Хадис

Құнға қатысты үкімдер

Кутуб ситтә, 5-том, 267-тарау · 9 хадис · № 1921–1929

Хадистер

1921
Кутуб ситтә, № 1921 · тараудағы реті: 1

عَنْ زِيَادٍ بْنِ سَعْدِ بْنِ ضُمَيْرَةَ السُّلَمِيِّ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ، رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «وَكَانَا شَهِدَا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حُنَيْنًا: أَنَّ مُحَلِّمَ بْنَ جَثَّامَةَ اللَّيْثِيَّ قَتَلَ رَجُلًا مِنْ أَشْجَعَ فِي الْإِسْلَامِ، وَذَلِكَ أَوَّلُ غِيَرٍ قَضَى بِهِ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَتَكَلَّمَ عُيَيْنَةُ فِي قَتْلِ الْأَشْجَعِيِّ لِأَنَّهُ مِنْ غَطَفَانَ، وَتَكَلَّمَ الْأَقْرَعُ بْنُ حَابِسٍ دُونَ مُحَلّمٍ لِأَنَّهُ مِنْ خِنْدَفٍ فَارْتَفَعَتِ الْأَصْوَاتُ، وَكَثُرَتِ الْخُصُومَةُ وَاللَّغَطُ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَا عُيَيْنَةُ أَلَا تَقْبَلُ الْغِيَرَ؟ فَقَالَ: لَا، وَاللَّهِ حَتَّى أُدْخِلَ عَلَى نِسَائِهِ مِنَ الْحَرْبِ وَالْحَزَنِ مَا أُدْخِلَ عَلَى نِسَائِي، ثُمَّ ارْتَفَعَتِ الْأَصْوَاتُ، وَكَثُرَتِ الْخُصُومَةُ وَاللَّغَطُ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا عُيَيْنَةُ أَلَا تَقَبَّلُ الْغِيَرَ؟ فَقَالَ عُيَيْنَةُ مِثْلَ ذَلِكَ، فقَامَ رَجُلٌ مِنْ بَنِي لَيْثٍ اسْمُهُ مُكَيْتَلٌ عَلَيْهِ شِكَّةٌ، وَفِي يَدِهِ دَرَقَةٌ، فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي لَمْ أَجِدْ لِمَا فَعَلَ هَذَا فِي غُرَّةِ الْإِسْلَامِ مَثَلًا إِلَّا غَنَمًا وَرَدَتْ فَرُمِيَ أَوَّلُهَا فَنَفَرَ آخِرُهَا، اُسْنِنِ الْيَوْمَ وَغَيِّرْ غَدًا، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَلْ نُعْطِيكُمْ خَمْسِينَ مِنَ الْإِبِلِ فِي فَوْرِنَا هَذَا وَخَمْسِينَ إِذَا رَجَعْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ، وَذَلِكَ فِي بَعْضِ أَسْفَارِهِ، وَمُحَلِّمٌ رَجُلٌ طَوِيلٌ آدَمُ وَهُوَ فِي طَرَفِ النَّاسِ فَلَمْ يَزَالُوا حَتَّى تَخَلَّصَ فَجَلَسَ بَيْنَ يَدَيْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَعَيْنَاهُ تَدْمَعَانِ، فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي قَدْ فَعَلْتُ الَّذِي بَلَغَكَ، وَإِنِّي أَتُوبُ إِلَى اللَّهِ، فَاسْتَغْفِرِ اللّهَ لِي، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَقَتَلْتَهُ بِسِلَاحِكَ فِي غُرَّةِ الْإِسْلَامِ: اللَّهُمَّ لَا تَغْفِرْ لِمُحَلِّمٍ بِصَوْتٍ عَالٍ، فقَامَ وَأَنَّهُ لَيَتَلَقَّى دُمُوعَهُ بِطَرَفِ رِدَائِهِ. قَالَ ابْنُ إِسْحَاقَ: وَزَعَمَ قَوْمُهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اسْتَغْفَرَ لَهُ بَعْدَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْغِيَرُ»: الدِّيَةُ. وَ«الشِّكَّةُ»: السِّلَاحُ. وَقَوْلُهُ: «آدَمُ»: أَيْ: يَضْرِبُ لَوْنُهُ إِلَى السَّوَادِ مِنْ شِدَّةِ سُمْرَتِهِ، «وَغُرَّةُ كُلِّ شَيْءٍ»: أَوَّلُهُ.

