Хадис

Радағ (сүт ему)

Кутуб ситтә, 12-том, 911-тарау · 14 хадис · № 5669–5682

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5669
Кутуб ситтә, № 5669 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әли (р.а.)

عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ حَرَّمَ مِنَ الرَّضَاعِ مَا حَرَّمَ مِنَ النَّسَبِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла қан туыстығы себепті харам еткен некені сүт туыстығы себепті де харам етті”, – деді».1

Түсіндірме

1. Радағ – емшектегі баланың белгілі мерзімде әйел сүтін еміп, оның асқазанына баруы. Көпшілік ғалымның пікірінше, емізу мерзімінде аз не көп сүт ішу кей некеге тыйым туғызады. Имам Шафиғи тыйым тууы үшін кемінде бес бөлек рет емуді шарт санаған. Әбу Ханифа емізу мерзімін отыз ай деп белгілесе, Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед екі жыл деген. Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және өзге ғалымдар да осы пікірде. Ханафилер сүт туыстығы орнауы үшін баланың сүтті омыраудан тікелей емуін шарт санамайды.

Сауылған сүт баланың асқазанына құтымен, кесемен, омыраудан тамызып, ауыз не мұрын арқылы берілсе де, емген болып есептеледі. Әйелдің сүті суға, дәріге немесе малдың сүтіне қосылғанда, оның үлесі артық не тең болса, сүт туыстығы орнайды. Тамаққа қосылған сүт пісірілмесе де, үлесі басым болса да, бұл үкім жүрмейді. Әйелдің сүті ірімшік, қатық не айран күйінде берілсе де солай. Шафиғилердің пікірінше, әйел тірі болуы және бала сүтті кемінде бес бөлек рет ішуі керек. Әр реттегі мөлшері маңызды емес. Бес бөлек рет берілсе, сүт ірімшік, қаймақ немесе қоспа түрінде болса да, асқазанға барған жағдайда сүт туыстығы орнайды.

2. Қуртубидің айтуынша, хадис емген балаға, емізген әйелге және оның күйеуіне қатысты некелік тыйымдарды білдіреді. Баланы емізген әйел оның сүт анасы болғандықтан, оған некелесуі харам. Сүт анасының анасы да харам, өйткені ол – әжесі. Сүт анасының әпке-сіңлісі нағашы әпке саналады, қызы сүт бауыры, ал қызының қызы сүт бауырының қызы саналады. Әйелдің күйеуінің өзге жұбайынан туған қызы да сүт бауыры болады. Сол қыздан тараған қыздарға да тыйым жүреді. Күйеуінің анасы әже, әпке-қарындасы әке жағынан әпке саналады. Тыйым сүт туыстығы бар адамдарға ғана қатысты. Емген баланың сүт бауыры сол баланың туған бауырына бауыр, әкесіне қыз саналмайды, өйткені олардың арасында сүт туыстығы жоқ.

Бұл тыйымның мәнін былай түсіндірген: сәби сүтті қорек еткенде, сүт оның тәніне сіңіп, денесінің бір бөлігіне айналады. Сол себепті сүт арқылы туатын тыйым балаға, сүт анасына және сүт әкесіне жүреді. Баланың өзге жақындарына тарамайды. Олардың сүт анасы мен сүт әкесіне қан жағынан да, сүт жағынан да туыстығы жоқ.

3. Ғалымдар қан жағынан некелесуге болмайтын әйелдерге сүт туыстығы жағынан да үйленуге болмайтынын айтқан. Алайда қан туыстығында тыйым салынған төрт жағдайда сүт туыстығы үкімі өзгеше болуы мүмкін:

1) Ер бауырының анасына үйленуге болмайды, өйткені ол өз анасы немесе әкесінің әйелі. Ал оның бауырын емізген әйел өзіне бөтен болуы мүмкін.

2) Немересінің анасына үйленуге болмайды, өйткені ол өз қызы немесе ұлының әйелі. Ал немересін емізген әйелдің атасына туыстығы болмауы мүмкін.

3) Баласының туған әжесіне үйленуге болмайды, өйткені ол өз анасы немесе әйелінің анасы. Ал сүт әжесі әкесіне бөтен болса, ол онымен некелесе алады.

4) Баласының туған әпке-қарындасына үйленуге болмайды, өйткені ол өз қызы немесе өгей қызы. Ал баланың сүт бауыры әкесіне бөтен болуы мүмкін.

Бір топ ғалым осы төрт жағдайдан өзге ерекшелікті атамаған.

