Хадис

Осы тақырыпқа қатысты басқа да хадистер

Кутуб ситтә, 6-том, 334-тарау · 3 хадис · № 2259–2261

Хадистер

2259
Кутуб ситтә, № 2259 · тараудағы реті: 1

ـ1 عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يُسْتَعْذَبُ لَهُ الْمَاءُ مِنْ بُيُوتِ السُّقْيَا». قَالَ قُتَيْبَةُ: «هِيَ عَيْنٌ بَيْنَهَا وَبَيْنَ الْمَدِينَةِ يَوْمَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) әс-Сұқия қонысынан тұщы су әкеліп тұратын».

Құтайба: «Әс-Сұқия – Мәдинадан екі күндік жердегі бұлақ», – дейді1.

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) Мәдинадан екі күндік жолдағы әс-Сұқия деген жерден су жеткізілгені айтылады. Суюти әс-Сұқияны Мекке мен Мәдина арасындағы бұлақ деп сипаттайды. Мәдинаның суы көбіне тұзды болғандықтан, ол жерден тұщы әрі дәмді су алдырған.

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның ішуге жарамды құдықтарынан да су ішкен. Бұл жайында риуаят көп. Кей кітаптарда сол құдықтардың аты да берілген. Ибн Сағд «Табақатында» төрт бетке құдықтардың тізімі мен оларға қатысты риуаяттарды келтірген. Мысалы, Әбу Талха Алла жолында садақа еткен Бәйруха бағының көлеңкесі салқын, құдығының суы тұщы болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған жиі барған. Бір риуаятта Мәдинадан төрт-бес шақырым жердегі Құба ауылында Ғарс құдығынан түйесін суарып, өзі де су ішкені және «Бұл – жәннат бұлақтарының бірі» дегені айтылады.

Алла елшісі (с.а.с.) тұщы су ішкен тағы бір құдық – Әбул-Хәйсам ибн Тәйиһанға тиесілі Жасим құдығы.

Солардың тағы бірі – Будаға құдығы. Сәһл ибн Сағд (р.а.): «Алла елшісіне (с.а.с.) Будаға құдығынан өз қолыммен су алып бердім», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы құдықтан бірнеше рет су ішіп, дәрет алған. Мәдинадағы әйгілі су көздерінің бірі – Рума құдығы. Иесі суын ақыға сататын. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім осы құдықты иесінен сатып алып, садақа етсе, садақасы қабыл болады», – деген. Мұны естіген Осман (р.а.) иесі сұраған төрт жүз динарды төлеп, құдықты елге садақа етті. Содан былай жұрт оның суын тегін пайдаланды. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Раббым, Османға жәннатты нәсіп ете көр!» – деп дұға етті.

Алла елшісінің (с.а.с.) су ішкен басқа құдықтары да бар.

2. Ибн Хажар Алла елшісінің (с.а.с.) тұщы су ішкені туралы Бұхари риуаятын түсіндіре отырып, Ибн Батталдың сөзін келтіреді: «Дәмді су алдырып ішу зуһдқа, яғни дүние қызығына берілмей өмір сүруге қайшы келмейді. Бұл дүние қызығына алдануға жатпайды. Ал суға жұпар не өзге хош иісті зат қосу зуһд шеңберінен шығады. Имам Мәлик мұны ысырап деп, мәкрүһ санаған. Тұщы әрі дәмді су ішу және сондай суды іздеу – мүбаһ. Ізгі кісілер де солай істеген. Ащы, дәмсіз су ішудің артықшылығы да, пайдасы да, жөні де жоқ». Ибн Баттал сөзін былай жалғастырады: «Бұл хадис астың дәмдісін таңдап жеуге болатынын аңғартады. Ізгі кісілер де солай істеген. Құранда: “Уа, иман келтіргендер! Алланың сендер үшін адал еткен нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар...”2 – делінген. Бұл аят дәмді астан бас тартқысы келген қауымға қатысты түскен. Алла құлдарының ондай асты жеуін қаламаса, оны бермес еді. Алла оларға сол нығметтерді өздеріне харам қылуға тыйым салып, берген нығметіне шүкір етуді талап етеді. Адамдар шүкірімен де, құлшылығымен де сол нығметтердің өтеуін қайтара алмаса да, Раббымыз ризығын тоқтатпайды». Ибн әл-Мунайир бұған: «Тұщы су ішу зуһд пен тақуалыққа қайшы келмейтіні анық. Ал осы хадистің өзінен дәмді ас жеу мүбаһ деген үкім шығару қиын», – деген уәж айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 22 (3735).
  2. 2«Мәида» сүресі, 87-аят.
2260
Кутуб ситтә, № 2260 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ حَائِطَ رَجُلٍ مِنَ الْأَنْصَارِ وَهُوَ يُحَوِّلُ الْمَاءَ فِي حَائِطِهِ، فَقَالَ ﷺ: إِنْ كَانَ عِنْدَكَ مَاءٌ بَاتَ هَذِهِ اللَّيْلَةَ فِي شَنَّةٍ، وَإِلَّا كَرَعْنَا. فَقَالَ: عِنْدِي مَاءٌ بَارِدٌ، فَانْطَلَقَ إِلَى الْعَرِيشِ فَسَكَبَ فِي قَدَحٍ، ثُمَّ حَلَبَ عَلَيْهِ مِنْ دَاجِنٍ لَهُ فَشَرِبَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ. «الْكَرْعُ»: الشُّرْبُ بِالْفَمِّ مِنَ النَّهْرِ أَوِ السَّاقِيَةِ. وَ«الْعَرِيشُ»: مَعْرُوفٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ансарлық бір кісінің бағына кірді. Иесі бақты суарып жүр екен. Алла елшісі (с.а.с.): “Ескі торсықта түнеген суың болса, соны ішейік. Болмаса, ағып жатқан судан еңкейіп іше саламыз”, – деді. Бақ иесі: “Салқын суым бар”, – деп, күркеге барды. Тостағанға су құйып, үстіне ешкісінің сүтін сауды. Алла елшісі (с.а.с.) содан ішті»1.