Қазақша аудармасы

Зияд ибн Сағд ибн Думайра әс-Суләми Хунәйн шайқасына қатысқан әкесі мен атасынан жеткізеді: «Исламның алғашқы кезінде Мухәллим ибн Жәссама әл-Ләйси Әшжағ тайпасынан бір адамды өлтірді. Бұл Алла елшісі (с.а.с.) құн төлеуге үкім еткен алғашқы оқиға еді. Ұяйна өлген адам Ғатафаннан болғандықтан, соның құнын дауласа, Ақрағ ибн Хабис Мухәллимді Хиндәфтан болғаны үшін жақтады. Дауыс көтеріліп, дау-дамай өршіді. Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Ұяйна, құнды қабылдамайсың ба?” – деді. Ол: “Жоқ, Алланың атымен ант етемін! Менің әйелдерімнің басына түскен қасірет пен қайғы оның әйелдерінің де басына түспейінше, қабылдамаймын”, – деді. Дау қайта өршіді. Алла елшісі (с.а.с.) сұрағын қайталағанда, Ұяйна сол жауабын берді. Сонда үстіне қару асынған, қолында тері қалқаны бар Бәну Ләйстен шыққан Мукәйтіл орнынан тұрып: “Уа, Алла елшісі! Мына адамның Исламның басында істегеніне мынадан өзге мысал таппадым. Қойлар суатқа келгенде, алдыңғыларына тас атылса, соңындағылары үркіп қашады. Бүгін үкім орнат та, ертең өзгерт”, – деді.

Алла елшісі (с.а.с.): “Сендерге қазір елу түйе, Мәдинаға оралған соң тағы елу түйе береміз”, – деді.

Бұл оқиға Алла елшісінің (с.а.с.) бір сапарында болды. Ұзын бойлы, қараторы Мухәллим жұрттың шетінде тұр еді. Ол жұрттың арасынан өтіп, Алла елшісінің (с.а.с.) алдына келіп отырғанда, көзінен жас сорғалады. “Уа, Алла елшісі! Сізге жеткен істі мен жасадым. Аллаға тәубе етемін. Мен үшін Алладан кешірім тілеңізші”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) дауысын көтеріп: “Исламның басында оны қаруыңмен өлтірдің бе? Уа, Алла, Мухәллимді кешірме!” – деді.

Әбу Сәләма: “Мухәллим жамылғысының ұшымен көз жасын сүртіп, орнынан тұрды”, – деп жеткізеді».

Ибн Исхақ: «Мухәллимнің қауымы Алла елшісі (с.а.с.) кейін ол үшін кешірім тіледі деп айтатын»1, – дейді.

Түсіндірме

1. Ибн Исхақ «Әл-Мағазиде» оқиғаның Хунәйн сапарында болғанын баяндайды. Хунәйн күні бесін намазынан кейін Алла елшісі (с.а.с.) ағаш көлеңкесін саялап отырғанда, қасына Ақрағ ибн Хабис пен Ұяйна ибн Хисн (р.а.) келеді. Ұяйна сол күні өлтірілген Амир ибн әл-Азбаттың құнын даулаған.

2. Бәну Ләйстен шыққан Мукәйтілдің сөзін хадис ғалымдары әртүрлі түсіндірген. Синдидің пікірінше, Мукәйтіл суатқа алдымен келген қойларға атылған тастан кейінгілері үркіп қашатынын мысалға алған. Ол Исламның басында осындай қылмыс жасаған кісіге қысас қолданылса, бұл жаңадан келгендерге ғибрат болып, қылмыстан тыйылар еді дегенді айтқысы келген. Синди «Бүгін үкім орнат та, ертең өзгерт» дегенді алдыңғы сөзді күшейту деп түсіндіреді. Егер бүгін қысас үкімі қолданылмай, құн төлеумен шектелсе, кейін басқа бір кінәліге қысас қолданғанда, жұрт: «Бүгін үкім орнат та, ертең өзгерт», – дер еді. Қысқасы, қысас жасалса, іс қой отары туралы мысалға, жасалмаса, екінші жағдайға ұқсайды.

Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһаяда» бұл сөзді былай түсіндіреді: «Қысас жөнінде өзің белгілеген сүннетке сай амал ет. Кейін өзгерткің келсе, өзгертерсің». Мұндағы өзгерту – белгіленген үкімді өзгерту.

Хаттаби осы сөйлемді былай түсіндіреді: «Бүгін оған қысас қолданбасаң, ертең сүннетің орнықпайды, өзіңнен кейін үкімің орындалмайды. Немесе кейін кісі өлтірген біреу “Бүгін үкім орнат та, ертең өзгерт” дегенді алға тартады. Сөйтіп, сүннетің де, үкімдерің де өзгереді».

