Хадис

Үйленуге ынталандыру

Кутуб ситтә, 12-том, 904-тарау · 6 хадис · № 5623–5628

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5623
Кутуб ситтә, № 5623 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мағқил ибн Ясар (р.а.)

عَنْ مَعْقَلِ بْنِ يَسَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنِّي أَصَبْتُ امْرَأَةً ذَاتَ حَسَبٍ وَجَمَالٍ وَإِنَّهَا لَا تَلِدُ، أَفَأَتَزَوَّجُهَا؟ قَالَ: لَا. ثُمَّ أَتَاهُ الثَّانِيَةَ، فَنَهَاهُ. ثُمَّ أَتَاهُ الثَّالِثَةَ، فَقَالَ: تَزَوَّجُوا الْوَدُودَ الْوَلُودَ، فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمُ الْأُمَمَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мағқил ибн Ясар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: “Текті, сұлу әйел таптым, бірақ ол бала көтере алмайды. Оған үйленсем бола ма?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Жоқ”, – деді. Екінші рет келгенде де оған тыйым салды. Үшінші рет келгенде: “Жарын сүйетін әрі көп бала сүйе алатын әйелге үйленіңдер. Өйткені басқа үмбеттер алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис жар таңдарда ескерілетін негізгі қасиеттерді атайды:

• Бала сүюге қабілетті болу. Өйткені некенің негізгі мақсаттарының бірі – ұрпақ жалғау. Бала болмаса, осы мақсат орындалмайды.

• Жұбайына мейірімі мол болу. Хадистегі «уәдуд» сөзі жарына сүйіспеншілік танытатын кісіні білдіреді.

• Ұрпақты болу. Хадистегі «уәлуд» сөзі көп бала сүйе алатын әйелді білдіреді. Бұл екі сипат бірін-бірі толықтырса да, бөлек аталғаны дінде ұрпақ сүюге қаншалықты мән берілгенін көрсетеді. Хадис соңында осы ойға қайта оралады: «Қиямет күні басқа үмбеттер алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін».

Әйел бала сүйе алғанымен, жұбайына мейірім танытпаса, күйеуінің сүйіспеншілігіне бөленбейді. Отбасының татулығы мен тыныштығы ердің әйелін жақсы көруіне байланысты. Ол үшін, ең әуелі, әйелдің де жұбайына сүйіспеншілік танытуы қажет. Ал әйел жұбайын жақсы көргенімен, бала сүйе алмаса, некенің ұрпақ жалғастыру мақсаты орындалмайды, үмбеттің саны артпайды.

Ғалымдар әлі некелеспеген кісінің осы екі қасиетін жақын туыстарына қарап аңғаруға болады деген. Өйткені мінез бен жаратылыс белгілері көбіне туыстар арасында ұқсас келеді. Әли әл-Қаридің айтуынша, хадистегі «мейірімі мол әрі көп бала сүйе алатын әйелге үйленіңдер» деген әмірдің «мейірімді әрі ұрпақты әйелдеріңмен некелеріңді жалғастырыңдар» деген мағынасы да болуы ықтимал.

Ислам үмбеттің санының көп болуына мән береді. Автор бірнеше әйелге үйленуге берілген рұқсатты да осы тұрғыдан түсіндіреді. Соның арқасында бала сүйетін жастағы әйел отау құру мүмкіндігінен айырылмайды. Ерте үйлену қағидасы да ұрпақ сүюді ынталандырады. Автордың пікірінше, орта есеппен он бес пен он жеті жас аралығында балиғатқа толған жастардың үйленуі бала санының артуына ықпал етеді. Жоғары білім кең тараған ортада үйлену жасы ұлғайып, бала туу көрсеткіші төмендейді.