Нәуәуи былай дейді: «Үмбет емген бала мен емізген әйел арасында сүт туыстығынан тыйым туатынына келіскен. Бала ол әйелдің сүт ұлы болғандықтан, олардың некесі мәңгілікке харам. Баланың оған қарауына, оңаша қалуына және бірге сапарға шығуына рұқсат. Алайда туған ана мен балаға қатысты үкімдердің бәрі бұларға жүрмейді. Бір-біріне мұрагер болмайды, бірі екіншісін асырауға міндетті емес. Сүт ұлының әйел пайдасына берген куәлігі осы туыстық себепті кері қайтарылмайды. Сүт ұлы сүт анасына жүктелген құнды өтеуге міндетті емес. Сүт анасы баланы өлтірсе, сүт туыстығы оған қолданылатын қысасты жоймайды. Бұл үкімдерде екеуі бір-біріне бөтен кісілердің үкімінде».

  1. 1Тирмизи, «Радағ», 1 (1146).
5670
Кутуб ситтә, № 5670 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: اسْتَأْذَنَ عَلَيَّ أَفْلَحُ أَخُو أَبِي الْقُعَيْسِ بَعْدَ مَا أُنْزِلَ الْحِجَابُ. قُلْتُ: وَاللَّهِ لَا آذَنُ لَهُ حَتَّىٰ أَسْتَأْذِنَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَإِنَّ أَخَاهُ أَبَا الْقُعَيْسِ لَيْسَ هُوَ أَرْضَعَنِي، وَلَكِنْ أَرْضَعَتْنِي اِمْرَأَةُ أَبِي الْقُعَيْسِ. فَدَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ أَفْلَحَ أَخَا أَبِي الْقُعَيْسِ اسْتَأْذَنَ فَأَبَيْتُ أَنْ آذَنَ حَتَّىٰ أَسْتَأْذِنَكَ. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: وَمَا مَنَعَكِ أَنْ تَأْذَنِي لِعَمِّكِ؟ قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنَّ الرَّجُلَ لَيْسَ هُوَ أَرْضَعَنِي، وَلَكِنْ أَرْضَعَتْنِي امْرَأَتُهُ. فَقَالَ: ائْذَنِي لَهُ فَإِنَّهُ عَمُّكِ، تَرِبَتْ يَمِينُكِ. فَلِذَلِكَ كَانَتْ عَائِشَةُ تَقُولُ: حَرِّمُوا مِنَ الرِّضَاعَةِ مَا تُحَرِّمُونَ مِنَ النَّسَبِ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Хижаб туралы аят түскеннен кейін Әбул-Қуғайстың бауыры Әфлах маған кіруге рұқсат сұрады. Мен: “Алламен ант етемін, Алла елшісінен (с.а.с.) сұрамайынша оған рұқсат бермеймін. Мені Әбул-Қуғайс емес, оның әйелі емізді”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) келгенде: “Уа, Алла елшісі! Әбул-Қуғайстың бауыры Әфлах кіруге рұқсат сұрады. Сізден сұрамайынша оны кіргізбедім”, – дедім. Ол: “Сүт көкеңе рұқсат беруге не кедергі болды?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мені ол ер кісі емес, әйелі емізді”, – дедім. Сонда ол: “Кіруіне рұқсат бер, ол – сүт көкең. Алла жақсылығын берсін”, – деді».

Уруа былай деп жалғастырады: «Сондықтан Айша (р.а.): “Қан туыстығы себепті харам санаған некені сүт туыстығы себепті де харам санаңдар”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Сүт туыстығы қан туыстығындағыдай некеге кедергі болады. Хадисте сүт әкесінің бауыры да туған әкесінің бауыры секілді некелесуге болмайтын туыстар қатарына жатқызылған.

2. Хадистегі Әфлах Әбул-Қуғайстың баласы ма, әлде бауыры ма деген пікірталас бар. Көпшілік ғалым оны Әбул-Қуғайстың бауыры санаған.

Кей ғалымдар Айшаның (р.а.) екі сүт көкесі болғанын айтады. Бірі – әкесі Әбу Бәкірдің (р.а.) сүт бауыры, сонымен бірге Айшаның сүт әкесі Әбул-Қуғайс. Екіншісі – сүт әкесінің бауыры Әфлах.

3. Хадистегі تَرِبَتْ يَدَاكَ أَوْ يَمِينُكَ деген тіркестің сөзбе-сөз мағынасы – «Екі қолың немесе оң қолың топыраққа былғансын». Бұл сөз тура мағынасында қолданылмайды. Қазақ тілінде «Алла жақсылығын берсін» дегенге келеді.

