Хадис

Жәмәл оқиғасы

Кутуб ситтә, 11-том, 734-тарау · 3 хадис · № 4810–4812

Хадистер

4810
Кутуб ситтә, № 4810 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي مَرْيَمَ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ زِيَادٍ الْأَسَدِيِّ قَالَ: لَمَّا سَارَ طَلْحَةُ وَالزُّبَيْرُ وَعَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ إِلَى الْبَصْرَةِ بَعَثَ عَلِيٌّ عَمَّارَ بْنَ يَاسِرٍ وَحَسَنَ بْنَ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَقَدِمَا عَلَيْنَا الْكُوفَةَ فَصَعَدَا الْمِنْبَرَ، فَكَانَ الْحَسَنُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي أَعْلَاهُ، وَعَمَّارٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَسْفَلَ مِنْهُ، فَاجْتَمَعْنَا إِلَيْهِمَا. فَسَمِعْتُ عَمَّارًا يَقُولُ: إِنَّ عَائِشَةَ قَدْ سَارَتْ إِلَى الْبَصْرَةِ، وَوَاللَّهِ إِنَّهَا لَزَوْجَةُ نَبِيِّكُمْ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، وَلَكِنَّ اللَّهَ ابْتَلَاكُمْ لِيَعْلَمَ إِيَّاهُ تُطِيعُونَ أَمْ هِيَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәриям Абдулла ибн Зияд әл-Асади былай жеткізген: «Талха, Зубайыр және Айша (р.а.) Басраға бет алғанда, әзірет Әли (р.а.) Аммар ибн Ясир мен Хасан ибн Әлиді жіберді. Олар Куфаға келіп, мінберге шықты. Хасан (р.а.) мінбердің жоғарғы сатысында, Аммар (р.а.) одан төмен тұрды. Біз оларды айнала жиналдық. Аммардың мына сөзін естідім: “Айша Басраға бет алды. Аллаға ант етемін, ол – пайғамбарларыңның (с.а.с.) осы дүниеде де, ақыретте де жары. Бірақ Алла сендерді сынап жатыр: Оған бағынасыңдар ма, әлде Айшаға ма?”»1

  1. 1Бұхари, «Фазаил әл-асхаб», 30 (3772), «Фитән», 17 (7100).
4811
Кутуб ситтә, № 4811 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ شَقِيقِ بْنِ سَلَمَةَ قَالَ: كُنْتُ جَالِسًا مَعَ أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ، وَأَبِي مَسْعُودٍ الْأَنْصَارِيِّ، وَعَمَّارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَقَالَ أَبُو مَسْعُودٍ لِعَمَّارٍ: مَا مِنْ أَصْحَابِكَ مِنْ أَحَدٍ إِلَّا لَوْ شِئْتُ لَقُلْتُ فِيهِ غَيْرَكَ، وَمَا رَأَيْتُ مِنْكَ شَيْئًا مُنْذُ صَحَبْتَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَعْيَبَ عِنْدِي مِنَ اسْتِسْرَاعِكَ فِي هَذَا الْأَمْرِ. فَقَالَ عَمَّارٌ: يَا أَبَا مَسْعُودٍ مَا رَأَيْتُ مِنْكَ وَلَا مِنْ صَاحِبِكَ هَذَا شَيْئًا مُنْذُ صَحِبْتُمَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَعْيَبَ عِنْدِي مِنْ إِبْطَائِكُمَا فِي هَذَا الْأَمْرِ فَقَالَ أَبُو مَسْعُودٍ: وَكَانَ مُوسِرًا: يَا غُلَامُ! هَاتِ حُلَّتَيْنِ فَأَعْطَى إِحْدَاهُمَا أَبَا مُوسَى، وَالْأُخْرى عَمَّارًا، وَقَالَ: رُوحَا فِيهِمَا إِلَى الْجُمُعَةِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Шақиқ ибн Сәләмә былай жеткізген: «Мен Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.), Әбу Мәсғуд (р.а.) және Аммармен (р.а.) бірге отыр едім. Әбу Мәсғуд Аммарға: “Жолдастарыңның қалаған бірінен мін таба алар едім. Ал сенен Алла елшісіне (с.а.с.) серік болғаннан бері осы іске асыққаныңнан өзге мін көрмедім”, – деді. Аммар: “Уа, Әбу Мәсғуд! Мен де сенен, мына жолдасыңнан Алла елшісіне (с.а.с.) серік болғандарыңнан бері осы істе тартынып қалғандарыңнан өзге мін көрмедім”, – деп жауап берді.

Дәулетті кісі болған Әбу Мәсғуд: “Балам, екі киім алып кел”, – деді. Бірін Әбу Мұсаға, екіншісін Аммарға беріп: “Осы киімдеріңді киіп, жұма намазына барыңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі Әбу Мәсғуд – Уқба ибн Амр (р.а.). Ол сол кезде әзірет Әлидің (р.а.) Куфадағы уәлиі еді.