Автор қазіргі «бала тууды реттеу» ұғымын Ислам тұрғысынан қабылдамайды. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақ арасында да мұндай көзқарастың тарала бастағаны өкінішті. Автор Түркияда бала тууды реттеу сыртқы қысыммен жүйеге айналып, осы іспен айналысқан ұйымдар АҚШ көмегімен қаржыландырылғанын жазады. Оның пайымынша, көзделген мақсат – мұсылман үмбетінің санын азайту. Кипрдегі әскери қимылдан кейін АҚШ салған әскери және экономикалық эмбарго Түркияға пайдалы түрлі көмекті шектесе де, бала тууды реттеуге бөлінетін қаржы қысқармаған. Мұны қалай түсінуге болады?

Бала тастап кету, түсік жасату секілді жайттар да кездеседі. Мұның бір себебі – баланың нәпақасын тауып бере алмаймын деген үрей немесе жауапкершіліктен қашу. Күнкөрісті сылтау етіп, баланың өмірін қию ақылға сыймайды. Күнделікті саясатқа қарай пәтуа беретін кей кісілер фиқһ кітаптарындағы түсікке қатысты рұқсатты да, хадистерде айтылған азлға берілген рұқсатты да шарттарынан бөліп көрсетеді. Сөйтіп, сырттан таңылған идеологиялардың пайдасына пәтуа береді. Мұның рухани жауапкершілігі бар әрі үмбеттің дүние тіршілігіндегі мүддесіне қайшы. Халық сыртқы қысымға төтеп бере алмаған немесе сатылған саясаткер мен дін өкілін бірдей көрмейді. Әуелі дін ғалымының сөзін тыңдайды. Азлға қатысты рұқсатқа сүйеніп, бала тууды реттеуді жаиз дейтіндер Алла елшісінің азл туралы не дегенін де ескерсін. Мүслим және «Күтүб-и ситтә» авторларының кейбірі келтірген хадисте Алла елшісінен азл жайында сұрағанда: «Бұл – жасырын уәд», – дегені айтылады.2 «Уәд» – баланы тірідей көму. Демек, Алла елшісі азлды баланы жасырын көмумен теңестіріп, себепсіз азл жасауды құптамаған. Себепсіз азлға да рұқсат берілмеген соң, баланы түсіруге пәтуа іздеу бекер.

Халық санының өсуі аштық пен экономикалық қиындық туғызады деген пікірді автор ғылым мен өмір шындығына қайшы деп санап, оған Құранның мына аятымен жауап береді: وَلَا تَقْتُلُوا أَوْلَادَكُمْ خَشْيَةَ إِمْلَاقٍ نَحْنُ نَرْزُقُهُمْ وَإِيَّاكُمْ إِنَّ قَتْلَهُمْ كَانَ خِطْئًا كَبِيرًا «Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер! Оларға да, сендерге де ризық-несібені Біз береміз. Оларды өлтіру расында да үлкен күнә.»3

Ризықты нәсіп ететін – жоқтан бар етуші Алла Тағала. Егіншілікке машина, тыңайтқыш, суару, білім мен тәжірибе кіріге бастағалы, дүниежүзіндегі ауылшаруашылық өнімі халық санынан әлдеқайда жылдам өсті. Өсімдік генін өзгерту, үй жағдайында егін өсіру секілді жаңа мүмкіндіктер азық-түлік жетіспеу қаупі тумайды деген ойға жетелейді. Автор Африка секілді өңірлердегі аштық пен жоқшылықты табиғи құбылыс емес, Еуропа отаршылдығының салдары деп түсіндіреді. Еуропалықтар отарлаған елдердің шаруашылық жүйесін жүйелі түрде бұзып, жергілікті жұртты қайта қарсы тұра алмайтын күйге түсірді. Елден кеткеннен кейін де өз мүдделерін сатып алған зиялылар арқылы қорғап, сауда компаниялары мен кәсіпорындарды уысында ұстап, отаршылдықты бұрынғыдан да қатал жалғастырды. Өз елдерінде бала тууды барынша ынталандыратын Батыс басқа елдерге саяси, экономикалық және әскери ықпалын пайдаланып, бала тууды шектеу шараларын жүргізтеді.4

