Хадис

Ауру мен өлімнің адамға пайдасы. Сырқат пен ауыртпалық

Кутуб ситтә, 10-том, 708-тарау · 10 хадис · № 4692–4701

Хадистер

4692
Кутуб ситтә, № 4692 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ وَأَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّهُمَا سَمِعَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَا يُصِيبُ الْمُؤْمِنَ مِنْ وَصَبٍ وَلَا نَصَبٍ وَلَا سَقَمٍ وَلَا حَزَنٍ حَتَّى الْهَمُّ يُهِمُّهُ إِلَّا كَفَّرَ اللَّهُ بِهِ مِنْ سَيِّئَاتِهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра мен Әбу Сағид (Алла екеуіне де разы болсын) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мүміннің басына ауырсыну, шаршау, сырқат, қайғы, тіпті көңілін мазалаған уайым келсе де, Алла соның себебімен оның күнәларының бір бөлігін кешіреді».1

  1. 1Бұхари, Марда 1; Мүслим, Бирр 52 (2573); Тирмизи, Жанаиз 1 (966).
4693
Кутуб ситтә, № 4693 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى أُمِّ السَّائِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَقَالَ: مَا لَكِ تُزَفْزِفِينَ؟ فَقَالَتِ: الْحُمَّى! لَا بَارَكَ اللَّهُ فِيهَا. فَقَالَ: لَا تَسُبِّي الْحُمَّى فَإِنَّهَا تُذْهِبُ خَطَايَا بَنِي آدَمَ كَمَا يُذْهِبُ الْكِيرُ خَبَثَ الْحَدِيدِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәйібтің (р.а.) көңілін сұрай барып: “Не болды? Неге қалшылдап жатырсың?” – деді. Ол: “Қызуым көтерілді. Алла оның берекесін бермесін!” – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Қызбаны сөкпе. Көрік темірдің қоспасын тазартқандай, ол да Адам баласының күнәларын кетіреді”, – деді».

4694
Кутуб ситтә, № 4694 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: عَادَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مَحْمُومًا فَقَالَ لَهُ: أَبْشِرْ فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: هِيَ نَارِي أُسَلِّطُهَا عَلَى عَبْدِيَ الْمُؤْمِنِ لَتَكُونَ حَظَّهُ مِنَ النَّارِ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) қызуы көтеріліп ауырған бір кісінің көңілін сұрай барып: “Сүйінші! Алла Тағала: ‘Бұл – Менің отым. Тозақ отынан тиер сыбағасы осы болсын деп, оны мүмін құлыма жіберемін’, – дейді”, – деді».1

  1. 1Рәзин жеткізген. (Ахмад ибн Ханбалдың Муснәда жазылған: 2, 440).
4695
Кутуб ситтә, № 4695 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِعَبْدٍ خَيْرًا عَجَّلَ لَهُ الْعُقُوبَةَ فِي الدُّنْيَا، وَإِذَا أَرَادَ بِعَبْدِهِ الشَّرَّ أَمْسَكَ عَنْهُ بِذَنْبِهِ حَتَّى يُوَافِيَ بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла бір құлына жақсылық қаласа, жазасын осы дүниеде тездетіп береді. Ал құлына жамандық қаласа, күнәсінің жазасын қиямет күніне дейін қалдырады. Сонда құлы сол күнәсімен келеді».1

  1. 1Тирмизи, Зуһд 57 (2398).
4696
Кутуб ситтә, № 4696 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ عُظْمَ الْجَزَاءِ مَعَ عُظْمِ الْبَلَاءِ، وَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى إِذَا أَحَبَّ قَوْمًا ابْتَلَاهُمْ، فَمَنْ رَضِيَ فَلَهُ الرِّضَا، وَمَنْ سَخِطَ فَلَهُ السَّخَطُ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Сынақ қаншалық ауыр болса, сый да соншалық мол. Алла бір қауымды жақсы көрсе, оларды сынайды. Кім сынаққа разы болса, Алла да оған разы болады. Кім наразылық танытса, Алланың қаһарына ұшырайды».1

