Хадис

Абдулла ибн Аббас (р.а.)

Кутуб ситтә, 10-том, 644-тарау · 1 хадис · № 4452

Хадистер

4452
Кутуб ситтә, № 4452 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «ضَمَّنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى صَدْرِهِ، وَقَالَ: اللَّهُمَّ فَقِّهْهُ فِي الدِّينِ. وَفِي رِوَايَةٍ: اللَّهُمَّ عَلِّمْهُ الْكِتَابَ. وَفِي أُخْرَى: الْحِكْمَةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) мені кеудесіне басып: “Уа, Аллам, оған дінді терең түсінуді нәсіп ет”, – деп дұға етті». Бір нұсқада: «Уа, Аллам, оған Кітапты үйрет», – десе, тағы бір нұсқада «даналықты үйрет» делінген1.

Түсіндірме

Абдулла ибн Аббас (р.а.) – Алла Елшісінің (с.а.с.) көкесі Аббас ибн Абдулмутталибтің ұлы. Анасы – Лубаба әл-Кубра бинт әл-Харис. Халид ибн Уәлид екеуі – бөле. Терең білімі үшін «Хабр әл-үммә» – үмбеттің ғалымы, сондай-ақ «Бахр» – ілім теңізі атанған. Ибн Омар оны «Мұхаммедке түскенді ең жақсы білетін кісі» деп сипаттаған.

Осы дұғаның берекетімен Ибн Аббас (р.а.) Құран тәпсірінде үмбеттің ірі ғалымдарының бірі болды.

Мұнда Алла Елшісінің (с.а.с.) Ибн Аббас үшін жасаған дұғасының үш нұсқасы берілді. Өзге жинақтарда да бірнеше нұсқасы кездеседі. «Уа, Алла, оған Құранның мағынасын ашуды үйрет!» «Уа, Алла, Ибн Аббасқа хикмет пен Құранның мағынасын түсіндіруді үйрет!» «Уа, Алла, оған дінді терең ұғынуды нәсіп ет әрі Құранның мағынасын түсіндіруді үйрет!»

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اللَّهُمَّ فَقِّهْهُ فِي الدِّينِ، وَعَلِّمْهُ التَّأْوِيلَ».

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген нұсқада Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла, оған дінді терең ұғынуды нәсіп ет әрі Құранның мағынасын түсіндіруді үйрет!» – деп дұға еткен.2

Ғалымдар хадистегі «хикмет» сөзін әртүрлі түсіндірген. Олардың негізгі пікірлері мынадай.

• Сөздің дәлін табу.

• Алланың нені меңзегенін ұғыну.

• Дұрыстығына ақыл куә болатын нәрсе.

• Уәсуаса мен шабыттың арасын ажыратуға жәрдемдесетін нұр.

• Құран.

• Құранға сай амал ету.

• Сүннет.

• Алладан имену.

• Ақыл.

Хадис түсіндірушілері Ибн Аббастың (р.а.) білімі мен еңбегіне қарап, Алла Елшісінің (с.а.с.) ол үшін жасаған дұғасы қабыл болғанын айтады. Ибн Аббас сахабалардың арасында Құран тәпсірін терең білуімен ерекшеленді.

«Фиқһ» сөзінің түбірлік мағынасы – ұғыну. Дінде фақиһ болу дегеніміз – дінді терең түсіну, оның ілімін меңгеру.

  1. 1Бұхари, «Фазаил әл-асхаб», 24-тарау (№3756, №3757), «Илм», 17-тарау, «Уду», 10-тарау, «Иғтисам», 1-тарау. Мүслим, «Фазаил әс-сахаба», №2477. Тирмизи, «Мәнәқиб», №3823, №3824.
  2. 2Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад», №2397.