Хадистер
Ислам туралы айтылатын сындардың бірі әйелдің орнына қатысты. Осыған орай діндегі әйелдің орнына тоқталайық.
Алла Елшісі (с.а.с.) әйелге қатысты тәрбиелік қағидалар белгілеп, оны қор санаған түсінікті өзгертуге көңіл бөлген. Бұл қағидалар әйел мен ердің рухани жауапкершілігі ортақ екенін де көрсетеді.
Исламға дейінгі араб қоғамында қыз балаға қырын қарау болған. Құранда қыз туғанын естіген кей адамның ашудан өңі өзгеріп, жұрттан жасырынатыны айтылады («Нахл» сүресі, 58–59-аяттар). Мұндай көзқарас қыз баланы тірідей көмуге дейін барған.
Омар (р.а.): «Жаһилия кезінде әйелдерді қадірлемейтінбіз. Ислам келгенде, Алла әйелдер туралы аяттар түсіріп, олардың біздегі ақысы барын көрсетті», – деген. Хадистерде «Әйелдер – ерлердің сыңары» деп айтылып, ана, қыз және әпке-қарындасқа жанашырлық таныту өсиет етіледі. Құранда да ерлі-зайыптылардың бір-біріне киім екені айтылады («Бақара» сүресі, 187-аят). Бұл сөздер әйелдің ақысын сақтап, өзін қадірлеуге үндейді.
Автор жаһилиядағы кейбір арабтар әйелді ер адамның мүлкіндей көріп, дербес құқығын мойындамағанын айтады. Әйел соғысқа қатыса алмайды деген түсінік те сол ортада болған.
Автор Ислам әйелдің де ер сияқты дербес құқық иесі екенін танытып, екеуіне Алланың алдында ортақ жауапкершілік жүктегенін айтады. Намаз, ораза және зекет сияқты міндеттерді орындауда екеуі де жауапты. Автор мұны «Жұма, жаназа және жиһадтан өзге ерлерге міндеттелген құлшылықтар әйелдерге де парыз» деген риуаятпен түйіндейді.
Әйелдердің жорыққа қатысып, су тасығаны, жаралыларды емдегені және оларды майданнан алып шыққаны туралы риуаяттар бар. Бұхари жинағының «Жиһад» кітабында бұл мәселе бірнеше тарауға бөлініп берілген. Онда әйелдердің жорық пен теңіз сапарына қатысуы, ердің жұбайын сапарға ертуі, әйелдердің жаралыларды күтіп, қаза тапқандарды алып қайтуы сияқты мысалдар келтірілген. Автор осыған қатысты жеті тарау барын атап өтеді.
Бұл мысалдар әйелдің жорыққа қатысуына мүлде болмайды деген түсінікті теріске шығарады. Алла Елшісі (с.а.с.) әйелге қатысты өзге теріс ұғымдарды өзгертуге де көңіл бөлген.
1. Қызды да, ұлды да Алла өз қалауымен береді. «Қалағанына қыз, қалағанына ұл береді» («Шура» сүресі, 49-аят). Сондықтан сәби дүниеге келгенде қуанған жөн. «Әкелерің мен балаларыңның қайсысы сендерге пайда жағынан жақын екенін білмейсіңдер» («Ниса» сүресі, 11-аят). Қыз туғанына қынжылуды автор Алланың сыйына разы болмау деп бағалайды. Кейбір мұсылман ғалымдары жаһилияның теріс салтына ермеу үшін қыз туғанына айрықша қуану керек деген. Айшаға (р.а.) жақындарының бірі сәбилі болды деген хабар жетсе, ол ұл не қыз екенін сұрамай, баланың дені сау туғанын білгісі келетін. Сау туғанын естігенде: «Әлемдердің Раббысына шүкір», – дейтін.
2. Бірқатар хадисте қыз тәрбиелеудің сауабы айтылған. «Кім үш қызына сабыр етіп, өз малынан тамақ беріп, сусын ішкізіп, киіндірсе, Қиямет күні қыздары оны тозақтан қалқалайды». Осындай сауап екі қызды немесе бір қызды жақсы тәрбиелеген адамға да уәде етілген. Тирмизидегі риуаятта Алладан қорқып, жақсы қараса, өз қызы мен әпке-қарындасына жасалған жақсылықтың сауабы аталады.
Ибн Хажар хадистердің өзге нұсқаларына сүйеніп, қызға жасалған жақсылыққа сабырмен қарау, асырау, тәрбие беру, қамқорлық таныту және ұзату кіретінін айтады. Зайнуддин әл-Ирақи жақсылықтың қадірін сақтауды ескерткен. Қызға зекіп, жақтырмай сөйлеп, масыл көрсе, істеген игілігінің қадірі кемиді.