  1. 1Бұхари, «Хумус», 4 (3105), «Куәлік», 7, «Неке», 20. Мүслим, «Радағ», 2 (1444). Мәлік, «Муатта», «Радағ», 2 (2/601–602). Тирмизи, «Радағ», 1 (1147). Әбу Дәуіт, «Неке», 7 (2055). Нәсәи, «Неке», 49 (6/99).
5671
Кутуб ситтә, № 5671 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا لَكَ تَتُوقُ فِي قُرَيْشٍ وَتَدَعُنَا؟ فَقَالَ: وَعِنْدَكُمْ شَىْءٌ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. بِنْتُ حَمْزَةَ. قَالَ: إِنَّهَا لَا تَحِلُّ لِي إِنَّهَا ابْنَةُ أَخِي مِنَ الرَّضَاعَةِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай жеткізеді: «Мен: “Уа, Алла елшісі! Неге бізді қалдырып, құрайыштық әйелдерге көңіл аударасыз?” – деп сұрадым. Ол: “Өз араларыңда лайық әйел бар ма?” – деді. Мен: “Бар, Хамзаның қызы бар”, – дедім. Ол: “Ол маған халал емес. Өйткені ол – сүт бауырымның қызы”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Радағ», 11 (1446). Нәсәи, «Неке», 50 (6/99).
5672
Кутуб ситтә, № 5672 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: دَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَعِنْدِي رَجُلٌ قَاعِدٌ. فَاشْتَدَّ ذَلِكَ عَلَيْهِ، فَرَأَيْتُ الْغَضَبَ فِي وَجْهِهِ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ أَخِي مِنَ الرَّضَاعَةِ. فَقَالَ: انْظُرْنَ مَنْ إِخْوَانُكُنَّ مِنَ الرَّضَاعَةِ فَإِنَّمَا الرَّضَاعَةُ مِنَ الْمَجَاعَةِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) қасыма кіргенде, жанымда бір ер кісі отырған еді. Ол мұны ауыр қабылдады, ашуын жүзінен аңғардым. “Уа, Алла елшісі! Ол – сүт бауырым”, – дедім. Сонда ол: “Сүт бауырларыңның кім екенін анықтап алыңдар. Сүт туыстығы бала аштығын сүтпен басатын шақтағы емуден орнайды”, – деді».1

Түсіндірме

Исламда сүт туыстығына үлкен мән беріледі. Ол бірқатар некеге тыйым салып, кей қатынастарға рұқсат береді. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) әйелдерге сүт бауырларының кім екенін анықтап алуды тапсырған. Бір әйелдің сүтін ішкен екі бала барлық жағдайда сүт бауыры бола бермейді. Хаттаби мұны былай түсіндіреді: «Некеге тыйым туғызатын ему – баланың кішкентай кезіндегі емуі. Бала сол сүттен қуат алып, қарнын сонымен тойдыруы керек. Аштығын тамақпен, етпен, ботқамен не басқа аспен басатын баланың емуінен сүт туыстығы орнамайды». Емізу мерзімін ғалымдар әрқалай белгілеген. Суфиян әс-Сәури, Әузағи, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуя секілді ғалымдар оны екі жыл деп, мына аятты дәлел еткен: وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلَادَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ ۖ لِمَنْ أَرَادَ أَنْ يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін.»2

Әбу Ханифа емізу мерзімін екі жыл алты ай деп белгілеген. Екі шәкірті имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф бұл мәселеде ұстазымен келіспеген. Ал Зуфар ибн әл-Һузайл мерзімді үш жыл деп санаған.

  1. 1Бұхари, «Неке», 21 (5102), «Куәлік», 1. Мүслим, «Радағ», 32 (1455). Әбу Дәуіт, «Неке», 9 (2058). Нәсәи, «Неке», 51 (6/102).
  2. 2«Бақара» сүресі, 233-аят.
5673
Кутуб ситтә, № 5673 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُحَرِّمُ الْمَصَّةُ وَالْمَصَّتَانِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір не екі рет ему некеге тыйым туғызбайды”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте қанша емгенде сүт туыстығы орнайтыны сөз болады. Мұндағы «бір рет сору» қарны тойғанша емуді білдірмейді. Сол сияқты бір-екі жұтым дегенді бір-екі рет тойып ішу деп түсінуге болмайды.

Нәуәуидің айтуынша, некеге тыйым туғызатын сүт мөлшері жайында да ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

• Бір топ ғалым бес бөлек реттен кем ему некеге тыйым туғызбайды деген. Айша (р.а.), имам Шафиғи мен оның шәкірттері осы пікірде.

• Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Ибн Аббас, Тауыс, Ибн әл-Мусайяб, Хасан әл-Басри, Мәкхул, Зуһри, Қатада, Хаммад, Мәлік, Әузағи, Сәури және Әбу Ханифа бастаған көпшілік бір рет емуден де тыйым туады деген.

• Бірқатар сахаба мен кейінгі ғалымдар асқазанға аз да болса сүт барса, сүт туыстығы орнап, неке харам болады деп санаған.

Ғалымдар бұл пікірлерін Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен риуаяттар мен Құранға сүйеніп айтқан.

