Хадистер
Жұмсақтықтың исламдағы маңызын және хадистегі жеңілдету мен бездірмеу өсиетін қалай ұғыну керегін ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) өз ісінен көреміз.
Адамдар арасындағы жарасымды қарым-қатынас үшін дініміз жұмсақтық пен ізеттілікке айрықша мән береді. «Жылы сөз жыланды інінен шығарады» деген халық даналығы да осы ұстанымның жұрт санасына қаншалықты сіңгенін аңғартады. Құранда فَبِمَا رَحْمَةٍ مِنَ اللَّهِ لِنْتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنْتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ «Сен Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дөрекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылар сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле» («Әли Имран», 159-аят), – делінген. Бұл аят Алла елшісінің (с.а.с.) табысқа жетуінде кешірімділіктің, биязылық пен төзімділіктің маңызы зор болғанын көрсетеді.
Ардақты Пайғамбардың өмірінде бізге үлгі болар кешірім мен кеңдіктің мысалы көп. Солардың бірін Бәйһақи келтіреді. Әбу Махзура былай дейді: «Он екі кісі едік. Хунәйн жолында Пайғамбардың (с.а.с.) тобына кездесіп, соларға қосылдық. Намаз уақыты кіргенде, азаншы өз тобына азан айта бастады. Ол айтқан сайын біз оның сөзін келемеждеп қайталап, мәз болдық. Оған бастамашы болған мен едім. Алла елшісі (с.а.с.) дауысымызды естіп, бізді шақырды да: “Құлағыма жеткен дауыс кімдікі?” – деп сұрады. Ешкім жауап бермеген соң, әрқайсымыздың даусымызды жеке тыңдап, ақырында мені тапты. Қалғандарына қайта беріңдер деп ишарат етті де, маған қарап: “Қане, азан айт!” – деді. Қысылғаннан басымды салбыратып, орнымнан тұрдым. Бірақ азан айтуды білмейтін едім. Бір сәтте ішімді ыза мен жек көрініш кернеді. Сол кезде дүниеде мен үшін ең жек көрінішті адам Пайғамбар, ең жек көрінішті іс оның маған тапсырған азаны еді. Үнсіз тұрғанымды көрген соң, Алла елшісі (с.а.с.) азан сөздерін қалай айту керегін сөзбе-сөз, сөйлем-сөйлемімен үйретті. Сосын қолыма ақша салынған дорба ұстатып, маңдайымды, жүзім мен кеудемді сипады да: “Алла саған береке берсін”, – деді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Меккеде азан айтуыма рұқсат етіңіз”, – дедім. Ол: “Рұқсат бердім”, – деді. Сонда ішімдегі жаман ойлар сейіліп, орнын шексіз сүйіспеншілік басты».
Осылайша Алла елшісі (с.а.с.) өзін келемеждеген адамды кейінгі азаншыларға Пайғамбар үлгісімен азан айтуды үйрететін ұстаз етіп шығарды. Оның жүрегін баураған нәрсе – ардақты Пайғамбардың оған танытқан жұмсақтығы еді.
Шынайы мұсылмандық Алла елшісінің (с.а.с.) адамдармен қарым-қатынаста бізге мирас етіп қалдырған сүннетін ұстанудан көрінеді деп білеміз. Осы тұсымыз кем болса, Алла алдындағы міндеттерімізді қанша мұқият орындасақ та, ислам уәде еткен кемелдік пен өрлеуге жете алмаймыз.
