عَنْ هُنَيْدَةَ بْنِ خَالِدٍ عَنِ امْرَأَتِهِ عَنْ بَعْضِ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُ تِسْعَ ذِي الْحِجَّةِ، وَيَوْمَ عَاشُورَاءَ، وَثَلَاثَةَ أَيَّامٍ مِنْ كُلِّ شَهْرٍ، أَوَّلَ اثْنَيْنِ مِنَ الشَّهْرِ وَالْخَمِيسَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Һунайда ибн Халид жұбайынан, ол Алла елшісінің жұбайларының бірінен мына сөзді жеткізген: «Алла елшісі зұлхижжаның алғашқы тоғыз күні мен Ашура күні ораза ұстайтын. Сондай-ақ әр айда үш күн ораза ұстайтын. Оған айдың алғашқы дүйсенбісі мен бейсенбісі кіретін».1
Түсіндірме
1. Хадис зұлхижжаның алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстаудың сауапты амал екенін көрсетеді. Кей риуаятта «тоғыз күн» орнына «он күн» делінген: «Алла елшісі зұлхижжаның он күнінде және әр айда үш күн, яғни бір дүйсенбі мен екі бейсенбіде ораза ұстайтын».
Мүслимде Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің зұлхижжаның алғашқы он күнінде ораза ұстағанын көрмедім», – деген. Имам Нәуәуидің жеткізуінше, ғалымдар бұл сөздің сыртқы мағынасынан сол күндері ораза ұстау мәкрүһ деген ұғым тууы мүмкін екенін айтқан. Мұнда «он күн» деп зұлхижжаның алғашқы тоғыз күні меңзеледі. Сол күндері ораза ұстауға ынталандыратын хадистер болғандықтан, Айша анамыздың риуаятына түсіндірме керек. Зұлхижжаның алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстау – айрықша мұстахаб амал. Әсіресе тоғызыншы күнгі арафа оразасының артықшылығы жайлы көп хадис жеткен. Бұхариде: «Ізгі амал істеу үшін зұлхижжаның алғашқы он күнінен артық күн жоқ», – делінген.
Айша анамыздың «Бұл күндерде ораза ұстағанын көрмедім» дегенін бірнеше жолмен түсіндіруге болады. Алла елшісі сырқат не сапарда болғандықтан ораза ұстамаған болуы мүмкін. Немесе ораза ұстағанымен, Айша анамыз оны көрмеген шығар. Оның көрмегені Алла елшісінің ораза ұстамағанын дәлелдемейді. Үшінші тармақта келетін Ахмад ибн Ханбалдың риуаяты осы түсіндірмені қуаттайды.
2. Ашураның қай күнге сәйкес келетінін ғалымдар әртүрлі түсіндіргені № 3149 хадисте айтылды. Сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі оны мұхаррамның оныншы күні деп білген. Тоғызыншы немесе он бірінші күн дегендер де бар. Әбу Исхақ осы пікірлерді ескеріп, Ашура оразасын өткізіп алмау үшін оған алдыңғы және кейінгі бір күнді қосып, үш күн ораза ұстайтын болған. «Ашура» атауы мұхаррамның оныншы күніне байланысты қойылған. Атау «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні Алла он пайғамбарына ерекше құрмет көрсеткендіктен солай аталған дейтіндер де бар.
3. Нәсәи келтірген нұсқада Алла елшісінің ай сайын ұстайтын үш күндік оразасы «айдың алғашқы дүйсенбісі және екі бейсенбісі» деп түсіндірілген. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснәдінде» Хафса анамыздан (р.а.) жеткен мына риуаят та осы хадисті қуаттайды: «Алла елшісі төрт амалды ешқашан қалдырмаған.
1. Ашура оразасын.
2. Зұлхижжаның алғашқы он күнінің оразасын.
3. Ай сайын үш күн ораза ұстауды.
4. Таң намазының алдындағы екі рәкатты».
Ашураны ерекше атап өтуді бидғат деп білгендер де бар. Мұнауи мына хабарды жеткізеді: «Әл-Мужәллид әл-Лұғауи: “Ашурадағы намаз, ораза, садақа, қына жағу, хош иіс себіну және сүрме жағу жайлы риуаяттар – бидғат. Бұларды Хусейнді (р.а.) өлтіргендер шығарған”, – деген. Ханафилердің “әл-Қуния” кітабында: “Ашурада сүрме жағудан тыйылған жөн. Өйткені бұл – әһлі бәйтке өшпенділік белгісі”, – делінген».
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 61 (№ 2437). Нәсәи, «Саум», 83 (4/220, № 2372, № 2417).