Хадис

Ілімнің алынуы

Кутуб ситтә, 9-том, 562-тарау · 3 хадис · № 4138–4140

Хадистер

4138
Кутуб ситтә, № 4138 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

عَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبِضُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا يَنْتَزِعُهُ مِنَ النَّاسِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ. حَتَّى إِذَا لَمْ يُبْقِ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُؤُوسًا جُهَّالًا، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла ілімді (бергеннен кейін) адамдардың (жүрегінен) жұлып алмайды. Ол ілімді ғалымдардың жанын алу арқылы алады. Бірде-бір ғалым қалмағанда, жұрт надан адамдарды өзіне басшы етеді. Олардан үкім сұралса, білмей тұрып (өз ойларымен) пәтуа береді. Сөйтіп, өздері де адасады, өзгелерді де адастырады».1

Түсіндірме

1. Жақша ішіндегі сөздер хадистің өзге нұсқаларынан алынған.

2. Расулалла (с.а.с.) мұнда жұртты ілім алуға өзгеше тәсілмен ынталандырады. Ілім мұсылмандардың арасынан білім иелерінің көкірегінен бір сәтте суырылып алыну арқылы емес, ғалымдардың бірінен соң бірі дүние салуымен кетеді. Ислам үмбеті осы қауіпті ескеріп, жаңа ғалымдар тәрбиелеудің қамын жасауы керек. Мектеп пен медресе ашып, шәкірттерге баспана тауып, шәкіртақы беру, озаттарды марапаттау, еңбек жазғандарды қаржылай әрі рухани қолдау – сондай шаралардың қатарына жатады.

Бүгінде мемлекетімізде спортты дамытуға қалай дем беріліп жүргенін көріп жүрміз. Табысты спортшыларға баспана, автокөлік, қомақты ақшалай сыйлық беріледі, олардың атағы шығады. Мұның бәрі жастарды осы салаға тартып, талап-талантын сол бағытта жетілдіру үшін жасалады. Расулалла (с.а.с.) осы хадисімен ілімді де осылай қолдауға үндейді. Ибн Хажар: «Ілім іздеушілер барда ілім алынбайды», – дейді. Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта ілімнің алынуы Қиямет белгілерінің бірі екені айтылады. Ахмад ибн Ханбал келтірген Әбу Умаманың риуаяты бойынша, Расулалла (с.а.с.) бұл жайды қоштасу қажылығында айтқан. Ол: «Ілім алынбай тұрып, оны меңгеріңдер», – дегенде, бір бәдәуи: «Ілім қалай алынады?» – деп сұрайды. Расулалла (с.а.с.): «Ілімнің кетуі оны бойына жиған ғалымдардың дүниеден өтуімен болады», – деп, осыны үш рет қайталайды. Ибн әл-Мунәййирдің айтуынша, ілімді көкіректен суырып алу да Алланың құдіретінде. Алайда бұл хадис ілімнің олай алынбайтынын білдіреді. Хадис ілімді сақтауға үндеп, надандарға басшылық бермеуді де ескертеді. Пәтуа беру – басшылықтың бір түрі. Білмей тұрып пәтуа беруге батылы жеткендер айыпталады. Ғалымдардың көпшілігі әр дәуірде мүжтаһид болады деген пікірге келген және осы хадисті мүжтаһид шықпайтын заман туады деген пікірге қарсы дәлел еткен.2

Ғалымдар дүниеден өткенде ілім де жоғалып кетеді деп қауіптенген Омар ибн Абдулазиз олардың білімін жазба түрде сақтаудың амалын қарастырып, хадистерді жинауға мемлекеттік жарлық берді. Мұның егжей-тегжейі бірінші томның «Тәдуин» тарауында баяндалған (113–116-беттер).

