Хадис

Мүдәббәр және мүкатәбә

Кутуб ситтә, 9-том, 570-тарау · 9 хадис · № 4178–4186

Хадистер

4178
Кутуб ситтә, № 4178 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا أَعْتَقَ غُلَامًا لَهُ عَنْ دُبُرٍ فَاحْتَاجَ، فَأَخَذَهُ النَّبِيُّ ﷺ فَقَالَ: مَنْ يَشْتَرِيهِ مِنِّي؟ فَاشْتَرَاهُ نُعَيْمُ بْنُ عَبْدِ اللَّهِ بْنُ النَّحَّامِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِكَذَا وَكَذَا فَدَفَعَهُ إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Бір кісі құлын өзі дүниеден өткен соң азат болатындай етіп босатпақ болды. Кейін өзі мұқтаждыққа ұшырады. Пайғамбар (с.а.с.) құлды алып: “Мұны менен кім сатып алады?” – деді. Оны Нұғайм ибн Абдулла ибн ән-Наххам белгілі бір бағаға сатып алды. Пайғамбар (с.а.с.) құлды сатып алушыға тапсырды».1

Түсіндірме

1. Құл иесі: «Құлым мен өлген соң азат болсын», – десе, ол құл «мүдәббәр» аталады. Өйткені оның бостандығы иесінің өліміне байланысты. Бұл атау «дубур» түбірінен шыққан.

2. Хадис мұқтаждық туған кезде мүдәббәр құлды сатуға болатынын көрсетеді. Мұндағы құл иесіне құлдың құны қажет болған. Риуаятта егжей-тегжейлі баяндалмаса да, ол жағдайын Алла елшісіне жеткізген. Пайғамбар (с.а.с.) мәселені құлды сату арқылы шешкен. Бұхаридің бір нұсқасында өзге мал-мүлкі жоқ кісі жалғыз құлын өзі өлген соң азат болатындай еткен. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.) құлды сегіз жүз дирхамға сатып, ақшасын әлгі кісіге берген.

3. Көптеген дереккөзде құлдың сегіз жүз дирхамға сатылғаны айтылады.

4. Риуаяттардың бірінде құл иесінің қарызы, екіншісінде өзге малының жоқтығы, тағы бірінде мұқтаждығы айтылады. Мұның бәрі мүдәббәрді сатуға не себеп болғанын көрсетеді. Нұсқалардың көпшілігінде құл иесінің көзі тірісінде сатылған. Тек Шәриктің Сәләма ибн Куһәйлден жеткізген нұсқасында: «Бір адам қайтыс болып, артында мүдәббәр құл мен қарыз қалды. Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығымен қарызды өтеу үшін құл сатылды», – делінген. Бұл хадисті келтірген Дарақутни Әбу Бәкір ән-Нәйсабуридің Шәрик нұсқасын қате деп бағалағанын жеткізеді.

Алауддин Мағұлтай «әт-Тәлуих» кітабында мүдәббәрді сату туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі екенін айтады.

Әбу Ханифа, Мәлик және Куфа ғалымдарының бір тобы иесінің мүдәббәр құлын сатуға құқығы жоқ деген.

Шафиғи, Ахмад, Әбу Сәур, Исхақ пен заһирилер мүдәббәрді сатуға рұқсат деген. Айша, Мүжәһид, Хасан Басри және Тауыс та осы пікірді ұстанған.

Ибн Омар, Зәйд ибн Сәбит, Мұхаммед ибн Сирин, Ибн әл-Мүсәйяб, Зуһри, Шағби, Нахағи, Ибн Әбу Ләйла және Ләйс ибн Сағд мұны мәкрүһ санаған.

Әузағи: «Азат еткісі келген адам оны сатып ала алады», – деген. Ахмад ибн Ханбалдан да құл иесінің қарызын өтеу үшін сатуға рұқсат деген пікір жеткен.

