НЕКЕГЕ ҚАТЫСТЫ БАСҚА ДА ҮКІМДЕР
Хадистер
Құранда балаларды қорғауға айрықша мән берілген. Кей аяттарда бұл ғұрыптың тым ерте дәуірлерде болғаны, Мұса пайғамбардың тұсында Перғауынның ұл балаларды өлтірткені айтылады1. Жаһилият дәуіріндегі арабтар арасында да бұл әдет тараған, қыз балаларды тірідей көму ғұрпы болған. Құранда бұл жайында: ﴿وَكَذَٰلِكَ زَيَّنَ لِكَثِيرٍ مِّنَ ٱلْمُشْرِكِينَ قَتْلَ أَوْلَٰدِهِمْ شُرَكَآؤُهُمْ﴾ «Мүшріктердің Аллаға серік етіп қосқан пұттарының қызметшілері олардың көпшілігіне өз балаларын өлтіруді керемет істей етіп көрсетті»2, – делінген.
Кей арабтар ұл баласын кедейліктен қорқып өлтірсе, қыз баланы ар көріп, тірідей көмген. Бұл жайында бірнеше риуаят бар. Мысалы, Қайс ибн Асым өз қолымен он екі қызын тірідей көміп, мұсылман болғаннан кейін осы ісінің кешірілу-кешірілмеуін Алла елшісінен (с.а.с.) сұраған. Тағы бір риуаятта сол дәуірде бір ауқатты кісі өлтірмек болған ата-аналардан үш жүз алпыс сәбиді сатып алып, олардың жанын сақтап қалғаны айтылады.
Құран бұл іспен әр дәуірде, түрлі сылтаумен қайталанып отыратын зұлымдық ретінде күреседі. Оны бірнеше аяттан көруге болады.
1. Мына аятта ең үлкен тыйымдардың ішінде баланы өлтіру үшінші ретте аталған: ﴿قُلْ تَعَالَوْا۟ أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلَّا تُشْرِكُوا۟ بِهِۦ شَيْـًٔا وَبِٱلْوَٰلِدَيْنِ إِحْسَٰنًا وَلَا تَقْتُلُوٓا۟ أَوْلَٰدَكُم مِّنْ إِمْلَٰقٍ نَّحْنُ نَرْزُقُكُمْ وَإِيَّاهُمْ وَلَا تَقْرَبُوا۟ ٱلْفَوَٰحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَلَا تَقْتُلُوا۟ ٱلنَّفْسَ ٱلَّتِى حَرَّمَ ٱللَّهُ إِلَّا بِٱلْحَقِّ ذَٰلِكُمْ وَصَّىٰكُم بِهِۦ لَعَلَّكُمْ تَعْقِلُونَ﴾ «Һәм оларға: “Келіңдер, Раббыларыңның сендерге не нәрселерді харам еткенін баяндап берейін: Оған серік қоспаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Кедейліктен қорқып өз балаларыңды өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін мына Біз. Мейлі жария, мейлі жасырын болсын, арсыздық пен күнә атаулыдан аулақ жүріңдер. Әрі Алла Өз қорғауына алған һәм өлтіруді харам еткен тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмеңдер. Ақылға салып ойлансын деп, Алла сендерге осыларды бұйырады”, – деп айт»3.
«Исра» сүресінің 31-аятында да бала өлтірудің үлкен қателік екені айтылған.
2. Бала өлтіргендердің ауыр зиянға ұшырайтыны хабарланған: ﴿قَدْ خَسِرَ ٱلَّذِينَ قَتَلُوٓا۟ أَوْلَٰدَهُمْ سَفَهًۢا بِغَيْرِ عِلْمٍ وَحَرَّمُوا۟ مَا رَزَقَهُمُ ٱللَّهُ ٱفْتِرَآءً عَلَى ٱللَّهِ قَدْ ضَلُّوا۟ وَمَا كَانُوا۟ مُهْتَدِينَ﴾ «Ақымақтық қылып һәм надандықпен өз балаларын өлтіргендер, әрі Алланың өздеріне берген адал ризығын, Алланың атынан өтірік айту арқылы харам қылғандар, шүбәсіз, зиянға ұшырады. Олар тура жолдан адасты һәм олардың тура жолға түсуі мүмкін емес»4.