Жұмсақтықтың аясы
Жұмсақтық – әр мұсылман, әр дін насихатшысы мұсылманға да, өзге сенімдегі адамға да ортақ ұстануға тиіс мінез. Алла тағала ардақты Пайғамбарға وَقُلْ لِعِبَادِي يَقُولُوا الَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ الشَّيْطَانَ يَنْزَغُ بَيْنَهُمْ «Құлдарыма айт: “Әрдайым сөздің ең жақсысын айтсын”. Өйткені шайтан қашан да олардың арасына жік салуға тырысады» («Исра», 53-аят), – деп бұйырады. Бұл мағына басқа аяттарда да қуатталады. Перғауынға қатысты аят соның ішінде ерекше назар аудартады. Оны тура жолға шақыру міндеті жүктелген әзірет Мұса мен Һарунға Алла тағала فَقُولَا لَهُ قَوْلًا لَيِّنًا لَعَلَّهُ يَتَذَكَّرُ أَوْ يَخْشَىٰ «Оған жылы тіл қатыңдар. Бәлкім, ол насихатқа құлақ асар, яки ақылға келіп, сәл де болса именер» («Таһа», 44-аят), – деп бұйырған. Аяттың өмірдегі мәнін Әли әл-Қари келтірген мына оқиға айқындай түседі: «Халифа Мәмунге насихат айтқан бір уағызшы оны жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырғанда қатты сөйлейді. Сонда халифа: “Уа, адам, жұмсақ бол! Алла тағала сенен жақсы Мұса мен Һарунды менен жаман Перғауынға жібергенде, оларға жылы тіл қатуды бұйырып: فَقُولَا لَهُ قَوْلًا لَيِّنًا لَعَلَّهُ يَتَذَكَّرُ أَوْ يَخْشَىٰ ‘Оған жылы тіл қатыңдар. Бәлкім, ол насихатқа құлақ асар, яки ақылға келіп, сәл де болса именер’, – дегенін көрмейсің бе?” – депті».
Өзін құдай деп жариялап, күпірліктің шыңына шыққан Перғауынның өзіне жылы тіл қату бұйырылса, кемшілігі қанша болса да, мұсылманмен қалай сөйлесу керегі өзінен-өзі түсінікті. Құран кәрім Алла елшісінің (с.а.с.) мұсылмандарға деген жанашырлығын былай баяндайды: لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِنْ أَنْفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُمْ بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ «Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар. Ол мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді» («Тәубе», 128-аят). Сахабалар (Алла бәріне разы болсын) туралы وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاءُ عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاءُ بَيْنَهُمْ «Онымен бірге болған мүміндер кәпірлерге тым қатал, ал өзара сондай мейірбан» («Фатх», 29-аят) делінген. Бұл аяттар ислам үмбетінің өзара қарым-қатынасындағы маңызды ұстанымды айқындайды. Ол – мейірімділік, жанашырлық пен жұмсақтық.
Пайғамбардың өмірбаянына арналған еңбектерде оның үмбетіне танытқан жанашырлығы мен мейірімінің мысалы сансыз. Бұл мейірім жақсыларды да, айналасына зиян келтіретіндерді де қамтыған. Бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) жұрт ішіндегі ең жаман деген адамды да жылы жүзбен, жұмсақ сөзбен қарсы алып, көңілін табатын», – делінген. Оның бұл мінезі Амр ибн әл-Асқа қатты әсер еткен. Ол өзін Алла елшісі бәрінен артық жақсы көреді деп ойлапты. Амр: «Алла елшісі (с.а.с.) маған сондай жылы жүзбен қарап, ілтипатпен сөйлейтін. Өзімді жұрттың ең жақсысы санағаным сонша: “Уа, Алла елшісі, мен артықпын ба, Әбу Бәкір ме?” – деп сұрадым», – дейді. Алла елшісінің жақын жолдастарына көрсеткен мұндай ілтипаты аз болмаған. Бұл – ғибрат алып, үлгі тұтуға лайық маңызды сүннеттердің бірі.
Өзі ұнатпаған адамға да ілтипат танытып, көңілін таба білу – Алла елшісінің көркем мінезінің бір қыры. Мұны әзірет Айшаның мына риуаятынан көреміз: «Бір кісі Алла елшісінің (с.а.с.) алдына кіруге рұқсат сұрады. Атын атағанда, Пайғамбар: “Тайпасының қандай жаман адамы!” – деді. Артынша: “Рұқсат беріңдер, кірсін”, – деді. Әлгі кісі кіргенде, онымен жұмсақ сөйлесті. Ол кеткен соң: “Уа, Алла елшісі! Ол туралы жаңа басқаша айтып едіңіз, ал өзіне жұмсақ сөйледіңіз ғой”, – дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі ең төмен адам – тілі мен қылығының дөрекілігінен жұрт бойын аулақ салған кісі”, – деді».