  1. 1Тирмизи, Зуһд 57 (2398).
4697
Кутуб ситтә, № 4697 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَوَدُّ أَهْلُ الْعَافِيَةِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حِينَ يُعْطَى أَهْلُ الْبَلَاءِ الثَّوَابَ لَوْ أَنَّ جُلُودَهُمْ كَانَتْ قُرِضَتْ فِي الدُّنْيَا بِالْمَقَارِيضِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қиямет күні ауыр сынақ көргендерге сауап берілгенде, бұл дүниеде аман-сау ғұмыр кешкендер өз терілерінің де дүниеде қайшымен тілінгенін қалар еді».1

  1. 1Тирмизи, Зуһд 59 (2404).
4698
Кутуб ситтә, № 4698 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا يَزَالُ الْبَلَاءُ بِالْمُؤْمِنِ وَالْمُؤْمِنَةِ فِي نَفْسِهِ وَوَلَدِهِ وَمَالِهِ حَتَّى يَلْقَى اللَّهَ وَمَا عَلَيْهِ خَطِيئَةٌ. أَخْرَجَهُ مَالِكُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мүмін ер мен әйел өз басына, балаларына және мал-мүлкіне келген сынақтардан арылмайды. Ақырында Аллаға бойында бірде-бір күнә қалмаған күйде қауышады».1

  1. 1Муатта, Жанаиз 40, (1, 236); Тирмизи, Зуһд 57 (2401).
4699
Кутуб ситтә, № 4699 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ مُصْعَبِ بْنِ سَعْدٍ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَيُّ النَّاسِ أَشَدُّ بَلَاءً؟ قَالَ: الْأَنْبِيَاءُ، ثُمَّ الْأَمْثَلُ، فَالْأَمْثَلُ، يُبْتَلَى الرَّجُلُ عَلَى حَسَبِ دِينِهِ فَإِنْ كَانَ شَدِيدًا فِي دِينِهِ صُلْبًا اِشْتَدَّ بَلَاؤُهُ، وَإِنْ كَانَ فِي دِينِهِ رِقَّةٌ اِبْتَلَاهُ اللَّهُ عَلَى حَسَبِ دِينِهِ، فَمَا يَبْرَحُ الْبَلَاءُ بِالْعَبْدِ حَتَّى يَتْرُكَهُ يَمْشِي عَلَى الْأَرْضِ وَلَيْسَ عَلَيْهِ خَطِيئَةٌ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұсғаб ибн Сағд әкесінің мына сөзін жеткізген: «“Уа, Алла елшісі! Адамдардың қайсысы ең ауыр сыналады?” – деп сұрадым. Ол: “Әуелі пайғамбарлар, одан кейін дәрежесі соларға жақындар, содан соң соларға жақындар. Адам дініне беріктігіне қарай сыналады. Дінінде берік болса, сынағы да ауыр болады. Дінінде әлсіздік болса, Алла оны соған сай сынайды. Пенде жер бетінде бойында бірде-бір күнә қалмаған күйде жүретін болғанша, сынақ одан арылмайды”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, Зуһд 57 (2400).
4700
Кутуб ситтә, № 4700 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: وَعِزَّتِي وَجَلَالِي لَا أُخْرِجُ أَحَدًا مِنَ الدُّنْيَا أُرِيدُ أَنْ أَغْفِرَ لَهُ حَتَّى أَسْتَوْفِيَ كُلَّ خَطِيئَةٍ فِي عُنُقِهِ بِسَقَمٍ فِي بَدَنِهِ وَإِقْتَارٍ فِي رِزْقِهِ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Ұлы Алла былай деді: “Ұлылығыммен, айбыныммен ант етемін. Кешіргім келген құлымның мойнындағы әр күнәсін денесіне дерт беріп, ризығын тарылту арқылы өтетпейінше, оны бұл дүниеден алмаймын”».1

  1. 1Рәзин риуаят еткен.
4701
Кутуб ситтә, № 4701 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا كَانَ الْعَبْدُ يَعْمَلُ عَمَلًا صَالِحًا فَشَغَلَهُ عَنْهُ مَرَضٌ أَوْ سَفَرٌ كَتَبَ اللَّهُ لَهُ كَصَالِحِ مَا كَانَ يَعْمَلُ وَهُوَ صَحِيحٌ مُقِيمٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Құл ізгі амал істеп жүріп, науқастанып не сапарға шығып, сол амалын істей алмаса, Алла оған дені сау, тұрғылықты жерінде болғанда істеп жүрген ізгі амалындай сауап жазады».1

  1. 1Бұхари Жиһад 134; Әбу Дәуіт, Жанаиз 2 (3091).