Суюти «Мирқат әл-суғудта» былай дейді: «Мухәллимнің Исламның басында біреуді өлтіріп, өзіне қысас қолданбай, құн алуды сұрауы үріккен қой туралы мысалға ұқсайды. Егер марқұмның туыстарына Мухәллимнің сұрағаны жасалса, жұрт қысастың орнына құн төлеу жүргенін көрер еді. Бұл олардың Исламға кіруіне бөгет болар еді. Олар кек қайтаруға бейім, қаза тапқан жақындары үшін құн алуды құп көрмейтін. “Бүгін үкім орнат та, ертең өзгерт” деген сөзбен Мукәйтіл кісі өлтірушіге қысас қолдануға шақырды. Яғни “Бүгін қысас қолданбасаң, сүннетіңді өзгерткенің” дегенді меңзеді. Ол өз талабын тыңдаушысын әрекетке жігерлендіретін сөздермен жеткізді».

3. Алла елшісі (с.а.с.) марқұмның жақындарына жүз түйе құн беруге, оның елуін сол мезетте, елуін кейін өтеуге үкім етті.

Бұхари Ибн Аббастан (р.а.) мына риуаятты келтіреді: «Исраил ұрпақтарында қысас бар еді, құн төлеу болмаған. Алла тағала бұл үмбетке ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِصَاصُ فِي الْقَتْلَى الْحُرُّ بِالْحُرِّ وَالْعَبْدُ بِالْعَبْدِ وَالْأُنْثَى بِالْأُنْثَىٰ فَمَنْ عُفِيَ لَهُ مِنْ أَخِيهِ شَيْءٌ فَاتِّبَاعٌ بِالْمَعْرُوفِ وَأَدَاءٌ إِلَيْهِ بِإِحْسَانٍ ذَٰلِكَ تَخْفِيفٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَرَحْمَةٌ﴾ “Уа, иман келтіргендер! Өлтірілгендер үшін сендерге қысас парыз етілді. Азат адамға азат адам, құлға құл және әйелге әйел. Ал кімде-кімге ‘бауыры’ тарапынан кешірім берілсе, кінәлі жақ ізгілікті басшылыққа алып марқұмның құнын жақындарының көңілінен шығатындай етіп, жақсылап төлесін. Міне, бұл – Раббыларың тарапынан жасалған жеңілдік һәм мейірім.” – деді» («Бақара», 178-аят).

Ибн Аббас (р.а.): «Аяттағы ғафу – қасақана кісі өлтірілген жағдайда құн алуға келісу», – деп түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 3, (4503).
1922
Кутуб ситтә, № 1922 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا أُعْفِي مَنْ قَتَلَ بَعْدَ أَخْذِ الدِّيَةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَمَعْنَى «أُعْفِي»: لَا أَقِيلُهُ، وَلَا أَعْفُو عَنْهُ بَلْ أَقْتُلُهُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Құн алғаннан кейін кісі өлтірген адамды кешірмеймін», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

1. Хадис екі мағынада түсіндірілген. Біріншісі – жоғарыдағы аударма. Екіншісі – «Құн алған соң кісі өлтірген адамның дәулеті артпасын» деген теріс бата.

Бірінші түсіндірме бойынша мұндай қылмыскерден құн қабылданбай, оған қысас қолданылады. Әбу Дәуіт әт-Таялисиде бұл мағына анық берілген: «لَا أُعَافِي أَحَدًا قَتَلَ بَعْدَ أَخْذِ الدِّيَةِ.» «Құн алған соң кісі өлтірген ешкімді кешірмеймін». Хадис Исламға дейінгі бір әдетті жойды. Ол заманда марқұмның қамқоршысы қылмыскерден құн алып, оның өміріне кепілдік берсе де, реті келгенде оны өлтіріп, өзі де құнын төлей салатын. Алла елшісі (с.а.с.) осы сөздерімен бұл әдетке тыйым салды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 5, (4507).
1923
Кутуб ситтә, № 1923 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ: «أَنَّ رَجُلًا مِنْ بَنِي مُدْلِجٍ يُقَالُ لَهُ قَتَادَةُ خَذَفَ ابْنَهُ بِسَيْفٍ، فَأَصَابَ سَاقَهُ فَنُزِيَ فِي جُرْحِهِ فَمَاتَ فَقَدِمَ سُرَاقَةُ بْنُ جُعْشُمٍ عَلَى عُمَرَ فَذَكَرَ ذَلِكَ لَهُ، فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: اعْدُدْ عَلَى مَاءِ قُدَيْدٍ عِشْرِينَ وَمِائَةَ بَعِيرٍ حَتَّى أَقْدُمَ عَلَيْكَ، فَلَمَّا قَدِمَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَخَذَ مِنْ تِلْكَ الْإِبِلِ ثَلَاثِينَ حِقَّةً، وَثَلَاثِينَ جَذَعَةً وَأَرْبَعِينَ خَلِفَةً، ثُمَّ قَالَ: أَيْنَ أَخُو الْمَقْتُولِ، فَقَالَ هَا أَنَا ذَا. قَالَ: خُذْهَا، فَإِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَيْسَ لِقَاتِلٍ شَيْءٌ». «نُزِيَ»: أَيْ جَرَى دَمُهُ فَلَمْ يَنْقَطَعُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «نُزِيَ»: أَيْ جَرَى دَمُهُ فَلَمْ يَنْقَطَعُ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб былай жеткізеді: «Бәну Мудлижден Қатада деген кісі ұлына қылыш лақтырып, баланың сирағын жаралайды. Жарадан аққан қан тоқтамай, бала қаза табады. Сурақа ибн Жуғшум мән-жайды Омарға (р.а.) айтады. Омар: “Қудайд суатының басына жүз жиырма түйе дайында. Мен сонда барамын”, – дейді. Омар келгенде, түйелердің арасынан отыз хиққа (төрт жасқа толған ұрғашы түйе), отыз жазаға (бес жасқа толған ұрғашы түйе) және қырық буаз түйе алады. Содан кейін:

– Марқұмның бауыры қайда? – деп сұрайды. Бір кісі:

– Мұндамын, – деп жауап береді. Омар:

– Бұларды ал. Алла елшісі (с.а.с.): “Кісі өлтірушіге үлес жоқ”, – деген, – дейді».1

Түсіндірме

Бұл оқиға Исламдағы мұрагерліктің бір қағидасын көрсетеді. Бір кісі мұрасынан үлес алатын жақынын өлтірсе, марқұмның қалдырған мүлкінен үлес ала алмайды. Бұл жолы әкесі баласын өлтірген. Мемлекет құнды әкесінен алып, тиісті мұрагерлеріне бергенде, әкесіне үлес тимеген. Абдурраззақ бұл оқиғаны Сүлеймен ибн Ясардан жеткізеді. Ол нұсқада: «Омар (р.а.) марқұмның туған бауырын мұрагер етіп, әкесіне құннан ештеңе бермеді», – делінген.

  1. 1Муатта, Уқул 10, (2, 867).
1924
Кутуб ситтә, № 1924 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ امْرَأَتَيْنِ مِنْ هُذَيْلٍ: قَتَلَتْ إِحْدَاهُمَا الْأُخْرَى وَلِكُلِّ وَاحِدَةٍ مِنْهُمَا زَوْجٌ وَوَلَدٌ، فَجَعَلَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دِيَةَ الْمَقْتُولَةِ عَلَى عَاقِلَةِ الْقَاتِلَةِ، وَبَرَّأَ زَوْجَهَا وَوَلَدَهَا لِأَنَّهُمَا مَا كَانَا مِنْ هُذَيْلٍ، فَقَالَ عَاقِلَةُ الْمَقَتُولةِ: مِيرَاثُهَا لَنَا، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا، مِيرَاثُهَا لِزَوْجِهَا وَوَلَدِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Хузәйл тайпасынан екі әйелдің бірі екіншісін өлтірді. Әрқайсысының өз күйеуі мен баласы бар еді. Алла елшісі (с.а.с.) марқұмның құнын өлтірген әйелдің ақиласына жүктеп, күйеуі мен баласын бұл міндеттен босатты. Өйткені ол екеуі Хузәйлден емес еді. Марқұмның ақиласы: “Мұрасы бізге тиесілі”, – дегенде, ол: “Жоқ, мұрасы күйеуі мен баласына тиесілі”, – деді»1.

Түсіндірме

«Ән-Ниһаяда» ақила деп абайсызда өлтірілген кісінің құнын өтеуге қатысатын әке жақ туыстары мен жақындары аталады. Олар бір-біріне жәрдем беріп, қолдау көрсетеді. Ақиланың бір мүшесі қателікпен қылмыс жасағанда, оның құнын өтеуге өзгелері көмектесуге міндетті. Бұл институт Ислам құқығында ауыр міндеттемелерді бөлісуде сақтандыру ұйымы тәрізді қызмет атқарған.

Бұл риуаят әйелдің күйеуі мен баласы оның ақиласына жатпайтынына дәлел ретінде келтіріледі. Имам Шәфиғи мен Мәлик (Алла екеуіне рақым етсін) осы пікірде болған.

