Хадис

«Шұғара» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 76-тарау · 2 хадис · № 726–727

Хадистер

726
Кутуб ситтә, № 726 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا نَزَلَتْ: وَأَنْذِرْ عَشِيرَتَكَ الْأَقْرَبِينَ صَعِدَ ﷺ عَلَى الصَّفَا. فَجَعَلَ يُنَادِى يَا بَنِى فَهْرٍ يَا بَنِى عَدِىٍّ لِبُطُونِ قُرَيْشٍ حَتَّى اجْتَمَعُوا. فَقَالَ: أَرَأَيْتُكُمْ لَوْ أَخْبَرْتُكُمْ أَنَّ خَيْلًا بِالْوَادِى تُرِيدُ أَنْ تُغِيرَ عَلَيْكُمْ أَكُنْتُمْ مُصَدِّقِيَّ؟ قَالُوا نَعَمْ: مَا جَرَّبْنَا عَلَيْكَ إِلَّا صِدْقًا. قَالَ: فَإِنِّى نَذِيرٌ لَكُمْ بَيْنَ يَدَىْ عَذَابٍ شَدِيدٍ. قَالَ أَبُو لَهَبٍ: تَبًّا لَكَ يَا مُحَمَّدُ! أَلِهَذَا جَمَعْتَنَا؟ فَنَزَلَتْ: تَبَّتْ يَدَا أَبِي لَهَبٍ وَتَبَّ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: وَقَدْ تَبَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «﴿وَأَنذِرْ عَشِيرَتَكَ ٱلْأَقْرَبِينَ﴾ “Алдымен ең жақын туыстарыңа ескерт!”1 деген аят түскенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сафа төбесіне көтеріліп: “Уа, Фиһр ұрпақтары! Уа, Ади ұрпақтары!” – деп дауыстады. Бұлар Құрайыш тайпасының рулары еді. Жұрт жиналған соң, ол: “Сендерге осы сайда шабуылға дайын тұрған атты жасақ бар десем, сенесіңдер ме?” – деп сұрады. Олар: “Иә, сенеміз. Сенің тек шындық айтатыныңды білеміз”, – деді. Ол: “Мен сендерді алдарыңда тұрған қатты азаптан сақтандыру үшін келдім”, – деді. Әбу Ләһаб: “Құрығыр, Мұхаммед! Бізді осы үшін жинадың ба?” – деді. Сонда ﴿تَبَّتْ يَدَآ أَبِى لَهَبٍ وَتَبَّ﴾ “Әбу Ләһабтың екі қолы бірдей құрысын, онсыз да құрыды!”2 деп басталатын сүре түсті». Бір риуаятта аяттың соңғы сөзі «وَقَدْ تَبَّ» түрінде келген.3

Түсіндірме

1. Исламның үкімдері біртіндеп уахи етілді. Құран Кәрімнің жиырма үш жыл бойы түсуі осыны көрсетеді. Әуелі иманға қатысты аяттар, одан кейін парыздар мен өзге үкімдер түсті. Ішімдікке тыйым салу мысалындағыдай, бір мәселеге қатысты үкімдер де бірден түспей, уақыт өте келе толық бекіді.

Бұл заңдылық дінге шақыру ісіне де қатысты. Жоғарыдағы аятта Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдымен ең жақын туыстарын ескерту бұйырылған. Осы аят дінді ашық насихаттаудың бастамасы болды. Кейбір риуаяттарда алғашқы уахидің бұдан үш жыл бұрын келгені айтылады. Ол кезде Алла Елшісіне (с.а.с.) дінді ашық уағыздау әлі бұйырылмаған еді. Бұл аят оған насихатты ең жақын туыстарынан бастау міндетін жүктеді.

Кейінірек келген «шаһарлардың анасы – Мекке халқын және соның айналасындағы ел-жұртты ескертуің үшін»4 деген аят дінді насихаттау аясының кеңейгенін білдірді.

Пайғамбарлықтың бүкіл адамзатты қамтитыны кейінірек, әсіресе, һижреттен кейін анық білінді.

2. Ғалымдар риуаяттарға сүйеніп, Пайғамбардың «ең жақын туыстары» деп Хашим мен Мутталиб ұрпақтарын атаған. Алғашқы шақыруына қолдау таппаған соң, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірнеше рет дастархан жайып, осы екі рудың адамдарын қонаққа шақырған.

3. Алла Елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлығының ақиқаттығын танытқан алғашқы дәлел – жұрттың көз алдында өткен өмірі. Оның турашылдығына, шыншылдығына және көркем мінезіне ешкім күмәнданбаған.

