқаруға болмайтынын көрсетеді. Намазда болсын, намаздан басқа кезде болсын, Құран кәрім тиләуаты ұйқы қысқанда тілге ауыр келе бастайды. Қате оқу, кем оқу, сөз тастап кету, кекештену, тоқтамайтын жерде тоқтау тағы сол сияқты жағдайлар Расулалланың (с.а.с.) сөзінде «тілі күрмелу» деп айтылған. Демек, осы жағдайлар бастала бастаса жанды қинамай, ұйқыны қандыру – пайғамбар кеңесі. Әбу Дәуіттің басқа риуаятында: «Қайсыбірің намазда ұйқы қысса, ұйқысы қанғанға дейін жатсын. Өйткені ұйқылы-ояу намаз оқыған адам истиғфар айтам деп өз-өзіне күпірлік айтады» деп анық айтылған.

  1. 1Мүслим, Мусафирин 223, (787); Әбу Дәуіт, Салат 308, (1311).
919
Кутуб ситтә, № 919 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «يَا مَعْشَرَ الْقُرَّاءِ اسْتَقِيمُوا فَقَدْ سَبَقْتُمْ سَبْقًا بَعِيدًا، وَإِنْ أَخَذْتُمْ يَمِينًا وَشِمَالًا لَقَدْ ضَلَلْتُمْ ضَلَالًا بَعِيدًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.): «Уа, қарилар, тура жолды ұстаныңдар. Сендер ұзап алға шықтыңдар. Ал оңға не солға ауытқысаңдар, тура жолдан қатты адасасыңдар», – деген.1

Түсіндірме

Хузайфа ибн Яман (р.а.) айтып тұрған Қурра (Құран оқушы жамағат) – әзірет Омардың (р.а.) ақылдастар алқасындағы Құран және сүннет ғұламалары. Негізінде, хадистегі «қурра» сөзі – «қари» сөзінің көпше түрі, ол «оқушы» дегенді білдіріп, Исламның алғашқы уақыттарында Құран шәкірті, Құран хафызы, ғалым секілді әртүрлі мағыналарда қолданылған. Алайда осы риуаятқа қатысты, Бұхариде берілген түсіндірмеден әзірет Хузайфа айтып тұрған жамағаттың әзірет Омардың айналасындағы ғұламалар тобы екенін түсінуге болады.

Әзірет Хузайфа (р.а.) оларға: «Алланың әмірін орындап, тыйымынан тыйылу арқылы тура жолда жүріңдер, сендер Расулаллаға алғаш иман келтіріп, серт беруші ретінде кейіннен мұсылман болғандарға қарағанда лауазым жағынан да, рухани мәртебе жағынан да бәрінен алдасыңдар, әрқайсыңның ерекше орындарың бар. Ендеше, тура жолдан аздап мүлт кетсеңдер, ашықтан-ашық адасуға түсіп, адасушылардың нағыз жолбастаушысы болып шыға келесіңдер» демекші болған. Осыдан байқағанымыздай, оның сөз сөйлеп тұрған жамағаты – алғашқы мұсылмандардан құралған жамағат. Олардың Құран мен сүннетті берік ұстанып, кез келген игі бастамада жол көрсетуші болуы деген сөз. Өйткені олардан кейін иман келтіргендер олардың амалдарымен амал етсе де, алғаш болып Исламды қабылдағандардан асып кете алмайды. اَلسَّبَبُ كَالْفَاعِلِ «Себеп болушы жасаушының сауабына ортақ болады» деген қағида бойынша, кейіннен иман келтіргендер қаншалықты көп сауап тапса да, олардың сауабы сол сауапты істі жасауына себеп болған алдыңғы буын мұсылмандарға да дәл сол күйінде кем-кетіксіз берілетіндіктен, алғашқы мұсылмандарды басып озуы мүмкін емес. Сондықтан Исламның негізін қалаушы ретінде саналған сахабаларды сауап жағынан кейіннен келген ешбір пенде басып оза алмайды.

Хузайфа (р.а.) бұл сөзді мына аяттың мағынасына сүйеніп айтқан болуы мүмкін: وَأَنَّ هَٰذَا صِرَٰطِى مُسْتَقِيمًا فَٱتَّبِعُوهُ وَلَا تَتَّبِعُوا۟ ٱلسُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكُمْ عَن سَبِيلِهِۦ ذَٰلِكُمْ وَصَّىٰكُم بِهِۦ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ «Менің тура жолым, міне, осы. Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ-сүрлеулерге түсіп кетпеңдер, ондай теріс жолдар сендерді жік-жікке бөліп, Алланың тура жолынан тайдырып жібермесін. Күнә атаулыдан сақтанып, тақуалық аясында өмір сүрсін деп, Алла сендерге осыларды бұйырады».2

Бұл хадистің үкім жағынан марфуғ екені де айтылған. Хадистен мұһажирлер мен ансарлардың арасынан пайғамбардың тірі кезінде шейіт болған немесе Расулалла өмірден өткен соң шейіт болған не болмаса төсегінде жатып қайтыс болған бүкіл сахабалардың мәртебесі өте жоғары екендігіне үкім шығарған.

  1. 1Бұхари, Иғтисам 2.
  2. 2«Әнғам» сүресі, 153-аят.