Кепіл (рәһн) бөлімі
«Рәһн» сөзі тілде орныққан, тұрақты деген мағынаны, сондай-ақ белгілі бір себеппен әлденені ұстап қалуды білдіреді. Фиқһта бұл – талапты толық не ішінара өтеуге жарайтын мүлікті тараптардың разылығымен сол талаптың иесінде немесе үшінші кісіде кепілге қалдыру. Кепілге қойылған мүлікті «мәрһун» не «рәһн» дейді. Оны талап иесі ретінде қабылдап алған кісі «мүртәһин», ал қарызының өтеуіне мүлкін кепілге қалдырған кісі «раһин» аталады.
Кепіл шартының негізін ұсыныс, қабылдау және мүлікті қолға алу құрайды. Кепіл шарты заңды түрде жасалып, жарамды болуы үшін мына үш шарт орындалуы керек.
1) Ижаб – борышкердің ұсыныс жасауы.
2) Қабул – несие берушінің ұсынысты қабылдауы.
3) Қабд – несие берушінің кепілге қойылатын мүлікті іс жүзінде өз қолына алуы. Мүлікті оның өкілі алса да, бұл шарт орындалған болып есептеледі.
Ханафи ғалымдары мүлікті қабылдап алуға ерекше мән беріп, кепілдің міндетті түрде оны алушының қолында болуын шарт еткен. Ұсыныс пен қабылдау екі тараптың разылығын білдіреді. Екі жақ та келіскенде ғана мүлік кепілге қойылады.
Мал, егістік жер, үй, киім, ыдыс-аяқ, құл сияқты сатуға жарайтын мүліктің бәрін кепілге қоюға болады. Айнидің жеткізуінше, ғалымдар кепіл мүлкін күтіп-бағуға кететін шығынды кепіл беруші көтеретінін әрі кепіл алушының оны пайдалануға құқығы жоқ екенін бірауыздан айтқан.
Кепілге қойылған малдың сүті, жүні мен төлі де кепілге жатады және кепіл алушының қолында қалады. Кепіл шартын кепіл алушы бұза алады, ал кепіл беруші өздігінен бұза алмайды. Шарт бұзылғаннан кейін мүлік иесіне қайтпай тұрып жойылса, залалын кепіл алушы өтейді.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُرْكَبُ الرَّهْنُ بِنَفَقَتِهِ، وَيُشْرَبُ لَبَنُ الدَّرِّ بِنَفَقَتِهِ إِذَا كَانَ مَرْهُونًا. وَعَلَى الَّذِي يَشْرَبُ وَيَرْكَبُ النَّفَقَةُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الدَّرُّ» فِي أَصْلِ الْكَلَامِ: اللَّبَنُ، وَمَعْنَى هَذَا أَنَّ زِيَادَةَ الرَّهْنِ وَنَمَاءَهُ وَفَضْلَ قِيمَتِهِ لِلرَّاهِنِ. وَعَلَى الْمُرْتَهِنِ ضَمَانُهُ إِنْ هَلَكَ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кепілге қойылған малды күтіп-бағу шығынын өтеу есебінен мінуге болады. Кепілге қойылған сауын малдың сүтін де сондай шығынды өтеу есебінен ішуге болады. Малға жұмсалатын шығын оны мінген және сүтін ішкен адамның мойнында».1
Түсіндірме
Бұл хадис жалпы түсіндірмеде аталған кепіл қағидаларының кейбірімен толық қабыспағандықтан, ғалымдар оны әртүрлі түсіндірген. Хадиске қарағанда, кепілге қойылған сауын малды немесе мініс көлігін күтіп-бағу шығынын көтерген кісі оны пайдалана алады.
Осы шығынды кепіл беруші көтере ме, әлде кепіл алушы ма деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі.
• Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Раһауәйһ және кейбір басқа ғалымдардың пікірінше, шығынды кепіл алушы көтереді. Ол кепіл малын тиісінше күтіп-бақса, кепіл беруші келіспеген күннің өзінде малды пайдалана алады.
