Хадис

Биъру Мағуна оқиғасы

Кутуб ситтә, 9-том, 585-тарау · 1 хадис · № 4257

Хадистер

4257
Кутуб ситтә, № 4257 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَوْمًا مِنْ بَنِي سُلَيْمٍ إِلَى عَامِرٍ. وَفِي رِوَايَةٍ: بَعَثَ خَالِي حَرَامًا أَخًا أُمِّ سُلَيْمٍ فِي سَبْعِينَ رَاكِبًا. فَلَمَّا قَدِمُوا قَالَ لَهُمْ خَالِي: أَتَقَدَّمُكُمْ. فَإِنْ أَمَّنُونِي حَتَّى أُبَلِّغَهُمْ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَذَاكَ، وَإِلَّا كُنْتُمْ مِنِّي قَرِيبًا. فَتَقَدَّمَ فَأَمَّنُوهُ. فَبَيْنَمَا هُوَ يُحَدِّثُهُمْ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ أَوْمَؤُوا إِلَى رَجُلٍ مِنْهُمْ فَطَعَنَهُ فَأَنْفَذَهُ. فَقَالَ: اللَّهُ أَكْبَرُ، فُزْتُ وَرَبِّ الْكَعْبَةِ. ثُمَّ مَالُوا عَلَى بَقِيَّةِ أَصْحَابِهِ فَقَتَلُوهُمْ. فَأَخْبَرَ جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّهُمْ قَدْ لَقُوا رَبَّهُمْ فَرَضِيَ عَنْهُمْ وَأَرْضَاهُمْ. فَقَنَتَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَهْرًا يَدْعُو فِي الصُّبْحِ عَلَى أَحْيَاءِ مِنَ الْعَرَبِ، عَلَى رِعْلٍ وَذَكْوَانَ وَعُصَيَّةَ وَبَنِي لِحْيَانَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәни Суләймнен бір топ кісіні Бәни Амирге жіберді. Бір риуаятта анам Үммі Суләймнің бауыры, нағашым Харамды жетпіс аттының арасында жібергені айтылады. Олар Биъру Мағунаға жеткенде, нағашым серіктеріне: “Мен алдарыңнан барайын. Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін жеткізуіме мұрсат беріп, тиіспеуге уәде етсе, айтатын сөзімді жеткіземін. Әйтпесе, маған жақын жерде боласыңдар”, – деді. Ол алға шығып барғанда, әуелі тиіспеуге уәде берді. Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін жеткізіп тұрғанында, өзараларындағы біреуге ишара етті. Ол нағашымды найзамен түйреді. Нағашым: “Аллаһу әкбар! Қағбаның Раббысына ант етемін, мұратыма жеттім!” – деді. Содан кейін олар оның серіктеріне шауып, тауға қашып құтылған екі кісіден басқасын өлтірді. Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісіне (с.а.с.) олардың Раббысына қауышқанын, Алланың оларға разы болғанын және олардың да Аллаға разы болғанын жеткізді.

Осы оқиғадан кейін Расулалла (с.а.с.) бір ай бойы таң намазында арабтың Риғл, Зәкуан, Усайя және Бәни Лихиян тайпаларына қарғыс айтып, құныт оқыды».1

Түсіндірме

1. «Би’р Мағуна» – «Мағуна құдығы» деген сөз. Ибн әл-Әсирдің айтуынша, тарихта осы атпен қалған оқиға һижреттің төртінші жылы болған. Бәни Амир ибн Сағсаға тайпасының басшысы Әбу Бәра ибн Мәлик Мәдинаға келіп, Расулаллаға (с.а.с.) сыйлық ұсынды. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Әбу Бәра! Мен мүшріктің сыйын қабылдамаймын», – деп, сыйлықты қайтарып берді де, оған Ислам жайын түсіндірді. Әбу Бәра Исламды қабылдаған жоқ. Дегенмен ол: «Айтқаныңыз жөн екен. Нәжидке бір адам жіберіңіз. Сол өңірдің тұрғындарына осы айтқаныңызды жеткізсін. Олар құлақ асады деп үміттенемін», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Нәжид жұрты жіберген адамдарыма жамандық жасап жүре ме деп қауіптенемін», – деді. Әбу Бәра: «Оларды қорғауға өзім кепілмін», – деді. Осы кепілдікке сүйенген Расулалла (с.а.с.) Суффа сахабаларынан жетпіс адамды аттандырды.

Олар Бәни Амирдің қонысы мен Бәни Сүләймнің Харрасы арасындағы Мағуна құдығына аялдады. Харам ибн Милхан Расулалланың (с.а.с.) хатын Амир ибн Туфайлға жеткізді. Амир хатты оқымастан Харамды (р.а.) өлтірді. Бәни Амирді көмекке шақырғанда, олар: «Әбу Бәра бұларды өз қорғауына алған», – деп, ұсынысын қабылдамады. Содан кейін Амир Бәни Сүләймнің Усайя, Риғл және Зәкуан тайпаларын шақырды. Олар келісті де, мұсылмандарды қоршап алып өлтірді. Қырғыннан Кағб ибн Зәйд әл-Ансари мен Амр ибн Умәйя әд-Дамири ғана аман қалды.

Қайтар жолда Амр ибн Умәйя әд-Дамири Қарқара деген жерде Бәни Амирден екі кісіге жолықты. Олар Расулалламен (с.а.с.) келісім жасасқан еді. Мұны білмеген Амр жолдастарының кегін алу үшін екеуін де өлтірді. Болған жайды естіген Расулалла (с.а.с.) олардың құнын төледі. Осы оқиғаның Бәни Надыр яһуди тайпасының жер аударылуына әкеп соққан жағдайларға түрткі болғанын бұған дейін айтқанбыз. Риуаяттарда мына сөздің уахи етіліп, біраз уақыт оқылғаннан кейін мәтіні де мәнсұх болғаны айтылады: «Қауымымызға бізден хабар жеткізіңдер. Біз Раббымызға қауыштық. Раббымыз бізге разы болды әрі бізді де разы етті».2

2. Хассан ибн Сәбит Әбу Бәраның туыстарын Амир ибн Туфайлға қарсы қайраған өлең шығарды. Өлеңді естіген Рабиға ибн Әбу Бәра Амир ибн Туфайлды жаралап, атынан құлатып түсірді.

3. Риуаятта осы қылмысқа қатысқан тайпаларға қарсы құныт оқылғаны да айтылады. Бұл мәселе намаз бөлімінде түсіндірілген (№ 2612–2621 хадистер).

  1. 1Бұхари, «Мағази», № 4090–4091, «Жиһад», № 2801, «Уитр», 7. Мүслим, «Мәсажид», № 677.
  2. 2Бұхари, «Мағази», № 4090–4091, «Жиһад», № 2801. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 12-том, Биру Мағуна оқиғасының түсіндірмесі.