Мәликтен: «Иесі қайтыс болған соң сатылады, тірі кезінде сатылмайды», – деген пікір де жеткен.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 59, 110, «Истиқраз», 16, «Хусумат», 2, «Итқ», 9, «Кәффарат әл-айман», 7, «Икраһ», 4, «Ахкам», 32. Мүслим, «Әйман», 41, (997). Әбу Дәуіт, «Итқ», 9, (3955, 3956, 3957). Тирмизи, «Буюғ», 11, (1219). Нәсәи, «Буюғ», 84, (7, 304).
4179
Кутуб ситтә, № 4179 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «دَبَّرَ جَارِيَتَيْنِ لَهُ فَكَانَ يَطَؤُهُمَا وَهُمَا مُدَبَّرَتَانِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) екі күңін өзі дүниеден өткен соң азат болатындай еткен. Олардың мүдәббәр болуына қарамастан, олармен жақындасып жүрген».1

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Мүдәббәр», 4 (2/814).
4180
Кутуб ситтә, № 4180 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ كَاتَبَ عَبْدَهُ عَلَى مِائَةِ أُوقِيَّةٍ فَأَدَّاهَا إِلَّا عَشْرَ أَوَاقٍ فَهُوَ عَبْدٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб әкесінен, әкесі атасынан Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім құлымен жүз уқияға азаттығын сатып алу жөнінде келіссе, құлы сол соманың он уқиясынан басқасын төлеген күннің өзінде құл күйінде қалады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 1, (3927). Тирмизи, «Буюғ», 35, (1260). Ибн Мәжа, «Итқ», 3, (2519).
4181
Кутуб ситтә, № 4181 · тараудағы реті: 4

وَلِأَبِي دَاوُدَ: «الْمُكَاتَبُ عَبْدٌ مَا بَقِيَ عَلَيْهِ مِنْ مُكَاتَبَتِهِ دِرْهَمٌ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің бір риуаятында: «Мүкатәбтің келісім бойынша мойнында бір дирхам қарызы қалса да, ол құл күйінде қалады»1, – делінген.

Түсіндірме

Мүкатәбә немесе китабат – құл мен иесінің арасында жасалатын, құлдың өз азаттығын сатып алуын көздейтін келісім. Келісім бойынша құл не күң белгіленген соманы иесіне төлеп, азаттығына қол жеткізеді. Келісім жасасқан құлды «мүкатәб», иесін «мүкатиб» деп атайды.

Алдыңғы риуаяттарда құлдың қарызын түгел өтеген соң азат болатыны айтылады. Ибн әт-Тин мүкатәбә келісімінің Исламнан бұрын да болғанын және Исламның оны мойындағанын айтады. Алғашқы буын ғалымдарының бұл мәселеде түрлі пікірі бар.

Абдулла ибн Сәбит, Зүбәйір, Сүлеймен ибн Ясар, Зәйд ибн Сәбит, Айша және имам Мәлик мүкатәбтің аз да болса қарызы қалса, құл күйінде қалатынын айтқан.

Әли (р.а.): «Қарызының жартысын төлесе, құлдықтан босап, борышкерге айналады», – деген. Одан құлдың төлеген мөлшеріне қарай азат болатыны жайлы пікір де жеткен.

Ибн Мәсғуд: «Құл екі жүз дирхамға келісім жасасқанымен, шын құны жүз дирхам болса, сол жүз дирхамды төлеген соң азат болады», – деген.

Ата: «Мүкатәб келісілген соманың төрттен үшін төлесе, азат болады», – деген.

Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбардан (с.а.с.): «Мүкатәб төлеген мөлшеріне қарай азат болады», – деген риуаят жеткізген. Оны Нәсәи келтірген.

Зурқани көпшілік ғалымдардың дәлелі ретінде Бәрира туралы риуаятты атайды. Бәрира мүкатәбә жасасқанымен, борышын өтей алмағандықтан сатылған. Осы мәселе жайында Зәйд ибн Сәбит пен Әли (р.а.) пікір алмасқан. Зәйд: «Зина жасаса, оған рәжім жазасын бересің бе? Куәлік етсе, куәлігін қабылдайсың ба?» – деп сұраған. Әли: «Жоқ», – дегенде, Зәйд: «Олай болса, мойнында борышы тұрғанда ол құл күйінде қалады», – деген.

