Хадис

Намаздың ұзақтығы туралы хадистер

Кутуб ситтә, 7-том, 368-тарау · 5 хадис · № 2660–2664

Хадистер

2660
Кутуб ситтә, № 2660 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَحْزِرُ قِيَامَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ، َفَحَزَرْنَا قِيَامَهُ فِي الرَّكْعَتَيْنِ الْأُولَيَيْنِ مِنَ الظُّهْرِ قَدْرَ الم السَّجْدَةِ، وَحَزَرْنَا قِيَامَهُ فِي الْآخِرَتَيْنِ قَدْرَ النِّصْفِ مِنْ ذَلِكَ، وَحَزَرْنَا قِيَامَهُ فِي الرَّكْعَتَيْنِ الْأُولَيَيْنِ مِنَ الْعَصْرِ عَلَى قَدْرِ قِيَامِهِ فِي الْآخِرَتَيْنِ مِنَ الظُّهْرِ، وَفي الْآخِرَتَيْنِ مِنَ الْعَصْرِ عَلَى النِّصْفِ مِنْ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бесін мен екінті намаздарындағы қиямының ұзақтығын шамалайтынбыз. Бесіннің алғашқы екі рәкатындағы қиям “Сәжде” сүресін оқитындай уақытқа созылатын. Соңғы екі рәкаттың қиямы соның жартысындай еді.

Екінтінің алғашқы екі рәкатындағы қиям бесіннің соңғы екі рәкатындағыдай, ал соңғы екі рәкатындағы қиям соның жартысындай болатын».1

  1. 1Мүслим, Салат: 156, (452); Әбу Дәуіт, Салат: 130, (804); Нәсәи, Салат: 16, (1, 237).
2661
Кутуб ситтә, № 2661 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَقَدْ كَانَتْ تُقَامُ صَلَاةُ الظُّهْرِ، فَيَذْهَبُ الذَّاهِبُ إِلَى الْبَقِيعِ فَيَقْضِى حَاجَتَهُ، ثُمَّ يَتَوَضَّأُ ثُمَّ يَأْتِي وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الرَّكْعَةِ الأُولَى مِمَّا يُطَوِّلُهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Бесін намазы басталғанда бір кісі Бақиғқа барып, қажетін өтеп, дәретін алып келетін. Бірінші рәкат ұзақ болғандықтан, ол Алла елшісінің (с.а.с.) сол рәкатына үлгеретін».1

  1. 1Мүслим, Салат: 161, (454); Нәсәи, Ифтитах: 56, (2, 164).
2662
Кутуб ситтә, № 2662 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّيْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةً، فَأَطَالَ حَتَّى هَمَمْتُ بِأَمْرِ سُوءٍ. قِيلَ: وَمَا هَمَمْتَ بِهِ؟ قَالَ: هَمَمْتُ أَنْ أَجْلِسَ وَأَدَعَهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып намаз оқыдым. Ол намазды сонша ұзартты, бір теріс іс істеу ойыма келді». Одан: «Не істемек болдың?» – деп сұрағанда: «Отыра кетіп, оны жалғыз қалдырғым келді», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Бұл риуаят Расулалланың түнгі намазының ұзақ болғандығы жайында толыққанды мәлімет береді. Ибн Хажар бұл хадис турасында былай дейді: «Хадис Расулалланың (с.а.с.) түнгі намазын ұзынырақ етіп оқуды құп көргенін көрсетеді». Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісіне мойынсұнуда, оның айтқанын екі етпеуде аса ықтияттылық танытатын сахаба еді. Мүслимнің хадистер жинағындағы Жәбирден жеткен риуаятта: أَفْضَلُ الصَّلَاةِ طُولُ الْقُنُوتِ «Намаздың ең абзалы – қиямы ұзақ болғаны» делінеді. Бұл намаздың ұзақ оқылуының абзал іс екендігіне дәлел болады. Алайда хадистегі «қунут» сөзі хушуғты меңзеп тұрған болуы әбден мүмкін. Сахабалардан және басқа да алғашқы кезеңдегі ізгі адамдардан жеткен хабарларда мейлінше ұзақ болған рукуғ пен сәжденің абзалдығы айтылады. Мүслимнің хадистер жинағындағы Саубаннан (р.а.) жеткен хадисте أَفْضَلُ الأعْمَالِ كَثْرَةُ السُّجُودِ «Амалдардың ең абзалы – көп сәжде ету» делінген. Көріп отырғанымыздай, оның ұзынырақ болуы адамға байланысты өзгеріп отырады. Яғни, нақты бір өлшем жоқ.

عَلَيْكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ لِلَّهِ.

Саубанның (р.а.) жеткізуінше: «Аллаға көп сәжде ет».

Хадисте имамның әрекетіне қарсы қимыл жасау теріс іс саналатыны аңғарылады. Сондай-ақ ол өзгенің халін ескеруге меңзейді. Ибн Мәсғудтың шәкірттері оның «Теріс іс істегім келді» деген сөзіне таңырқап, мәнін сұрағанда, ол сұрақтарын сөкпей, жауап берген.