4. Әбу Ләһабтың Алла Елшісіне (с.а.с.) қарсы шығуы, көріп отырғанымыздай, дінді алғаш насихаттай бастағанда-ақ басталған және өмірінің соңына дейін жалғасқан. Асылында, Әбу Ләһаб Расулаллаға (с.а.с.) бөтен емес еді, керісінше, оның көкесі еді, яғни Әбу Ләһаб – оның әкесінің туған бауыры еді. Әбу Ләһабтың шын аты – Абдулузза ибн Абдулмутталиб. Күньясы – Әбу Ұтба. Жүзі қызыл шырайлы болғандықтан оған Әбу Ләһаб лақабы берілген.

Әбу Ләһаб Алла Елшісіне (с.а.с.) көп зәбір көрсетті. Қажылық уақытында Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінді насихаттау үшін әрбір шатырға кіріп шыққан кезде, Әбу Ләһаб іле-шала оның артынан кіріп: «Оған сенбеңдер! Ол – өтірікші. Айтқаны рас болса, алдымен біз сенер едік. Біз оны сендерден жақсы танимыз», – деп, уағыздың әсерін жоюға тырысқан.

  1. 1«Шұғара» сүресі, 214-аят.
  2. 2«Тәббәт» сүресі, 1-аят.
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Шұғара», 2 (№4770), «Жаназа», 98, «Мәнәқиб», 13. Мүслим, «Иман», 355 (№208). Тирмизи, «Тәпсір», «Тәббәт» (Ибраһим Жанан басылымында №3360).
  4. 4«Әнғам» сүресі, 92-аят.
727
Кутуб ситтә, № 727 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَالشُّعَرَاءُ يَتَّبِعُهُمُ الْغَاوُونَ. قَالَ: اسْتَثْنَى اللَّهُ تَعَالَى مِنْهُمْ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿وَٱلشُّعَرَآءُ يَتَّبِعُهُمُ ٱلْغَاوُۥنَ﴾ «Ал шайырларға келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайған азғындар ғана ереді»1 деген аятты былай түсіндірген: «Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін ақындар (яғни, дін дұшпандары өзіне, дініне, пайғамбарға немесе діндес бауырларына тіл тигізгенде, қарап қалмайтын от ауызды, орақ тілді, жүрегінің түгі бар ақындар)...»2 делінген ақындарды Алла ол топтан тыс қалдырған.3

Түсіндірме

Ибн Аббас (р.а.) түсіндірген аят ақындардың бір тобын сынайды. Кейінгі аяттар мұның себебін ашады: ﴿أَلَمْ تَرَ أَنَّهُمْ فِى كُلِّ وَادٍ يَهِيمُونَ ۝ وَأَنَّهُمْ يَقُولُونَ مَا لَا يَفْعَلُونَ﴾ «Олардың сезімге беріліп, сай-салада бет-бетімен лағып жүргенін көрмеймісің. Һәм олар өздері істемейтін істерді сөз қылады»4. Ибн Әбу Шәйба мен Абд ибн Хумайдтың айтуы бойынша, «шайырларға келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайып, бетімен кеткен азғындар ғана ереді» деген аят түскен кезде, Расулалланың (с.а.с.) ақындарынан Абдулла ибн Рауаха, Кәғб ибн Мәлик және Хассан ибн Сәбит жылап келіп: «Уа, Алла елшісі, Алла Тағала мына аятты түсірді. Раббымыз біздің ақын екендігімізді біледі ғой. Ендеше, біз құрыдық!» – дейді. Осыған байланысты жоғарыда айтылғандай, оларды бөлек қарастырған аят түсті. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды шақырып алып, жаңадан түскен аятты оқып береді.

Ибн Аббастан жеткен басқа риуаяттарда аяттың Алла Елшісін (с.а.с.) өлеңмен келемеждеген ақындарға қатысты түскені айтылады. «Оларға азғындар ғана ереді» деген сөз соларды меңзейді. Ал «Иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтіндер...» деген үзінді Хассан ибн Сәбит, Абдулла ибн Рауаха және Кәғб ибн Мәлик секілді ақындарға қатысты түсіндірілген. Олар Алла елшісі мен сахабаларды мазақ өлеңдерден қорғаған.

  1. 1«Шұғара» сүресі, 224-аят.
  2. 2«Шұғара» сүресі, 227-аят.
  3. 3Әбу Дәуіт, Әдәб 95, (5016).
  4. 4«Шұғара» сүресі, 225–226-аяттар.