Хадис

«Һуд» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 63-тарау · 4 хадис · № 659–662

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

659
Кутуб ситтә, № 659 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، قَدْ شِبْتَ”. قَالَ: “شَيَّبَتْنِي هُودٌ، وَالْوَاقِعَةُ، وَالْمُرْسَلَاتُ، وَعَمَّ يَتَسَاءَلُونَ، وَإِذَا الشَّمْسُ كُوِّرَتْ”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.): “Уа, Алланың елшісі, шашыңызға ақ түсіпті ғой”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Шашымды ‘Һуд’, ‘Уақиға’, ‘Мурсәләт’, ‘Нәбә’ және ‘Тәкуир’ сүрелері ағартты”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Әли әл-Қаридың түсіндіруінше, Әбу Бәкір (р.а.) бұл сөзімен Алла елшісінің (с.а.с.) шашына ерте ақ түсе бастағанын меңзеген. Кей риуаятта Пайғамбар дүние салғанда, шашы мен сақалындағы ақ қылдың саны он төрт болғаны айтылады. Алла елшісінің (с.а.с.) «Шашымды осы сүрелер ағартты» дегені олардың мазмұны өзін терең ойға салып, дүние қызығынан көңілін суытқанын білдіреді. Бұл сүрелер ежелгі қауымдардың басына түскен ауыртпалықтарды, әсіресе қияметтің жайын баяндайды. Адам баласының алда басынан өткеретін үрейлі оқиғаларын кезең-кезеңімен суреттейді. Осыларды ойлаған иманы берік жан дүниеге берілген кісідей алаңсыз күліп, сауық құра алмайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер», – деген. Ол өткінші дүниенің қызығына байланбау үшін өлімді жиі еске алуды өсиет еткен.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Уақиға» (№ 3297, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3293).
660
Кутуб ситтә, № 660 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ سُئِلَ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿أَلَا إِنَّهُمْ يَثْنُونَ صُدُورَهُمْ لِيَسْتَخْفُوا مِنْهُ﴾، فَقَالَ: «كَانَ أُنَاسٌ يَسْتَحْيُونَ أَنْ يَتَخَلَّوْا فَيُفْضُوا إِلَى السَّمَاءِ، وَأَنْ يُجَامِعُوا نِسَاءَهُمْ فَيُفْضُوا إِلَى السَّمَاءِ، فَنَزَلَ ذَٰلِكَ فِيهِمْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.) ﴿أَلَا إِنَّهُمْ يَثْنُونَ صُدُورَهُمْ لِيَسْتَخْفُوا مِنْهُ أَلَا حِينَ يَسْتَغْشُونَ ثِيَابَهُمْ يَعْلَمُ مَا يُسِرُّونَ وَمَا يُعْلِنُونَ إِنَّهُ عَلِيمٌ بِذَاتِ الصُّدُورِ﴾ «Көрдіңдер ме? Ол кәпірлер кірпідей жиырылып, Расулалладан жасырынуға тырысады һәм бүркеніштерімен бастарын бүркейді. Алайда Алла тағала олардың тіпті көрпелерімен бүркеніп алған кездеріндегі іштеріне бүккендерін де, жария еткендерін де біледі. Ол, еш шүбәсіз, көкіректердегі сырлардың бәрін білуші» деген аяттың мағынасын сұрағанда, ол былай түсіндірді: «Кей адамдар дәрет сындырғанда немесе әйелдерімен жақындасқанда, әурет жері аспанға ашылып қалады деп ұялатын. Бұл аят соларға қатысты түскен»1.

  1. 1«Һуд» сүресі, 5-аят. Бұхари, «Тәпсір», «Һуд», 1 (№ 4681).
661
Кутуб ситтә, № 661 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَىٰ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “إِنَّ اللَّهَ تَعَالَىٰ لَيُمْلِي لِلظَّالِمِ حَتَّىٰ إِذَا أَخَذَهُ لَمْ يُفْلِتْهُ”. ثُمَّ قَرَأَ: ﴿وَكَذَٰلِكَ أَخْذُ رَبِّكَ إِذَا أَخَذَ الْقُرَىٰ وَهِيَ ظَالِمَةٌ إِنَّ أَخْذَهُ أَلِيمٌ شَدِيدٌ﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла тағала залымға мұрсат береді. Ал бір ұстаса, оны босатпайды”, – деді. Содан соң ﴿وَكَذَٰلِكَ أَخْذُ رَبِّكَ إِذَا أَخَذَ الْقُرَىٰ وَهِيَ ظَالِمَةٌ إِنَّ أَخْذَهُ أَلِيمٌ شَدِيدٌ﴾ “Міне, Раббың залым елді мекендердің сазайын бергенде осылай жазалайды. Шүбәсіз, Оның жазасы тым қатты”1 деген аятты оқыды».