  1. 1Мүслим, «Радағ», 17 (1450). Тирмизи, «Радағ», 3 (1150). Әбу Дәуіт, «Неке», 19 (2063). Нәсәи, «Неке», 51 (6/101).
5674
Кутуб ситтә, № 5674 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ قَتَادَةَ قَالَ: كَتَبْتُ إِلَى إِبْرَاهِيمَ النَّخَعِيِّ أَسْأَلُهُ عَنِ الرَّضَاعِ. فَكَتَبَ: إِنَّ شُرَيْحًا حَدَّثَنَا أَنَّ عَلِيًّا وَابْنَ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَا يَقُولَانِ: يُحَرِّمُ مِنَ الرَّضَاعِ قَلِيلُهُ وَكَثِيرُهُ، وَإِنَّ أَبَا الشَّعْثَاءِ الْمُحَارِبِيَّ قَالَ: إِنَّ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا حَدَّثَتْ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لَا تُحَرِّمُ الْخَطْفَةُ وَالْخَطْفَتَانِ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Қатада былай дейді: «Ибраһим ән-Нахағиға хат жазып, сүт ему жайында сұрадым. Ол: “Шурайх бізге Әли мен Ибн Мәсғудтың (р.а.) ‘Аз ему де, көп ему де некеге тыйым туғызады’ дегенін жеткізді. Әбуш-Шағса әл-Мухариби Айшаның (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) ‘Бір не екі рет ему некеге тыйым туғызбайды’ деген риуаятты жеткізгенін айтты”, – деп жазды».1

  1. 1Нәсәи, «Неке», 51 (6/102).
5675
Кутуб ситтә, № 5675 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ فِيمَا نَزَلَ مِنَ الْقُرْآنِ عَشْرُ رَضَعَاتٍ مَعْلُومَاتٍ يُحَرِّمْنَ، ثُمَّ نُسِخْنَ بِخَمْسٍ مَعْلُومَاتٍ. فَتُوُفِّيَ النَّبِيُّ ﷺ وَهُنَّ فِيمَا يُقْرَأُ مِنَ الْقُرْآنِ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Құран болып түскен аяттардың ішінде “Белгілі он рет ему некеге тыйым туғызады” деген үкім бар еді. Кейін ол белгілі бес рет ему үкімімен алмастырылды. Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғанда, бес рет ему туралы аят әлі Құран ретінде оқылатын».1

Түсіндірме

Айшаның (р.а.) риуаяты бойынша, сүт туыстығын тудыратын ему саны әуелде он рет болған. Одан аз ему некеге тыйым туғызбаған. Кейін он рет ему үкімі бес рет ему үкімімен алмастырылды. Кейбір аяттың оқылуы тоқтатылғанмен, үкімі сақталады. Енді бір аяттың оқылуы да, үкімі де тоқтатылады. Бес рет ему туралы аяттың оқылуы Алла елшісінің (с.а.с.) дүние салуына таяу тоқтатылғандықтан, хабар жетпеген кей сахабалар оны біраз уақыт Құран ретінде оқып жүрген. Хабарды білген соң, олар да оқуды доғарған.

Нәуәуи Құрандағы насхтың үш түрін атаған:

1) Үкімі де, оқылуы да тоқтатылған аят. Жоғарыдағы риуаяттағы он рет ему туралы аят осыған жатады.

2) Оқылуы тоқтатылып, үкімі сақталған аят. Бес рет ему туралы уахи осыған мысал. Имам Шафиғи сүт туыстығы мәселесінде осы риуаятты негізге алған. Ражм жазасына қатысты аятты да осы топқа жатқызған. Оның мәтіні Құранда оқылмағанмен, үкімі сақталған деп түсіндірген.

3) Үкімі тоқтатылып, оқылуы сақталған аят. Мысалы, وَالَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنْكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَاجًا وَصِيَّةً لِأَزْوَاجِهِمْ مَتَاعًا إِلَى الْحَوْلِ غَيْرَ إِخْرَاجٍ «Араларыңнан ажалы жетіп, артына тұл қалатын жұбайлар қалдыратындар, жұбайларының бір жылға дейін үйден қуылмауын әрі нәпақасыз қалмауын қамтамасыз ететін өсиет айтып кетсін.»2 деген аят осы түрге жатады. Осы түсіндірменің иесі имам Нәуәуидің шафиғи мәзһабын ұстанғанын ескерген жөн. Айша (р.а.), Абдулла ибн Зубәйр, Ата, Тауыс және бір риуаят бойынша Ахмад сүт туыстығы бес рет емуден орнайды деген. Исхақ, Әбу Убайд, Әбу Сәур, Ибн әл-Мунзир, Дәуіт әз-Заһири мен оның ізбасарлары, сондай-ақ бір риуаятта Ахмад үш рет ему жеткілікті деп үкім берген.