• Имам Шафиғи, Ибраһим Нахаи және заһири ғалымдары бұл хадиске сүйеніп: «Кепіл малын күтіп-бағу кепіл берушінің міндеті болғандықтан, малды да сол пайдаланады. Оған мінеді, сүтін сауады және басқа игілігін көреді», – деген. Ибн Хазм әз-Заһири «Мухалла» еңбегінде былай дейді: «Кепілге қойылған мүліктің бүкіл пайдасы бұрынғысынша оның иесіне тиесілі. Алайда иесі малды күтіп-бағу шығынын өтемесе немесе шығынды кепіл алушы көтерсе, малға міну және сүтін пайдалану құқығы кепіл алушыға өтеді. Ол бұл құқыққа малды күтіп-баққаны үшін ие болады. Көрген пайдасы аз болсын, көп болсын, қарыздың өтеуіне есептелмейді. Өйткені мүлік кепіл берушінің меншігінен шыққан жоқ. Әбу Һурайраның хадисіне сүйенсек, малға міну және оны сауу құқығы оның күтіміне кеткен шығынды өтеген кісіге тиесілі».
• Әбу Ханифа, Сәури, Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Мәлик және бір риуаят бойынша Ахмад ибн Ханбал (Алла барлығына рақым етсін) былай деген: «Кепіл берушінің мұндай құқығы жоқ. Өйткені кепіл үкімі бойынша мүлік үнемі кепілде ұсталады. Сондықтан кепіл беруші мүлкін өз бетінше пайдалана алмайды: құлды жұмсай алмайды, малға міне алмайды, сүтін сауа алмайды, үйде тұра алмайды. Кепіл алушының рұқсатынсыз мүлікті басқа кісіге сата алмайды. Рұқсат берілсе, сатуына болады. Сонда кепіл алушы “Бұл ақша менің қолымда кепіл болып қалады” деп шарт қойса да, қоймаса да, сатудан түскен ақша оның қолында кепіл күйінде қалады. Әбу Юсуф “Шарт қойса, ақша кепіл болады” деген. Кепіл беруші рұқсат етпесе, кепіл алушы да мүлікті пайдалана алмайды. Мысалы, кепілге қойылғаны құл болса, жұмсай алмайды, мал болса, міне алмайды, киім болса, кие алмайды, үй болса, тұра алмайды, Құран кітабы болса, оқи алмайды. Оны сатуына да болмайды».
Кепіл мүлкінен түскен сүт, жүн, төл, жеміс сияқты өсім мен өнімді кепіл алушы да, кепіл беруші де пайдалана алмайды. Бұлар негізгі мүлікпен бірге кепілге жатады. Кепіл алушы оларды кепіл берушінің рұқсатынсыз тұтынып қойса, орнын өтейді.
Тахауи ғалымдардың кепіл мүлкін күтіп-бағу шығыны кепіл берушінің мойнында екеніне әрі кепіл алушының мүлікті пайдалануға құқығы жоқ екеніне бірауыздан келіскенін айтады. Содан кейін осы ханафи ғалымдары мен ғалымдар көпшілігінің пікіріне қосылмаған Шафиғи мен оны қолдаушылардың жаңылған тұстарын түсіндіреді. Дәлелінің бірі – Әбу Һурайраның осы хадисінің мүжмәл, яғни тәптіштелмей, жалпы түрде айтылғаны. Хадис малды күтіп-бағып, оны мінетін немесе сүтін ішетін кісінің кепіл беруші не кепіл алушы екенін нақтыламайды. Сондықтан бірі бұл құқықты кепіл алушыға, екіншісі кепіл берушіге тиесілі деп түсінген. Тахауидің айтуынша, бұл үкім өсімге тыйым салынбай тұрған кезде қолданылған. Өсім харам етілгеннен кейін кепіл алушының кепіл мүлкін пайдалануына да тыйым салынған. Сондықтан ол хадистің үкімі жойылған деп, оған сүйенген пікірлерді қабылдамайды.
Айнидің талдауына тоқталған соң, осы хадиске қатысты пікірлерді қысқаша келтірейік. Кейбір ғалымдар хадис қиясқа екі жағынан қайшы келеді деп, оны былай түсіндірген.
1. Хадис кепілге қойылған малдың иесінен өзге адамға, иесі рұқсат етпесе де, малға мініп, сүтін ішуге жол береді.
2. Хадис көрген пайданың өтемін сол пайданың құнымен есептемей, малды күтіп-бағуға жұмсалған шығынмен шектейді.
Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Фақиһтердің көпшілігі бірауыздан қабылдаған қағидалар мен сенімділігіне талас жоқ сахих хадистер осы хадистің үкімін жоққа шығарады. Үкімінің жойылғанына Ибн Омардың (р.а.) لَا يَحْلُبَنَّ أَحَدٌ مَاشِيَةَ امْرِئٍ بِغَيْرِ إِذْنِهِ. «Бір адамның малы иесінің рұқсатынсыз сауылмайды» деген риуаяты дәлел. Оны Бұхари жеткізген, сенімділігі күмәнсіз».2
Бұл хадистің үкімі жойылған деген пікірге қарсы шыққандар да болған. Олар: «Үкім жорамалмен жойылмайды. Бұл хадистің үкімі жойылған деген пікір ықтималға ғана сүйенеді. Хадистің ертерек айтылғанын қуаттайтын нақты дәлел жоқ. Қайшы көрінген екі хадисті өзара үйлестіру мүмкін болса, бірінің үкімін жойылды деуге негіз жоқ», – деген. Әузағи, Ләйс және Әбу Сәур былай түсіндірген: «Хадис кепіл беруші малды күтіп-бағуға шығын шығарудан бас тартқан жағдайға қатысты. Мұндайда кепіл алушы малды аман сақтау үшін оның жем-шөбін беруіне болады. Осы еңбегіне орай малға мінуіне немесе сүтін ішуіне рұқсат. Көрген пайдасы жұмсаған шығынынан аспауға тиіс». Ғалымдардың бұл мәселеде сақтық танытуының бір себебі – қарыз бергені үшін алынатын пайданың өсім саналып, харам етілуі. Кепіл малын пайдалануға рұқсат бергендер оның пайдасын малға кеткен шығынмен шектеп, одан артқанын өсім деп таныған.
Хадиске басқа түсіндірмелер де берілген, оның үкімі жойылды деген пікірге де қарсы уәж айтылған. Осы пікірталасты келтірген Тирмизи шархының авторы Мүбәракфури сөзін былай түйіндейді: «Қысқасы, қарастырылып отырған хадис сахих әрі мұхкам, үкімі жойылмаған. Оны шариғаттың ешбір қағидасы да, сенімділігі орныққан сахих хабар да терістемейді. Бұл хадис кепілге қойылған мініс малын күтіп-бағу шығынын өтеу есебінен мінуге, ал сауын малдың сүтін сондай шығын есебінен пайдалануға болатынына анық дәлел. Тирмизи келтіргендей, бұл – Ахмад ибн Ханбал мен Исхақтың пікірі. Ал кепілге қойылған жерді кепілге қойылған мініс не сауын малымен бір үкімге жатқызу, меніңше, арадағы айырманы ескермеген қияс».3
- 1Бұхари, «Рәһн», 4 (№ 2512). Тирмизи, «Буюғ», 4 (№ 1254). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 78 (№ 3526).
- 2Бұхари, «Лұқата» (№ 2435).
- 3Мүбәракфури, «Тухфат әл-Ахуази», 4-т., 387-б., «Кепіл мүлкін пайдалану» тарауы.
وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:لَا يُغْلَقُ الرَّهْنُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Сағид ибн әл-Мусайяб (Алла оны рақымына бөлесін) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кепілдегі мүлік қарыз берушінің иелігіне өтіп кетпейді”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) осы сөзімен жаһилиядан қалған бір дәстүрдің күшін жойды. Ол заманда қарыздан құны артық мүлікті кепілге алған кісі: «Пәлен күнге дейін қарызыңды өтемесең, мына мүлік менікі болады», – дейтін. Борышкер мерзімінде төлей алмаса, қарыз беруші мүлікті иемденіп алатын. Кейде борышкердің өзі: «Қарызымды пәлен күнге дейін өтей алмасам, бұл мүлік сенікі болсын», – деп шарт қоятын. Хадисте осылай иемденуге тыйым салынған. Демек, мүлік иесі мерзімінде төлей алмаған борышын кейін өтеп, мүлкін қайтара алады. Имам Шафиғи: «Хадистің мәні мынада: “Борышкер қарызын өтеуден бас тартса да, кепілді ұстаған кісі мүлікті иемдене алмайды”», – дейді. Мұндайда кепілдегі мүлік сатылып, қарыз беруші алашағын алады да, артылғаны иесіне қайтарылады.
