عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمَ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا، وَمَنْ تَحَسَّى سُمًّا فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ، فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي بَطْنِهِ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Кім өзін таудан тастап, жанын қиса, тозақ отында мәңгі солай құлай береді. Кім у ішіп, жанын қиса, тозақ отында қолындағы уын мәңгі іше береді. Кім темірмен жанын қиса, тозақ отында қолындағы сол темірді ішіне мәңгі сұға береді”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадистің сыртқы мағынасы бойынша, өз жанын қиған адам тозақта мәңгі қалады. Әһлі сүннет ғалымы Имам Мәлик хадистің осы мағынасына сүйеніп: «Өзіне қол жұмсаған адамның тәубесі қабыл болмайды, жаназа намазы да оқылмайды», – деген. Күнә жасаған адам тозақта мәңгі қалады деп есептеген мұғтазила мен өзге ағымдардың өкілдері де хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп, өзіне қол жұмсаған кісі тозақта мәңгі қалады деген.
Әһлі сүннет ғалымдары бұл мәселені басқаша түсіндірген. Хадистің кей нұсқаларында «мәңгі қалады» деген сөз жоқ. Әһлі сүннет таухидті ұстанғандар күнәсі үшін азап шексе де, түбінде тозақтан шығарылады деген қағиданы ұстанады. Мұны қуаттайтын сахих риуаяттар бар. Осыған сүйеніп, олар хадисті харамды халал санауға қатысты жорыған: «Өзіне қол жұмсауды халал санап, жанын қиған адам тозақта мәңгі қалады». Өйткені ол харамды халал санағаны үшін кәпір болады, ал кәпір тозақта мәңгі қалады.
• Әһлі сүннет ғалымдарының кейбірі хадистегі сөздің сыртқы мағынасын тікелей алмай, оны мұндай істен тыйып, қатаң ескерту үшін айтылған деп түсіндірген.
• Тағы бір пікір бойынша, өзіне қол жұмсаған кісінің тиісті жазасы осындай. Дегенмен Алла таухидті ұстанған мүміндерді тозақта мәңгі қалдырмайды. Түбінде оларды тозақтан шығарады.
• Кей ғалым бұл сөзді «Алла қаласа, тозақта мәңгі қалады» деген мағынада түсінген.
• Тағы бір түсіндірмеде «мәңгі» сөзі өте ұзақ уақытты білдіреді. Сонда хадистің мағынасы «тозақта ұзақ қалады» дегенге саяды.
2. «Жаза амалдың сипатына сай болады» деген қағида бойынша, адам жанын қалай қиса, азабын да солай тартады. У ішкен у іше береді, таудан құлаған қайта-қайта құлайды, темірмен жанын қиған адам сол темірден азап шегеді.
3. Ғалымдардың көпшілігі өзіне қол жұмсаған кісіге жаназа намазы оқылады деп есептеген. Ханафи ғалымы Әбу Юсуф: «Оқылмайды», – деген. Омар ибн Абдулазиз бен Әузағи жаназа намазын оқуды мәкрүһ санаған.
- 1Бұхари, Тибб 56; Мүслим, Иман 175 (109); Тирмизи, Тибб 7 (2044, 2045); Нәсәи, Жанаиз 68 (4, 66, 67); Әбу Дәуіт, Тибб 11 (3872).