Хаттаби: «Бұл хадис мүкатәбті сатуға болады дегендерге дәлел. Ол бастапқы қалпында иесінің мүлкі саналғандықтан, оны сатуға тыйым салынбайды. Сондай-ақ мүкатәб келісімдегі ақшаны толық төлемей қайтыс болса, борышын жабуға жететін мүлік қалдырса да, азат болды деп есептелмейді. Өйткені ол құл болып дүниеден өтті. Мүлкін иесі алады, балалары болса, олар да иесінің құлы болып қалады», – дейді.

Бұл үкім Омар ибн әл-Хаттаб пен Зәйд ибн Сәбиттен (р.а.) жеткен. Омар ибн Абдулазиз, Зуһри, Қатада, имам Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал да осы пікірді ұстанған.

Әл-Әрдәбили «әл-Әзкарда»: «Көпшілік мүкатәб келісім ақысын толық төлемей қайтыс болса, қалған қарызы аз не көп болғанына, оны өтеуге жететін мүлік немесе балалары қалғанына қарамастан, осы хадис бойынша құл болып дүниеден өтті деп үкім берген», – дейді.

Әбу Ханифа: «Мүкатәб қайтыс болған соң борышын жабуға жетерлік мүлік қалса, азат етіледі. Ондай мүлік қалмаса, азат етілмейді», – деген.

Имам Мәлик: «Артында балалары қалса, азат етіледі. Балалары қалмаса, азат етілмейді», – деген.

Хадис мүкатәбтің келісілген соманы түгел өтеген соң азат болатынына дәлел ретінде келтіріледі. Сахабалардың, табиғиндердің және олардан кейінгі буын ғалымдарының көпшілігі осы пікірде.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 1, (3926).
4182
Кутуб ситтә, № 4182 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا أَصَابَ الْمُكَاتَبُ حَدًّا أَوْ مِيرَاثًا وَرِثَ بِحِسَابِ مَا عَتَقَ مِنْهُ». وَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «يُؤَدِّي الْمُكَاتَبُ بِحِصَّةِ مَا أَدَّى دِيَةَ حُرٍّ، وَمَا بَقِيَ دِيَةَ عَبْدٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَاللَّفْظُ لِلتِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мүкатәбтің еншісіне құн не мұра тисе, азаттығын алған мөлшеріне қарай үлес алады». Алла елшісі (с.а.с.) тағы былай деді: «Мүкатәб өзі төлеген үлеске сай азат адамның құнын, ал қалған үлеске сай құлдың құнын өтейді».1

Түсіндірме

Хадистің мағынасы мынадай. Мүкатәб құн алуға немесе мұрагер болуға құқылы болса, азаттығын алған мөлшеріне қарай үлес алады. Мысалы, келісімдегі соманың жартысын өтеген мүкатәбтің азат әкесі қайтыс болып, одан басқа мұрагері болмаса, әкесінің мүлкінің жартысын алады. Ал мүкатәбтің өзі өлтірілсе, кінәлі адам оның мұрагерлеріне азаттық үшін төленген үлеске сай азат адамның құнын, иесіне қалған үлеске сай құлдың құнын төлейді. Мысалы, азат адамның құны мың, құлдың құны жүз дирхам болса, келісім сомасының жартысын өтеген мүкатәбтің мұрагерлеріне бес жүз дирхам, иесіне елу дирхам төленеді.

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», № 1259. Әбу Дәуіт, «Дият», № 4582. Нәсәи, «Қасама», 36 (8/45–46).
4183
Кутуб ситтә, № 4183 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ لَنَا النَّبِيُّ ﷺ: إِذَا كَانَ عِنْدَ مُكَاتَبِ إِحْدَاكُنَّ مَا يُؤَدِّي فَلْتَحْتَجِبْ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) бізге: “Біріңнің мүкатәбінің келісім бойынша төлейтін ақшасы қолында болса, одан бүркенсін”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадис азаттығын сатып алу жөнінде келісім жасасқан құлының төлемді өтеуге шамасы жеткен әйелдің одан бүркенуін бұйырады. Құлдың азаттығына қол жеткізетін кезі жақындағандықтан, оған бөгде ер адамға қолданылатын үкім жүреді. Демек, ол бұдан былай әйел иесінің алдына бұрынғыдай еркін кіріп-шыға алмайды.

