Бұл оқиға жоғарыда сөз болған ұмраға мысал. Ибн Омардың пікірінше, Хафса анамыз ұмраға берген үй сол үйде тұруға құқығы бар әйел қайтыс болғанда қайтадан өз иелігіне өткен. Яғни бұл жерде «искан» сөзі «ұмра» мағынасында жұмсалған. Мұндай жағдайда мүлік оны ұмраға берген адамның мұрагеріне қайтады.
Шайқастар
«Ғазуа» сөзі тілдік тұрғыдан «ниет ету», «мақсат тұту» дегенді білдіреді. Мысалы, «мағза әл-кәләм» тіркесі «сөзден көзделген мағына» деген ұғым береді. Сирада «ғазуа» деп Алла елшісінің (с.а.с.) өзі қатысқан немесе ол аттандырған қолдың қарсы жақты бетке алған жорығын атайды. Бұл сөздің көпше түрі – «ғазауат», сондай-ақ «мағази» сөзі де қолданылады. «Мағази» – түбірлес «мағза» сөзінің көпше түрі. Қарсы жақты нысанаға алу ұғымы оның елін немесе Ухуд, Хандақ секілді тоқтаған орнын нысанаға алудан кеңірек.
Һижретке дейін мұсылмандарға кәпірлермен соғысуға тыйым салынған еді. Құрайыш мүшріктерінен қорлық, қоқан-лоққы мен жәбір көрген мұсылмандар кейде бұған шыдай алмай, Алла елшісінен (с.а.с.) қарумен қарсылық көрсетуге қайта-қайта рұқсат сұрайтын. Алла елшісі (с.а.с.) олардың өтінішін әр жолы кері қайтарды. Осыған қатысты түскен аяттар да оларды сабырға үндеді.2
Мағази авторлары мен тәпсіршілер кәпірлермен қарулы күреске рұқсат берген алғашқы аят ретінде мына аятты атайды: ﴿أُذِنَ لِلَّذِينَ يُقَاتَلُونَ بِأَنَّهُمْ ظُلِمُوا﴾ «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мүміндерге соғысуға рұқсат етілді. Өйткені олар зұлымдыққа ұшырады» («Хаж», 39-аят).
Аяттағы рұқсаттың аясы шектеулі: ол өздеріне соғыс ашылып, жәбір көргендерге, яғни меккелік мұсылмандарға берілді. Аят Мәдинада түсті деген пікірді негізге алсақ, соғысуға һижреттен кейін рұқсат берілген және бұл рұқсат сол кезде мұһажирлерге ғана қатысты болған. Бәдірге дейінгі алғашқы жорықтарға қатысушылардың есімдері белгілі. Олардың бәрі Меккеден қоныс аударған мұһажирлер еді. Сира мен мағази авторлары да осыған назар аударған.
Кейін түскен мына аятта жиһад туралы жалпы әмір берілген: ﴿انْفِرُوا خِفَافًا وَثِقَالًا وَجَاهِدُوا بِأَمْوَالِكُمْ وَأَنْفُسِكُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ۚ ذَٰلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ «Өздеріңе мейлі жеңіл, мейлі ауыр тисін, жағдайларың мейлі нашар, мейлі жақсы болсын жаппай аттаныңдар және дүние-мүліктеріңді де, шыбын жандарыңды да аямай Алла жолында соғысыңдар. Біле білсеңдер, сендер үшін сол қайырлы» («Тәубе», 41-аят).
Бұл мәселеге қатысты біртіндеп түскен уахиларды һижрет бөлімінің соңында қарастырамыз.
Ибн Хишамның «Сирасына» қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинада жүзеге асырған алғашқы әскери жорығы һижреттен кейінгі алғашқы жылы, Сафар айының он екінші күні болған Уаддан жорығы еді. Ол Құрайышпен кездесуге шыққанымен, олармен бетпе-бет келместен қайтты. Жорыққа аттанарда Мәдинада өз орнына Сағд ибн Убаданы қалдырды.
Бұхари Ибн Исхақтан Алла елшісінің (с.а.с.) алғашқы жорығы Әбуаға жасалғанын жеткізеді. Ибн Хажар бұл екі риуаяттың арасында қайшылық жоқ деп түсіндіреді: «Әбуа мен Уаддан бір-бірінен алты не сегіз миль ғана қашық. Сондықтан Сағд ибн Жусаманың хадисінде “Алғашқы жорық Әбуада немесе Уадданда болды”, – делінген». Ибн Хажар сөзін жалғап, «Мағази әл-Умауиде» «Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа өзі шығып, Уадданға дейін жетті. Бұл жер – Әбуа» делінгенін айтады. Кей авторлар Әбуа мен Уадданды бір жердің екі атауы деп түсінген.
Мұса ибн Уқба секілді өзге авторлардың да алғашқы жорықты Әбуаға телігенін айтқан Ибн Хажар Ибн Аббастан мына риуаятты келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) Әбуаға жеткенде, Убәйда ибн әл-Харистің бастауымен алпыс кісіні аттандырды. Олар бір топ құрайыштықпен кездесіп, бір-біріне оқ атты. Сол кезде Сағд ибн Әбу Уаққас оқ атты. Алла жолында алғашқы оқ атқан – сол кісі». Ибн Хажар әл-Умауидің «Мағазисында» алғашқы оқ атқан да, Алла елшісі (с.а.с.) алғаш ту ұстатқан да Хамза ибн Абдулмутталиб екені жазылғанын айтады. Мұса ибн Уқба, Әбу Мағшар, әл-Уақиди секілді мағази авторлары да осы пікірді ұстанған. Олардың риуаятында былай делінеді: «Хамзаның (р.а.) туын оның одақтасы Әбу Мурсад ұстады. Оқиға һижреттің алғашқы жылы Рамазан айында болды. Құрайыштың сауда керуенінің жолын тосуға шыққан отыз кісі үш жүз адамды бастаған Әбу Жәһилмен кездесті».
Жорықтардың саны
Ибн Сағд «Табақат» еңбегінде Алла елшісінің (с.а.с.) өзі қатысқан жиырма жеті жорықты және жасақ аттандырған қырық жеті жорықты атайды. Пайғамбардың шайқасқа қатысқан жорықтары бірауыздан ғазуа саналған. Бұлар – Бәдір, Ухуд, Мурайсиғ, Хандақ, Құрайза, Хайбар, Меккенің алынуы, Хунайн және Тайыф. Оның Бәни Құрайзада, Хайбардан қайтарда Уади әл-Құрада және әл-Ғабада да шайқасқаны риуаят етілген.