Хадис

Халид ибн Уәлидтің Бәни Жазимаға жіберілуі

Кутуб ситтә, 9-том, 599-тарау · 1 хадис · № 4298

Хадистер

4298
Кутуб ситтә, № 4298 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَالِدًا إِلَى بَنِي جَذِيمَةَ فَدَعَاهُمْ إِلَى الْإِسْلَامِ. فَلَمْ يُحْسِنُوا أَنْ يَقُولُوا أَسْلَمْنَا. فَجَعَلُوا يَقُولُونَ: صَبَأْنَا صَبَأْنَا، وَجَعَلَ خَالِدٌ يَقْتُلُ مِنْهُمْ وَيَأْسِرُ، وَدَفَعَ إِلَى كُلِّ رَجُلٍ مِنَّا أَسِيرَهُ حَتَّى إِذَا كَانَ يَوْمٌ أَمَرَ خَالِدٌ أَنْ يَقْتُلَ كُلُّ رَجُلٍ مِنَّا أَسِيرَهُ. فَقُلْتُ: وَاللَّهِ لَا أَقْتُلُ أَسِيرِي، وَلَا يَقْتُلُ رَجُلٌ مِنْ أَصْحَابِي أَسِيرَهُ. حَتَّى قَدِمْنَا عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَذَكَرْنَاهُ لَهُ فَرَفَعَ يَدَيْهِ وَقَالَ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَبْرَأُ إِلَيْكَ مِمَّا صَنَعَ خَالِدٌ» مَرَّتَيْنِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. «صَبَأَ»: إِذَا خَرَجَ مِنْ دِينٍ إِلَى غَيْرِهِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) Халидті Бәни Жазимаға жіберді. Халид оларды Исламға шақырды. Олар “Исламды қабылдадық” деп дұрыстап айта алмай, “Саби болдық, саби болдық”, – десті. Халид олардың бірін өлтіріп, бірін тұтқындай бастады. Әр жауынгерге бір тұтқыннан берді. Бір күні әрқайсысымызға өз тұтқынымызды өлтіруді бұйырды. Мен: “Уаллаһи, мен тұтқынымды өлтірмеймін, жолдастарым да өз тұтқындарын өлтірмейді”, – дедім. Алла елшісіне (с.а.с.) оралған соң, болған жайды айтып бердік. Ол қолын көтеріп: “Уа, Алла! Халидтің істеген ісінен аулақ екенімді Өзіңе білдіремін”, – деп екі мәрте қайталады».1

Түсіндірме

1. Бұл жорық Мекке азат етілгеннен кейін, Хунайнға аттанар алдында, шәууал айында болды. Халидтің қарамағында үш жүз елу жауынгер бар еді. Олардың мақсаты – тайпаны Исламға шақыру.

2. Исламның алғашқы кезеңінде «саби болды» тіркесі «мұсылман болды» деген мағынада кең қолданылған. Ибн Омардың айтуынша, жазималықтар «мұсылман болдық» деп дұрыстап айта алмағандықтан, өздеріне жеңіл тиген «саби болдық» сөзімен иман келтіргенін білдірді. Халид (р.а.) олардың не айтқысы келгенін ұқпай, шабуылдап, адамдарын өлтіріп, тұтқынға ала бастады.

Алла елшісінің (с.а.с.): «Уа, Алла! Халидтің істеген ісінен аулақ екенімді Өзіңе білдіремін», – деуі Халидтің сөздің мәнін анықтамай, асығыс күпірлікке жорығанынан еді. Оны тіркестің сыртқы мағынасы жаңылдырды. صَبَأْنَا сөзі «бір діннен шығып, екінші дінге кірдік» дегенді білдіреді.

Оқиғаның басқа дереккөздерде келетін жалғасында Алла елшісінің (с.а.с.) әзірет Әлиді жіберіп, қателесіп өлтірілген мұсылмандардың әрқайсысы үшін құн төлеткені айтылады.2

  1. 1Бұхари, «Жорықтар», № 4339, «Үкімдер», 35. Нәсәи, «Қазылардың әдебі», № 5405.
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте. Аударма және түсіндірме», 12-том, 268-бет.