Мәселенің экономикалық қыры

Халық санының өсуі аштық туғызады деген пікірге ғылыми зерттеулер мен сандық деректер арқылы жауап берген ғалымдар бар. Профессор Сабахаттин Заим «Түркиядағы халық саны мәселесі» кітабында көптеген елдің статистикасын салыстырып, мынадай тұжырым жасайды: «Жұрт жиі айтатындай, елдің әл-ауқатының өсу қарқыны мен халық санының өсу қарқыны арасында кері байланыс жоқ (0,2). Екеуінің арасында оң байланыс (0,53) байқалады». Ол келтірген дерек бойынша, Түркияда 1960–1968 жылдары халық саны 2,6 пайыз өссе, жан басына шаққандағы жалпы ұлттық өнім 4,2 пайыз артқан. Ғалым азық-түлік пен халық санының арақатынасы жайында да Түркияда халық ең жылдам өскен деп саналатын кезеңдердегі деректерді 1952–1956 жылдармен салыстырады. Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі халық санынан шапшаң өскенін айтады. Ол келтірген салыстыруда ауыл шаруашылығы өндірісі 66 пайыз, ал азық-түлік өндірісі 61 пайыз артқан. Демек, елде азық-түлік жағынан теңгерімсіздік байқалмаған.5

Бұл деректер وَلَا تَقْتُلُوا أَوْلَادَكُمْ خَشْيَةَ إِمْلَاقٍ نَحْنُ نَرْزُقُهُمْ وَإِيَّاكُمْ «Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер! Оларға да, сендерге де ризық-несібені Біз береміз.»6 деген аятты ғылыми тұрғыдан түсіндіруге саяды. Осы тұрғыдан қарасақ, Түркияда және әлемнің кей жерлерінде ара-тұра кездесетін тұрмыс ауыртпалығы халық санының көбеюінен туатын табиғи құбылыс емес. Ол – отаршылдық пен әділетсіз биліктің салдары. Мәселен, Омар ибн Абдулазиз әділ билік еткен үш жылда Мысырдай үлкен мұсылман өлкесінде зекет алатын адам қалмайтындай молшылық орнаған.

Кей зерттеушілер бала тууды шектеу салдарынан некенің ұрпақ сүю мақсаты екінші орынға ысырылған ортада жыныстық қатынастың ұрпақ жалғастырумен байланысы үзіліп, ермек пен ләззат құралына айналғанын жазады. Автор тарихшы әрі әлеуметтанушы доктор Саззокеннің осы өзгерісті адамгершілікке ауыр соққы санағанын келтіреді. Оның дерегі бойынша, АҚШ-та бала тууды шектеу ынталандырылғаннан кейін некеге дейін жыныстық қатынасқа түскен ерлердің үлесі 27 пайыздан 87 пайызға, әйелдердің үлесі 7 пайыздан 50 пайызға өскен. Автор келтірген тағы бір дерек бойынша, доктор Чусер 1956 жылы алты жүз әйелді зерттеп, Англияда әр үш әйелдің бірі тұрмысқа шыққанға дейін пәктігін жоғалтатынын жазған. Ол 1960 жылы жарияланған кітабында: «Әйелдердің бойында иба дегеннің ізі қалды ма?» – деп сұрайды. Ал 1992 жылы жағдай не күйге жетті?

