عَنْ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَفْتِنَا فِي بَيْتِ الْمَقْدِسِ. فَقَالَ: ائْتُوهُ فَصَلُّوا فِيهِ، وَكَانَتِ الْبَِلَادُ إِذْ ذَاكَ حَرْبًا، فَإِنْ لَمْ تَأْتُوهُ وَتُصَلُّوا فِيهِ فَابْعَثُوا بِزَيْتٍ يُسْرَجُ فِي قَنَادِيلِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Мәймуна (р.а.) жеткізеді: «“Уа, Алла елшісі, Бәйтул-Мақдис жөнінде пәтуа беріңіз”, – деп сұрадым. Ол: “Сонда барып, намаз оқыңдар”, – деді. Ол кезде әлгі өңірде соғыс жүріп жатқан еді. Ол: “Егер сонда барып намаз оқи алмасаңдар, шамдарына жағатын зәйтүн майын жіберіңдер”, – деді».1
Түсіндірме
Бәйтул-Мақдис – Құдыстағы, бүгінде Ақса мешіті деп аталатын Исламның үшінші қасиетті ғибадат орны. Алла елшісі (с.а.с.) арнайы сапар шегуге лайық үш мешіт барын айтқан. Олар – Қағба орналасқан Харам мешіті, Нәбәуи мешіті және Ақса мешіті. Өзге мешіттердің мәртебесі бірдей болғанда, Құдыстағы мешіттің осы үшеудің қатарына кіруі оның артықшылығын көрсетеді. Бұл артықшылықтың бір негізі – оның тарихы. Ол Қағбадан кейін Аллаға құлшылық ету үшін салынған екінші мешіт. Сахих риуаяттарда екі мешіттің салынуының арасында қырық жыл өткені айтылады.
- 1Әбу Дәуіт, Салат 14.