عَنْ عُثْمَانَ بْنِ حَكِيمٍ الْأَنْصَارِيِّ قَالَ: سَأَلْتُ سَعِيدَ بْنَ جُبَيْرٍ عَنْ صِيَامِ رَجَبَ، فَقَالَ: أَخْبَرَنِي ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَصُومُ حَتَّى نَقُولَ لَا يُفْطِرُ، وَيُفْطِرُ حَتَّى نَقُولَ لَا يَصُومُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Осман ибн Хаким әл-Ансари былай дейді: «Сағид ибн Жубайрдан ережеп айындағы ораза жайлы сұрадым. Ол: “Ибн Аббастың (р.а.) ‘Алла елшісі кейде оразаны сонша ұзақ ұстайтын, біз енді аузын ашпайтын шығар дейтінбіз. Кейде ораза ұстамай жүретін, біз енді ұстамайтын шығар дейтінбіз’1 дегенін естідім”, – деді».
Түсіндірме
1. Ибраһим Жананның жинағында сұрақ қойған кісі Аббад ибн Ханиф деп көрсетілген. Автордың өзі бұл есімде қате болуы мүмкін екенін ескертеді. Мүслим мен Әбу Дәуіттің нұсқаларында Сағид ибн Жубайрдан сұраған адам Осман ибн Хаким әл-Ансари деп берілген. Бұхаридегі ықшам нұсқада ережеп айы аталмайды.
2. Имам Нәуәуи бұл риуаятты былай түсіндіреді: «Сағид ибн Жубайр ережеп айында ораза ұстауға тыйым салынбағанын, сондай-ақ бұл айда арнайы ораза ұстау мәндүп етілмегенін меңзеген сияқты. Бұл тұрғыдан ережептің өзге айлардан айырмасы жоқ. Ережеп оразасына тыйым салатын да, арнайы ынталандыратын да сенімді риуаят жетпеген. Жалпы нәпіл ораза қай айда да мәндүп амалға жатады».
Әбу Дәуіттің «Сүнәнінде» харам айларында ораза ұстауға ынталандыратын риуаят бар. Ережеп – сол айлардың бірі.
- 1Мүслим, «Сиям», 179 (№ 1157). Әбу Дәуіт, «Саум», 55 (№ 2430). Бұхари, «Саум», 53 (№ 1971), ықшам нұсқасы.