3. Өзге риуаяттарда қыз баланы қадірлеуге үндейтін сөздер бар: «Қыздарды жек көрмеңдер. Олар – қымбат серіктер» және «Мен де қыздардың әкесімін. Олардың аналары да қымбат жан серіктер». Ахмад ибн Ханбал қызы туғандарды «Пайғамбарлар да қыз өсірген», – деп құттықтаған.
4. Хадисте қыз тәрбиесіндегі сынаққа сабыр етуге шақырылады: «Кім қыздары арқылы сыналып, сабыр етсе, қыздары оны оттан қалқалайды». Ибн Хажар сынақтың қыз баланың өзіне ме, әлде тәрбие барысында туатын қиындыққа ма қатысты екені талқыланғанын айтады. Нәуәуи қыз баланың өзін меңзеген пікірді сол дәуірдегі жұрттың қызға қырын қарағанымен түсіндірген. Бұл пікірге «Кім қызын тірідей көмбесе, қорламаса және ұлын одан артық көрмесе, Алла оны сол қызы арқылы жәннатқа кіргізеді» деген риуаят келтіріледі (Әбу Дәуіт, «Әдеп», 5146).
5. Құранда перзенттің Алладан сый екені айтылғанда, әуелі қыз аталады. «Қалағанына қыз, қалағанына ұл береді» («Шура» сүресі, 49-аят). Кейбір ғалымдар осы ретке сүйеніп, қыздың қайырына назар аударған. Уәсилаға телінген бір риуаятта «Тұңғышы қыз болса, ананың қадамы құтты болғаны, өйткені аятта Алла әуелі қызды атаған» деген сөз бар.
Алла Елшісі (с.а.с.) балаға жақсылық жасағанда ұл мен қызды тең ұстауды бұйырған. Бір риуаятта «Бірін артық көрер болсам, қыздарды артық көрер едім» делінеді (Бәйһақи, «әс-Сунан әл-кубра», 12357). Пайғамбар (с.а.с.) сапарға шығарда соңынан қызы Фатимамен қоштасып, қайтқанда алдымен соның халін сұрағаны да риуаят етіледі.
Кейбір мұсылман тәрбие кітаптарында базардан әкелген сыйлықты таратқанда алдымен қыз балаға беру жөн делінген. Мұны қыздың көңіліне ілтипат танытумен байланыстырған. Сапардан оралған әкеге алдынан шыққан балаларының арасынан әуелі қызын құшақтау да әдеп ретінде аталады.
Сүннетте қыз бен әйелдің ақысы ескерусіз қалмауына айрықша мән беріледі. «Екі әлсіздің ақысына мұқият болыңдар. Бірі – жетім, бірі – әйел».
«Сендердің ең қайырлыларың – әйелдері мен қыздарына қайырлы болғандарың» деген риуаят отбасына жақсы қарауға үндейді. Ибн Хажар Алла Елшісінің (с.а.с.) жиені Үмаманы көтеріп тұрып намаз оқығанын жаһилиядағы қыз бала туралы теріс түсінікті өзгертуге бағытталған іс деп пайымдаған.
Автор сүннет қыз баланы қорлаудан қорғап, әйел мен ердің рухани жауапкершілігін тең танығанын қорытындылайды. Әйелдің сауат ашып, білім алуға құқығы бар. Қызға жазу үйретуге болмайды деген хабар маудуғ, яғни ойдан шығарылған деп бағаланған. Автор сүннет киім мен өзге тәрбие мәселелерінде әйел мен ердің өзіндік ерекшелігін ескергенін де атап өтеді.