Әбу Ханифа, имам Мәлік, әс-Сәури, Әузағи, Ләйс секілді ғалымдар аз ему де, көп ему де некеге тыйым туғызады деген. Ахмад ибн Ханбалдан кең тараған пікір де осы. Олар وَأُمَّهَاتُكُمُ اللَّاتِي أَرْضَعْنَكُمْ «сүт аналарыңмен»3 деген аят пен бірқатар хадистің жалпы үкіміне сүйенген. Риуаяттар әртүрлі келгендіктен, көпшілік сақтық үшін сүт ему деп атауға болатын ең аз мөлшерді негізге алған. Осы пікір бойынша, асқазанға аздаған сүттің жетуі де сүт туыстығын орнатады.

  1. 1Мүслим, «Радағ», 24 (1452). Мәлік, «Муатта», «Радағ», 17 (2/608). Әбу Дәуіт, «Неке», 11 (2062). Тирмизи, «Радағ», 3 (1150). Нәсәи, «Неке», 51 (6/100).
  2. 2«Бақара» сүресі, 240-аят.
  3. 3«Ниса» сүресі, 23-аят.
5676
Кутуб ситтә, № 5676 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: مَا كَانَ فِي الْحَوْلَيْنِ وَإِنْ كَانَ مَصَّةً وَاحِدَةً فَهُوَ يُحَرِّمُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алғашқы екі жылда бір рет емудің өзі некеге тыйым туғызады», – деген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят № 5673-те келтірілген Айшаның (р.а.) риуаятына қайшы көрінгенмен, көпшілік ғалым амал етуге осы риуаятты негіз еткен. Әли, Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Мәлік, Әбу Ханифа, Әузағи, әс-Сәури және кең тараған пікірінде Ахмад та осы риуаятқа сүйенген. Олардың Құраннан келтірген дәлелдері жоғарыда айтылды.

Бұл риуаят он рет, одан кейін бес рет ему туралы үкімдер тоқтатылған соң айтылған болуы мүмкін деген жорамал бар. Осыған қарағанда, дініміз бұл үкімді де бірте-бірте орнықтырған.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Радағ», 4 (2/602).
5677
Кутуб ситтә, № 5677 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ دِينَارٍ قَالَ: سَأَلَ رَجُلٌ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنْ رَضَاعَةِ الْكَبِيرِ. فَقَالَ: جَاءَ رَجُلٌ إِلَى عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: كَانَتْ لِي وَلِيدَةٌ أَطَؤُهَا، فَعَمَدَتِ امْرَأَتِي فَأَرْضَعَتْهَا. ثُمَّ قَالَتْ لِي: دُونَكَ، فَقَدْ وَاللَّهِ أَرْضَعْتُهَا. فَقَالَ لَهُ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَوْجِعْهَا وَائْتِ جَارِيَتَكَ، فَإِنَّمَا الرَّضَاعَةُ فِي الصِّغَرِ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Динар былай жеткізеді: «Бір кісі Ибн Омардан (р.а.) ересек адамның сүт емуі жайында сұрады. Ибн Омар: “Бір кісі Омарға (р.а.) келіп, жақындасып жүрген күңі барын, әйелі сол күңді емізгенін айтты да, әйелінің ‘Байқа! Аллаға ант етемін, оны еміздім’ деген сөзін жеткізді. Сонда әкем Омар: ‘Әйеліңді жазала да, күңіңе бара бер. Өйткені сүт туыстығы бала кезде емгенде ғана орнайды’, – деді”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Жоғарыда айтылғандай, некеге тыйым туғызатын ему алғашқы екі жылда болады. Әбу Ханифа мерзімді кеңірек алып, отыз ай деп белгілеген. Осы мерзімнен кейінгі ему сүт туыстығын туғызбайды. Омар (р.а.) әлгі кісіге әзілге жақын жауап берген. Ересек адамның сүт емуі жайындағы өзге деректер келесі риуаятта айтылады.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Радағ», 13 (2/606).
5678
Кутуб ситтә, № 5678 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ قَالَ: سَأَلَ رَجُلٌ أَبَا مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: إِنِّي مَصَصْتُ مِنْ ثَدْيِ امْرَأَتِي لَبَنًا فَذَهَبَ فِي بَطْنِي. فَقَالَ أَبُو مُوسَى: لَا أَرَاهَا إِلَّا قَدْ حَرُمَتْ عَلَيْكَ. فَقَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ: انْظُرْ مَا تُفْتِي بِهِ الرَّجُلَ؟ فَقَالَ: مَا تَقُولُ أَنْتَ؟ فَقَالَ: لَا رَضَاعَةَ إِلَّا مَا كَانَ فِي الْحَوْلَيْنِ. فَقَالَ أَبُو مُوسَى: لَا تَسْأَلُونِي عَنْ شَيْءٍ مَا دَامَ هَذَا الْحَبْرُ بَيْنَ أَظْهُرِكُمْ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай жеткізеді: «Бір кісі Әбу Мұсаға (р.а.) келіп: “Әйелімнің омырауынан сүт сорып едім, асқазаныма барды”, – деді. Әбу Мұса: “Әйелің саған харам болған сияқты”, – деді. Ибн Мәсғуд: “Бұл кісіге қандай пәтуа беріп тұрғаныңа қара”, – деді. Әбу Мұса: “Өзің не дейсің?” – деп сұрады. Ибн Мәсғуд: “Сүт туыстығы алғашқы екі жылда емгенде ғана орнайды”, – деді. Сонда Әбу Мұса: “Мына ғалым араларыңда тұрғанда менен ештеңе сұрамаңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) وَأُمَّهَاتُكُمُ اللَّاتِي أَرْضَعْنَكُمْ «сүт аналарыңмен»2 деген аятқа сүйеніп, әйелінің сүтін ішкен ерге әйелі харам болады деп пәтуа берді. Ибн Мәсғуд (р.а.) وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلَادَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ ۖ لِمَنْ أَرَادَ أَنْ يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін.»3 деген аятты негіз етіп, әйелі оған харам болмайтынын айтты. Осылайша ол сәбидің емуі мен ересек адамның сүт ішуін екі бөлек қарастырған.

