عَنْ شُرَيْحٍ بْنِ هَانِئٍ قَالَ: «سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا عَنْ صَلَاةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَتْ: مَا صَلَّى الْعِشَاءَ قَطُّ فَدَخَلَ عَلَيَّ إِلَّا صَلَّى أَرْبَعَ رَكْعَاتٍ أَوْ سِتَّ رَكَعَاتٍ، وَلَقَدْ مُطِرْنَا مَرَّةً مِنَ اللَّيْلِ فَطَرَحْنَا لَهُ نِطَعًا فَكَأَنِّي أَنْظُرُ إِلَى ثَقْبٍ فِيهِ يَنْبُعُ مِنْهُ الْمَاءُ، وَمَا رَأَيْتُهُ مُتَّقِيًا الْأَرْضَ بِشَىْءٍ مِنَ ثِيَابِهِ قَطُّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Шурайх ибн Һани былай дейді: «Әзірет Айшадан (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) намазы туралы сұрадым. Ол: “Расулалла (с.а.с.) құптанды оқып, бөлмеме кірген сайын төрт не алты рәкат оқитын. Бір күні түнде жаңбыр жауып, оған төсенішке тері жайдық. Терінің тесігінен су шыпылдап шығып жатқанын әлі көріп тұрғандаймын. Сәжде еткенде жерден сақтану үшін киімінің бір бөлігін төсегенін бірде-бір рет көрмедім”, – деді».1
Түсіндірме
Басқа риуаяттарды да ескерсек, Расулалла (с.а.с.) құптанның парызынан кейін әзірет Айшаның (р.а.) үйінде екіден алты рәкатқа дейін оқыған. Әли әл-Қари мұны оның кейде екі, кейде төрт, кейде алты рәкат оқуымен түсіндіреді. Алғашқы екі рәкат – бекітілген сүннет, қалғандары – мұстахаб нәпілдер.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1303.