Сұхбат әдебі
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِيَّاكُمْ وَالظَّنَّ فَإِنَّ الظَّنَّ أَكْذَبُ الْحَدِيثِ، وَلَا تَجَسَّسُوا، وَلَا تَحَسَّسُوا، وَلَا تَنَافَسُوا، وَلَا تَحَاسَدُوا، وَلَا تَبَاغَضُوا، وَلَا تَدَابَرُوا، وَكُونُوا عِبَادَ اللَّهِ إِخْوَانًا كَمَا أَمَرَكُمُ اللَّهُ تَعَالَى: الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ، لَا يَظْلِمُهُ، وَلَا يَخْذُلُهُ، وَلَا يَحْقِرُهُ. بِحَسْبِ أَمْرِئٍ مِنَ الشَّرِّ أَنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ الْمُسْلِمَ. كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ، مَالُهُ وَدَمُهُ وَعِرْضُهُ. إِنَّ اللَّهَ لَا يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَجْسَادِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ. التَّقْوَى هَهُنَا، التَّقْوَى هَهُنَا، التَّقْوَى هَهُنَا، وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِهِ. أَلَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ، وَكُونُوا عِبَادِ اللَّهِ إِخْوَانًا. وَلَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يَهْجُرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَا ثٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ. التَّجَسُّسُ بِالجِيمِ: البَحْثُ عَنْ عَوْرَاتِ النِّسَاءِ، وَبِالْحَاءِ: اسْتِمَاعُ الْحَدِيثِ. وَالتَّدَابُرُ التَّقَاطُعُ وَالتَّهَاجُرُ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Жаман күдіктен сақтаныңдар. Күдік – сөздің ең жалғаны. Өзгенің жасырғанын тіміскілеп іздемеңдер, сөзін аңдып тыңдамаңдар, бақталаспаңдар, қызғанбаңдар, өшігіп, бір-біріңнен теріс айналмаңдар. Уа, Алланың құлдары! Алла бұйырғандай, бауыр болыңдар.
Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған қиянат жасамайды, жәрдемсіз қалдырмайды, кемсітпейді.
Адамға жамандық ретінде мұсылман бауырын кемсіткені де жетеді. Мұсылманның малына, қанына және ар-намысына қол сұғу өзге мұсылманға харам.
Алла сыртқы бейнелерің мен денелеріңе емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды. Тақуалық – осында, тақуалық – осында, тақуалық – осында”, – деп, көкірегін көрсетті.
Сөзін жалғап: “Бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар. Уа, Алланың құлдары, бауыр болыңдар. Мұсылманға бауырынан үш күннен артық сырт айналуға болмайды”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадистің өзге нұсқаларында қосымша тыйымдар кездеседі.
وَلَا تَنَاجَشُوا
«Бағаны өтірік көтермеңдер»2.
وَلَا تَهَاجَرُوا
«Бір-біріңмен араздасып, араларыңды үзбеңдер».
وَلَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ
«Біріңнің саудаңның үстінен екіншің сауда жасама»3.
وَلَا يَخْطُبُ الرَّجُلُ عَلَى خِطْبَةِ أَخِيهِ حَتَّى يَنْكِحَ أَوْ يَتْرُكَ
«Бауыры бір әйелге сөз салса, ол үйленбейінше немесе райынан қайтпайынша, басқа кісі сол әйелге сөз салмасын».
2. Хадис мұсылмандардың қарым-қатынасын бауырластыққа негіздейді. Тілі, өңі, мекені мен қоғамдағы орны әртүрлі болғанымен, иман иелері бір-біріне бауыр. Автор Пайғамбарды (с.а.с.) осы рухани бауырластықтың әкесіндей, ал жұбайларын «Мүміндердің аналары» деп атайды. Діндес адамға да туған бауырға жасалғандай жақсылық көрсету, оған да қиянат жасамау қажет.
Осы бауырластықтың негіздері
• Мұсылман бауыры жайында негізсіз жаман күдікке берілмеу керек. Ғалымдар мұны «су-и занн» деп атаған. Хадис көңілге келген күдік пен елден естіген қаңқу сөзді растамақ болып өзгенің соңына түсуге тыйым салады. Ибн Хажардың түсіндіруінше, өтірік екені көрініп тұрған сөзден сақтану оңай. Ал негізсіз күдік адамға шындықтай көрініп, соған сүйеніп әрекет етуге итермелейді. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар (яғни, өзге адамдар жайлы, әсіресе, мүмін бауырларың жайлы түрлі (жаман) ойларға берілуден аулақ болыңдар)! Өйткені ой атаулының бір парасы (яғни, өзгелер жайлы ойлаған жаман, яки арам ойлар) күнәға жатады! Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенді ұната ма?» – делінген4.
Кей ғалымдар бұл хадисті үкім бергенде ижтиһад пен жорамалға сүйенуге қарсы дәлел ретінде келтірген. Имам Нәуәуи хадистегі негізсіз күдіктің үкім шығару үшін дәлелді ой жүгіртуге қатысы жоқ екенін айтқан.
Тажассус пен тахассус
«Тажассус» өзгенің жасырған ісі мен кемшілігін іздестіруді білдіреді. «Тахассус» есту, көру және өзге сезім мүшелері арқылы хабар іздеу мағынасында жұмсалады. Хадис өзгенің сырын білу үшін аңдуға тыйым салады.
