Хадис

Мұсылмандардың өзара соғысуы

Кутуб ситтә, 11-том, 732-тарау · 4 хадис · № 4805–4808

Хадистер

4805
Кутуб ситтә, № 4805 · тараудағы реті: 1

عَنْ الْأَحْنَفِ بْنِ قَيْسٍ قَالَ: خَرَجْتُ أُرِيدُ هَذَا الرَّجُلَ فَلَقِيَنِي أَبُو بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ: أَيْنَ تُرِيدُ يَا أَحْنَفُ؟ قُلْتُ: أُرِيدُ نُصْرَةَ ابْنِ عَمِّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ: ارْجِعْ، فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِذَا تَوَاجَهَ الْمُسْلِمَانِ بِسَيْفَيْهِمَا، فَالْقَاتِلُ وَالْمُقْتُولُ فِي النَّارِ. فَقِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَذَا الْقَاتِلُ فَمَا بَالُ الْمَقْتُولِ؟ قَالَ: إِنَّهُ كَانَ حَرِيصًا عَلَى قَتْلِ صَاحِبِهِ. وَفِي رِوَايَةٍ: إِنَّهُ قَدْ أَرَادَ قَتْلَ صَاحِبِهِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ахнаф ибн Қайс былай жеткізген: «Әлгі кісіге бармақ болып, үйден шықтым. Жолда Әбу Бәкра (р.а.) кездесіп: “Уа, Ахнаф, қайда барасың?” – деп сұрады. Мен: “Алла елшісінің (с.а.с.) немере ағайынына көмектеспекпін”, – дедім. Ол: “Кері қайт! Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Екі мұсылман бір-біріне қылыш көтерсе, өлтірген де, өлген де тозаққа түседі’, – дегенін естідім. Одан: ‘Уа, Алла елшісі! Өлтіргенді түсіндік, ал өлгені ше?’ – деп сұрағанда: ‘Өйткені ол да қарсыласын өлтірмек болды’, – деп жауап берді”, – деді».

Басқа бір риуаятта «Ол да қарсыласын өлтіргісі келген еді»1 делінген.

Түсіндірме

1. Мұнда әзірет Әли мен оны қолдағандар және әзірет Айша мен оның жақтастары арасында болған Жәмәл оқиғасы айтылып отыр. Бұл оқиғаны алдағы 4810–4812-хадистерде жеке талдаймыз.

Бұл хадис екі мұсылманның бірін-бірі өлтірмек болып қару көтеруіне тыйым салады. Ибн Хажар хадисті былай түсіндіреді: «Ғалымдар: “Екеуінің де отқа түсуі – екеуі де сол жазаға лайық деген сөз. Ал үкім Алланың еркінде. Қаласа, екеуін де жазалайды, кейін Алланы бір деп таныған өзгелермен бірге оларды да оттан шығарады. Қаласа, екеуін де кешіріп, жазаға тартпайды”, – деген. Кейбірі: “Хадисте бір-біріне қару көтеруді адал санағандар меңзелген. Бұл хадис харижилердің де, мұғтазилалар арасындағы күнәһарлар тозақта мәңгі қалады деушілердің де сөзіне дәлел бола алмайды. Өйткені ‘Екеуі де отта’ деген сөз олардың онда мәңгі қалатынын білдірмейді”, – деген».

2. Бүлікке араласпау керек дегендер осы хадисті де дәлел еткен. Олардың арасында шайқаста әзірет Әлиге қосылудан тартынған Сағд ибн Әбу Уаққас, Абдулла ибн Омар, Мұхаммед ибн Мәсләмә, Әбу Бәкра, Усама, Әбу Бәрза әл-Әсләми секілді сахабалар бар. Олар соғыстан бойды аулақ ұстап, тіпті біреу өлтірмек болса да, қарсыласпау керек деген. «Бүлікке араласуға болмайды, бірақ біреу өлтірмек болса, қорғануға болады» дегендер де болған. Ибн Хажардың айтуынша, сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі ақ тарапқа көмектесіп, шектен шыққан тарапқа қарсы тұруды уәжіп санаған. Олар бүлікке араласпауға үндейтін хадистерді соғысуға шамасы жетпейтін немесе қай тараптың ақ екенін айыра алмаған кісілерге қатысты деп түсіндірген.