Алла елшісінің (с.а.с.) марқұмның ақиласына айтқан сөзі күйеуі мен баласының мұрагер екенін білдіреді. Олардың үлесі өзге мұрагерлердің құқығын жоймайды. Риуаяттың бір нұсқасында وَوَرَّثَهَا وَلَدَهَا وَمَنْ مَعَهُمْ. «Әйелдің мұрасын балалары мен өзге мұрагерлеріне берді», – делінген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 21, (4575).
1925
Кутуб ситтә, № 1925 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَعَثَ أَبَا جَهْمِ بْنَ حُذَيْفَةَ مُصَدِّقًا فَلَاجَّهُ رَجُلٌ فِي صَدَقَتِهِ فَضَرَبَهُ أَبُو جَهْمٍ فَشَجَّهُ، فَأَتَوُا النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فَقَالُوا: الْقَوَدَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَقَالَ: لَكُمْ كَذَا وَكَذَا، فَلَمْ يَرْضَوْا فَقَالَ لَكُمْ كَذَا وَكَذَا، فَلَمْ يَرْضَوْا، فَقَالَ: لَكُمْ كَذَا وَكَذَا، فَرَضُوا، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنِّي خَاطِبُ الْعَشِيَّةَ عَلَى النَّاسِ وَمُخْبِرُهُمْ بِرِضَاكُمْ؟ فَقَالُوا: نَعَمْ، فَخَطَبَ فَقَالَ: إِنَّ هَؤُلَاءِ اللَّيْثِيِّينَ أَتَوْنِي يُرِيدُونَ الْقَوَدَ فَعَرَضْتُ عَلَيْهِمْ كَذَا وَكَذَا فَرَضُوا، أَرَضِيتُمْ؟ قَالُوا لَا، فَهَمَّ بِهِمُ الْمُهَاجِرُونَ، فَأَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَكُفُّوا عَنْهُمْ، فَكَفُّوا عَنْهُمْ، ثُمَّ دَعَاهُمْ فَزَادَهُمْ، فَقَالَ: أَرَضِيتُمْ؟ فَقَالُوا: نَعَمْ. قَالَ: إِنِّي خَاطِبٌ عَلَى النَّاسِ وَمُخْبِرُهُمْ بِرِضَاكُمْ؟ فَقَالُوا: نَعَمْ، فَخَطَبَ النَّبِىُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَرَضِيتُمْ؟ قَالُوا: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Жәһм ибн Хузайфаны зекет жинауға жіберді. Бір кісі зекет мәселесінде онымен дауласты. Әбу Жәһм әлгі кісіні ұрып, басын жаралады. Сонда оның жақындары Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алла елшісі! Қысас талап етеміз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға белгілі бір мөлшерде құн ұсынғанда, келіспеді. Ол құнды арттырғанда да разы болмады. Үшінші рет мөлшерін көтергенде, олар келісім берді.

Алла елшісі (с.а.с.): “Кешке жұрт алдында сөйлеп, разы болғандарыңды айтайын ба?” – деді. Олар келісті. Ол жұртқа: “Ләйстен шыққан мына кісілер қысас сұрап келді. Мен оларға осынша құн ұсындым. Олар разы болды”, – деді де, өздерінен: “Разысыңдар ма?” – деп сұрады. Олар: “Жоқ”, – деді. Мұһажирлер оларға ұмтылды. Алла елшісі (с.а.с.) тиіспеуді бұйырғанда, тоқтады. Содан кейін әлгі кісілерді қайта шақырып, құнды арттырды. “Разысыңдар ма?” – дегенде, олар: “Иә”, – деді. “Жұрт алдында сөйлеп, разы болғандарыңды айтайын ба?” – дегеніне де келісті. Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа сөйлеп тұрып: “Разысыңдар ма?” – деп сұрағанда, олар: “Иә”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Хаттаби осы хадистен мынадай үкімдер шығарады:

• Басшы немесе мемлекеттік қызметкер біреуді жазықсыз жараласа, оған да өзге кісілерге қолданылатын қысас үкімі жүреді.

• Басы жараланған кісі қысас талап етсе, оны құнға разы ету үшін белгіленген мөлшерден артық ұсынуға болады.