- 1Мәлик, «Мууатта», «Ақдия», 13 (2/728, № 2132). Сағид ибн әл-Мусайябтан мүрсәл түрде жеткен.
وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اشْتَرَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ يَهُودِيٍّ طَعَامًا بِنَسِيئَةٍ وَأَعْطَاهُ دِرْعًا لَهُ رَهْنًا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Қазақша аудармасы
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір яһудиден ақысын кейін төлеуге келісіп, азық сатып алды да, сауытын кепілге берді»1.
Түсіндірме
1. Бірқатар риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) бір яһудиден арпа алып, қарызының кепіліне «Зат әл-Фудул» атты темір сауытын қалдырғаны айтылады. Бұхаридің «Буюғ» кітабындағы бір нұсқа бойынша, ол арпаны отбасына арнап сатып алған да, сауытын Мәдинада кепілге қалдырған. Өзге риуаяттарда саудагердің Әус тайпасымен одақтас Бәни Зафардан шыққан Әбу Шаһм атты кісі екені айтылады. Арпаның мөлшері бір риуаятта отыз сағ, екіншісінде жиырма сағ делінген. Ибн Хажар оны жиырма мен отыз сағтың арасында деп шамалайды. Кей деректерде арпаның жалпы құны бір динар болғаны айтылады.
Кей риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) қарызын өтеп үлгермей дүниеден өткен. Кейін Әбу Бәкір қарызды төлеп, сауытты кепілден босатып, Әлиге берген. Пайғамбардың дүниеден озар алдында қарызын өзі өтеп, сауытын қайтарып алғаны да айтылады. Бұл риуаят әлсіз.
2. Кей ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) үйінде азық аз болғанын баяндайтын риуаяттарға сүйеніп, арпаны отбасына емес, қонақтарына арнап алған болуы мүмкін деген.
3. Ауқатты мұсылмандар бола тұра арпаны яһудиден алуы да әртүрлі жорамалға негіз болған. Бір пікірге қарағанда, сахабалар ақы алудан тартынар еді, ал Алла елшісі (с.а.с.) оларға міндетті болып қалғысы келмеген. Екінші пікір бойынша, ол кітап иелерімен сауда жасауға болатынын көрсеткісі келген. Сондай-ақ сахабалардың арасында арпа сата алатын ауқатты кісі болмаған болуы мүмкін.
4. Хадистен шығарылған үкімдер
• Тазалығы күмәнсіз тауарды өзге дін өкілінен сатып алуға болады. Мұндай мәміледе олардың діни сенімі мен өзара жүргізетін шариғатқа сай келмейтін мәмілелері негізге алынбайды.
• Мүлкінің басым бөлігі харам жолмен жиналған адаммен де сауда мәмілесін жасауға рұқсат етіледі.
• Соғысушы тарапқа жатпайтын өзге дін өкіліне қаруды сатуға, жалға немесе кепілге беруге болады. Кей ғалымдар: «Соғыс жүріп жатса да, азық тапшы кезде қаруды кепілге қоюға болады. Өйткені отбасын асырау – парыз. Ал соғыс құралдарын дұшпанға сатуға болмайды», – деген.
• Мұсылман билігінің қорғауындағы өзге дін өкілдерінің дүние-мүлкі өз иелерінің меншігінде қалады.
• Ақыны кейін төлеуге келісіп, сауда жасауға рұқсат етіледі.
• Сауыт пен өзге де әскери жарақ жеке меншікте бола алады. Бұл тәуекелге қайшы келмейді.
• Пайғамбар (с.а.с.) дәуіріндегі негізгі азықтың бірі арпа болған.
• Кепілдегі мүліктің құнына қатысты дау туса, кепілді ұстаған адамның антпен растаған сөзі негізге алынады.
• Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) дүниеге құмартпағанын және қарапайым өмір сүргенін көрсетеді. Қаласа, дәулет жинауға мүмкіндігі бар еді. Алайда ол азық үшін сауытын кепілге қоятындай жұпыны тұрмысты таңдаған.
• Алла елшісінің (с.а.с.) тұрмыс тауқыметіне сабыр етіп, азға қанағат қылғаны, жұбайларының да сол қиындыққа төзгені аңғарылады.
