Хадис

Шаһадат сөзі және оны айтудың үкімі

Кутуб ситтә, 1-том, 4-тарау · 3 хадис · № 37–39

Хадистер

37
Кутуб ситтә, № 37 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أُمِرْتُ أَنْ أُقَاتِلَ النَّاسَ حَتَّى يَشْهَدُوا أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ، وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ، فَإِذَا فَعَلُوا ذَلِكَ عَصَمُوا مِنِّي دِمَاءَهُمْ وَأَمْوَالَهُمْ إِلَّا بِحَقِّ الْإِسْلَامِ، وَحِسَابُهُمْ عَلَى اللَّهِ». وَلَفْظُ مُسْلِمٍ: «إِلَّا بِحَقِّهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَلَفْظُ مُسْلِمٍ: «إِلَّا بِحَقِّهَا».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдар Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етіп, намаз оқып, зекет бергенге дейін олармен соғысу маған бұйырылды. Осыны орындаса, олардың жаны мен мал-мүлкі менен қорғалады. Исламның ақысы бұдан тыс. Олардың есебі Аллаға қалады”, – деді».

Мүслимнің риуаятында «Исламның ақысы бұдан тыс» деген тұс «Оның ақысы бұдан тыс» деп берілген1.

Түсіндірме

Хадисте Исламның шарттарын орындаған адамның малы, жаны мен ар-намысы қорғалатыны айтылған. «Исламның ақысы» деген тіркес осы кепілдіктің шегін белгілейтін құқықтық міндеттерді білдіреді. Мысалы, нисап мөлшеріне жеткен малдан зекет алынады, ал қылмыс жасаған адамға ісіне сай жаза қолданылады. Біреуді нақақ өлтірсе, қысас үкімі орындалып, оның өзі де өлім жазасына кесіледі. Дін белгілеген мұндай міндеттер мен шектеулер Исламды қабылдаған адамға берілген қауіпсіздік кепілдігіне қайшы келмейді.

Хадистен шығатын тұжырымдар:

- Куәлік сөзін (кәлима-и шаһадатты) айтып, Исламды мойындаған адам мұсылман саналады. Оның жанына, малына және ар-намысына өзге мұсылманның қол сұғуына тыйым салынады. Мұсылмандарға қатысты шариғи үкімдер оған да қолданылады. Куәлігінің шынайылығын Алла біледі. Адам іштей сенбеуі немесе мұсылмандарға қастық ойлауы да мүмкін. Алайда біз оның жүрегіне үңіле алмаймыз. Болашақты білмейтініміз сияқты, өзгенің көкірегіндегі сыр да бізге беймәлім. Сондықтан оның көзге көрінген амалына, яғни куәлік сөзін айтып, намаз оқығанына қарап, мұсылман ретінде қараймыз.

  1. 1Бұхари, «Иман», 17 (№25). Мүслим, «Иман», 36 (№22).
38
Кутуб ситтә, № 38 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ عَدِيِّ بْنِ الْخِيَارِ، قَالَ: «بَيْنَمَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ جَالِسٌ بَيْنَ ظَهْرَانَيِ النَّاسِ إِذْ جَاءَهُ رَجُلٌ فَسَارَّهُ، فَلَمْ نَدْرِ مَا سَارَّهُ بِهِ حَتَّى جَهَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَإِذَا هُوَ يَسْتَأْذِنُهُ فِي قَتْلِ رَجُلٍ مِنَ الْمُنَافِقِينَ. فَقَالَ: “أَلَيْسَ يَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ؟” قَالَ: “بَلَى، وَلَا شَهَادَةَ لَهُ”. قَالَ: “أَلَيْسَ يُصَلِّي؟” قَالَ: “بَلَى، وَلَا صَلَاةَ لَهُ”. قَالَ: “أُولَئِكَ الَّذِينَ نَهَانِي اللَّهُ عَنْهُمْ”». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ұбайдуллаһ ибн Адий ибн әл-Хияр (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұрт арасында отырғанда, бір кісі келіп, оған бірдеңе сыбырлады. Алла елшісі оны дауыстап айтқанша, не сыбырлағанын білмедік. Сөйтсек, әлгі кісі мұнафықтардың бірін өлтіруге рұқсат сұрапты. Пайғамбар (с.а.с.): “Ол Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етпей ме?” – деп сұрады. Әлгі кісі: “Иә, куәлік етеді, бірақ оның куәлігі шынайы емес”, – деді. Пайғамбар: “Ол намаз оқымай ма?” – деді. Әлгі кісі: “Иә, оқиды, бірақ оның намазын намаз деуге келмейді”, – деп жауап берді. Сонда Пайғамбар: “Алла маған өлтіруге тыйым салғандар – осылар”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадиске түсіндірме берген ғалымдардың айтуынша, ардақты Пайғамбар (с.а.с.) әлгі кісі туралы айтылған сөзді оның жанын қиюға жеткілікті негіз деп таппаған. Ел ішінде «Мұхаммед жолдастарын өлтіріп жатыр» деген сөз тараса, жұрттың Исламға деген өшпенділігі тууы мүмкін еді. Сондықтан Пайғамбарымыз мұнафық деп күдікке ілінген адамдарды өлтіруге тыйым салған.

Алла елшісіне (с.а.с.): «Мына кісі – мұнафық. Рұқсат етсеңіз, оны өлтірейік», – деген ұсыныс талай рет айтылған. Ол әр жолы: «Жоқ, жұртқа “Мұхаммед жолдастарын өлтіртіп жатыр” дегізбеймін», – деп жауап берген.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 84 (1/171).
39
Кутуб ситтә, № 39 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ طَارِقٍ الْأَشْجَعِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَكَفَرَ بِمَا يُعْبَدُ مِنْ دُونِ اللَّهِ، حَرُمَ مَالُهُ وَدَمُهُ، وَحِسَابُهُ عَلَى اللَّهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. وَفِي أُخْرَى لَهُ: «مَنْ وَحَّدَ اللَّهَ»، وَذَكَرَ مِثْلَهُ.

Қазақша аудармасы

Тариқ әл-Әшжағи (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім “Лә иләһә иллаллаһ” деп, Алладан өзге құлшылық етілетіндердің бәрін теріске шығарса, оның жаны мен мал-мүлкіне қол сұғу харам. Оның есебі Аллаға қалады». Мүслимнің басқа риуаятында хадис «Кім Алланы жалғыз деп таныса» деп басталып, әрі қарай осы мағынада жалғасады1.

Түсіндірме

Адамдар арасындағы қатынастың маңызды бір қыры – мүміннің өзге мүмінге қалай қарайтыны. Әуелі кімнің мүмін саналатынын білу керек. Одан соң бір мүміннің екіншісінің алдындағы қадір-қасиеті мен хақын, ол құқықтан қандай жағдайда айырылатынын және оны бұзудың салмағын түсіну қажет. Иман кітабының осыған дейінгі көптеген хадисінде бұл мәселеге тоқталдық. Еліміздің жуырда басынан өткерген, бүгінде де ішінара жалғасып отырған алауыздықтары мүміндер арасындағы қатынасты діни өлшеммен саралаудың қаншалық маңызды екенін айқын көрсетті. Осыған орай «Бітім жолы» атты кітабымызда бұл мәселе туралы айтқанымызды келтіреміз.

  1. 1Мүслим, «Иман», 37–38 (№23).