3. Әйелдер мен ерлерден серт алғанда, баланы өлтірмеу де шарт етілген.
﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ إِذَا جَآءَكَ ٱلْمُؤْمِنَٰتُ يُبَايِعْنَكَ عَلَىٰٓ أَن لَّا يُشْرِكْنَ بِٱللَّهِ شَيْـًٔا وَلَا يَسْرِقْنَ وَلَا يَزْنِينَ وَلَا يَقْتُلْنَ أَوْلَٰدَهُنَّ وَلَا يَأْتِينَ بِبُهْتَٰنٍ يَفْتَرِينَهُۥ بَيْنَ أَيْدِيهِنَّ وَأَرْجُلِهِنَّ وَلَا يَعْصِينَكَ فِى مَعْرُوفٍ فَبَايِعْهُنَّ وَٱسْتَغْفِرْ لَهُنَّ ٱللَّهَ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Уа, пайғамбар! Жаңадан иман келтірген әйелдер алдыңа келіп: Аллаға ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық-қарлыққа бармау, зина жасамау, балаларын өлтірмеу, бөтен баланы немесе басқа біреуден тапқан баласын күйеуіне теліп өтірік айтпау, бірде-бір игі істе саған қарсы келмеу мәселелерінде саған ант бергілері келсе, анттарын қабылда һәм олар үшін Алладан кешірім тіле! Өйткені Алла – Ғафур (өте кешірімді) әрі Рахим (ерекше мейірімді)!»5.
4. Құранда бала өлтіруге салынған тыйым әлденеше рет ескертіледі: ﴿وَإِذَا ٱلْمَوْءُۥدَةُ سُئِلَتْ بِأَىِّ ذَنۢبٍ قُتِلَتْ﴾ «Тірідей көмілген қыз сәбилерден сұралған кезде, қандай кінәсі үшін өлтірілгені сұралғанда,»6. Тағы бір аятта: ﴿وَلَا تَقْتُلُوٓا۟ أَوْلَٰدَكُمْ خَشْيَةَ إِمْلَٰقٍ نَّحْنُ نَرْزُقُهُمْ وَإِيَّاكُمْ إِنَّ قَتْلَهُمْ كَانَ خِطْـًٔا كَبِيرًا﴾ «Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер! Оларға да, сендерге де ризық-несібені Біз береміз. Оларды өлтіру расында да үлкен күнә», – делінген.
Автор ішкі және сыртқы себептерден туған экономикалық қиындық пен келешекте аштық жайлайды деген жорамалды сылтау етіп, бала тууды шектеу шараларын түрлі атпен таратуға тырысқандарды сынайды. Ол мұны сырттан жасалған саяси қысыммен және халық саны жөніндегі Мальтус пайымдарымен байланыстырады. Автордың пікірінше, бала санын қысқартуға бағытталған бұл шаралар Құранда көрсетілген тыйымның аясынан шықпайды. Аяттарда перғауындардың мұндай қылмысты мүміндерді әлсірету үшін істегені айтылады. Мұндай іске «кедейліктен қорқу» сылтауын алға тартып, мүміндер де бой алдыруы мүмкін болғандықтан, «Кедейліктен қорқып, бауыр еті балаларыңды өлтірмеңдер» деген әмір қайталанған.