Мүслим Хузайфадан (р.а.) мына хабарды жеткізеді: «Бір түні Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқыдым. Ол бір рәкатта “Бақара”, “Ниса” және “Әли Имран” сүрелерін оқыды. Тәсбих жайындағы аятқа жеткенде Алланы пәктеді. Тілек жайындағы аятқа жеткенде тіледі. Пана тілеу жайындағы аятқа жеткенде Аллаға сыйынды. Содан кейін рукуғқа барды. Рукуғы қиямына шамалас созылды. Рукуғтан көтеріліп, рукуғта тұрғанындай ұзақ тұрды. Содан соң сәжде етті. Сәждесі де қиямына шамалас созылды».

Мұндай намаз шамамен екі сағатқа созылады. Алла елшісі (с.а.с.) сол түнді түгел құлшылықпен өткізген болуы мүмкін. Әдетте түнін қалай өткізгенін Айша (р.а.) былай баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) түннің үштен бірінде намаз оқитын. Сол аралықта он бір рәкаттан асырмайтын». Демек, рәкаттары ұзақ болған.

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжуд», 9 (№1135); Мүслим, «Мусафирин», 204 (№773).
2663
Кутуб ситтә, № 2663 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ الْفَضْلِ بْنِ الْعَبَّاسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الصَّلَاةُ مَثْنَى تَشَهُّدٌ فِي كُلِّ رَكْعَتَيْنِ، وَتَخَشُّعٌ، وَتَمَسْكُنٌ، وَتُقْنِعُ يَدَيْكَ يَقُولُ: تَرْفَعُهُمَا إِلَى رَبِّكَ تَعَالَى مُسْتَقْبِلًا بِبِطُونِهِمَا وَجْهَكَ وَتَقُولُ: يَا رَبِّ. يَا رَبِّ يَا رَبِّ، وَمَنْ لَمْ يَفْعَلْ فَهِىَ خِدَاجٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Фадл ибн әл-Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Намаз екі рәкаттан оқылады. Әр екі рәкатта бір тәшәһһуд бар. Намазда ықыласпен тұрып, мұқтаждығыңды сезінесің. Екі қолыңды Раббыңа қарай, алақандарыңды жүзіңе қаратып көтересің де: “Уа, Раббым! Уа, Раббым! Уа, Раббым!” – дейсің. Мұны істемеген адамның намазы кем болады».1

Түсіндірме

Хадисте намаздың негізгі әдептері аталған.

• «Тәхашшуғ» – хушуғ таныту, яғни жүректің Алла алдында бойсұнып, құрмет сезінуі. Мағынасы «худуғқа» жақын. Худуғ – көзден, құлақтан, дене қалпынан және дауыстан байқалатын құрмет, ал хушуғ көбіне жүрекке тән. Кейбір ғалымдар бұл екі ұғымды басқаша ажыратқан.

«Тәхашшуғты» байсалдылық пен кішірею деп түсініп, «худуғқа» мағыналас санаған түсіндірмешілер мына сөзді дәлел етеді: لَوْ خَشَعَ قَلْبُهُ لَخَشَعَتْ جَوَارِحُهُ «Егер жүрегі бойсұнса, дене мүшелері де бойсұнар еді».2

• «Тадарруғ» – кішіпейілдікпен жалбарынып, бар ынтаңмен тілеу.

• «Тәмәссүкун» – өзінің аса мұқтаж екенін білдіру. Мағынасы «тәзәллул» мен «худуғқа», яғни кішірею мен бойсұнуға жақын.

• Дұға еткенде алақандарды жүзге қаратып көтеріп, тілекті қайталап, Аллаға жалбарынады.

• Намаздың әдебі сақталмаса, ол кемеліне жетпейді. Әдептің өзегі – намазды ықыласпен оқу. Ықылассыз атқарылған істе кемшілік көп болады.

  1. 1Тирмизи, Салат: 283, (385).
  2. 2Ибраһим Жанан бұл сөзді хадис ретінде келтірген. Бәйһақи оны Сағид ибн әл-Мүсәйябтың сөзі ретінде жеткізген; Алла елшісіне (с.а.с.) телінген нұсқасы сенімді жолмен бекітілмеген.
2664
Кутуб ситтә, № 2664 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Аммар ибн Ясир (р.а.)

وَعَنْ عَمَّارٍ بْنِ يَاسِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ الرَّجُلَ لَيَنْصَرِفُ مِنْ صَلَاتِهِ وَمَا كُتِبَ لَهُ مِنْهَا إِلَّا عُشْرُهَا. تُسْعُهَا. ثُمُنُهَا. سُبْعُهَا. سُدُسُهَا. خُمُسُهَا. رُبُعُهَا. ثُلُثُهَا. نِصْفُهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Аммар ибн Ясир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кісі намазын оқып бітіреді, бірақ оған сауабының оннан бірі ғана жазылады. Енді біріне тоғыздан бірі, сегізден бірі, жетіден бірі, алтыдан бірі, бестен бірі, төрттен бірі, үштен бірі немесе жартысы жазылады».1

Түсіндірме

Хадис намазын әдеппен, шын ықыласпен оқыған адамның мол сауапқа кенелетінін, ал салғырт оқыған адамның сауабы кемитінін аңғартады. Тіпті намаз оқығанымен, сауаптан құр қалуы да мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 128, (796).