Бала өлтіру мәселесіне 5718-хадистің түсіндірмесінде қайта ораламыз.7

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 4 (2050). Нәсәи, «Неке», 11 (6/65–66).
  2. 2Азл – жүктіліктің алдын алу үшін ұрықты жатырға түсірмеу. Мүслим, «Неке» (1442b).
  3. 3«Исра» сүресі, 31-аят.
  4. 4Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситтә тәржүмесі және шархы», 15-том, 510–512-беттер.
  5. 5Сабахаттин Заим, «Түркиядағы халық саны мәселесі» (Türkiye’de Nüfus Meselesi). Ыстанбұл, «Боазичи» баспасы, 1973 жыл. Жананның түрікше басылымында азық-түлік өндірісінің өсімі қатар тұрған екі сөйлемде 7 және 61 пайыз деп екі түрлі берілген.
  6. 6«Исра» сүресі, 31-аят.
  7. 7Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситтә тәржүмесі және шархы», 15-том, 512–514-беттер.
5624
Кутуб ситтә, № 5624 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الدُّنْيَا مَتَاعٌ، وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дүние – өткінші игілік. Дүние игілігінің ең қайырлысы – салиқалы әйел”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистегі «мәтағ» сөзі алтын-күміске сатып алынатын не сатылатын мүлікті білдіреді. Ас-ауқат, киім-кешек, төсеніш те осыған жатады. Оларды адам біраз уақыт пайдаланады, кейін тозады. Құранда дүние тіршілігі былай сипатталады: وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ «Дүниенің тіршілігі алдамшы қызықтан басқа түк те емес.»2

Хадис дүниеде көңілімізге жаққанның ешқайсысы мәңгілік еместігін, біраз пайдаланған соң қолдан кететінін еске салады. Осы өткінші игіліктердің адамға ең қайырлысы – салиқалы жар. Өйткені өзге игіліктердің де рақатын көру өмірлік серігіне байланысты. Жары ізгі болмаса, кісі дәулетті, дені сау болса да, көңіл тыныштығын таппайды.

Салиқалы әйел – діндар, арлы әрі бойсұнғыш әйел. Алла елшісі басқа бір хадисте адамның бақыты үш нәрсеге байланысты екенін айтады: «Салиқалы жар, жайлы баспана және жақсы көлік». Бақытсыздық та үш нәрсеге байланысты: «Жаман жар, жайсыз баспана және нашар көлік».3 Дүние бақыты дегенде, көп адамның ойына әуелі байлық келеді. Алайда пайғамбар бұл жерде мал-мүлікті атамайды. Отбасының берекесі болмаса, оның орнын ешбір байлық толтыра алмайды. Дүниені ақыреттің егіндігі деп біліп, осы өмірді мәңгілік өміріне дайындық санайтын кісі үшін салиқалы жардың орны айрықша. Ізгі жар тапқан жан ақыретіне көбірек азық жиып, дүние-мүлкін де игілікке жарата алады. Келесі хадис осы мәселені толығырақ ашады.

  1. 1Мүслим, «Радағ», 64 (1467). Нәсәи, «Неке», 15 (6/69).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 185-аят.
  3. 3Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад», Сағд ибн Әбу Уаққастың риуаяты (1445).
5625
Кутуб ситтә, № 5625 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ ابْنِ أَبِي نَجِيحٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مِسْكِينٌ مِسْكِينٌ رَجُلٌ لَيْسَتْ لَهُ امْرَأَةٌ. قَالُوا: وَإِنْ كَانَ كَثِيرَ الْمَالِ؟ قَالَ: وَإِنْ كَانَ كَثِيرَ الْمَالِ. مِسْكِينَةٌ مِسْكِينَةٌ امْرَأَةٌ لَا زَوْجَ لَهَا. قَالُوا: وَإِنْ كَانَتْ كَثِيرَةَ الْمَالِ؟ قَالَ: وَإِنْ كَانَتْ كَثِيرَةَ الْمَالِ. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Нәжих (Алла оны рақымына бөлесін) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жұбайы жоқ еркек – міскін, міскін”, – деді. Жанындағылар: “Мал-мүлкі көп болса да ма?” – деп сұрады. Ол: “Мал-мүлкі көп болса да”, – деді. Сөзін жалғап: “Күйеуі жоқ әйел де – міскін, міскін”, – деді. Жанындағылар: “Мал-мүлкі көп болса да ма?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Мал-мүлкі көп болса да”, – деді».1