Бұл үкім Амр ибн Шуғайб жеткізген № 4180 хадистен өзгеше көрінеді. Онда мүкатәб келісімдегі соңғы тиынына дейін төлегенше құл күйінде қалатыны айтылған. Имам Шафиғи екі риуаятты былай сабақтастырады: «Соңғы риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына қатысты. Мүміндердің аналары мүкатәбтері әлі бүкіл борышын өтемесе де, олардан бүркенеді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 1, (3928). Тирмизи, «Буюғ», 35, (1261). Ибн Мәжа, «Итқ», 3, (2520).
4184
Кутуб ситтә, № 4184 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ مُوسَى بْنِ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ: «سَأَلَ سِيرِينُ أَنَسًا الْمُكَاتَبَةَ وَكَانَ كَثِيرَ الْمَالِ فَأَبَى، فَانْطَلَقَ سِيرِينُ إِلَى عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَدَعَاهُ عُمَرُ فَقَالَ لَهُ: كَاتِبْهُ، فَأَبَى، فَضَرَبَهُ بِالدِّرَّةِ، وَتَلَا: ﴿فَكَاتِبُوهُمْ إِنْ عَلِمْتُمْ فِيهِمْ خَيْرًا﴾، فَكَاتَبَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұса ибн Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Сирин Әнәстен өзін азат ету жөнінде келісім жасауды сұрады. Сириннің малы көп еді, бірақ Әнәс келіспеді. Сирин Омарға (р.а.) барды. Омар Әнәсті шақырып алып: “Онымен келісім жасас”, – деді. Әнәс тағы да бас тартқанда, Омар оны шыбықпен ұрып, мына аятты оқыды: ﴿فَكَاتِبُوهُمْ إِنْ عَلِمْتُمْ فِيهِمْ خَيْرًا﴾ “ондай жағдайда оларды соған лайықты тәуір жандар деп білсеңдер, олармен келісімшартқа отырыңдар” (“Нұр” сүресі, 33-аят). Сонда Әнәс Сиринмен келісім жасасты».1

Түсіндірме

1. Сирин – атақты фиқһ ғалымы Мұхаммед ибн Сириннің әкесі. Ол Айнут-Тәмрден әкелінген құлдардың бірі еді. Әнәс (р.а.) оны Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында сатып алған. Сирин Омардан және өзге кісілерден хадис жеткізген сенімді рауилердің қатарында. Бір риуаятта оның Әнәспен қырық мың дирхамға келісім жасасқаны айтылған.

2. Бұл риуаят мүкатәбә жасау уәжіп деген пікірге дәлел болған. Әнәс Сириннің өтінішін қабылдамаған соң, Сирин Омарға шағымданған, Омар Әнәске онымен келісім жасасуды бұйырған. Кей ғалымдар осы оқиғаға сүйеніп, мұндай істе шыбық қолдануға рұқсат деген. Ата мен Исхақ мүкатәбә жасау уәжіп дегендердің қатарында. Имам Шафиғи мен заһирилер де осы пікірді ұстанған. Ибн Жәрир де осы үкімді таңдаған.

