Хадис

Әртүрлі хадистер

Кутуб ситтә, 4-том, 175-тарау · 2 хадис · № 1453–1454

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

1453
Кутуб ситтә, № 1453 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الِاسْتِجْمَارُ تَوٌّ، وَرَمْيُ الْجِمَارِ تَوٌّ، وَالسَّعْيُ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ تَوٌّ، وَالطَّوَافُ تَوٌّ، وَإِذَا اسْتَجْمَرَ أَحَدُكُمْ فَلْيَسْتَجْمِرْ بِتَوٍّ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. «التَّوُّ» الْوِتْرُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай жеткізді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Таспен тазаланғанда тас саны тақ болсын. Жамраларға лақтырылатын тас саны да, Сафа мен Мәруа арасындағы сағи мен тауап саны да тақ. Сендердің бірің таспен тазаланса, оны тақ санмен қолдансын”, – деді»1.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) істі ұқыпты атқарып, есебін білуге дағдыландыру үшін санға, әсіресе амалды тақ санмен аяқтауға мән берген. Ол:

إِنَّ اللَّهَ وِتْرٌ يُحِبُّ الْوِتْرَ

«Алла – жалғыз әрі тақ санды жақсы көреді».

Тағы бір хадисте:

فَأَوْتِرُوا يَا أَهْلَ الْقُرْآنِ

«Уа, Құран иелері, үтір намазын оқыңдар!»

Осы риуаятта тақ санмен орындалатын кей амалдар жеке аталған.

1. Ашық жерде үлкен дәреттен кейін таспен тазаланғанда, тас саны тақ болуы керек. Бұл жай № 3574–3576 хадистерде кеңінен баяндалады. Автор құбыр жүйесі бар дәретханада тас пайдаланудың қолайсыз екенін ескертіп, тасқа қатысты тәртіпті дәретхана қағазына да қолдануға болады деген.

Істі тақ санмен аяқтауға мән беру сүннетті, Алла елшісін (с.а.с.) және Алланың сүйіспеншілігін еске салады. Бұл тәртіпті сақтаудың ғибраты мен пайдасы бар.

﴿لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا﴾ «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар.»2

  1. 1Мүслим, Хажж, 315, (1300).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 21-аят.
1454
Кутуб ситтә, № 1454 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَوْلَا مَا يُرْفَعُ الَّذِي يُتَقَبَّلُ مِنَ الْجِمَارِ كَانَ أَعْظَمَ مِنْ ثَبِيرٍ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Лақтырылған тастардың қабыл болғандары көтерілмегенде, жиналған тас Сәбир тауынан да үлкен болар еді»1.

Түсіндірме

Әбу Сағид әл-Худри бұл риуаятты толығырақ жеткізген: «Бір күні: “Уа, Алла елшісі! Жыл сайын лақтырылатын тастар қайда кетеді? Бізге олар азайып қалғандай көрінеді”, – дедік. Алла елшісі: “Қабыл болғандары көтеріледі. Олай болмағанда, тастардың таудай болып үйілгенін көрер едіңдер”, – деді».

Мүнзиридің айтуынша, бұл хадисті Табарани мен Хаким де өз жинақтарына енгізген.

  1. 1Рәзин келтірген риуаят. Мүнзири, «Әт-Тарғиб уәт-тарһиб», 2/131.