2. Басқа бір нұсқада оқиға толығырақ баяндалады. Аммар (р.а.) әзірет Әлидің (р.а.) тапсырмасымен Куфаға әскер жинауға келген. Әбу Мұса мен Әбу Мәсғуд әл-Ансари оның жанына келіп, соғысқа тым асыққанын айтып мінеген. Аммар болса, бұл шайқаста ақ деп білген әзірет Әлиге жеткілікті қолдау көрсетпегендерін айтқан. Ақырында дәулетті Әбу Мәсғуд екі киім әкелдіріп, екеуіне кигізді де, олармен бірге жұма намазына барды.

3. Ибн Хажар осы хадиске орай Ибн Батталдың мына түсінігін келтіреді: «Әбу Мәсғуд дәулетті әрі жомарт кісі еді. Оқиға жұма күні болған. Ол Аммарға жұма намазына тәуір киіммен барсын деп киім сыйлаған болуы мүмкін. Өйткені Аммар жолдан келген, үстінде сапар киімі, бойында қару-жарағы бар еді. Әбу Мәсғуд оның жұма намазына сол күйде барғанын қаламаған. Қасында Әбу Мұса отырғанда киімді бір Аммарға беруге ыңғайсызданып, екеуіне де бір-бір киім сыйлаған».

4. Хадис соғыс жайында әртүрлі пікір болғанын да көрсетеді. Аммар (р.а.) соғысқа шақырғанда тартынып қалуды мәкрүһ санаса, қалған екеуі асығуды мәкрүһ санаған. Екі тараптың да өз уәжі бар еді. Асықпағандар Алла елшісінің (с.а.с.) бүлікке қатысты ескертуіне сүйеніп, сақтық танытқан. Ал Аммар мынадай аяттарды негізге алған болуы мүмкін: ﴿وَإِنْ طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا ۖ فَإِنْ بَغَتْ إِحْدَاهُمَا عَلَى الْأُخْرَىٰ فَقَاتِلُوا الَّتِي تَبْغِي حَتَّىٰ تَفِيءَ إِلَىٰ أَمْرِ اللَّهِ ۚ فَإِنْ فَاءَتْ فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا بِالْعَدْلِ وَأَقْسِطُوا ۖ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ﴾ «Егер мүміндерден екі топ бір-бірімен соғысса, бірден араларын жарастырыңдар. Ал егер олардың бірі екіншісіне қастандықпен шабуыл жасаса, онда Алланың үкіміне мойынсұнғанға дейін сол қастандық қылған топқа қарсы бірігіп соғысыңдар. Егер олар райларынан қайтып, Алланың үкіміне мойынсұнса, онда бірден екі топтың арасын әділ түрде жарастырыңдар һәм әркез туралық қылыңдар. Өйткені Алла турашылдарды жақсы көреді!»2

  1. 1Бұхари, «Фитән», 18 (7107), «Фазаил әл-асхаб», 30.
  2. 2«Хужурат» сүресі, 9-аят.
4812
Кутуб ситтә, № 4812 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ قَيْسِ بْنِ عَبَّادٍ قَالَ: قُلْتُ لِعَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَخْبِرْنِي عَنْ مَسِيرَكَ هَذَا: أَعَهْدٌ عَهِدَهُ إِلَيْكَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَمْ رَأْيٌ رَأَيْتُهُ؟ فَقَالَ: مَا عَهِدَ إِلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بِشَىْءٍ وَلَكِنَّهُ رَأْيٌ رَأَيْتُهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Қайс ибн Аббад былай жеткізген: «Әлиден (р.а.): “Айтшы, бұл жорығың Алла елшісінің (с.а.с.) тапсырмасы ма, әлде өз пайымыңа сүйеніп қабылдаған шешімің бе?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) маған бұл жөнінде ештеңе тапсырған жоқ. Бұл – өз пайымым”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Мұндағы жорық деп әзірет Әлидің (р.а.) әзірет Муғауиямен (р.а.) соғысу үшін Иракқа немесе Жәмәл оқиғасында әзірет Зубайырмен (р.а.) соғысу үшін Басраға аттануы айтылып отыр. Ибн Сағд «Табақат» еңбегінде жазғандай, әзірет Осман (р.а.) шейіт болғаннан кейінгі күні Мәдинада әзірет Әлиге (р.а.) биғат берілді. Мәдинадағы сахабалардың бәрі оған биғат берді. Талха мен Зубайырдың амалсыз биғат бергені айтылады. Кейін екеуі Мәдинадан Меккеге, әзірет Айшаның қасына барып, онымен бірге Басраға аттанды. Мұны естіген әзірет Әли Иракқа жол тартты. Басрада ол Талха, Зубайыр, Айша (р.а.) және олардың жақтастарымен бетпе-бет келді. Сөйтіп, һижраның 36 жылы, жумада әл-ахира айында Жәмәл оқиғасы болды. Талха, Зубайыр және басқа да көптеген кісі шейіт болды. Қаза тапқандардың саны он үш мыңға жетті. Әзірет Әли Басрада он бес күндей тұрып, одан Куфаға өтті. Кейін Шамда әзірет Муғауия мен жақтастары әзірет Әлиге қарсы шықты. Мұны естіген Әли қол бастап, оларға қарсы аттанды. Екі қол Сыффинде, һижраның 37 жылы, сафар айында кездесті. Бұл шайқасқа алда кеңірек тоқталамыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 13 (4666).