Рия бөлімі
Рия атауы «көру» дегенді білдіретін «руят» сөзінен тараған. Оның мағынасы – шын мәнінде бойында жоқ жақсы сипатты жұртқа бардай көрсету. Қазақша баламасы – көзбояушылық. Діни ұғымда рия құлшылық пен өзге де істердегі ықылассыздықты білдіреді. Мұсылман ғибадатын да, садақа, зекет, жәрдем, жылы жүз бен ізгі сөз секілді жақсы істерін де Алланың разылығы үшін жасайды. Амалда Алланың разылығын көздеуді ықылас дейді. Рия – соған қарама-қарсы ұғым. Құлшылық пен дін үндеген ізгі істер арқылы дүниелік пайда табуды немесе адамдардың қошеметіне бөленуді көздеу рияға жатады. Имам Ғазали: «Рия – жақсы көріну арқылы адамдардың жүрегінен орын алуға ұмтылу», – дейді. Құлшылықтағы рияға ол: «Аллаға арналған ғибадатпен адамдарды көздеу», – деп анықтама береді. Ал хадистерде амалдың кез келген түріндегі ықылассыздық рия деп аталады. Ғазали рияның көрініс табатын бес саласын жеке-жеке сөз етеді. Олар – дене, киім, сөз, амал және айналадағы адамның көптігі.
Ықыласқа айрықша мән беретін исламда рия серік қосудың бір түрі саналады. Ізгі істің мақсаты дүниелік пайдаға ауғанда, сол пайда Алланың разылығынан жоғары қойылады. Алла елшісі (с.а.с.) мұны «ширк хафи», яғни жасырын серік қосу деп атаған. Хадисте إِنَّ أَدْنَى الرِّيَاءِ شِرْكٌ. «Рияның ең азы да – ширк» делінеді. Тағы бір риуаятта қиямет күні риякерге: «Уа, күнәһар, опасыз, өз нәпсісіне қиянат жасаған көзбояушы! Амалың зая кетті, сыйыңнан айырылдың. Амалыңды кімге көрсету үшін жасасаң, сыйыңды содан ал!» – делінетіні айтылады. Алла елшісінің (с.а.с.) риядан сақтандырған ескертулері көп. Солардың бірінде: «Үмбетімнің ширкке түсуінен қорқамын. Олар пұтқа да, күнге де, айға да, тасқа да табынбайды. Алайда амалдарын Алла үшін жасамай, рияға бой алдырады», – деген.
Рия туралы хадистерге көшпес бұрын имам Ғазалидың осы ұғымды қалай жіктегеніне тоқталайық. Оның пайымдауынша, рияның бірнеше дәрежесі бар, бірінің салмағы екіншісінен ауыр.
Бірінші дәреже – рияның ең ауыр түрі. Адам құлшылығынан сауап күтпейді. Жұрттың көзінше тіпті дәретсіз намаз оқуы мүмкін, ал оңаша қалса, мүлде оқымайды. Ондай намазды жұртқа көрсету үшін ғана оқиды. Оның қайыры жоқ.
Екінші дәреже. Адам құлшылығын жұртқа көрсету үшін жасайды, сонымен бірге Алланың разылығын да ниет етеді. Бірақ бұл ниеті әлсіз. Оңаша қалса, ол құлшылықты жасамас еді. Ал жұрт көрсін деген ниетпен, сауапты көздемесе де, жасай береді.
Үшінші дәреже. Сауап алу мен жұртқа көріну ниеті тең түседі. Осы екеуінің бірі болмаса, адам амалға кіріспейді. Екеуі қатар келіп, тең түскенде ғана істейді. Бұл амалдан зиян тартпағанымен, пайда да көрмейді.
Төртінші дәреже. Жұрт білгендіктен, адам құлшылығына бұрынғыдан да ынталанып, оны көбейте түседі. Ешкім білмесе де, құлшылығын жасай берер еді. Амалын тек жұртқа көрсету үшін жасамағандықтан, одан пайда көруі мүмкін.
- 1Бұхари, «Рәһн», 2, 5, «Буюғ», 14, 33, 88, «Силм», 5–6, «Истиқраз», 1, «Жиһад», 89, «Мағази», 85. Мүслим, «Мусақат», 124 (№ 1603). Нәсәи, «Буюғ», 58, 87 (7/288, 303).