Бұған қоса, «Балаларыңды жасырын өлтірмеңдер» деген қатаң ескерту бар. Қызыр өлтірген бала. Бұл тақырыпқа қатысты тағы бір аят Қызыр өлтірген бала жайында. Жоғарыда айтқанымыздай, Қызыр мен Мұса (а.с.) бірге сапар шегіп келе жатып, бір балаға кездеседі. Қызыр көзге көрінетін еш себепсіз оны өлтіреді. «Кәһф» сүресінде былай делінген: ﴿فَٱنطَلَقَا حَتَّىٰٓ إِذَا لَقِيَا غُلَٰمًا فَقَتَلَهُۥ قَالَ أَقَتَلْتَ نَفْسًا زَكِيَّةًۢ بِغَيْرِ نَفْسٍ لَّقَدْ جِئْتَ شَيْـًٔا نُّكْرًا قَالَ أَلَمْ أَقُل لَّكَ إِنَّكَ لَن تَسْتَطِيعَ مَعِىَ صَبْرًا﴾ «Содан екеуі тағы да жолға шықты. Жол-жөнекей бір жас балаға кезігіп, Қызыр әлгі баланы өлтіріп тастады. Мұса бұл жолы да тағат қыла алмай: “Мұның не? Бейкүнә жанды өлтіруге қалай дәтің барды?! Расында, сен адам баласы көрмеген сұмдық іс істедің”, – деді. Осы кезде Қызыр тағы да ескертіп: “Менімен бірге жүруге дәтің шыдамайды деп айтпап па едім?” – деді» («Кәһф», 74–75-аяттар). Сырттай қарағанда бізге де ауыр көрінетін осы істің себебін Қызыр сапарының соңында Мұсаға (а.с.) былай түсіндіреді: ﴿وَأَمَّا ٱلْغُلَٰمُ فَكَانَ أَبَوَاهُ مُؤْمِنَيْنِ فَخَشِينَآ أَن يُرْهِقَهُمَا طُغْيَٰنًا وَكُفْرًا فَأَرَدْنَآ أَن يُبْدِلَهُمَا رَبُّهُمَا خَيْرًا مِّنْهُ زَكَوٰةً وَأَقْرَبَ رُحْمًا﴾ «Ал өлген баланың ата-анасы шынайы мүмін еді. Біз ол баланың келешекте ата-анасын азғындық пен күпірлікке душар етуінен қорықтық. Сондықтан Раббыларының ол екеуіне әлгі баланың орнына одан да қайырлы һәм пәк әрі одан да мейірбан һәм тілалғыш бала беруін қаладық» («Кәһф», 80–81-аяттар). Аяттағы «ғұлам» сөзі араб тілінде балиғатқа толмаған баланы да, балиғатқа жеткен жас жігітті де білдіреді. Түрік тіліндегі «оғлан» сөзі де осыған жақын. «Ұл бала» деп нақтыламаса, бұл сөзбен есейген жігіт те меңзелуі мүмкін. Ғалымдар аяттағы сөзді осы екі мағынада да түсіндірген. Көпшілігі аятта балиғатқа толмаған бала айтылған деп есептеген. Егер «ғұлам» балиғатқа жеткен адам болса, оның күпірлігі мен қарсы келуі себепті өлтірілуін түсіндіру қиындық тудырмайды. Ал көпшілік ғалымның түсінуінше, ол балиғатқа толмаған бала болса, келешекте істейтін қылмысы үшін өлтірілгенін шариғи үкіммен түсіндіру қиын. Өйткені бала кісі өлтіргеннің өзінде оған қысас жолымен өлім жазасы тағайындалмайды. Болашақта қылмыс істеуі мүмкін деген жорамалмен оны өлтіруге де болмайды. Бұл оқиға былай түсіндіріледі. Шариғаттың негізі – Алланың әмірі. Қызыр Мұсаның (а.с.) сұрағына жауап беріп, мұны өз бетінше емес, Алланың әмірімен істегенін айтты. Сыртқы ілімге сүйенетін адамдардың өкілі Мұса осы түсіндіруге қанағаттанып, қарсылық білдірмеді. Қызыр өткен мен келешекті қамтитын, «ләдун ілімі», «ішкі ілім», «ғайып ілімі» деп әртүрлі аталатын ілімге ие еді. Бұл ілім Мұса секілді сыртқы ілім иелеріне беймәлім. Ол ізденумен табылмайды, Алланың сыйы ретінде беріледі. Қиссадағы өзге оқиғалар да Қызырдың осы ерекшелігін көрсетеді. Сондықтан шариғатты жеткізген, сыртқы ілімге ие Мұсаға оғаш көрінген іс ішкі ілімге ие Қызырға оғаш көрінген жоқ. Оның үстіне Қызыр болған оқиғаны баяндағанда «мен» демей, «біз» дейді. Демек, бұл оның өз бетінше істеген әрекеті емес. Мұсаның осы түсіндірмені қабылдауы да екі жолдың түп негізінде бір-біріне қайшы келмейтінін көрсетеді.