2. Ғалымдардың көбі ересек адамның сүт ішуінен некеге тыйым тумайды деген. Өзге пікірге негіз болған риуаяттардың бірі Әбу Хузайфаның асыранды ұлы Сәлимге қатысты. Әбу Хузайфаның жұбайы Сәһла бинт Суһайл Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Сәлимді өз ұлымыздай көретінбіз. Бір ғана үйіміз болғандықтан, басым ашық кезде де ол қасыма кіретін. Бұған не дейсіз?» – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Оны бес рет еміз. Сонда сүт ұлың болады», – деді. Сөйтіп, Сәһла оны сүт ұлы санады.4

Айша (р.а.) осы рұқсатты өзіне кіретін ер кісілерге қатысты қолданған. Сіңлісі Үммі Күлсім бинт Әбу Бәкір мен ер бауырының қыздарына ондай кісілерге сүтін ішкізуді тапсырған. Алла елшісінің (с.а.с.) өзге жұбайлары бұл пікірді қабылдамады. Олар: «Алламен ант етеміз, Алла елшісінің (с.а.с.) Сәһла бинт Суһайлға бергенін Сәлимге ғана қатысты рұқсат деп білеміз. Сондықтан бұл жолмен бізге ешкім кіре алмайды», – деді. Олар ересек адамның сүт емуіне осы ұстаныммен қараған.

Айша (р.а.) бұл рұқсатты басқа адамдарға да қолдануға болады деп санады. Өзге жұбайлар оны Сәлимге ғана берілген рұқсат деп, риуаяттағы үкімді өзгелерге қолданбады.

Ислам ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) өзге жұбайларының пікірін ұстанған. Олардың пікірінше, үкім сол оқиғадағы адамға ғана қатысты. Ересек адамның сүт ішуінен сүт бауырлығы да, сүт аналығы да туындамайды.

3. «Әйел ересек адамды қалай емізеді?» деген сұраққа Ибн Абдилбар: «Сүтін сауып, содан соң ішкізеді. Ғалымдардың ешқайсысы әйелдің ер адамға омырауын беруін жаиз санамаған», – деген. Қазы Иядтың пікірінше, Сәһла сүтін сауып, Сәлим ыдыстағы сүтті ішкен болуы керек. Өйткені оның омырауына қарауға да, денесіне қол тигізуге де болмайды. Ибн Сағдтың Уақидиден жеткізген нұсқасында: «Сәһла сүтін ыдысқа сауатын, Сәлим оны күнде келіп ішетін. Бұл бес күнге созылды. Содан кейін Сәлим Сәһланың жанына оның басы ашық кезде де кіре беретін. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) Сәһлаға берген рұқсаты еді», – делінген.

Зурқани кейбір ғалымдардың сөзін келтіріп, Айшадан (р.а.) өзге ешкім бұл рұқсатты жалпыға қолданбағанын айтады. Кейінгі және ілгерідегі ғалымдар ересек адамның сүт ішуі некеге тыйым туғызбайтынына келіскен. Сөйтіп, бастапқы пікір алшақтығы кейін ортақ үкімге ұласқан.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Радағ», 14 (2/607). Әбу Дәуіт, «Неке», 10 (2059, 2060).
  2. 2«Ниса» сүресі, 23-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 233-аят.
  4. 4Мәлік, «Муатта», «Радағ», 12 (2/605–606). Оқиғаның өзге нұсқасы: Мүслим, «Радағ» (1453).
5679
Кутуб ситтә, № 5679 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يُحَرِّمُ مِنَ الرَّضَاعِ إِلَّا مَا فَتَقَ الْأَمْعَاءَ فِي الثَّدْيِ، وَكَانَ قَبْلَ الْفِطَامِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләмә (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Некеге тыйым туғызатын ему – бала емшектен шықпай тұрғанда, оның қарнын тойдырып, қорек болған ему”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте сүт туыстығын орнатып, некеге тыйым туғызатын емудің шарттары айтылады:

• Бала әлі емшектегі шақта болуы керек. Құранда белгіленген мерзім – дүниеге келгеннен кейінгі екі жыл. Жоғарыда айтқанымыздай, Әбу Ханифа сақтық үшін оған алты ай қосып, мерзімді отыз ай деп белгілеген.

• Сүттің мөлшері тамақтың орнын басатындай болуы керек. Кей ғалым бір рет емудің өзі сүт туыстығын орнатады деген. Ханафилердің пікірінше, асқазанға жеткен аз ғана сүт те жеткілікті.

  1. 1Тирмизи, «Радағ», 5 (1152).
5680
Кутуб ситтә, № 5680 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Уқба ибн әл-Харис (р.а.)

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ الْحَارِثِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ تَزَوَّجَ بِنْتَ أَبِي إِهَابَ بْنِ عَزِيزٍ؛ فَأَتَتْهُ امْرَأَةٌ فَقَالَتْ: إِنِّي أَرْضَعْتُ عُقْبَةَ وَالَّتِي تَزَوَّجَ بِهَا. فَقَالَ لَهَا عُقْبَةُ: مَا أَعْلَمُ أَنَّكِ أَرْضَعْتِنِي وَلَا أَخْبَرْتِنِي، فَرَكِبَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِالْمَدِينَةِ، فَقَالَ ﷺ: كَيْفَ وَقَدْ قِيلَ؟ فَفَارَقَهَا عُقْبَةُ وَنَكَحَتْ زَوْجًا غَيْرَهُ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн әл-Харис (р.а.) былай жеткізеді: «Уқба Әбу Иһаб ибн Азиздің қызына үйленген еді. Бір әйел келіп: “Уқбаны да, үйленген қызын да мен емізгенмін”, – деді. Уқба: “Мені емізгеніңді білмеппін, маған бұрын да айтпаған едің”, – деді. Содан соң атына мініп, Мәдинаға, Алла елшісіне (с.а.с.) барды. Алла елшісі (с.а.с.): “Сүт бауыр екендерің айтылған соң, қалай бірге тұрмақсыңдар?” – деді. Уқба әйелімен ажырасты, әйелі басқа кісіге тұрмысқа шықты».1

Түсіндірме

Бұл хадис сүт туыстығын анықтауға бір әйелдің куәлігі жеткілікті деген пікірге дәлел ретінде келтірілген. Әдетте оқиғаның болғаны екі ердің немесе төрт әйелдің куәлігімен анықталады.

Хадистің сыртқы мағынасынан сүт ему мәселесінде күң әйелдің жалғыз куәлігі де жеткілікті деген үкім шығуы мүмкін. Ғалымдар мұны әртүрлі түсіндірген.

• Бір топ ғалым сүт ему мәселесін шешуге бір әйелдің куәлігі жеткілікті деген. Бұл пікірді аз ғана ғалым ұстанған. Ахмад ибн Ханбал, Әузағи, Осман (р.а.), Ибн Аббас, Зуһри, Хасан әл-Басри, Исхақ пен Ибн Журайждың осы пікірде болғаны жеткізіледі. Османның (р.а.) «екеуін де еміздім» деген қара өңді әйелдің куәлігімен бірқатар ерлі-зайыптыны ажыратқаны риуаят етіледі. Ибн Шиһабтың айтуынша, бұл үкім Османның (р.а.) сөзі ретінде айтылып жүрген.

• Имам Шафиғи мұндай мәселеде бір әйелдің куәлігі жеткіліксіз деген.

• Ибн Хажар көпшілік ғалымның пікірін келтірген. Олардың айтуынша, емізген әйелдің куәлігі жеткіліксіз, өйткені ол өз ісіне куәлік беріп тұр. Оған қосымша куә керек.

• Әбу Убайд Омардың, Мұғира ибн Шуғбаның, Әли ибн Әбу Талибтің және Ибн Аббастың (р.а.) мұндай куәлікпен ерлі-зайыптыны ажыратуды жаиз санамағанын жеткізген. Кейбір ілгерідегі ғалымдар айыптың дәлелденуі шарт екенін айтқан. Бір әйелдің дәлелсіз сөзімен ажырасуға жол ашылса, бұл қағида теріс пайдаланылуы мүмкін деген.

