Хадис

ТАБЫЛҒАН БАЛА ТУРАЛЫ БӨЛІМ

Кутуб ситтә, 11-том, 860-тарау · 1 хадис · № 5330

ТАБЫЛҒАН БАЛА ТУРАЛЫ БӨЛІМ

Хадистер

5330
Кутуб ситтә, № 5330 · тараудағы реті: 1

عَنْ سُنَيْنٍ أَبِي جَمِيلَةَ السُّلَمِيِّ: «أَنَّهُ وَجَدَ مَنْبُوذًا فِي عَهْدِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: فَجَاءَ عُمَرُ، فَلَمَّا رَآنِي قَالَ: عَسَى الْغُوَيْرُ أَبْؤُسًا. مَا حَمَلَكَ عَلَى أَخْذِ هَذِهِ النَّسَمَةِ؟ قُلْتُ: وَجَدْتُهَا ضَائِعَةً فَأَخَذْتُهَا. وَكَأَنَّهُ اتَّهَمَنِي. فَقَالَ عَرِيفِي: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّهُ رَجُلٌ صَالِحٌ. فَقَالَ عُمَرُ: أَكَذَلِكَ؟ قَالَ: نَعَمْ. فَقَالَ: اذْهَبْ بِهِ فَهُوَ حُرٌّ، وَلَكَ وَلَاؤُهُ، وَعَلَيْنَا نَفَقَتُهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. وَزَادَ رَزِينٌ: «وَوَلَاؤُهُ لِلْمُسْلِمِينَ يَرِثُونَهُ وَيَعْقِلُونَ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ. «الْمَنْبُوذُ» الطِّفْلُ الَّذِي تُلْقِيهِ أُمُّهُ عِنْدَ وِلَادَتِهِ فِي الْأَرْضِ لَا يُعْرَفُ أَبَوَاهُ. وَمَعْنَى قَوْلِهِ «عَسَى الْغُوَيْرُ أَبْؤُسًا» أَيْ عَسَى بَاطِنُ أَمْرِكَ رَدِيئًا لِأَنَّهُ اتَّهَمَهُ أَنْ يَكُونَ صَاحِبَهُ.

Қазақша аудармасы

Сүнәйн Әбу Жәмилә әс-Сүләми былай дейді: «Омардың (р.а.) тұсында тастанды бір бала тауып алдым. Омар мені көріп: “Бұл істің астарында бір сыр болмасын? Мына сәбиді неге алдың?” – деді. “Қараусыз жатқан жерінен тауып алып, өзіммен бірге әкеттім”, – дедім. Ол менен күдіктенгендей болды. Мені танитын қауым өкілі: “Уа, мүміндердің әміршісі, бұл – ізгі кісі”, – деді. Омар: “Солай ма?” – деп сұрағанда, ол: “Иә”, – деді. Сонда Омар: “Баланы алып кет. Ол – азат. Уәлә құқығы саған тиесілі. Нәпақасы біздің мойнымызда”, – деді»1.

Рәзин мына сөздерді қосқан: «Оның уәләсы мұсылмандарға тиесілі. Олар оған мұрагер болады, қажет болса, диятын да төлейді»2.

Түсіндірме

1. «Муаттадағы» нұсқада Сүнәйн баланы өзі Омарға алып келген. Бір риуаятқа қарағанда, Омар «Баланың әкесі өзі болып, мемлекеттен нәпақа алу үшін оны тауып алдым деп көрсетуі мүмкін бе?» деп күмәнданған.

Ибн Абдулбәррдің пайымынша, Омар бұл кісі балаға қамқоршы болуды сылтауратып, оған бөлінген қаражатты өз қажетіне жұмсамақ па деп күдіктенген болуы мүмкін.

Түсіндірме авторы Омардың мақсатын табылған бала туралы анық-қанығын сұрастыру деп пайымдайды. Баланы қайдан және қалай тапқанын, тапқан кісінің кім екенін, оның баланы асырап, тәрбиелей алатынын білу қажет болған.

Омар қажетті мәліметті алған соң, баланы тапқан кісіге тапсырды. Түсіндірмеде баланың құқықтық жағдайы былай баяндалады:

1) Баланың нәпақасын мемлекет өтейді.

2) Уәлә құқығы баланы бағып-қаққан кісіге тиесілі.

3) Табылған бала азат. Оны сатуға да, құл етуге де болмайды.

Зұрқанидің нұсқасында баланы тапқан кісі: «Қараусыз жатқан баланы тауып алдым. Алмай кетсем, бала опат бола ма және Алла мені сол үшін жауапқа тарта ма деп қорықтым», – деген.

2. Ибн Абдулбәрр табылған бала азат болғандықтан, ешкім оған уәлә құқығын иелене алмайды деген. Ол Алла Елшісінің (с.а.с.) «Уәлә құқығы азат еткен кісіге тиесілі» деген хадисін дәлел еткен. Имам Мәлик: «Табылған бала азат. Уәләсы мұсылмандарға тиесілі. Олар оған мұрагер болады әрі диятын төлейді», – деген.

3. Ариф – ел ішінің жағдайын біліп, қажет кезде тиісті кісілерге хабар беріп отыратын қауым өкілі. Риуаятта ол Сүнәйн туралы өз көзінше жақсы пікір айтқан. Ғалымдар кісіні бетіне мақтауды құп көрмегенімен, қажет жағдайда мінездеме беруге болады деген.

Омар (р.а.) Сүнәйн туралы бір ғана кісінің куәлігін қабылдаған. Ғалымдардың көпшілігі мұндай мінездеме үшін бір кісінің куәлігі жеткілікті деп санаған. Мәликилер мен шафиғилер екі куә қажет деген пікірді артық көрген. Имам Мұхаммед пен Тахауи да осы пікірде болған. Тахауи: «Омардың жанында арифтен басқа кісі болмағаны анық айтылмаған», – деген.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 19-тарау (2-том, 738-бет).
  2. 2Бұхари бұл қосымшаны «Шаһадат» кітабының 16-тарауының атауында иснадсыз келтірген.