عَنْ حُمَيْدِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «سَمِعْتُ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَنْ يُرِدِ اللَّهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ فِي الدِّينِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ.
Хумайд ибн Абдуррахман былай дейді: «Муғауияның (р.а.) “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Алла кімге жақсылық қаласа, оны дінге жетік етеді’ дегенін естідім” деген сөзін естідім». Тирмизи осы хадисті Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген.1
Түсіндірме
1. Бұхаридегі нұсқада: «Алла кімге жақсылық қаласа, оны дінге жетік етеді. Мен үлестіремін, беруші – Алла. Бұл үмбет Алланың әмірін орындауын жалғастыра береді. Алланың әмірі (қиямет) келгенше қарсы шыққандар оған зиян тигізе алмайды», – делінген.
2. Ибн Хажар бұл хадистен үш тұжырым шығарады.
1) Ілім үйрену – абзал іс.
2) Ілімді дарытатын да, несібені беретін де – Алла.
3) Үмбеттің бір тобы қияметке дейін ақиқатты ұстанады.
Ибн Хажар былай дейді: «Бірінші тұжырым ілімге қатысты, екіншісі садақаға қатысты. Сондықтан Мүслим бұл хадисті “Зекет”, Бұхари “Хумус” бөлімінде келтірген. Үшіншісі қиямет белгілеріне қатысты. Хадис қай дәуірде де мүжтәһидтер болатынын білдіргендіктен, Бұхари оны “Иғтисам” (сүннетті берік ұстану) бөлімінде де келтірген».
3. Қияметтің таяуы туралы айтылған сөз жүрегінде аз да болса иманы бар кісінің жанын самал жел алатынын меңзейді. Мүміндер қиналмай жан тапсырған соң, жер бетінде иман етпегендер ғана қалады. Қияметтің үрейі мен азабын солар көреді.
4. Хадис фиқһты меңгеру үздіксіз оқумен қатар, Алланың берген берекесіне де байланысты екенін білдіреді. Сондықтан ілімді Алланың разылығы үшін іздеген жөн. Өтірік пен ғайбатқа бой алдырып, фиқһты өзге мақсатпен үйренген адам бұл рақымнан қағылады. Оған шынайы ықылас пен дұрыс ниет жетіспейді.
Ғалымдардың түсінуінше, фиқһты ықыласпен үйренген адам Алланың рақымына бөленеді. Мұндай адамдар қияметке дейін үмбеттен үзілмейді.
5. Бұхари бұл топты ілім иелері деп түсінген. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлар хадис иелері болмаса, кім екенін білмеймін», – деген. Қади Ияд Ахмад ибн Ханбал бұл сөзбен әһлі сүннетті және хадис иелерінің жолын ұстанғандарды меңзегенін айтады.
Нәуәуи де осы пікірді қолдайды: «Алланың әмірін орындаған бұл топ әртүрлі кісіден құралуы мүмкін. Олардың арасында мүжтәһид, фақиһ, хадисші, зәһид және жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын адамдар бар. Олардың бір жерде тұруы шарт емес. Аталған топтардың кейбірі болып, кейбірі болмауы да мүмкін. Уақыт өте біртіндеп азайып, ақырында бір тобы ғана қалуы ықтимал. Жер бетінде олардың бәрі өмірден өткенде, Алланың әмірі, яғни қиямет келеді».
6. Ибн Хажар: «Хадистен діннің негіздері мен тармақтарын үйренбеген кісінің қайырдан қағылатыны аңғарылады», – дейді. Осы мағынаны қуаттау үшін Әбу Яғла жеткізген «Дінін терең ұғынбаған кісіге Алла мән бермейді» деген риуаятты келтіреді. Ибн Хажар риуаяттың жеткізілу тізбегі әлсіз болғанымен, мағынасы дұрыс екенін айтады. Өйткені дін мәселесін оқып-үйренбеген адам фақиһ та, фиқһ шәкірті де бола алмайды. Осыдан ғалымның қарапайым кісіден артықшылығы байқалады.
- 1Бұхари, «Хумус», 7, «Ілім», 13 (№ 71), «Иғтисам», 10. Мүслим, «Зекет», 98, 100 (№ 1038), «Имарат», 98. Тирмизи, «Ілім», 1 (№ 2645, Ибн Аббас нұсқасы).