Әһлі сүннет ғалымдары сахабалардың өзара қақтығысында қай тараптың ақ екені белгілі болса да, сахабалардың бірін де тілдеуге жол бермеу уәжіп деген ортақ пікірге келген. Өйткені олар өз ижтиһадтарына сүйеніп соғысты. Алла елшісінің (с.а.с.) хабарлауынша, Алла тағала ижтиһадта кеткен қатені кешіреді. Ижтиһадында қателескенге бір сауап, дұрыс шешімге келгенге екі сауап беріледі. Хадистегі қатаң ескерту шариғи негізге сүйенбей, тек билік үшін соғысқандарға қатысты.

Табари былай дейді: «Мұсылмандар арасында әр бүлік туған сайын үйде отырып, шайқастан шет қалу міндет болса, әділет орнамас, бүлік те басылмас еді. Пасықтар мұсылмандарға қарсы соғысқанда, ақ тарап: “Бұл – бүлік. Бүлік кезінде олармен соғысуға тыйым салынған”, – деп қарсы тұрмаса, мал-мүлікті тонау, жазықсыз қан төгу, кісінің ар-намысын таптау сияқты харам істер ашық жасалар еді».

3. Баззар жеткізген нұсқада хадистің мағынасын айқындай түсетін мынадай қосымша сөз бар: «Дүние үшін соғыссаңдар, өлген де, өлтірген де тозақта». Бұл ойды 4780-хадистегі Әбу Һурайраның риуаяты да қуаттайды. Онда Алла елшісі (с.а.с.) өлтірген адам не үшін өлтіргенін, ал өлген адам не үшін өлтірілгенін білмейтінін хабарлайды. «Ол қалай?» – деп сұрағанда: «Бұл – әрж. Өлген де, өлтірген де тозақта», – деп жауап береді. Құртуби былай дейді: «Бұл хадисте дүние қуған не нәпсісіне ерген тараптың қайсысы екені белгісіз күйде шайқасса, өлтіргеннің де тозаққа түсетіні ашық айтылған. “Өлген де, өлтірген де тозақта” деген хадистің мәні де осы». Осы қағиданы сахабалар арасындағы қайшылыққа қолданған Ибн Хажар: «Жәмәл мен Сыффин шайқасына қатысудан тартынғандар қатысқандардан аз болған. Алла қаласа, олардың бәрі өз пайымына сүйеніп, сауап алады. Кейінгілер болса дүние үшін соғысты», – дейді. Мұны Бұхари жеткізген Әбу Бәрза әл-Әсләмидің (р.а.) мына сөзі қуаттайды: «Уа, арабтар! Өздерің білесіңдер, жаһилият дәуірінде қорлықта, жоқшылықта, адасуда едіңдер. Алла сендерді Ислам мен Мұхаммед (с.а.с.) арқылы сол күйден құтқарып, бүгінгі жағдайға жеткізді. Бірақ мына дүние сендерді бұзып, араларыңды ашты. Шамдағы Маруанды айтсам, Алламен ант етемін, ол тек дүние үшін соғысып жүр». Хадистің басқа нұсқасында Әбу Бәрзадан: «Сол кезде шыққан топтардың қайсысы қайырлы?» – деп сұрағанда, ол ешбір топты жақтап шықпай, былай жауап берді: «Маған ең сүйікті жандар – өзгенің малын жемеген, жазықсыз жанның қанын мойнына жүктемеген кісілер».

Ибн әл-Араби былай дейді: «Темір кезеген кісінің өзі лағынетке лайық болса, оны мұсылманға жұмсаған кісі қандай жазаға лайық? Шындап болсын, қалжыңдап болсын, біреуді қорқытып қару кезеген адам лағынетке лайық болады. Қалжыңдаған адам да бауырын қорқытқаны үшін сөгіледі. Бірақ екеуінің күнәсі бірдей емес. Жалаң қылышты қолдан қолға беруге тыйым салынуының себебі – алған адам аңдаусызда жарақат алып қалуы мүмкін».