  1. 1Бұхари, «Ілім» (№ 100), «Иғтисам» (№ 7307). Мүслим, «Ілім», 13 (№ 2673). Тирмизи, «Ілім», 5 (№ 2652, Ибраһим Жанан басылымында № 2654).
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 11-том, 522–523-беттер.
4139
Кутуб ситтә, № 4139 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَشَخَصَ بِبَصَرِهِ إِلَى السَّمَاءِ. ثُمَّ قَالَ: هَذَا أَوَانٌ يُخْتَلَسُ الْعِلْمُ مِنَ النَّاسِ حَتَّى لَا يَقْدِرُوا مِنْهُ عَلَى شَيْءٍ فَقَالَ: زِيَادُ بْنِ لَبِيدٍ الْأَنْصَارِيُّ: كَيْفَ يُخْتَلَسُ الْعِلْمُ مِنَّا وَقَدْ قَرَأْنَا الْقُرْآنَ؟ فَوَاللَّهُ لَنَقْرَأَنَّهُ وَلَنُقْرِئَنَّهُ أَوْلَادَنَا وَنِسَاءَنَا. فَقَالَ: ثَكِلَتْكَ أُمُّكَ يَا زِيَادُ، إِنْ كُنْتُ لَأَعُدُّكَ مِنْ فُقَهَاءِ أَهْلِ الْمَدِينَةِ، هَذِهِ التَّوْرَاةُ وَالْإِنْجِيلُ عِنْدَ الْيَهُودِ وَالنَّصَارَى، فَمَاذَا تُغْنِي عَنْهُمْ؟ قَالَ جُبَيْرٌ: فَلَقِيتُ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقُلْتُ: أَلَا تَسْمَعُ مَا يَقُولُ أَخُوكَ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ؟ فَأَخْبَرْتُهُ بِالَّذِي قَالَ، فَقَالَ: صَدَقَ؛ فَإِنْ شِئْتَ أَخْبَرْتُكَ مَا أَوَّلُ عِلْمٍ يُرْفَعُ؟ أَوَّلُ عِلْمٍ يُرْفَعُ مِنَ النَّاسِ الْخُشُوعُ يُوشِكُ أَنْ تَدْخُلَ الْمَسْجِدَ الْجَامِعَ فَلَا تَرَى فِيهِ رَجُلًا خَاشِعًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «شَخَصَ بِبَصَرِهِ» إِذَا نَظَرَ إِلَى شَيْءٍ دَائِمًا فَلَمْ يُرَدَّ عَنْهُ نَظَرَهُ كَنَظَرِ الْمَبْهُوتِ وَالْمَغْمَى عَلَيْهِ. وَ«الِاخْتِلَاسُ» الِاسْتِلَابُ، وَأَخْذُ الشَّيْءِ بِسُرْعَةٍ. وَ«الثَّكْلُ» فَقْدُ الْأُمِّ وَلَدَهَا.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрда (р.а.) былай дейді: «Расулалламен (с.а.с.) бірге едік. Ол аспанға көз тігіп тұрып: “Ілімнің адамдардан алынып, одан ештеңе меңгере алмай қалатын кезі осы”, – деді. Зияд ибн Ләбид әл-Ансари: “Құран оқып жүрген бізден ілім қалай алынады? Алланың атымен ант етемін, біз Құранды өзіміз де оқимыз, балаларымыз бен әйелдерімізге де оқытамыз!” – деді. Расулалла (с.а.с.): “Әттеген-ай, Зияд! Мен сені Мәдинаның фақиһтарының бірі деп жүрсем. Міне, Тәурат пен Інжіл яһудилер мен христиандардың қолында. Олардың бұл кітаптардан көріп отырған пайдасы қанша?” – деді».

Жубәйр былай дейді: «Убада ибн әс-Самитпен (р.а.) кездесіп: “Бауырың Әбуд-Дәрданың не айтқанын естідің бе?” – деп, болған жайды баяндадым. Ол: “Әбуд-Дәрда рас айтқан. Қаласаң, адамдардан ең әуелі қандай ілім алынатынын айтайын. Алғаш алынатын ілім – хушуғ, яғни Алланың алдында кішірейіп, Оған ықыласпен берілу. Көп ұзамай үлкен мешітке кіріп, бойында хушуғ бар бірде-бір адамды көрмейтін боласың”, – деді».1

Түсіндірме

1. Зияд ибн Ләбид – мәдиналық ансар сахаба. Ол һижреттен бұрын Меккеге, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасына барып, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғанға дейін сонда қалды. Сол себепті «мұһажир ансар» атанған. Бәдір, Ұхуд, Хандақ және басқа да жорықтарға қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) оны Хадрамаутқа қызметке жіберген. Муғауияның (р.а.) халифалығы тұсында дүние салды.

2. Зияд ибн Ләбид Расулалланың (с.а.с.) сөзіне таңданып, Құранды өздері де, балалары да оқитынын, бұл Қияметке дейін жалғасатынын меңзеді. Құранда ﴿إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ﴾ «Шүбәсіз, осынау зікірді Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»2 делінген. Құранның Қияметке дейін сақталатынына кепілдік берілсе, ілімнің алынатыны қалай? Расулалла (с.а.с.) бұған кітап иелерін мысал етті. Олар Тәурат пен Інжілді оқығанымен, үкімдеріне амал етпеген соң, оқығандарынан пайда көрмеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың да осындай күйге түсуінен қауіптенген. Ілімін ісіне жаратпаған адам наданнан да төмен қалады. «Жұма» сүресінде Кітапты оқып, оған амал етпегендер кітап артылған есекке теңеледі. Аятта ﴿مَثَلُ الَّذِينَ حُمِّلُوا التَّوْرَاةَ ثُمَّ لَمْ يَحْمِلُوهَا كَمَثَلِ الْحِمَارِ يَحْمِلُ أَسْفَارًا﴾ «Тәуратты арқалағаннан кейін оны тиісінше көтере алмағандардың мысалы бейне бір көп кітап арқалаған есекке ұқсайды»3 делінген.

