عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُعَلِّمُنَا الِاسْتِخَارَةَ فِي الْأُمُورِ كُلِّهَا كَمَا يُعَلِّمُنَا السُّورَةَ مِنَ الْقُرْآنِ: إِذَا هَمَّ أَحَدُكُمْ بِالْأَمْرِ فَلْيَرْكَعْ رَكْعَتَيْنِ مِنْ غَيْرِ الْفَرِيضَةِ، ثُمَّ لْيَقُلِ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْتَخِيرُكَ بِعِلْمِكَ، وَأَسْتَقْدِرُكَ بِقُدْرَتِكَ، وَأَسْأَلُكَ مِنْ فَضْلِكَ الْعَظِيمِ، فَإِنَّكَ تَقْدِرُ وَلَا أَقْدِرُ، وَتَعْلَمُ وَلَا أَعْلَمُ، وَأَنْتَ عَلَّامُ الْغُيُوبِ. اللَّهُمَّ إِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ أَنَّ هَذَا الْأَمْرَ خَيْرٌ لِي فِي دِينِي وَمَعَاشِي وَعَاقِبَةِ أَمْرِي، أَوْ قَالَ: عَاجِلِ أَمْرِي وَآجِلِهِ، فَاقْدُرْهُ لِي وَيَسِّرْهُ لِي، ثُمَّ بَارِكْ لِي فِيهِ. وَإِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ أَنَّ هَذَا الْأَمْرَ شَرٌّ لِي فِي دِينِي وَمَعَاشِي وَعَاقِبَةِ أَمْرِي، أَوْ قَالَ: عَاجِلِ أَمْرِي وَآجِلِهِ، فَاصْرِفْهُ عَنِّي وَاصْرِفْنِي عَنْهُ، وَاقْدُرْ لِيَ الْخَيْرَ حَيْثُ كَانَ، ثُمَّ رَضِّنِي بِهِ. قَالَ: وَيُسَمِّي حَاجَتَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге Құран сүресін үйреткендей, әрбір істе истихара жасауды үйрететін. “Араларыңнан біреу бір істі қолға алғысы келсе, парыздан бөлек екі рәкат намаз оқысын. Содан кейін былай дұға етсін: ‘Уа, Алла! Іліміңмен маған қайырлысын таңдауыңды сұраймын. Құдіретіңмен маған күш беруіңді тілеймін. Ұлы шарапатыңнан сұраймын. Сенің қолыңнан келеді, менің қолымнан келмейді. Сен білесің, мен білмеймін. Ғайыпты толық білуші – Сен.
Уа, Алла! Бұл істің дініме, тіршілігіме және ісімнің ақырына қайырлы екенін білсең (немесе қазіргі және кейінгі істеріме), оны маған нәсіп ет, жеңілдет және берекелі қыл. Ал бұл істің дініме, тіршілігіме және ісімнің ақырына зиянды екенін білсең (немесе қазіргі және кейінгі істеріме), оны менен алыстат, мені де одан алыстат. Қайыр қайда болса да, соны маған нәсіп ет, сосын мені соған риза қыл’, – дейтін”».
Соңында: «Қажетін атап айтсын», – деді.1
Түсіндірме
1. Хадистен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күнделікті өмірде истихараға қаншалықты мән бергені көрінеді. Ол Құран сүресін үйреткендей ықыласпен истихараны да үйретіп, үлкенді-кішілі, қарапайым не маңызды істерде – сапар, неке, сауда сияқты істерде – оны жасауды өсиет еткен.
Бұл жерде истихара үйрету Құран үйретумен салыстырылған. Ұқсастықтың нақты неде екені хадисте ашып айтылмаған. Жоғарыда «ықыласпен» деу – алғашқы мағынаны түсіндіруге арналған. Ғалымдар ұқсастықты әртүрлі түсіндірген:
• «Намазда Құран оқуға мұқтаждық бар секілді, істерде де истихараға жалпы мұқтаждық бар», – деген.
• Кейбірі мұны ташаһһудты үйрету тәсіліне ұқсатқан. Ибн Мәсғудтың хадисінде «Пайғамбарымыз (с.а.с.) қолымды екі қолының арасына алып, маған ташаһһудты үйретті» делінген. Тахауидің риуаятында «Ташаһһудты Алла елшісінің (с.а.с.) өз аузынан сөзбе-сөз үйренетінмін», ал Табаранидің риуаятында «Әрпіне дейін үйрендім» делінген.
