Хадис

Баланың қажылығы

Кутуб ситтә, 4-том, 199-тарау · 3 хадис · № 1561–1563

ҚАЖЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ӘРТҮРЛІ ҮКІМДЕР

Хадистер

1561
Кутуб ситтә, № 1561 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَقِيَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَكْبًا بِالرَّوْحَاءِ، فَقَالَ: مَنِ الْقَوْمُ؟ قَالُوا: الْمُسْلِمُونَ. فَقَالُوا: مَنْ أَنْتَ؟ قَالَ: رَسُولُ اللَّهِ. فَرَفَعَتْ إِلَيْهِ امْرَأَةٌ صَبِيًّا، فَقَالَتْ: أَلِهَذَا حَجٌّ؟ قَالَ: نَعَمْ، وَلَكِ أَجْرٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Раухада бір топ жолаушыға жолықты. “Кімсіңдер?” – деп сұрағанда, олар: “Мұсылмандармыз. Өзіңіз кімсіз?” – деді. Ол: “Алланың елшісімін”, – деді. Сонда бір әйел баласын көтеріп көрсетіп: “Осы баланың қажылығы жарамды ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, саған да сауап бар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Рауха – Мәдинадан қырық мил (шамамен 64 шақырым) жердегі мекен.

2. Көпшілік ғалым бұл хадиске сүйеніп, баланың қажылығы жарамды деп санаған. Шафиғи, Мәлик, Ахмад ибн Ханбал және басқа да ғалымдардың пікірінше, бала сол қажылығы үшін сауап алады. Ол нәпіл қажылық болып саналады, балиғатқа толғаннан кейін міндеттелетін парыз қажылықтың орнына жүрмейді.

3. Әбу Ханифа баланың қажылығын дербес, міндет жүктейтін ғибадат деп санамаған. Шәкірттері баланы қажылыққа жаттықтыру, рәсімдерді үйрету үшін ертіп барғанын айтқан. Қади Иядтың түсіндіруінше, баланың қажылыққа қатысуына қатысты ғалымдар арасында талас жоқ. Бұған Алла елшісінің (с.а.с.) және сахабалардың ісі, үмбеттің бірауызды пікірі дәлел. Әбу Ханифаның пікірі баланың қажылыққа баруына емес, оның қажылығы қандай салдар туғызатынына қатысты. Қажылығын ересек адамның қажылығындай жарамды десек, ихрам тыйымдарын сақтау да, оларды бұзғанда фидия өтеу, құрбан шалу да балаға міндет болар еді. Алайда фиқһ қағидасы бойынша бала тыйымды бұзғаны үшін жазаға тартылмайды. Қамқоршысы (уәлиі) оның мал-мүлкін сақтауға міндетті және оны еркін жұмсай алмайды. Мысалы, балаға берілген қайырымдылықты қабылдай алады, ал оның мүлкінен садақа бере алмайды. Сондықтан Әбу Ханифа баланы қажылықты көріп, үйренсін деп ертіп баруға болады, ал ихрам тыйымын бұзса, фидия өтемейді, құрбан шалмайды деп түсіндірген.

4. Нәуәуидің айтуынша, бала күнінде жасаған қажылық балиғаттан кейінгі парыз қажылықтың орнына жүрмейтініне ғалымдар бірауыздан келіскен.

5. Баланы қажылыққа апарып, рәсімдерді орындатқан және ихрам тыйымдарынан сақтаған адам сауап алады.

6. Баланың атынан ихрамға кіру кез келген уәлидің құзыретіне жатпайды. Нәуәуи Шафиғи мәзһабындағы қабылданған пікірді былай түсіндіреді: «Баланың атынан мүлкіне жауапты әкесі, атасы, өсиетпен не қазының шешімімен тағайындалған қамқоршысы, сондай-ақ қазы не имам ихрамға кіре алады. Анасына мұндай өкілет өсиетпен не қазының шешімімен уәли болып тағайындалса ғана беріледі». Кейбір ғалымдар анасына немесе әке жағындағы туысына, баланың мүлкін басқаруға өкілеті болмаса да, оның атынан ихрамға кіруге болады деген. Бұл үкімдер әлі тәмииз жасына, яғни пайда мен зиянды ажырата алатын шаққа2 жетпеген балаға қатысты. Тәмиизге жеткен балаға уәлиі ихрамға кіруге рұқсат бере алады. Ол уәлиінің рұқсатынсыз өзі ихрамға кірсе немесе уәлиі оның атынан кірсе, қажылығы жарамды саналмайды. Тәмиизге жетпеген баланың атынан кірген уәли іштей «Баланы ихрамға кіргіздім» деп ниет етеді. Қажылық шығыны баланың мал-мүлкінен жұмсалатындықтан, осы шектеулер оның мүлкін ысыраптан қорғайды.

  1. 1Мүслим, «Хаж», 409 (1336а). Мәлик, «Муатта», «Хаж», 244 (1/422). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 8 (1736). Нәсәи, «Мәнәсик әл-хаж» (2646).
  2. 2Тәмииз – баланың айтылғанды түсініп, дұрыс жауап бере алатын, пайда мен зиянды ажырататын шағы. Жасы нақты белгіленбегенімен, көбіне алты-жеті жас шамасы айтылады.
1562
Кутуб ситтә, № 1562 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Саиб ибн Язид (р.а.)

وَعَنِ السَّائِبِ بْنِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «حَجَّ بِي أَبِي مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ وَأَنَا ابْنُ سَبْعِ سِنِينَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Саиб ибн Язид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығын жасағанда, әкем мені де ертіп барды. Ол кезде жеті жаста едім»1.

  1. 1Бұхари, «Жазаус-саид», 25 (1858). Тирмизи, «Хаж», 83 (925).
1563
Кутуб ситтә, № 1563 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نُلَبِّي عَنِ النِّسَاءِ وَالصِّبْيَانِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَقَالَ: حَدِيثٌ غَرِيبٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай деген: «Біз әйелдер мен балалардың атынан тәлбия айтатынбыз»1.

وَقَدْ أَجْمَعَ أَهْلُ الْعِلْمِ عَلَى أَنَّ الْمَرْأَةَ لَا يُلَبِّي عَنْهَا غَيْرُهَا.

Тирмизи мұны ғариб хадис деп бағалап, ғалымдар әйелдің атынан басқа біреу тәлбия айтпайтынына бірауыздан келіскенін атап өткен.

Түсіндірме

1. Тирмизидегі риуаятта: كُنَّا إِذَا حَجَجْنَا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَكُنَّا نُلَبِّي عَنِ النِّسَاءِ وَنَرْمِي عَنِ الصِّبْيَانِ «Пайғамбармен (с.а.с.) бірге қажылық жасағанда әйелдердің атынан тәлбия айтып, балалардың атынан тас лақтыратынбыз», – делінген.

2. Тирмизидің айтуынша, ғалымдар әйелдің атынан басқа біреу тәлбия айтуына болмайтыны жөнінде бірауызды пікірде болған. Әйел тәлбияны өзі айтады. Тәлбия кезінде дауысын көтеруі – мәкруһ.

  1. 1Тирмизи, «Хаж», 84 (927). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 68 (3038). Тирмизидегі толық мәтін түсіндірмеде берілді.