Али әл-Қари былай дейді: «Кітап иелері Інжіл мен Тәуратты оқып, үкімдеріне амал етпеген соң пайда көрмегені сияқты, мұсылмандар да Құранды оқумен шектеліп, іс жүзінде орындамаса, олардан айырмасы қалмайды».

3. Хушуғ – намазда дауыс пен көзді намаз әдебіне сай ұстау, Алланың алдында дәрменсіздігіңді сезініп, Жаратушының құдіретіне мойынсұна кішірею.

  1. 1Тирмизи, «Ілім», 5 (№ 2653, Ибраһим Жанан басылымында № 2655).
  2. 2«Хижр» сүресі, 9-аят.
  3. 3«Жұма» сүресі, 5-аят.
4140
Кутуб ситтә, № 4140 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ عَبْدِ الْعَزِيزِ رَحِمَهُ اللَّهُ، أَنَّهُ كَتَبَ إِلَى أَبِي بَكْرِ بْنِ حَزْمٍ: «انْظُرْ مَا كَانَ مِنْ حَدِيثِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَاكْتُبْهُ. فَإِنَّي خِفْتُ دُرُوسَ الْعِلْمِ وَذَهَابَ الْعُلَمَاءِ، وَلَا تَقْبَلْ إِلَّا حَدِيثَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَلْيَفْشُوا الْعِلْمَ وَلْيَجْلِسُوا لَهُ حَتَّى يُعَلَّمَ مَنْ لَا يَعْلَمُ. فَإِنَّ الْعِلْمَ لَا يَهْلِكُ حَتَّى يَكُونَ سِرًّا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ. «يُفْشُوا» أَيْ يُظْهِرُوا.

Қазақша аудармасы

Омар ибн Абдулазиздің Мәдина уәлиі Әбу Бәкір ибн Хазмға жазған хатында былай делінген: «Расулалладан (с.а.с.) жеткен хадистерді іздестіріп, жазып ал. Ілімнің өшуінен, ғалымдардың дүниеден өтуінен қорқамын. Расулалланың (с.а.с.) хадисінен өзге сөзді қабылдама. Ғалымдар ілімді жайсын, білмегендер үйренсін деп, ілім мәжілістерін өткізсін. Ілім құпияға айналғанда ғана жоғалады».1

Түсіндірме

Бұл риуаят сүннетті қағазға түсіру ісіне мемлекет қолдау көрсетіп, қайырлы істің басталғанын білдіреді. Кей деректерде Омар ибн Абдулазиз осы хатты барлық уәлаятқа жолдағаны айтылады. Ал бұл риуаят Мәдина уәлиі Әбу Бәкір ибн Хазмға жазылған хатты келтіреді. Бұл жөнінде бірінші томның «Тәдуин» тарауында толығырақ баяндалады (113–118-беттер).

Кешірім тілеу және Алланың кешірімі

Кешірім тілеу мен Жаратушының кешіруі күнә және тәубе ұғымдарымен тығыз байланысты. Адам табиғатында күнәға бой алдыру бар. Жаратушы оған тәубе етуді бұйырған. Адам тәубе етіп, кешірім тілесе, Алла оның күнәсін кешіріп, бойын тазартады. Адам осылайша өзінің құл екенін тереңірек сезініп, рухани дәрежесі өседі. Бұл ұғымдарды Исламдағы тұтас түсінік аясында қарастыру үшін әңгімені адамның жаратылуынан, алғашқы күнә мен кешірімнен бастаған жөн.