• Ибн Әбу Жамра «Мұндағы ұқсастық – истихара дұғасын сөзбе-сөз, әрпіне дейін жаттау, оған ештеңе қоспау, кемітпеу, дұғаны үйрену және үнемі оқу», – дейді. • Кейбіреулер ұқсастықты дұғаға мұқият қараумен, берекесіне жетумен және құрмет көрсетумен байланыстырған.
• Кейбір ғалымдар Құран да, истихара да уахи арқылы үйретілгендіктен салыстырылған деп санаған.
2. Ибн Әбу Жамраның айтуынша, «әрбір істе» деген сөз мұбах істерге қатысты. Парыз, уәжіп, харам не мәкрүһ істі «істейін бе, істемейін бе?» деп таңдау үшін истихара қажет емес. Мұсылман парыз бен уәжіпті орындауға және харам мен мәкрүһтан аулақ болуға міндетті. Мұстахаб не сүннет амалды орындау-орындамау туралы истихара жасау да Ислам әдебіне сай емес.
Истихара мұбах істерде жасалады. Кейде екі мұстахаб амалдың бірін таңдау, амалды бастау-бастамауды не оның мерзімін белгілеу үшін де истихара жасауға болады. Мысалы, «Ұмраға биыл барайын ба, келесі жылы барайын ба? Осы айда ма, келесі айда ма?»
3. «Бір істі қолға алғысы келсе» деген сөз адам көңіліне алғаш түскен ниетті білдіреді. Іс жүзеге асқанға дейін ол бірнеше сатыдан өтеді. Ибн Хажардың айтуынша, әуелі һиммет, яғни ұмтылыс, содан соң лумма мен хатра, яғни ойдың қылаң беруі келеді. Бұлардан кейін ниет, қалау және бекіген шешім туады. Адам алғашқы үш саты үшін жауап бермейді, ал ниеті, қалауы мен бекіген шешімі үшін жауапты.
4. Хадистегі «іліміңмен» дегенді «біліміңнің арқасында» деп те түсінуге болады. Сонда дұғаның мағынасы былай болады: «Уа, Алла! Екі істің қайырлысына көңілімді бұруыңды сұраймын. Өйткені үлкенді-кішілі барлық істің мәнін, не болғанын, не боларын Сен білесің. Ең қайырлысын Сенен өзге ешкім білмейді».
5. Кейбір ғалымдар истихара намазын ақшам мен таңның сүннеттеріне ұқсатып, бірінші рәкатта «Кәфирун», екінші рәкатта «Ықылас» сүресін оқуды дұрыс санайды. Намаз соңында хадистегі дұға оқылады. Имам Нәуәуи секілді ғалымдар осы екі сүрені оқуды мұстахаб санаса, әл-Ирақи «Истихара намазында нақты қай сүрелер оқылатыны туралы ешбір хадис кездестірмедім», – деген.
Содан кейін дәретті күйде, құбылаға қарап жатады. Бұл түсіндірмеде түсінде ақ не жасыл түс көру ниет еткен істің қайырлы, ал қара не қызыл түс көру қайырсыз екенінің белгісі делінген.
Ибн әс-Суннидің Әнәстен жеткізген риуаятында іздеген ишарасы білінбесе, бір іс үшін истихараны жеті рет қайталау айтылады: يَا أَنَسُ، إِذَا هَمَمْتَ بِأَمْرٍ فَاسْتَخِرْ رَبَّكَ فِيهِ سَبْعَ مَرَّاتٍ، ثُمَّ انْظُرْ إِلَى الَّذِي يَسْبِقُ إِلَى قَلْبِكَ، فَإِنَّ الْخَيْرَ فِيهِ. «Уа, Әнәс! Бір істі қолға алғың келсе, Раббыңнан жеті рет қайырлысын тіле. Содан соң көңіліңе алғаш келген ойға назар сал. Өйткені қайыр сонда»2. Бұл хадис әлсіз деп бағаланған.
6. «Парыздан бөлек» деген сөз парыз намазынан кейін истихара дұғасын ғана оқумен истихара сүннеті орындалмайтынын білдіреді. Истихараның екі рәкаты жеке оқылады.