Хадис

Жолдас таңдау

Кутуб ситтә, 8-том, 452-тарау · 3 хадис · № 3332–3334

Хадистер

3332
Кутуб ситтә, № 3332 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّمَا مَثَلُ الْجَلِيسِ الصَّالِحِ وَالْجَلِيسِ السَّوْءِ كَحَامِلِ الْمِسْكِ وَنَافِخِ الْكِيرِ، فَحَامِلُ الْمِسْكِ إِمَّا أَنْ يُحْذِيَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَبْتَاعَ مِنْهُ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ رِيحًا طَيِّبَةً، وَنَافِخُ الْكِيرِ إِمَّا أَنْ يُحْرِقَ ثِيَابَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ رِيحًا خَبِيثَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Жақсы жолдас пен жаман жолдас жұпар иіс сатушы мен көрік басқан ұстаға ұқсайды. Жұпар иіс сатушы саған иісінен сыйлайды, не одан өзің сатып аласың, не болмаса оның жанында жүріп жұпар иісін сезесің. Көрік басқан ұста киіміңді күйдіріп жібереді немесе одан жағымсыз иіс сезесің”»1.

Түсіндірме

Миск – жұпар бұғысынан алынатын хош иіс. Ибн Хажар оның қалай пайда болатыны жөнінде мынадай түсінік келтірген: «Жылдың белгілі бір мезгілінде жануардың кіндік тұсына қан жиналып, сол жер ісінеді. Ісік түскенше жануар мазасызданады. Сол өңірдің адамдары ісіктің түсуін тездету үшін түрлі амал қолданған. Жахыз бұл жануардың Қытайды мекендейтінін айтады».

Ғалымдар мискті, шығу тегі қан деп түсіндірілгенімен, табиғаты өзгергендіктен таза деп есептеген. Денеге не киімге жағуға болады. Мұсылман ғалымдары мисктің тазалығына бірауыздан келіскен.

Алла Елшісі (с.а.с.) мен сахабалары мискті хош иіс ретінде қолданған. Ол иістердің ең жақсысы саналған.

Алла Елшісі жақсы жолдасты миск сатушыға теңеген. Жақсы жолдастың дүниеге не ақыретке пайдасы тиіп, ізгілігі бойға сіңеді. Хадис сондай адаммен дос болуға үндеп, дүниеңе не ақыретіңе зиян келтіретін кісімен жолдастықтан сақтандырады.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 38-тарау, «Забаих», 31-тарау (№2101, №5534); Мүслим, «Бирр», №2628.
3333
Кутуб ситтә, № 3333 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْمَجَالِسُ بِالْأَمَانَةِ إِلَّا ثَلَاثَةَ مَجَالِسَ: سَفْكُ دَمٍ حَرَامٍ، أَوْ فَرْجٌ حَرَامٌ، أَوِ اقْتِطَاعُ مَالٍ بِغَيْرِ حَقٍّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Мәжілісте болған нәрсе – аманат. Тек үш жағдай бұған жатпайды: жазықсыз қан төгу, харам жыныстық қатынас және біреудің мал-мүлкін заңсыз иемдену”»1.

Түсіндірме

Ибн Расланның пайымдауынша, мәтінде айтылмай қалған сөз бар. Сонда хадис екі түрлі ұғынылады: «Мәжіліске көрік беретін – оған қатысушылардың сенімділігі» немесе «Мәжілістің абыройы мен көркі онда айтылған сөз бен істелген істі қатысушылардың аманат деп білуіне байланысты».

Әли әл-Қари «Мирқатта» хадисті былай түсіндіреді: «Мүмін мәжіліске қатысқан біреудің ұнамсыз қылығын көрсе, оны жұртқа жаймауы керек. Алайда аталған үш жамандық бұл қағидаға бағынбайды».

Осы үш істің бірі жасалған не оны жасауға уағдаласқан мәжілісте болғандар үнсіз қалмауға тиіс. Олар қолдан келгенше қарсылық білдіріп, істің алдын алып немесе жауапты орынға хабарлауы керек. Әйтпесе, зұлымдыққа үн қатпай, күнәға ортақтасқан болады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 37-тарау, №4869.
3334
Кутуб ситтә, № 3334 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي حَاجَةٍ فَأَبْطَأْتُ عَلَى أُمِّي، فَلَمَّا جِئْتُ قَالَتْ: مَا حَبَسَكَ؟ قُلْتُ: بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي حَاجَةٍ. قَالَتْ: وَمَا هِيَ؟ قُلْتُ: إِنَّهَا سِرٌّ. قَالَتْ: لَا تُحَدِّثَنَّ بِسِرِّ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَحَدًا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) айтады: «Алла Елшісі (с.а.с.) мені бір шаруамен жұмсаған соң, анама кешігіп бардым. Келгенімде ол: “Неге бөгелдің?” – деп сұрады. “Алла Елшісі (с.а.с.) мені бір шаруамен жұмсады”, – дедім. “Қандай шаруа?” – деді. “Ол – құпия”, – деп жауап бердім. Сонда анам: “Алла Елшісінің (с.а.с.) сырын ешкімге айтпа”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадис сыр сақтау жайында. Бұхари оны «Сыр сақтау» тарауына енгізген. Риуаяттың бірнеше нұсқасы бар.

Кейбір ғалымдар бұл сыр Алла Елшісінің жұбайларына қатысты болуы мүмкін деп жорамалдаған. Олардың пайымынша, мәселе бұған қатыссыз болса, Әнәс оны жасырмас еді. Ибн Баттал ғалымдардың пікірін былай жеткізеді: «Иесіне зиян келтіретін сырды жария етуге болмайды. Көпшілігінің пікірінше, адам дүние салған соң, тірі кезінде жасырылған сырды айтуға болады. Тек бұл марқұмның абыройына нұқсан келтірмеуі керек».

Ибн Хажардың түсіндіруінше, адамның сырын ол дүние салған соң айтуға қатысты үкім сырдың сипатына қарай өзгереді.

1. Айтуға рұқсат етілген сыр. Кейде оны айту, тіпті иесі қаламаған болса да, мұстахаб болады. Бұған адамның ізгі қасиеттерін танытатын өнегелі оқиғалар мен кереметтер жатады.

2. Айтуы мәкруһ сыр. Мұндай сырды жариялау кейде харам болуы да мүмкін. Ибн Батталдың меңзегені осы болуы ықтимал.

3. Айтуы уәжіп сыр. Мәселен, марқұмның атқара алмай кеткен міндетін жақындары өз мойнына алуы үшін оларға оны хабарлау қажет.

Сыр сақтау жайында Әнәс (р.а.) «Сырымды сақта, сенімді бол!» деген сөзді жеткізген. Тағы бір риуаятта «Бір-біріне сеніп сөйлескендердің ешқайсысы жолдасына ұнамайтын нәрсені жария етпесін» делінеді. Енді бір хадисте: «Біреу бір сөз айтып, артынша жан-жағына қараса, ол сөз – аманат», – делінген.

Сыр сақтай білу – жолдастықтың маңызды әдебі. Жұрт сырын ұстай алмайтын адамды ұнатпайды. Ондай кісімен тым жақын араласу да құпталмайды.

  1. 1Бұхари, «Истизан», 46-тарау; Мүслим, «Фәдәил әс-сахаба», №2482а. Мәтін Мүслим нұсқасынан.