Хадис

Намазда дәреттің қысуы

Кутуб ситтә, 7-том, 379-тарау · 2 хадис · № 2752–2753

Хадистер

2752
Кутуб ситтә, № 2752 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُحَمَّدٍ بْنِ أَبِي بَكْرٍ قَالَ: «كُنَّا عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَجِيءَ بِطَعَامِهَا، فَقَامَ الْقَاسِمُ بْنُ مُحَمَّدٍ يُصَلِّي، فَقَالَتْ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَا صَلَاةَ بِحَضْرَةِ طَعَامٍ، وَلَا لِمَنْ يُدَافِعُهُ الأخْبَثَانِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَاللَّفْظُ لَهُ. «الْأخْبَثَانِ» الْبَوْلُ وَالْغَائِطُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әбу Бәкір былай дейді: «Айшаға (р.а.) ас әкелінгенде, біз қасында едік. Қасым ибн Мұхаммед намазға тұрды. Сонда Айша: “Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Ас дайын тұрғанда және екі дәреттің бірі қысқанда намаз оқылмайды’, – дегенін естідім”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 67, (560); Әбу Дәуіт, Таһарат: 43, (89).
2753
Кутуб ситтә, № 2753 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الْأرْقَمِ: «وَكَانَ يَؤُمَّ قَوْمًا، فَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ، فَأَخَذَ بِيَدِ رَجُلٍ فَقَدَّمَهُ وَقَالَ: سَمِعْتُ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ: إِذَا أُقِيمَتِ الصَّلَاةُ وَوَجَدَ أَحَدُكُمْ الْخَلَاءَ فَلْيَبْدَأْ بِهِ قَبْلَ صَلَاتِهِ». أَخْرَجَهُ الْأرْبَعَةُ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн әл-Арқам жұртқа имамдық ететін. Бірде намазға қамат айтылғанда, бір кісінің қолынан ұстап, алға шығарды да: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Намазға қамат айтылып, қайсыбіріңді дәрет қысса, намаздан бұрын қажетін өтесін”, – дегенін естідім»1, – деді.

Түсіндірме

1. Бұл екі риуаятта намазды ықыласпен беріле оқуға тырысу керек екені сөз етілген. Алайда құлшылықты ықыласпен атқаруға кедергі келтіретін қажеттіліктер туындаса, алдымен солардың қамын жасап, тәндік қажеттіліктерді өтеп, сосын барып рух қажеттілігінің қамына кіріскен дұрыс. Хадиске байланысты Хаттабидің жазған түсіндірмесі мынадай: «Расулалла алдымен ауқаттануды бұйырған, өйткені қарынның тоқтығы, тәнге тыныштық береді. Намазға тұрғанда рухы да тыныштық тауып, тамаққа деген көңілі ауып немесе намазды тез бітіруге асығыстық танытпайтын болады. Намаздағы рукуғ, сәжде сияқты амалдардың ақысын бергені абзал. Үлкен немесе кіші дәрет қысқан жағдайда да осы мәселе айтылады. Алайда бұл айтылғандар уақыттың молдығына байланысты. Егер уақыт тым аз болса, алдымен құлшылықты атқарып, қажеттілігін содан кейін өтейді».

2. Бұл әмірлер жалпы айтылған, яғни парыз, уәжіп, нәпіл намаздардың барлығын қамтиды. Адамның жай-күйін бұзып, алаңдаушылыққа себеп болатын нәрселер де осы үкімнің ішіне кіреді. Хадисте өмірде ең көп кез болатын жағдайлар айтылған.

3. Тамақ піскенде намазды екінші орынға қоюды кейбір ғалымдар уәжіп десе, енді басқалары мәндүб деп үкім берген.

  1. 1Муатта, Қасрус-Салат: 49, (1, 159); Әбу Дәуіт, Таһарат: 43, (88); Тирмизи, Таһарат: 108, (142); Нәсәи, Иқамат: 51, (2, 110, 111); Ибн Мәжа, Иқамәтус-Салат: 114, (616).