  1. 1Бұхари, «Дият», 2 (6875), «Фитән», 10 (7083). Мүслим, «Фитән», 14 (2888). Әбу Дәуіт, «Фитән», 5 (4268). Нәсәи, «Тахрим», 29 (4120).
4806
Кутуб ситтә, № 4806 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يُشِيرُ أَحَدُكُمْ عَلَى أَخِيهِ بِالسِّلَاحِ، فَإِنَّهُ لَا يَدْرِي لَعَلَّ الشَّيْطَانَ يَنْزِعُ فِي يَدِهِ، فَيَقَعُ فِي حُفْرَةٍ مِنَ النَّارِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңнан ешкім бауырына қару кеземесін. Қайдан білсін, шайтан қару ұстаған қолын тайдырып жіберсе, өзі тозақтың бір шұңқырына түсіп кетуі мүмкін”, – деді»1.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) мұнда зардапқа соқтыруы мүмкін әрекетке, шын болсын, әзіл болсын, тыйым салып отыр. Қарумен ойнап жүріп жазатайым оқиғаға ұшырағандар жайын жиі естиміз. Қару үрей туғызатындықтан, ғалымдар хадистен мұсылманды қорқытуға болмайтыны туралы үкім шығарған. «Тозақ шұңқырына түсу» – тозаққа апаратын күнәға батудың астарлы атауы. Басқа бір хадисте «Кім бауырына темір кезесе, қолындағысын тастағанша, періштелер оған лағынет айтады. Кезегені бір әке-шешеден туған бауыры болса да, солай» делінген. Алла елшісі (с.а.с.) бұған ерекше мән беріп, қылышты қынсыз күйінде қолдан қолға беруге де тыйым салған. Бір риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) бір топ адамға кезікті. Олар жалаң қылыштарын бір-біріне беріп жатқан еді. Ол: “Бұған тыйым салмап па едім? Кім қылышын суырса, әуелі қынына салсын, содан соң жолдасына берсін. Алла осылай істегенді лағынеттеді…”, – деді».

  1. 1Бұхари, «Фитән», 7 (7072). Мүслим, «Бирр», 126 (2617). Тирмизи, «Фитән», 4 (2162, мазмұндас риуаят).
4807
Кутуб ситтә, № 4807 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سِبَابُ الْمُسْلِمِ فُسُوقٌ، وَقِتَالُهُ كُفْرٌ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылманды балағаттау – пасықтық, ал онымен шайқасу – күпірлік”, – деді»1.

Түсіндірме

1. «Сибаб» сөзі араб тілінде кісінің ар-намысына тиетін сөз айту дегенді білдіреді. Хадисте оны «балағаттау» деп аудардық. «Сәбб» пен «сибаб» мағыналас болғанымен, соңғысын «бірін-бірі балағаттау» деп түсіндіргендер де бар. Ибраһим Харби оны «Кісіні айыптау үшін оның бар-жоқ мінін тізіп шығу» деп түсіндіреді. «Фисқ» – Алла мен Оның елшісіне бағынудан шығу. Шариғат ұғымында пасықтық бойсұнбаудан да ауыр саналады. Құранда ﴿وَكَرَّهَ إِلَيْكُمُ الْكُفْرَ وَالْفُسُوقَ وَالْعِصْيَانَ﴾ «Әрі сендерді күпірліктен, күнәһарлықтан, асылықтан жирендірді»2 делінген.

2. Мүмінмен шайқасуды күпірлік деп атау жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Хадисті сыртқы мағынасында оқығанда, ол «Үлкен күнә жасаған адам кәпір болады» деген харижилердің пікіріне сай көрінеді. Ал әһлі сүннет ғалымдары мүмінмен шайқасуды адамды діннен шығаратын күпірлікке жатқызбайды.

• Кейбір ғалымдардың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) бұл әрекетті «күпірлік» деп атап, одан барынша сақтандырған. Мұндай әрекет кісіні діннен шығармайтыны жалпыға мәлім. Бұған шапағат туралы хадис пен Құрандағы ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді»3 деген аят дәлел ретінде келтірілген.