Жаратылыс. Адам баласы періштелер мен жануарлардың қасиеттері тоғысқан өзгеше жаратылыс иесі. Жануардың қалауы мен шаһуаты бар, бірақ ақылы болмағандықтан, оған сұрау да, есеп те жоқ. Періштелердің санасы бар, бірақ шаһуаты, нәпсілік қалауы жоқ. Олар жамандық жасамайды, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарады. Ал адамға жануардағы шаһуат та, періштедегі ақыл да берілген. Ол жақсылық пен жамандықты ажырата алады және ұстанатын шариғаты бар. Ақылы мен еркін ізгілікке жұмсаса, періште дәрежесіне көтеріледі. Ақылы мен еркін жамандыққа жұмсаса, жануар дәрежесіне, тіпті одан да төмен түседі. Алла тағала адамға осы екі жолдың бірін таңдау мүмкіндігін берген. Көтерілу жолы – ақыл мен ерікті жақсылыққа жұмсап, Алла белгілеген шариғат шегінен шықпау. Құлдырау – шаһуаттың жетегінде кетіп, оны ту ету, ақылды жамандыққа жұмсау. «Тин» сүресінде бұл туралы ﴿لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ ۝ ثُمَّ رَدَدْنَاهُ أَسْفَلَ سَافِلِينَ ۝ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ فَلَهُمْ أَجْرٌ غَيْرُ مَمْنُونٍ﴾ «Біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық. Содан соң оны ең төменге түсірдік. Алайда иман келтіріп, ізгі істер істегендердің жөні бөлек. Олар үшін әсте түгесілмейтін қисапсыз сый-сияпат бар.» делінген (4–6-аяттар).

Адамның жақсылық пен жамандықтың бірін таңдау арқылы сыналатынын имам Ғазали былай түсіндіреді: «Жамандық адам жаратылған топырақпен бірге иленген, одан сирек жағдайда ғана арылуға болады. Сондықтан адамның ұмтылатын ісі – бойындағы жамандығын жақсылығына жеңдіру».

Адамның өзге жаратылыстардан бір айырмасы – ол жақсылығының да, жамандығының да қарымын көреді. Ақыретте оны «Неге істедің?» және «Неге істемедің?» деген сұрақтар күтіп тұр. Мейлі жануар дәрежесіне түссін, мейлі періште дәрежесіне көтерілсін, бұл есептен құтыла алмайды.

Сынақ өмір бойы жалғасады. Бір күнә жасаған адам біржола сынақтан сүрінді деп саналмайды, өйткені жан тапсырғанға дейін күнәсін жуып-шаюға мүмкіндігі бар. Сол сияқты бір жақсылық жасаған жанға да жәннат кепілденбейді. Жамандық жасаған адам жақсылыққа бет бұра алады, жақсылық жасап жүрген адам да жамандыққа ұрынуы мүмкін.

Адам жақсылық пен жамандықтың қай-қайсысынан да бір қадам жерде тұрғандықтан, Алла тағала тәубе етуді бұйырған. Күнә жасаған адам тәубеге келсе, Жаратушы оның күнәларын кешіреді. Алланың «Рахман», «Рахим» есімдері Оның құлына рақымды, мейірімді екенін білдіреді. Оның «Ғафур» (күнәларды кешіруші) және «Афуу» (жазадан өткеруші) деген есімдері де бар.

Науқастансақ, Аллаға «Шәфи» есімімен жалбарынып, дертімізге дауа сұраймыз. Мұқтаждық туса, «Раззақ» есімін еске алып, ризық тілейміз. Жаратушының мұндай есімдері мен сипаттары көп.

Адам күнә мен кешірім арқылы Алла тағаланың сипаттарын тереңірек таниды. Бұл тұста Исламның күнә туралы түсінігі мен христиандықтағы түпкі күнә ілімінің айырмасын ескеру керек. Христиандық ілім бойынша, Адам ата мен Хауа ана жәннатта тыйым салынған жемісті жегенде, сол күнә олардың ұрпағына да өткен. Исламда адам дүниеге күнәсіз, таза күйде келеді, бірақ табиғатында күнә жасауға бейімділік бар. Балиғатқа дейін істеген күнәлары жазылмағанымен, есейген соң үлкенді-кішілі күнәдан мүлде ада болуы қиын. Христиандықта түпкі күнәдан арылу шоқыну рәсімімен байланыстырылады. Исламда істеген күнә тәубе арқылы кешіріледі. Жаратушының рақымынан үміт еткен адам кез келген күнәсіне шын ықыласпен, нық шешіммен тәубе ете алады. Ең ауыр күнә – күпірлік пен Аллаға серік қосу. Олардан қайтып, иман келтіру де тәубенің қабыл болатын түріне жатады. Бұл жөнінде Құранда ﴿قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ﴾ «Құлдарыма мына сөзімді айтып жеткіз: “Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!”» делінген («Зүмәр» сүресі, 53-аят).

  1. 1Бұхари, «Ілім», 34-тараудың кіріспесі, № 100 хадистің алдында.