عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ جُعِلَ قَاضِيًا بَيْنَ النَّاسِ فَقَدْ ذُبِحَ بِغَيْرِ سِكِّينٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім адамдардың арасына қазы болып тағайындалса, пышақсыз бауыздалғаны”».1
Түсіндірме
Ибн әс-Салахтың түсіндіруінше, Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте қазылықтың машақаты мен жауапкершілігінің ауырлығына назар аударған. «Бауыздалу» – теңеу. Қазы әділдік танытса, дүниеде қиындық көруі мүмкін. Әділдіктен тайса, ақыретте жазасы ауыр. Ол екі оттың ортасында қалғандай. Хаттаби былай түсіндіреді: «Пышақпен бауыздағанда жан тез шығады. Мұнда пышақтың аталмауы қатердің тәнге емес, дінге төнетінін білдіреді деген түсінік бар. Ал тұншығып, өртеніп не жаншылып өлген жан қатты қиналады. Хадистегі “пышақсыз” сөзі осы міндеттің машақатын күшейте білдіреді».
Ибн Хажар «Тәлхис» еңбегінде: «Кейбір адамдар қазылық жайлы осы хадисті өз мағынасынан бұрып жіберген. Олар “пышақсыз бауыздауды” қазылықтың жеңілдігі, азаптың бәсеңдігі деп түсіндірген. Бұл қате. Пышақсыз бауыздалған адамның азабы ауыр болады», – дейді. «Субул әс-сәләмде» бұл хадис қазылықты мойнына алудан сақтандыратыны айтылған. Өйткені адам біле тұра бұра тартса немесе білімсіз үкім берсе, тозақтық болады. Пышақсыз бауыздалу – тамырдың кесілуі емес, жанның ақырет азабына ұшырауы.
- 1Әбу Дәуіт, «Ақдия», 1, (3571, 3572). Тирмизи, «Ахкам», 1 (№ 1325).