• Хадисті «Алла елшісі (с.а.с.) кісі өлтіруді күпірлікке ұқсағаны үшін осылай атады. Өйткені мүмінді өлтіру – кәпірлерге тән іс» деп түсіндіргендер де бар.

• Кейбір ғалымдар мұндағы «күпір» сөзін тілдегі «бүркеу», «жабу» мағынасында түсіндіреді. Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеті – оған қол ұшын беру, қолдау көрсету және зиян келтірмеу. Егер оған қару көтеріп, өлтірмек болса, оның осы ақысын бүркегендей болады.

• Мұнда Аллаға күпірлік ету айтылған деген пікір де бар. Бұл пікірді ұстанғандар хадисті мұсылманға қарсы соғысуды адал санағандарға қатысты деп, тура мағынасында түсінген.

3. Хадис мүміннің ар-намысының қадірін көрсетеді. Мұсылманды балағаттаған кісіні «пасық» деуге де осы хадис негіз болады.

  1. 1Бұхари, «Фитән», 8, «Иман», 36 (48), «Әдеп», 44. Мүслим, «Иман», 116 (64). Тирмизи, «Иман», 15 (2635). Нәсәи, «Тахрим», 27 (4104).
  2. 2«Хужурат» сүресі, 7-аят.
  3. 3«Ниса» сүресі, 48-аят.
4808
Кутуб ситтә, № 4808 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَرْجِعُوا بَعْدِي كُفَّارًا يَضْرِبُ بَعْضُكُمْ رِقَابَ بَعْضٍ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَأَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ عَنْ ابْنِ عُمَرَ. وَزَادَ النَّسَائِيُّ فِي رِوَايَةٍ عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ: «وَلَا يُؤْخَذُ الرَّجُلُ بِجَرِيرَةِ أَبِيهِ، وَلَا بِجَرِيرَةِ أَخِيهِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Менен кейін бір-біріңнің мойындарыңды шапқан кәпірлерге айналмаңдар”, – деді»1.

Нәсәи Ибн Мәсғудтан жеткізген нұсқада «Кісі әкесінің де, бауырының да қылмысы үшін жауап бермейді» деген қосымша сөз бар.

Түсіндірме

Хаттабидің айтуынша, ғалымдар хадистегі «күпірлікке қайта оралу» тіркесін екі түрлі түсіндірген.

1) «Күпір» сөзінің түпкі мағынасы – «бүркеу, жабу». Алла елшісі (с.а.с.) осы сөзбен үстіне қару асынуды меңзеген болуы мүмкін.

2) Хадистің мәні мынадай: «Менен кейін бірін-бірі өлтірмек болған топтарға бөлінбеңдер. Әйтпесе араздық пен өшпенділіктен бірін-бірі өлтіретін кәпірлерге ұқсап қаласыңдар. Мұсылмандарға қан төкпеу және өзара шайқаспау бұйырылған». Кей ғалымдар хадисте әзірет Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында діннен шығып, мұсылмандардың қанын төккендер меңзелді деген. Ибн Хажар осы тіркеске қатысты сегіз түрлі пікірді келтіреді.

• Харижилер хадисті тура мағынасында түсінген.

• Бұл үкім мұсылманның қанын төгуді адал санағандарға қатысты.

• Өзгенің қанын төгуге болмайтынын, мұсылманның қадірін және дін бекіткен құқықтарды елемегендер меңзелген.

• Бір-біріңді өлтірсеңдер, кәпірлерге тән іс істеген боласыңдар.

• Үстіне қару асынғандар меңзелген.

• Алланың нығметін танымау меңзелген.

• Мақсат – кісі өлтіруден қатаң тыю.

• Бір-біріңді діннен шықты демеңдер, бір-біріңе «Уа, кәпір!» деп тіл қатпаңдар.

  1. 1Тирмизи, «Фитән», 28 (2193). Бұхари, «Фитән», 8, «Дият», 2. Әбу Дәуіт, «Сүннет», 16 (4686). Мүслим, «Иман», 66 (119). Нәсәи, «Тахрим», 28 (4127–4128, Ибн Мәсғудтан жеткен қосымша).