• Шағби бұл талапты әйелдердің ешқайсысы ақы сұрамаса, үш әйелдің куәлігімен қабылдауға болады деген. Жалғыз әйелдің куәлігін мүлде қабылдамау керек деген пікір де бар. Кей ғалым мұндай куәлік махрамдықты бекітуге жарайды, емізу ақысын бекітуге жарамайды деп санаған.

• Имам Мәлік бір әйелдің куәлігіне өзге куәгер қосылса, оны қабылдауға болады деген.

• Әбу Ханифа сүт туыстығын анықтау кезінде босануы жақындаған жүкті әйелдердің куәлігі қабылданбайды деген.

• Уәкиғтің пікірінше, сүт туыстығын анықтауға бір әйелдің куәлігі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда ер кісіге әйелімен ажырасу міндеттелмейді. Алайда сақтық үшін ажырасқаны жөн. Шаукани хадисті сақтыққа шақыру деп түсіндіруге дәлел керек деген. Кей нұсқада Уқба төрт рет сұрап, әр жолы бірдей жауап алады, ал басқа нұсқада «Онымен ажырас» деп ашық айтылған. Осыған сүйенген Шаукани сүт туыстығын бір әйелдің куәлігімен де анықтауға болады деген.

  1. 1Бұхари, «Куәлік», 4, 13, 14, «Ілім», 26 (88), «Сауда», 3, «Неке», 23. Тирмизи, «Радағ», 4 (1151). Әбу Дәуіт, «Ақдия», 18 (3603, 3604). Нәсәи, «Неке», 57 (6/109). Әбу Дәуіттің №3603 нұсқасында әйелдің аты Үммі Яхия деп аталады.
5681
Кутуб ситтә, № 5681 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّهُ سُئِلَ عَنْ رَجُلٍ لَهُ امْرَأَتَانِ أَرْضَعَتْ إِحْدَاهُمَا جَارِيَةً، وَالْأُخْرَى غُلَامًا، أَيَحِلُّ لِلْغُلَامِ أَنْ يَنْكِحَ الْجَارِيَةَ؟ قَالَ: لَا، لِأَنَّ اللِّقَاحَ وَاحِدٌ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.): «Бір кісінің екі әйелі бар. Бірі бір қыз баланы, екіншісі бір ұл баланы емізген. Сол ұл қызға үйлене ала ма?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ, өйткені ер кісінің ұрығы бір», – деді.1

Түсіндірме

Сүт туыстығында ананың сүтімен бірге сүттің келуіне себеп болған ер адам да ескеріледі. Риуаяттағы «лиқах» сөзі ер адамның ұрығын білдіреді. Бір ерден жүкті болған екі әйелдің бірі қызды, бірі ұлды емізсе, ол балалар сүт әкесі ортақ болғандықтан сүт бауыры саналады. Ғалымдар «лиқах» сөзі «илқах», яғни ұрықтандыру мағынасында қолданылған болуы да мүмкін екенін айтқан.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Радағ», 5 (2/602–603). Тирмизи, «Радағ», 2 (1149). Тирмизиде екі күң туралы нұсқа берілген.
5682
Кутуб ситтә, № 5682 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ حَجَّاجِ بْنِ حَجَّاجٍ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا يُذْهِبُ عَنِّي مَذَمَّةَ الرَّضَاعِ؟ قَالَ: غُرَّةُ عَبْدٍ أَوْ أَمَةٍ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хажжаж ибн Хажжаж әкесінің (р.а.) сөзін жеткізеді: «Уа, Алла елшісі, сүт анамның мойнымдағы ақысын қалай өтеймін?» – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): «Оған бір құл не күң сыйла», – деді.1

Түсіндірме

1. Хадистегі «мәзәммә» сөзі орындалмай қалса, адамға мін тағылатын міндетті білдіреді. Мұнда емізуге әуелде келісілген ақы сөз болып тұрған жоқ. Арабтардың бұрынғы салтында баланы емшектен шығарғанда, сүт анасына ақыдан бөлек сыйлық беретін. Хажжаж Алла елшісінен (с.а.с.) сүт анасына ризашылығын білдіретін осындай сыйдың қандай болғаны жөн екенін сұраған. Алла елшісі (с.а.с.) сол заманда құлдың жоғары бағаланғанын ескеріп, сыйдың құнды болуына назар аударған.

2. «Ғурра» сөзі ақ түсті құлды және әр нәрсенің ең жақсысын білдіреді.

Малдың маңдайындағы ақ қасқаны да «ғурра» дейді. Сөз кейін әр нәрсенің ең бағалысы деген мағынада қолданыла бастаған. Мысалы, қауымның ең қадірлі кісісін осылай атаған. Сол кездегі арабтар құлды аса бағалы мүлік санағандықтан, оған да «ғурра» деген атау берген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 12 (2064). Тирмизи, «Радағ», 6 (1153). Нәсәи, «Неке», 56 (6/108).