Тирмизи келтірген нұсқада «мұрсат береді» деген يُمْلِي (юмли) сөзі يُمْهِلُ (юмһил) түрінде айтылған болуы да мүмкін екені көрсетілген2.

  1. 1«Һуд» сүресі, 102-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Һуд», 5 (№ 4686). Мүслим, «Бирр», 61 (№ 2583). Тирмизи, «Тәпсір», «Һуд» (№ 3110, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3109). Ибн Мәжа, «Фитән», 22 (№ 4018).
662
Кутуб ситтә, № 662 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي عَالَجْتُ امْرَأَةً فِي أَقْصَى الْمَدِينَةِ، وَإِنِّي أَصَبْتُ مِنْهَا مَا دُونَ أَنْ أَمَسَّهَا، فَأَنَا هَذَا فَاقْضِ فِيَّ مَا شِئْتَ”. فَقَالَ لَهُ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: “لَقَدْ سَتَرَكَ اللَّهُ، لَوْ سَتَرْتَ نَفْسَكَ”. فَلَمْ يَرُدَّ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَيْئًا. فَقَامَ الرَّجُلُ فَانْطَلَقَ، فَأَتْبَعَهُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا دَعَاهُ، وَتَلَا عَلَيْهِ هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿وَأَقِمِ الصَّلَاةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفًا مِنَ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ ذَٰلِكَ ذِكْرَىٰ لِلذَّاكِرِينَ﴾. فَقَالَ رَجُلٌ مِنَ الْقَوْمِ: “يَا نَبِيَّ اللَّهِ، هَذَا لَهُ خَاصَّةً؟” قَالَ: “بَلْ لِلنَّاسِ كَافَّةً”». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Мәдинаның шетінде бір әйелге қол тигізіп, жыныстық қатынасқа дейін бармай нәпсіме ерік бердім. Енді алдыңызда тұрмын. Өзіме лайық деп тапқан үкіміңізді беріңіз”, – деді. Омар (р.а.): “Алла айыбыңды жасырған екен, өзің де оны жасырсаң болар еді”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) жауап қатпады. Әлгі кісі орнынан тұрып, жөніне кетті. Пайғамбар оның соңынан бір адам жіберіп, оны қайта шақыртты да, ﴿وَأَقِمِ الصَّلَاةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفًا مِنَ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ ذَٰلِكَ ذِكْرَىٰ لِلذَّاكِرِينَ﴾ “Күндіздің екі уақытында, әрі түннің күндізге таяу уақыттарында намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл ойланатындар үшін айтылған бірер насихат”1 деген аятты оқыды. Сонда сол жерде отырған бір кісі: “Уа, Алланың пайғамбары, бұл тек осы кісіге қатысты ма?” – деп сұрады. Ол: “Бұл баршаға қатысты”, – деді2».

Түсіндірме

Бұл оқиға бірнеше жолмен жеткен. Риуаяттарда оқиға кейіпкерінің есімі әртүрлі аталады. Мұнда маңыздысы – оқиғаның өзі мен одан шығатын үкім. Аятта жақсы амалдардың жамандықтарды өтейтіні анық айтылған. Аяттың түсуіне себеп болған оқиға соның нақты мысалы. Жамандықтарды жуып-шаятын игі істердің қайсысы меңзелгені жайында ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Бірі бес уақыт намазды, енді бірі «Субханаллаһи, уәлхамду лилләһи, уә лә иләһә иллаллаһу, уаллаһу әкбар» деп зікір етуді, басқалары кез келген ізгі амалды атаған. Хадистен күнәсін ешкім білмесе, адамға оны мойындап, жұртқа жария етудің қажеті жоқ екені де аңғарылады. Күндіздің екі шетінде оқылатын намаздарға таң, бесін және екінті намаздары, түннің тиісті уақытында оқылатын намаздарға ақшам мен құптан жатады.

  1. 1«Һуд» сүресі, 114-аят.
  2. 2Бұхари, «Мәуақитус-салат», 4 (№ 526), «Тәпсір», «Һуд», 6 (№ 4687). Мүслим, «Тәубе», 39 (№ 2763d). Тирмизи, «Тәпсір», «Һуд» (№ 3112, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3111). Әбу Дәуіт, «Худуд», 32 (№ 4468).