عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّكُمْ تُدْعَوْنَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِأَسْمَائِكُمْ وَأَسْمَاءِ آبَائِكُمْ، فَأَحْسِنُوا أَسْمَاءَكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Дәрдадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қиямет күні сендер өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан есімдеріңді көркем етіңдер»1.
Түсіндірме
Есім адамның болмысына, тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан балаға мағынасы көркем, мәнді есім қоюға көңіл бөлген жөн. Алла елшісі (с.а.с.) көркем есім қоюды өсиет етіп, өзі де соған үлгі көрсетті. Ол жаһилия дәуірінен қалған ұнамсыз адам есімдерін де, кейбір жануарлардың, заттар мен жерлердің атауларын да көркем атаулармен алмастырған. Пайғамбардың есімі қойылған адамға өз аты аталған сайын сол пайғамбардың өнегесі ойына оралуы мүмкін. Есімдер халықтың ынтымақ-бірлігіне де ықпал етеді. Сондықтан адамзатқа ортақ, тарихтан жеткен көркем есімдерді ұмыт қалдырмаған жөн. Жоғарыдағы риуаятта қиямет күні әркім өз есімімен шақырылатыны айтылып, есімнің көркем болуы құпталады. Көркем есім қоюдың осы аталған және өзге де игіліктері болуы мүмкін. Табараниге телінген бір риуаятта Алла тағаланың ақыретте құлдарының кемшілігін жасырып, оларды мейірімімен аналарының есімдері арқылы шақыратыны айтылады. Алқама екі риуаятты былай сабақтастырған: «Тегі анық адамдар әкелерінің, ал өзгелері аналарының есімімен шақырылуы мүмкін. Немесе кейбір адамдар ғана аналарының есімімен шақырылады».
Хадистегі «Есімдеріңді көркем етіңдер» деген сөзді балаларға, жақындарға және қызметшілерге көркем есім қою жөніндегі өсиет деп түсінуге болады.
- 1Әбу Дәуіт, Әдеп, 4948. Әбу Дәуіт жеткізушілердің бірі Ибн Әбу Зәкәрияның Әбу Дәрдамен кездеспегенін атап өткен.