• Зекет мөлшерін анықтағанда мал иесінің сөзі негізге алынады. Мал-мүлкіне қатысты дауда қызметкердің оны мәжбүрлеуге не ұруға құқығы жоқ.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 13, (4534); Нәсәи, Қасама 24, (8, 35).
1926
Кутуб ситтә, № 1926 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ هِلَالٍ بْنِ سِرَاجِ بْنِ مُجَاعَةَ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ «أَنَّهُ أَتَى رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَطْلُبُ دِيَةَ أَخِيهِ، قَتَلَهُ بَنُو سَدُوسٍ مِنْ بَنِي ذُهْلٍ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْ كُنْتُ جَاعِلًا لِمُشْرِكٍ دِيَةً جَعَلْتُهَا لِأَخِيكَ، وَلَكِنْ سَأُعْطِيكَ مِنْهُ عُتْبَى فَكَتَبَ لَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمِائَةٍ مِنَ الْإِبِلِ مِنْ أَوَّلِ خُمْسٍ يَخْرُجُ مِنْ مُشْرِكِي بَنِي ذُهْلٍ، فَأَخَذَ طَائِفَةً مِنْهَا، وَأَسْلَمَ بَنُو ذُهْلٍ فَطَلَبَهَا بَعْدُ مُجَّاعَةُ إِلَى أَبِي بَكْرٍ، فَأَتَاهُ بِكِتَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَكَتَبَ لَهُ أَبُو بَكْرٍ بِاثْنَيْ عَشَرَ أَلْفَ صَاعٍ مِنْ صَدَقَةِ الْيَمَامَةِ أَرْبَعَةِ آلَافٍ بُرًّا، وَأَرْبَعَةِ آلَافٍ شَعِيرًا، وَأَرْبَعَةِ آلَافٍ تَمْرًا، وَكَانَ فِي كِتَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ هَذَا كِتَابٌ مِنْ مُحَمَّدٍ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِمُجَّاعَةَ بْنِ مُرَارَةَ مِنْ بَنِي سُلَيْمٍ إِنِّي أَعْطَيْتُهُ مِائَةً مِنَ الْإِبِلِ مِنْ أَوَّلِ خُمْسٍ يَخْرُجُ مِنْ مُشْرِكِي بَنِي ذُهْلٍ عُتْبَى مِنْ أَخِيهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хилал ибн Сираж ибн Мужаға әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Мужаға Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, Бәну Зуһлдің Бәну Сәдус тармағының қолынан қаза тапқан бауырының құнын сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Мүшрік үшін құн белгілейтін болсам, бауырыңа белгілер едім. Саған оның өтеуі ретінде бір нәрсе беремін”, – деді. Сөйтіп, оған Бәну Зуһл мүшріктерінен түсетін алғашқы олжаның бестен бір үлесінен жүз түйе беру жөнінде жазба берді.

Мужаға түйелердің бір бөлігін алған еді. Қалғанын алмай тұрып, Бәну Зуһл мұсылман болды. Кейін Мужаға қалғанын сұрап, Әбу Бәкірге (р.а.) келді де, Алла елшісінің (с.а.с.) жазбасын көрсетті.

Әбу Бәкір (р.а.) оған Ямама зекетінен он екі мың сағ, яғни төрт мың сағ бидай, төрт мың сағ арпа, төрт мың сағ құрма беруді жазып берді. Алла елшісінің (с.а.с.) жазбасында былай делінген еді: “Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен. Бұл – Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) Бәну Сүләймнен шыққан Мужаға ибн Мурараға берілген жазба. Оған бауырының өтеуі ретінде Бәну Зуһл мүшріктерінен түсетін алғашқы олжаның бестен бір үлесінен жүз түйе бердім”».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Хараж 20, (2990).
1927
Кутуб ситтә, № 1927 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَتَبَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى كُلِّ بَطْنٍ عُقُولَةً، وَلَا يَحِلُّ لِمَوْلًى أَنْ يَتَوَلَّى مُسْلِمًا بِغَيْرِ إِذْنِهِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әр руға құн төлеу міндетін жазып берді. Азат етілген кісіге өзін азат еткен адамның рұқсатынсыз басқа мұсылманды мәулә тұтуға болмайды».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) عَلَى كُلِّ بَطْنٍ عُقُولَةً деген сөзіндегі «батн» екі мағынада қолданылатындықтан, хадис те екі түрлі түсіндірілген.

а) «Батн» – тайпаның бір тармағы. Одан кіші бөлім «фахз» аталады. Бұл – қаны бір, бір-бірінің алдында құқықтық міндеттері бар туыстар тобы. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһаяда» осы мағынаға сүйеніп: «Алла елшісі (с.а.с.) әр руға ақила ретінде құнның қандай бөлігі тиетінін жазып, жауапкершілігін белгілеген», – деп түсіндіреді.

ә) Мунауидің айтуынша, «батн» сөзі «іш» мағынасын да білдіреді. Сондықтан кей ғалым хадисте құрсақта шетінеген бала үшін төленетін құн айтылған деп түсіндірген. № 1919 хадисте баяндалғандай, Алла елшісі (с.а.с.) құрсақтағы баланың өлімі үшін де құн белгілеген.