«Юсуф» сүресінде Яқуб (а.с.) ұлдарына: «Уа, ұлдарым! Барыңдар, Юсуф пен бауырын іздеңдер», – дейді (87-аят). Аяттағы іздеу мағынасы «тахассус» түбірінен берілген.
Қызғаныш
Хадисте біреудің қолындағы игіліктен айырылуын тілеуге тыйым салынған. Бұл сезім адамда өздігінен тууы мүмкін. Оған еріп қиянат жасау немесе шамасы жете тұра өзін тежеу адамның өзіне байланысты. Алла разылығы үшін қызғанышын тежей білу – нәпсімен күрестің бір түрі.
Бір риуаятта адамды жиі мазалайтын үш нәрсе аталады: жаман ырым, негізсіз күдік және қызғаныш. Олардың ықпалынан арылудың жолы да көрсетілген: «Жамандыққа жорыған ырым алдыңнан шықса, көздеген ісіңнен қайтпа. Күдікке берілсең, оның соңына түспе. Қызғансаң, сол сезімге еріп әрекет етпе».
Күдік пен қызғаныштан сақтану – соның жетегіне ермеу. Хасан әл-Басри: «Іштей қызғаныш сезбейтін адам жоқ. Кім өзін тежеп, соның кесірінен өзгеге қиянат жасамаса, қызғанышқа бой алдырмағаны», – дейді.
Тадабур
«Тадабур» бір-бірінен сырт айналу, араздасып араласпай кету дегенді білдіреді.
Ибн Абдулбәрр бұл сөзді жүз бұрып, кері кету мағынасымен түсіндірген. Кей ғалымдар оны дұшпандық деп ұққан. Қади Ияд хадистің мәнін «бір-біріңмен күреспей, өзара жәрдемдесіңдер» деп берген. Мәлик «кездескенде сәлем бермей, теріс айналу» деп түсіндірген. Мұндайда бірінші болып сәлем бергені қайырлы.
Табағуз
«Табағуз» бір-біріне өшігу дегенді білдіреді. Бұл сезімді адам өз еркімен тежей алады. Хадис өшпенділікке және оны туғызатын қылықтарға тыйым салады. Кей ғалымдар тыйымның негізгі нысаны кекке итермелейтін әрекеттер деп түсінген.
Ибн Хажар өшпенділікке тыйым салу нәпсінің жетегіне ермеуден кең ұғым екенін айтады. «Табағуз» екі тараптың өшігуін, ал «буғз» бір адамның жек көруін білдіреді. Ғалымдар Алла разылығы үшін теріс істі жек көруді бөлек қараған. Ізгі кісі өз ижтиһадымен өзгенің қателескенін пайымдап, сол қателікті ұнатпаса, бұл кешірімді болуы мүмкін.
• Хадистің соңында: «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңдар», – делінген. Бір нұсқада оған «Алла бұйырғандай» деген сөз қосылған.
Хадисте тыйым салынған қылықтардан арылу бауырластыққа бастайды, сол қылықтарға берілу араздық туғызады. «Бауыр болыңдар» деген өсиет бауырластықты әлсірететін істен тыйылып, оны бекітетін амалдарды жасауды қамтиды.
Құртуби «Бауыр болыңдар» деген сөзді «мейірімде, жанашырлықта, достықта және адалдықта бірге туғандай болыңдар» деп түсіндірген. Алла бұйырған бауырластық үшін Пайғамбардың (с.а.с.) осы өсиеттерін ұстану керек.
Ибн Абдулбәрр хадистен мынадай қорытынды шығарған: «Шариғи негізсіз мұсылманды жек көруге, одан теріс айналып, сөйлеспей қоюға, Алланың бергенін қызғануға болмайды. Мұсылман бауырындай араласып, кемшілігін іздемейді. Бұл міндет тірілермен қатар дүние салған мұсылмандарға да қатысты. Көп мәселеде екеуінің де ақысы ортақ».
- 1Бұхари, «Неке», 45, «Әдеп», 57–58, «Фараиз», 2. Мүслим, «Бирр», 28–34 (2563–2564). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 40, 56 (4882, 4917). Тирмизи, «Бирр», 18 (1928).
- 2Сатып алу ниеті болмаса да, өзге сатып алушыны қызықтырып, бағаны көтеру үшін әдейі жоғары баға ұсыну.
- 3Бағасына келіскен екі кісінің саудасын бұзу үшін үшінші адамның сатып алушыға өз тауарын арзан ұсынуы немесе сатушыға артығырақ ақша ұсынып, мәмілені өзіне бұруы.