  1. 1Разин ибн Мұғауия тахриж еткен. Ибн Әбу Нәжих риуаятты сахабаны атамай жеткізген.
5626
Кутуб ситтә, № 5626 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تُنْكَحُ الْمَرْأَةُ لِأَرْبَعِ خِصَالٍ: لِمَالِهَا، وَلِحَسَبِهَا، وَلِجَمَالِهَا، وَلِدِينِهَا. فَاظْفَرْ بِذَاتِ الدِّينِ، تَرِبَتْ يَدَاكَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Әйелге төрт қасиетіне қарай үйленеді: дәулетіне, тегіне, көркіне және дініне. Діндарын таңда, сонда ұтасың”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте ерлер жар таңдағанда мән беретін төрт сипатты атайды: көрік, дәулет, тектілік және діндарлық. Осы қасиеттердің ешқайсысына қарамайтын кісі жоқ деуге болады. Дініміз әуелі діндарлыққа мән беруді ұсынады. Құран мүмінге иманды кісімен некелесуді нұсқап, көңілге ұнаған мүшріктен мүмін жардың қайырлы екенін айтады2. Аятта мүмін жардың көркі, бай-кедейлігі немесе тегі сөз болмайды. Ал мүшрік әйел осы үш қасиеттің бірі – дәулеті, көркі немесе тегі арқылы көңілге ұнауы мүмкін. Демек, аят бойынша иманды жар, хадис бойынша иманды әйелдердің ішінен діні берік жар таңдалады. Кейбір өзге хадистерде діндар әйелді артық көрудің себебі оның балалары нағашы жұртына ұқсап тууымен де түсіндіріледі. Бұл хадис бұрын толығырақ қарастырылғандықтан, оны мұнда қайталамаймыз.

  1. 1Бұхари, «Неке», 15. Мүслим, «Радағ», 53 (1466). Әбу Дәуіт, «Неке», 2 (2047). Нәсәи, «Неке», 13 (6/68).
  2. 2«Бақара» сүресі, 221-аят.
5627
Кутуб ситтә, № 5627 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَمَّا تَزَوَّجْتُ قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا تَزَوَّجْتَ؟ قُلْتُ: تَزَوَّجْتُ ثَيْبًا. فَقَالَ: هَلَّا بِكْرًا تُلَاعِبُهَا وَتُلَاعِبُكَ؟ أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Үйленгенімде, Алла елшісі (с.а.с.) менен: “Қандай әйелге үйлендің?” – деп сұрады. “Бұрын тұрмыста болған әйелге үйлендім”, – дедім. Ол: “Неге тұрмыс құрмаған қызға үйленбедің? Екеуің ойнап, әзілдесіп жүрер едіңдер ғой”, – деді».1

Түсіндірме

1. Мұнда кей нұсқаларында кеңірек баяндалған хадистің бір бөлігі ғана берілген. Жәбирдің әкесі қайтыс болғанда, артында жеті, басқа бір деректе тоғыз қыз қалды. Жәбирдің өз айтуынша, қарындастарына тағы бір тәжірибесіз бойжеткенді қосқаннан гөрі, оларға ана орнына ана болып, бағып-қағып, тәрбие бере алатын тәжірибелі жесір әйелге үйленуді жөн көрді. Бір сапардан Мәдинаға қайтарда, үйіне тезірек жетпек болып, мінген көлігін қамшылады. Мұны байқаған Алла елшісі неге асыққанын сұрады. Жәбир жуырда үйленгенін айтты. Алла елшісі: «Бұрын тұрмыста болған әйелге үйлендің бе, әлде бойдақ қызға ма?» – деп сұрады. Жәбир жесір әйелге үйленгенін айтқанда, жоғарыдағы сөзін жеткізді. Жәбир себебін түсіндірген соң, Алла елшісі оның шешімін құптады.

Жәбирдің жұбайының есімі – Сәһлә бинт Мәсғуд ибн Әус ибн Мәлик әл-Ансария.