  1. 1Нәсәи, Қасама 38, (8, 52).
1928
Кутуб ситтә, № 1928 · тараудағы реті: 8

وَعَنِ ابْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَضَتِ السُّنَّةُ أَنَّ الْعَاقِلَةَ لَا تَحْمِلُ مِنْ دِيَةِ الْعَمْدِ شَيْئًا، إِلَّا أَنْ تَشَاءَ، وَكَذَلِكَ لَا تَحْمِلُ مِنْ ثَمَنِ الْعَبْدِ شَيْئًا قَلَّ أَوْ كَثُرَ، وَإِنَّمَا ذَلِكَ عَلَى الَّذِي يُصِيبُهُ مِنْ مَالِهِ بَالِغًا مَا بَلَغَ لِأَنَّهُ سِلْعَةٌ مِنَ السِّلَعِ، لِقَوْلِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَحْمِلُ الْعَاقِلَةُ عَمْدًا، وَلَا صُلْحًا، وَلَا اعْتِرَافًا، وَلَا أَرْشَ جِنَايَةٍ، وَلَا قِيمَةَ عَبْدٍ إِلَّا أَنْ تَشَاءَ، وَمَضَتِ السُّنَّةُ أَنَّ الرَّجُلَ إِذَا أَصَابَ امْرَأَتَهُ بِجُرْحٍ خَطَأً أَنَّهُ يَعْقِلُهَا وَلَا يُقَادُ مِنْهُ، فَإِنْ أَصَابَهَا عَمْدًا أُقِيدَ بِهَا». وَبَلَغَنِي أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «تُقَادُ الْمَرْأَةُ مِنَ الرَّجُلِ فِي كُلِّ عَمْدٍ يَبْلُغُ ثُلُثَ نَفْسِهَا فَمَا دُونَهُ مِنَ الْجَرَاحِ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Қалыптасқан тәртіп бойынша ақила қасақана кісі өлтірудің құнын өз еркімен қаламаса, көтермейді. Құлдың бағасы аз болсын, көп болсын, ақилаға жүктелмейді. Құл сауда мүлкіне жатқызылғандықтан, оның бүкіл бағасын зиян келтірген кісі өз малынан өтейді. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзіне негізделген: “Ақила қасақана кісі өлтіру құнын, бітімде келісілген төлемді, кінәні мойындау арқылы белгіленген құнды, жарақаттың әршін және құлдың бағасын өз еркімен қаламаса, өтемейді”.

Қалыптасқан тағы бір тәртіп бойынша кісі әйелін абайсызда жараласа, құн төлейді және оған қысас қолданылмайды. Қасақана жараласа, қысас қолданылады».

«Маған жеткен хабарда Омар (р.а.): “Ер адам әйелге қасақана жарақат салса, жарақат құны әйелдің толық құнының үштен біріне дейінгі мөлшерде болғанда, қысас қолданылады”, – деген».1

  1. 1Рәзиннің қосқаны.
1929
Кутуб ситтә, № 1929 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Тариқ ибн Шиһаб (р.а.)

وَعَنْ طَارِقٍ بْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ وَفْدُ بُزَاخَةَ إِلَى أَبِي بَكْرٍ الصِّدِيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَسْأَلُونَهُ الصُّلْحَ، فَخَيَّرَهُمْ بَيْنَ الْحَرْبِ الْمُجْلِيَةِ، وَالسِّلْمِ الْمُخْزِيَةِ، فَقَالُوا هَذِهِ الْمُجْلِيَةُ قَدْ عَرَفْنَاهَا فَمَا الْمُخْزِيَةُ؟ قَالَ: نَنْزِعُ مِنْكُمُ الْحَلْقَةَ وَالْكُرَاعَ، وَنَغْنَمُ مَا أَصَبْنَا مِنْكُمْ وَتَرُدُّونَ عَلَيْنَا مَا أَصَبْتُمْ مِنَّا وَتَدُونَ لَنَا قَتْلَانَا وَتَكُونُ قَتْلَاكُمْ فِي النَّارِ، وَتَتْرُكُونَ أَقْوَامًا يَتْبَعُونَ أَذْنَابَ الْإِبِلِ حَتَّى يُرِيَ اللَّهُ خَلِيفَةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالْمُهَاجِرِينَ أَمْرًا يَعْذُرُونَكُمْ بِهِ، فَعَرَضَ أَبُو بَكْرٍ مَا قَالَ عَلَى الْقَوْمِ، فَقَالَ عُمَرُ: أَمَّا مَا ذَكَرْتَ مِنَ الْحَرْبِ الْمُجْلِيَةِ وَالسَّلْمِ الْمُخْزِيَةِ، فَنِعْمَ مَا ذَكَرْتَ، وَأَمَّا مَا ذَكَرْتَ أَنْ نَغْنَمَ مَا أَصَبْنَا مِنْكُمْ، وَتَرُدُّونَ مَا أَصَبْتُمْ مِنَّا فَنِعْمَ مَا ذَكَرْتَ، وَأَمَّا مَا ذَكَرْتَ تَدُونَ قَتْلَانَا، وَتَكُونُ قَتْلَاكُمْ فِي النَّارِ، فَإِنَّ قَتْلَانَا قَاتَلَتْ فَقُتِلَتْ عَلَى أَمْرِ اللَّهِ تَعَالَى، أُجُورُهَا عَلَى اللَّهِ لَيْسَ لَهَا دِيَاتٌ، فَبَايَعَ الْقَوْمُ عَلَى مَا قَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ.