Түсіндірме

1. Бұхаридің нұсқасында Алла елшісінің (с.а.с.) қасында бір серігі болғаны айтылады. Ибн Хажар оның Әбу Бәкір (р.а.) екенін көрсетеді.

2. Хадистегі «шәннә» – ескі торсық. Оны «түгі түсіп қалған тері ыдыс» деп те түсіндірген. Алла елшісінің (с.а.с.) түнеген су сұрағаны салқын су ішкісі келгенін аңғартады. Өйткені түнде тұрған су салқындайды.

3. Хадистегі «кәрағна» сөзі ыдысқа құймай, уыстамай, бұлақтан не арықтан еңкейіп, ауызды суға тақап ішуді білдіреді. Ғалымдар осы хадистен мұндай ішуге рұқсат деген үкім шығарған. Ал Ибн Мәжа жеткізген бір риуаятта Ибн Омар (р.а.) мына оқиғаны баяндайды.

«Алла елшісімен (с.а.с.) бірге келе жатып, бір көлшікке кезіктік. Етпетімізден жатып, суды аузымызбен іше бастадық. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ауыздарыңды суға тақап ішпеңдер. Әуелі қолдарыңды жуып, содан кейін суды уыстап ішіңдер”, – деді».

Бұл риуаятта ауызды суға тақап ішуге тыйым салынған. Ибн Хажар былай дейді: «Бұл риуаяттың жеткізушілер тізбегі әлсіз. Егер риуаят рас болса, тыйым тәнзиһи мәкрүһті білдіреді. Ал Алла елшісінің (с.а.с.) әрекеті бұған рұқсат барын көрсетуі мүмкін. Жәбир жеткізген оқиға тыйымнан бұрын болған деуге де болады. Немесе тыйым зәрулік жоқ кездегі жағдайға қатысты. Ал бұл жолы салқын су болмағандықтан, шөл қысқанда, ауызды суға тақап ішуге тура келуі мүмкін. Өйткені салқын емес суды қайта-қайта ұрттағанда адамның зауқы соқпай, уыстап ішкен суға шөлі қанбауы ықтимал». Ибн Хажар осы түсіндірумен шектелмей, Ибн Мәжаның Ибн Омардан басқа жолмен жеткізген риуаятына сүйенеді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге етпеттеп жатып су ішуге тыйым салды». Егер бұл риуаят рас болса, тыйым етпеттеп жатып ішуге қатысты. Ал Жәбирдің риуаяты етпеттеп жатуды қажет етпейтін биігірек жерден еңкейіп ішуге қатысты деп түсіндіріледі.

4. Хадис ыстық күні салқын су ішуге болатынын көрсетеді.

5. Бақ иесінің судың үстіне сүт саууы Алла елшісіне (с.а.с.) құрмет көрсетіп, дәм ұсынғысы келгенін білдіреді. Суға сүт қосып ұсыну арабтардың қонақ күту салтында болған.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 14, 20 (5621); Әбу Дәуіт, «Әшриба», 18 (3724).
2261
Кутуб ситтә, № 2261 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ لِأُمِّ سُلَيْمٍ قَدَحٌ، فَقَالَتْ: سَقَيْتُ فِيهِ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كُلَّ الشَّرَابِ، الْمَاءِ وَالْعَسَلِ وَاللَّبَنِ وَالنَّبِيذِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Үммі Суләймнің бір тостағаны бар еді. Ол: “Алла елшісіне (с.а.с.) суды да, бал шәрбатын да, сүт пен нәбизді де осы тостағанмен ұсындым”, – дейтін»1.

Хамр деп аталатын мас қылатын сусындар

Түсіндірме

Хамр деп аталатын мас қылатын сусындарға, мөлшері аз болсын, көп болсын, тыйым салынған. Ислам ғалымдары мұндай сусындарды өз алдына бөлек тақырып етіп қарастырған. Бұл кітапта да сол тәртіп сақталды. Төмендегі хадистер ішімдікке қатысты. Ал «шыра» деп аударылған сусын мен нәбіздің2 адал не арам болуы белгілі шарттарға байланысты, сондықтан олардың үкімі де кеңірек қарастырылады.

  1. 1Нәсәи, «Әшриба», 58 (5753).
  2. 2Нәбіз – құрма, мейіз және басқа өнімдерді суға салып дайындайтын сусын. Бұл жерде оның ашу-ашымауына қарай үкімі сөз болады.