2. Хадистен алынатын ғибраттар:

• Хадис бұрын тұрмыс құрмаған әйелге үйленуге ынталандырады. Ибн Мәжа жеткізген риуаятта: «Бойдақ қыздарға үйленуге кеңес беремін. Сөздері тәтті, бала көтеруге бейім, азға оңай қанағат етеді», – делінген.

• Жәбир қарындастарына жанашырлық танытып, олардың қамын өз қалауынан жоғары қойды. Алла елшісі оның осы шешімін құптады.

• Екі пайдалы істің бірін таңдау керек болса, маңызы артығына басымдық беріледі. Жәбир солай істеп, Алла елшісінің ықыласы мен дұғасына ие болды.

• Имам серіктерінің жеке мәселелеріне де көңіл бөліп, сұрап, қайырлы жол көрсетуі керек. Ол неке жайы немесе айтуға қысылатын өзге мәселе болуы да мүмкін.

• Әйелдің жұбайына ғана емес, оның бауырларына, отбасына және балаларына көмектесуіне де болады. Бұл – ізгі іс. Ер адамның осыны ойлап үйленуінде айып жоқ. Ал әйел бұған міндеттелмейді. Мұндай жәрдем тұрмыс салтында кездеседі. Сондықтан Алла елшісі Жәбирдің ниетін жат көрмей, қайта оны құптады.

  1. 1Бұхари, «Неке», 10. Мүслим, «Радағ», 54 (715). Әбу Дәуіт, «Неке», 3 (2048). Тирмизи, «Неке», 4, 13 (1086, 1100). Нәсәи, «Неке», 6, 10 (6/61–65).
5628
Кутуб ситтә, № 5628 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ الْمَرْأَةَ تُقْبِلُ فِي صُورَةِ شَيْطَانٍ، وَتُدْبِرُ فِي صُورَةِ شَيْطَانٍ. فَإِذَا رَأَى أَحَدُكُمْ مِنِ امْرَأَةٍ مَا يُعْجِبُهُ فَلْيَأْتِ أَهْلَهُ فَإِنَّ ذَلِكَ يَرُدُّ مَا فِي نَفْسِهِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Әйел шайтанның бейнесінде келеді әрі шайтанның бейнесінде кетеді. Араларыңнан біреу әйелден өзіне ұнаған бір нәрсе көрсе, жұбайына барсын. Бұл көңілде оянған құмарлықты басады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Мүслим келтірген нұсқаның басында хадистің айтылу себебі де баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) жолда бір әйелді көріп, үйіне барады. Содан кейін сахабаларына жоғарыдағы сөзді айтып, үмбетіне ісімен де үлгі көрсетеді. Сондықтан әйел көріп, көңілінде құмарлық оянған кісінің сүннетке сай жұбайына барып, сол сезімді басуы мұстахаб саналады.

2. Хадистегі теңеу ер кісінің бойында құмарлық оянуымен байланысты. Алла ер адамның жаратылысына әйелге деген бейімділік берген. Харамға итермелеу шайтанның ісі болғандықтан, ер кісінің бойында тыйым салынған құмарлық оянса, осы тұрғыдан шайтанға теңеу жасалған. Хадис қараудың қандай сезім мен салдар туғызатынына назар аудартады. Сондықтан автор салмақты себеп болмаса, әйелге ерлер ортасына араласпауды, ерге бөтен әйелге көз тігіп, оның әшекейіне, әшекей тағатын тұстары мен көркіне қадалып қарамауды жөн санайды. Құранда قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ «Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын!»2 делінген.

Хадистен ер кісінің жұбайын күндіз де жақындасуға шақыра алатыны және әйелдің соған келісуі керектігі жөнінде үкім шығарылған. Оянған құмарлықты мүмкіндік болса кідіртпей басу мұстахаб, мұның бірқатар пайдасы бар.

  1. 1Мүслим, «Неке», 9 (1403). Әбу Дәуіт, «Неке», 44 (2151). Тирмизи, «Неке», 9 (1158).
  2. 2«Нұр» сүресі, 30-аят.