Өзге ғалымдар аяттағы ﴿إِنْ عَلِمْتُمْ فِيهِمْ خَيْرًا﴾ «оларды соған лайықты тәуір жандар деп білсеңдер» деген шартқа сүйеніп, мүкатәбә келісімін жасау уәжіп емес деген.2

  1. 1Бұхари, «Мүкатәб», 1, тараудың кіріспесіндегі риуаят. «Нұр» сүресі, 33-аят.
  2. 2«Нұр» сүресі, 33-аят.
4185
Кутуб ситтә, № 4185 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ بَرِيرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا جَاءَتْ تَسْتَعِينُهَا فِي كِتَابَتِهَا»… الْحَدِيثَ. وَقَدْ تَقَدَّمَ بِتَمَامِهِ فِي كِتَابِ الْبَيْعِ مِنْ رِوَايَةِ السِّتَّةِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Бәрира мүкатәбә бойынша төлемін өтеу үшін маған жәрдем сұрап келді…».1

Бұл риуаят «Сауда-саттық» бөлімінде алты жинақтың нұсқасы бойынша толық келтірілді.

  1. 1Риуаяттың толық нұсқасы «Сауда-саттық» бөлімінде, № 4077–4078 хадистерде берілген.
4186
Кутуб ситтә, № 4186 · тараудағы реті: 9

وَزَادَ النَّسَائِيُّ: «كَاتَبَتْ بَرِيرَةُ عَلَى نَفْسِهَا فِي تِسْعِ أَوَاقٍ، فِي كُلِّ سَنَةٍ أُوقِيَّةٌ، فَخَيَّرَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنْ زَوْجِهَا، وَكَانَ عَبْدًا، فَاخْتَارَتْ نَفْسَهَا. قَالَ عُرْوَةُ: وَلَوْ كَانَ حُرًّا مَا خَيَّرَهَا».

Қазақша аудармасы

Нәсәи нұсқасында мынадай қосымша бар: «Бәрира (р.а.) азаттығын сатып алу үшін тоғыз уқияға мүкатәбә жасасты. Жыл сайын бір уқия төлеуге тиіс болды. Азат болғанда Алла елшісі (с.а.с.) оған күйеуімен бірге қалуды немесе ажырасуды өзіне таңдауға мүмкіндік берді. Күйеуі әлі құл еді. Бәрира одан ажырасуды таңдады». Уруа: «Күйеуі азат болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) Бәрираға мұндай таңдау бермес еді», – дейді.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис № 281, 4077 және 4078 риуаяттарының тұсында түсіндіріліп, дереккөздері де көрсетілген.

2. Кей риуаяттарда Ислам дәуірінде мүкатәбә жасасқан алғашқы күң Бәрира болғаны айтылады. Ерлер арасында алғашқы мүкатәб Салман әл-Фариси немесе Әбу әл-Муәммил (р.а.) болса керек.

Ибн Хажардың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін алғашқы мүкатәбә жасаған – Омардың азат еткен құлы Әбу Умәйя. Одан кейін Әнәстің құлы Сирин мүкатәбә жасаған. Бұл жағдай көп таралмағанымен, құлдардың өз құқықтарын халифаға жүгініп талап етердей дәрежеде білгені назар аударарлық. Оқиға халифаның осы құқықтың жүзеге асуына араласқанын көрсетеді.

Ғиддат және истибра

Ғиддат – ажырасқаннан немесе ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болғаннан кейін некеден қалған құқықтық салдарлар тоқтағанша шариғат белгілеген күту мерзімі. Бұл мерзім өтпейінше, әйел басқа адаммен некелесе алмайды. Кей жағдайларда ер адам да басқа әйелмен некелесу үшін осы мерзімнің бітуін күтеді, ал бұрынғы ерлі-зайыптылар қайта некелесе алмайтын жағдайлар да бар. Ғиддат негізінен әйелге қатысты болғандықтан, төмендегі түсіндірмелерде әйелдің жағдайы сөз болады.

Ғиддаттың басты мақсаттарының бірі – баланың тегі шатаспауын қамтамасыз ету. Сондықтан некедегі ерлі-зайыптылар жақындасқаннан немесе оңаша қалғаннан кейін ажырасса, сондай-ақ жұбайының бірі қайтыс болса, ғиддат күтіледі. Неке дұрыс деп ұғынылған, бірақ кейін жарамсыз болып шыққан жағдайда да, арада жақындасу болса, ғиддат күту қажет.

  1. 1Нәсәи, «Талақ», № 3451.