Қазақша аудармасы

Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) былай дейді: «Бузаха елшілері Әбу Бәкір әс-Сыддыққа (р.а.) келіп, бітім сұрады. Ол оларға ел-жұртынан айыратын соғыс пен намысына тиетін бітімнің бірін таңдауды ұсынды. Елшілер: “Елден айыратын соғысты түсіндік. Намысқа тиетін бітім қандай?” – деп сұрады.

Әбу Бәкір (р.а.): “Қару-жарақтарың мен мініс малдарыңды аламыз. Сендерден алғанымыз өзімізге олжа болып қалады. Бізден алғандарыңды қайтарасыңдар. Қаза тапқандарымыздың құнын төлейсіңдер. Сендерден өлгендер тозақта болады. Алла Өз елшісінің халифасы мен мұһажирлерге сендерді кешіруге негіз болатын жағдай көрсеткенше, елдерің түйе соңында, мал бағып жүре тұрады”, – деді.

Әбу Бәкір (р.а.) осы шарттарды жұрттың талқысына салды. Омар (р.а.) былай деді: “Елден айыратын соғыс пен намысқа тиетін бітім туралы сөзің орынды. Олардан алғанымызды олжа етіп, олар бізден алғанын қайтарсын дегенің де орынды. Ал біздің қаза тапқандарымыз үшін құн төлеу, олардың өлгендерінің тозақта болуы жөніндегі сөзіңе келсек, біздің адамдар Алланың әмірімен шайқасып, қаза тапты. Олардың сауабын Алла береді. Олар үшін құн алынбайды”.

Елшілер Омардың (р.а.) айтқан шарттарына сай серт берді».1

Жинақтаушы былай дейді: «Бұл хабарды Шарафуддин әл-Баризи толық келтірген, бірақ оны қай жинақтан алғанын атамаған. “Жәмиғ” авторы да оны келтірмеген. Бұхариде Әбу Бәкірдің (р.а.) мына сөзі ғана бар: “Алла Өз елшісінің халифасы мен мұһажирлерге сендерді кешіруге негіз болатын жағдай көрсеткенше, түйе соңында, мал бағып жүре тұрасыңдар”. Бұл үзінді “Ахкам” кітабының соңында иснадсыз берілген».

Түсіндірме

1. Бұхари бұл жердің атын «Бузаха» деп жазған. «Муғжам әл-булданда» да осы нұсқа берілген. «Тәйсирдегі» «Бәззаха» харакаты жаңсақ болуы мүмкін.

Бузаха – Нәжидтегі Тай тайпасына тиесілі суат. Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы тұсында, ридда соғыстары кезінде, осы жерде елеулі оқиға болды. Өзін пайғамбар жариялаған Туләйха ибн Хуайлид әл-Әсәди Әсәд пен Ғатафан тайпаларын маңына жинап, күшке ие болды. Әбу Бәкір оған қарсы Мусәйлима ісін аяқтаған Халид ибн Уәлидті (р.а.) аттандырды. Халид әуелі ансардың одақтасы Уккаша ибн Михсан әл-Әсәдиді жіберді. Туләйха оны Бәну Әсәдтің Бузаха суатында қарсы алып, өлтірді. Ұяйна ибн Хисн Бәну Фазарадан шыққан жеті жүз кісімен бірге Туләйханың жағында еді. Олардың артынан Халид келді.

Халид (р.а.) осы жерде Туләйханың әскерін жеңді. Жеңілістен кейін Әсәд пен Ғатафан тайпалары Әбу Бәкірге (р.а.) серт беру үшін елші жіберді.

Осы риуаят Әбу Бәкірдің (р.а.) сол елшілермен келіссөзін баяндайды. Ибн Хажар оқиғаны кеңірек түсіндіріп, жоғарыдағы нұсқаны Хумайдидің «Әл-Жәмғ бәйн әс-сахихайн» еңбегінен жеткізген. Ол нұсқада Омар (р.а.) сөзін: «Менің де бір пікірім бар, соны саған айтайын», – деп бастайды.

Әбу Бәкір (р.а.) бітім жасасып, серт аларда айналасындағылармен кеңесуге мән берген. Ол Омардың (р.а.) уәжін орынды көріп, келісімді соның шартымен жасады.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», № 7221. Толық риуаятты Шарафуддин әл-Баризи келтірген. Бұхариде Әбу Бәкірдің сөзінің бір бөлігі «Ахкам» кітабының соңында иснадсыз берілген.