Нушуз
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: وَإِنِ امْرَأَةٌ خَافَتْ مِنْ بَعْلِهَا نُشُوزًا أَوْ إِعْرَاضًا. قَالَتْ: نَزَلَتْ فِي الْمَرْأَةِ تَكُونُ عِنْدَ الرَّجُلِ، لَا يَسْتَكْثِرُ مِنْهَا. فَيُرِيدُ طَلَاقَهَا فَيَتَزَوَّجُ غَيْرَهَا فَتَقُولُ: أَمْسِكْنِي لَا تُطَلِّقْنِي ثُمَّ تَزَوَّجْ غَيْرِي وَأَنْتَ فِي حِلٍّ مِنَ النَّفَقَةِ عَلَيَّ وَالْقَسْمِ لِي، فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا أَنْ يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا وَالصُّلْحُ خَيْرٌ. أَخْرَجَهُ الشَيْخَانِ.
Қазақша аудармасы
Айша (р.а.) ﴿وَإِنِ ٱمْرَأَةٌ خَافَتْ مِنۢ بَعْلِهَا نُشُوزًا أَوْ إِعْرَاضًا فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَآ أَن يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا وَٱلصُّلْحُ خَيْرٌ﴾ «Егер қандай да бір әйел күйеуінің өзіне салқын қарап, жұбайлық міндеттерін лайықты түрде орындамауынан немесе өзінен теріс бұрылып кетуінен қорықса, онда бір амалын тауып, екеуі өзара келісімге келу арқылы жарасатын болса, екеуі де күнә арқаламайды. Өзара келісімге келіп жарасу – қайырлы іс»1 деген аят туралы былай деген: «Бұл аят мынадай жағдайға қатысты түскен. Ер адам некесіндегі әйелімен бірге тұра беруді қаламай, оны ажыратып, басқа әйелге үйленгісі келеді. Сонда әйелі оған: “Менімен ажыраспа, қасыңда қалдыра бер. Қаласаң, басқа әйелге үйлен. Маған нәпақа беруге де, түн кезегін бөлуге де міндетті емессің”, – дейді». Аяттағы «Бір мәмілеге келіп, жарасса, екеуі де күнә арқаламайды. Жарасқан қайырлы» деген сөз осыны білдіреді.2
Түсіндірме
«Нушуз» сөзінің түбірі «көтерілу, биіктеу» деген мағынаны білдіреді. Ерлі-зайыптылар арасындағы нушуз – араның суып, татулықтың бұзылуы. Әйелдің күйеуіне қатысты нушузы бағынбауы, қарсы шығып, қасарысуы мағынасында қолданылады. Ал күйеуінің әйеліне қатысты нушузы – оған нашар мәміле жасауы, зиян келтіруі немесе қол жұмсауы. Бұл мағыналар «ән-Ниһаяда» берілген.3
Түсіндірмешілердің айтуынша, әйел күйеуінің ажырасып кетуінен қорықса, некеде қалу үшін мәһірінің бір бөлігін немесе түн кезегін өз еркімен бере алады. Хәкім келтірген бір риуаятта Рафиғ ибн Хадиждің бір әйелі бола тұра, жас әйелге үйленгені айтылады. Ол жас әйеліне көбірек көңіл бөлген соң, бірінші әйелімен арада дау туады. Рафиғ оған бір талақ береді де: «Қаласаң, талағымды қайтарып аламын, бірақ сен де шыдамдылық танытуға тиіссің», – дейді. Әйелі «Талағыңды қайтарып ал» дейді. Екеуі қайта қосылғанымен, кейін әйел шыдай алмай, күйеуі онымен ажырасады. Аятта осы тәрізді келісіммен жарасу құпталған. Тирмизи Ибн Аббастан жеткізген риуаятта Сәуда (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) өзін ажыратып жібере ме деп қауіптеніп: «Уа, Алла елшісі! Менімен ажыраспаңыз, кезегімді Айшаға беріңіз», – деген. Алла елшісі (с.а.с.) өтінішін қабыл алған. Осы риуаят бойынша аят сол оқиғаға байланысты түскен.
- 1«Ниса» 128.
- 2Бұхари, Сулх 4, Мазалим 11; Тәпсір, Ниса 23, Никах 95; Мүслим, Тәпсір 14 (3021).
- 3ән-Ниһая.