- 4«Хужурат» сүресі, 12-аят.
وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ: رَدُّ السَّلَا مِ، وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ، وَاتِّبَاعُ الْجَنَازَةِ، وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ، وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ: «وَإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ، وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ».
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Мұсылманның мұсылмандағы ақысы бесеу. Сәлеміне жауап беру, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару және түшкірсе ‘Ярхамукаллаһ’ деу”, – деді»1.
Мүслімнің бір нұсқасында: «Шақырса, бар. Кеңес сұраса, ақылыңды айт», – деген қосымша бар.
Түсіндірме
1. Бұл нұсқада мұсылманның мұсылмандағы ақысы бесеу деп аталған. Тирмизидегі риуаятта олар алтау болып, алтыншысы «өзіңе қалағанды оған да қалау» деп көрсетілген. Басқа нұсқада жәбір көрген адамға жәрдем беру қосылып, жеті ақы аталады.
2. Хадисте аталған істер мұсылманның мұсылмандағы ақысы деп көрсетілген. Бір риуаятта сахаба: «Алла Елшісі (с.а.с.) бізге жеті нәрсені бұйырып, жеті нәрседен тыйды», – деген.
Ибн Хажардың айтуынша, кей ғалымдар аталған ақыларды өтеуді уәжіп деп санаған. Олар «Бір мұсылманға екінші мұсылманның алдында бес істі орындау уәжіп» деген риуаятты да дәлел еткен. Мәликилердің бір бөлігі мен заһирилердің көбі осы пікірде. Ибн Әбу Жамра кейбір ақыларды парыз айн, яғни әркімнің өзіне жүктелетін міндет деп түсіндірген. Ибн әл-Қайим хадистерде міндеттілік «ақы» сөзімен, бұйрық райымен және сахабалардың «Алла Елшісі бізге бұйырды» деген сөзімен де білдірілгенін көрсетеді. Оның пікірінше, фиқһ ғалымдары кейбір үкімді бұдан аз дәлелмен де уәжіп санаған. Ханафилер мен ханбалилердің көбі оларды парыз кифая деп қарайды: бір топ адам орындаса, қалғанынан міндет түседі. Шафиғилер мен мәликилердің бір бөлігі осы амалдарды мұстахаб санаған.
- 1Бұхари, «Жаназа», 2. Мүслим, «Сәлем», 4 (2162). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 98 (5030). Тирмизи, «Әдеп», 1 (2738). Нәсәи, «Жаназа», 52 (4/52).
وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَطْعِمُوا الْجَائِعَ، وَعُودُوا الْمَرِيضَ، وَفُكُّوا الْعَانِيَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ. «العَانِيَ» الْأَسِيرُ.
Қазақша аудармасы
Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Аш адамды тамақтандырыңдар, науқастың халін сұраңдар, тұтқынды азат етіңдер”, – деді»1.
- 1Бұхари, «Марда», 4, «Жиһад», 171, «Неке», 71, «Ахкам», 23. Әбу Дәуіт, «Жаназа», 11 (3105).
وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أَبَا ذَرٍّ لَا تَحْقَرَنَّ مِنَ الْمَعْرُوفِ شَيْئًا وَلَوْ أَنْ تَلْقَى أَخَاكَ بِوَجْهٍ طَلْقٍ. وَإِذَا اشْتَرَيْتَ لَحْمًا أَوْ طَبَخْتَ قِدْرًا فَأَكْثِرْ مَرَقَتَهُ وَأَغْرِفْ لِجَارِكَ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Қазақша аудармасы
Әбу Зәрр (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Уа, Әбу Зәрр! Ешбір жақсылықты, тіпті бауырыңды жылы жүзбен қарсы алуды да азсынба. Ет сатып алсаң немесе қазан ассаң, сорпасын молырақ етіп, көршіңе де құйып бер”, – деді»1.
Түсіндірме
«Мағруф» – ақыл мен шариғат құптаған ізгі іс. Қазақша «жақсылық» сөзі оның мағынасын береді. Оған Аллаға құлшылық, адамға қайырымдылық жасау, әділдік, отбасы мен өзге адамдарға жылы сөз айту жатады. Алла Елшісі (с.а.с.) жылы жүз танытуды да жақсылыққа жатқызған, өйткені ол мүміннің көңілін көтереді.
Көршіге берер сорпасы аз болса да, автор оны елеулі әрі қабыл болатын жақсылық деп түсіндіреді.
- 1Тирмизи, «Атғима», 30 (1834).