Хадис

Шүкір сәждесі

Кутуб ситтә, 7-том, 383-тарау · 2 хадис · № 2776–2777

Хадистер

2776
Кутуб ситтә, № 2776 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Бәкра (р.а.)

عَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا جَاءَهُ أمْرٌ بِسُرُورٍ أَوْ يُسَرُّ بِهِ خَرَّ سَاجِدًا شَاكِرًا لِلَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) қуанышты хабар жетсе не көңілін көтерер бір іс болса, Алла Тағалаға шүкір етіп, сәждеге жығылатын».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад: 174, (2774); Тирмизи, Сияр: 25, (1578); Ибн Мәжа, Қамат: 192, (1394).
2777
Кутуб ситтә, № 2777 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعْدٍ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنَ مَكَّةَ نُرِيدُ الْمَدِينَةَ، فَلَمَّا كُنَّا بِبَعْضِ الطَّرِيقِ رَفَعَ يَدَيْهِ فَدَعَا اللَّهَ وَخَرَّ سَاجِدًا، ثُمَّ مَكَثَ طَوِيلًا، ثُمَّ قَامَ فَرَفَعَ يَدَيْهِ سَاعَةً، ثُمَّ خَرَّ سَاجِدًا فَفَعَلَ ذَلِكَ ثَلَاثًا، ثُمَّ قَالَ: إِنِّي سَأَلْتُ رَبِّي وَشَفَعْتُ لِأمَّتِي فَأَعْطَانِي ثُلُثَ أُمَّتِي فَخَرَرْتُ لِرَبِّي سَاجِدًا شُكْرًا، ثُمَّ رَفَعْتُ رَأْسِي، فَسَأَلْتُ رَبِّي لِأمَّتي. فَأَعْطَانِي ثُلُثَ أُمَّتِي. فَخَرَرْتُ لِرَبِّي سَاجِدًا شُكْرًا. ثُمَّ رَفَعْتُ رَأْسِي فَسَأَلْتُ رَبِّي لِأمَّتِي فَأَعْطَانِي الثُّلُثَ الآخَرَ فَخَرَرْتُ لِرَبِّي سَاجِدًا شُكْرًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Меккеден Мәдинаға қарай жолға шықтық. Жолай (Азуараға жеткенде)1 ол қос қолын көтеріп, Аллаға дұға етті де, сәждеге жығылып, ұзақ жатты. Содан соң тұрып, қолын біраз уақыт қайта көтерді де, тағы сәжде жасады. Мұны үш рет қайталады. Сосын: “Раббымнан сұрап, үмбетіме шапағат тіледім. Ол маған үмбетімнің үштен бірін берді. Мен Раббыма шүкір етіп, сәждеге жығылдым. Содан соң басымды көтеріп, үмбетім үшін тағы тіледім. Раббым маған үмбетімнің тағы үштен бірін берді. Мен Раббыма шүкір етіп, тағы сәждеге жығылдым. Сосын басымды көтеріп, үмбетім үшін тағы тіледім. Раббым маған соңғы үштен бірін де берді. Мен Раббыма шүкір етіп, сәждеге жығылдым”, – деді».2

Түсіндірме

1. Ислам дінінде бір жақсылыққа кенелгенде немесе бір қиындықтан құтылғанда, Алла тағалаға шүкір білдіру үшін тәкбір алып, сәждеге жығылып, сәждеде кәдімгі намаз тәсбихымен тәсбих айтқаннан кейін тәкбір алып, тұрмастан сәжде жасауға рұқсат етілген. Бұл – сүннетпен бекітілген құлшылық. Сахабалардан көбінің шүкір сәждесін жасағаны жайлы риуаяттар келген.

2. «Субулус-Сәламда» айтылғандай Имам Ахмад пен Шәфиғи шүкір сәждесінің дұрыс екенін айтқан. Имам Мәлик қана бұл мәселеге қарсылық білдірген. Әбу Ханифаның «Мұнда оғаштық жоқ, мәндүп те емес» дегені риуаят етілген.

3. «Шүкір сәждесі үшін тазалық шарт па?» деген мәселеде де ғалымдар бір пікірде емес. Намазбен салыстырып, «шарт» деп айтылғандай, «шарт емес» деушілер де бар. Бұл екінші үкім ең дұрыс деп қабылданған.

4. «Нәйлул-аутарда» шүкір сәждесі туралы хадистерде тәкбір айтуға дәлел келтірілмегені ескертіледі. Тәбук жорығына орынды үзірсіз қатыспағаны үшін жазаланған Кәғб ибн Мәлик (р.а.) кешірілгені туралы аяттың түскенін естігенде, шүкір сәждесін жасаған.3 Бұл шүкір сәждесінің сахабалар арасында қалыптасқан амал болғанын көрсетеді. Әбу Бәкір (р.а.) Мусәйлима өлді деген хабар жеткенде шүкір сәждесін жасаған. Әли (р.а.) де харижиттердің бірі Зус-Судайяның Нахрауанда өлгенін көргенде, сәждеге жығылған.4

5. Екінші риуаятта Расулаллаға әр жолы үмбетінің үштен бірі кешірілгені, үш дұғасынан кейін үмбеті толықтай Расулалланың (с.а.с.) шапағатына кенелетіні білдірілген. Мұны ғалымдар былай жорамалдаған: «Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбеті алдыңғы үмбеттер секілді емес, күнәсінің мөлшеріндей отта азап тартқаннан кейін жаһаннамнан шығарылады. Мұхаммед үмбетіне мәңгілік тозақ жоқ. Бұрынғы үмбеттерден азапқа ұшырағандардың азабы мәңгілік болған. Олардың көбі пайғамбарларына қарсы шығу себепті Алланың лағынетіне ұшырап, шапағаттан мақұрым болған. Бұл үмбеттің Аллаға қарсы келгендері (аси) жазаланып, күнәларынан тазаланады. Куәгерлікпен (иманмен) өлгендер қарсы шығуы себепті азапқа ұшыраса да, оттан шығарылады. Расулалланың шапағаты оларға да жетеді, үлкен күнәлар жасаса да, Алла Тағала бұл үмбеттің пайғамбарларының дәрежесінің биіктігіне сый ретінде мұсылмандарға кейбір қасиет берген. Ішкі жаман ойларын сыртқа айтпаса, не істемесе, оларды кешіреді.

6. Хадис дұға оқығанда қолдарды көтеру қажеттігіне дәлел болады.

  1. 1Әбу Дәуіттің риуаятында бұл жер Азуара деп аталған. Ол Жухфа жотасы, Мекке мен Мәдинаның арасындағы жол осы жерден өтеді. Жота Меккеге жақын.
  2. 2Әбу Дәуіт, Жиһад: 174, (2775).
  3. 3Бұл оқиға №654 хадисте баяндалды (4/19).
  4. 4Харижиттер шықпай тұрып, Әли (р.а.) серіктеріне бір топтың діннен тез шығатынын, олардың арасында қолы шолақ кісінің болатынын айтқан. Мұны сахабалар одан талай рет естіген. Нахрауанда харижиттермен соғысқанда Әли қолы шолақ әлгі адамды іздеуді бұйырды. Алғашында «Таппадық» дегендерге: «Алланың атымен ант етейін, ол осы адамдардың арасында», – деді. Кейін әлгі кісі табылды. Қолында әйелдің омырауындай бір ет томпағы бар еді. Әли: «Аллаһу әкбар! Айтқаным да, естігенім де өтірік емес», – деп, мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естігенін білдірді.