Хадис

Иттер

Кутуб ситтә, 11-том, 766-тарау · 2 хадис · № 4949–4950

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4949
Кутуб ситтә, № 4949 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِقَتْلِ الْكِلَابِ إِلَّا كَلْبَ صَيْدٍ، أَوْ كَلْبَ غَنَمٍ أَوْ مَاشِيَةٍ. فَقِيلَ لِإِبْنِ عُمَرَ: إِنَّ أَبَا هُرَيْرَةَ يَقُولُ: أَوْ كَلْبَ زَرْعٍ. فَقَالَ: إِنَّ لِأَبِي هُرَيْرَةَ زَرْعًا. قَالَ: كُنَّا نَنْبَعِثُ بِالْمَدِينَةِ وَأَطْرَافِهَا فَلَا نَدَعُ كَلْبًا إِلَّا قَتَلْنَاهُ، حَتَّى إِنَّا لَنَقْتُلُ كَلْبَ الْمَرْأَةِ مِنْ أَهْلِ الْبَادِيَةِ يَتْبَعُهَا. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) аңшылыққа салатын, қой бағатын немесе өзге түлікті күзететін иттерден басқа иттерді өлтіруге бұйырды».

Біреулер Ибн Омарға (р.а.): «Әбу Һурайра “Егін күзететін итті де өлтірмейді” деген еді», – деді. Ол: «Әбу Һурайраның егіні бар ғой», – деп жауап берді. Сосын: «Біз Мәдина мен оның төңірегін аралап, бір итті де тірі қалдырмайтынбыз. Тіпті шөл даладан келген әйелге еріп жүрген итті де өлтірдік»1, – деді.

Түсіндірме

1. Иттерді өлтіруге қатысты риуаяттар көп. Ғалымдар сол риуаяттарға сүйеніп, әртүрлі пікір айтқан. Мәселенің анық-қанығына жету үшін сол пікірлерге жеке тоқталайық.

2. Бұл хадисте Ибн Омардың Әбу Һурайра (р.а.) туралы «Оның егіні бар ғой» деген сөзін түсіндіре кету керек. Оның мәнін басқаша ұғып қалу оңай.

Ибн Омардың Әбу Һурайра туралы бұл сөзі ғалымдар арасында талқыланған. Алла елшісінің (с.а.с.) егін күзететін итті өлтірмеуге рұқсат бергенін Ибн Мұғаффәл, Суфиян ибн Әбу Зуһайр және Ибн әл-Хакам да жеткізген. Бұл қосымша Әбу Һурайрадан ғана жетсе де, хадистің дұрыстығына нұқсан келмес еді, өйткені сахабаның риуаяты қабыл етіледі. Демек, Ибн Омардың сөзі «Әбу Һурайра егінші болғандықтан, егінге қатысты үкімді жақсы біледі» деген мағынада айтылған.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 14. Мүслим, «Мусақат», 45 (№ 1570). Мәлик, «Муатта», «Истиазан», 14 (2-том, 969-б.). Тирмизи, «Сайд», 4 (№ 1488). Нәсәи, «Сайд», 9 (7-том, 184-б.).
4950
Кутуб ситтә, № 4950 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا مِنْ أَهْلِ بَيْتٍ يَرْتَبِطُونَ كَلْبًا إِلَّا نَقَصَ مِنْ عَمَلِهِمْ كُلَّ يَوْمٍ قِيرَاطٌ إِلَّا كَلْبَ صَيْدٍ أَوْ حَرْثٍ أَوْ غَنَمٍ. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ит асыраған отбасының амалдарының сауабы күн сайын бір қаратқа кемиді. Аңшылыққа салатын, егін күзететін немесе қой бағатын иттер бұған кірмейді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Итке қатысты мына риуаяттарға тоқталайық.

• Ибн Мұғаффәл былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) иттерді өлтіруге бұйырды. Кейін: “Оларға иттердің не жазығы бар?” – деп, аңшылыққа салатын және қой бағатын иттерді асырауға рұқсат берді».

• Жәбир ибн Абдулла (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге иттерді өлтіруді бұйырды. Шөлден келген әйелге еріп жүрген итке дейін өлтірдік. Кейін Алла елшісі иттерді өлтіруге тыйым салып: “Көзінің үстінде екі ноқаттай белгісі бар шымқай қара итті өлтіріңдер. Өйткені ол – шайтан”, – деді».

• Ибн Омар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) иттерді өлтіруге бұйырып, осыны Мәдинаның төңірегіне хабарлатты». Осы риуаяттарға сүйенген Ахмад ибн Ханбал мен кейбір шафиғи ғалымдары шымқай қара итті аңшылыққа салуды жөн көрмеген. Олар Жәбир (р.а.) жеткізген хадистің тура мағынасына сүйеніп: «Қара ит – шайтан. Аңның адал болуы үшін оны шайтан емес, ит ұстауға тиіс», – деген. Алайда ғалымдардың көпшілігі қара ит пен өзге иттің арасында айырма жоқ деп үкім берген. Хадисте қара итті «шайтан» деу оның итке жатпайтынын білдірмейді. Сондықтан ақ ит тұмсығын салған ыдыс жуылатыны сияқты, қара ит тұмсығын салған ыдыс та жуылады. Имам Ағзам, Имам Мәлик пен Имам Шафиғи осы пікірді ұстанған. Ғалымдар хадистегі «шайтан» сөзін тура мағынада ұқпау керектігіне Құраннан мысал келтіреді. Айталық, «Нас» сүресінде жамандығы басым адамдар да шайтанға теңелген. Алла оларды шайтан деп атағанымен, өлтіруге бұйырмаған.

• Ибн Абдулбәррдың пікірінше, ит зиян келтірмесе, оны өлтіруге болмайды. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) тірі жанды қаруға нысана етуден тыйған. Итке су берудің сауабы жайлы хадис те бар. Онда «Әрбір тірі жанға су берудің сауабы бар» делінген. Ибн Абдулбәрр өз пікірін жұрттың іс жүзіндегі әдетімен де негіздейді: «Әр жерде ғалымдар да, дінге қайшы іске көз жұма қарамайтын кісілер де көп. Соған қарамастан, ит өлтіру әдетке айналмаған. Мұсылман фақиһтарының бірде-бірі ит асырауды адамның әділдігіне нұқсан келтіріп, куәлік беруіне кедергі санамаған. Тек шафиғи мәзһабында қажетсіз ит асырау харам делінген». Әбу Һурайра (р.а.) итке су берудің сауабы жайлы мына хадисті жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Бір жезөкше әйел құдық басында шөлден тілі салақтап, өлім аузында жатқан итті көрді. Дереу аяқкиімін шешіп, орамалына байлады да, құдықтан су алып, итке ішкізді. Осы ісі үшін әйелдің күнәлары кешірілді”».

  1. 1Рәзин. Осы мазмұндағы риуаятты Абдулла ибн Мұғаффәлдан Тирмизи («Сайд», № 1489) мен Нәсәи («Сайд», № 4280) жеткізген.