Бұл хадиске қатысты бірнеше мәселе №739 хадисте түсіндірілді.
Риуаяттан мынаны аңғаруға болады: ибн Мәсғудқа (р.а.) бір әңгімешінің «Духан» сүресінде айтылған духанға қатысты аятты қиямет күнінің белгісі деп айтқаны хабар беріледі. Ұлық сахаба мұндай түсіндірменің шындыққа жанаспайтынын, аятта айтылған түтін мен «батша» (азаптың қыспаққа алуы) секілді құбылыстардың қиямет күнінің белгісі ретінде болашақта болатын нәрселер емес екенін, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар кезде болған оқиғалар екенін түсіндіреді. Оның айтуынша, Духан Меккеліктердің басына келген жұтқа қатысты және олар осы алапат жұтқа Алла елшісінің (с.а.с.) лағынет айтуынан кейін душар болған.
Осы сүреде жазылған «Батша» – мүшріктердің Бәдір соғысындағы жеңілісі. №739 хадисте түсіндірілгендей, ибн Мәсғуд басқа кейбір нәрселерді де болып кеткен оқиғалар дейді, қияметтің белгісіне жатқызбайды. Алайда бұл мәселеде сахабалар қайшылыққа түскен. Себебі ибн Аббас, ибн Омар және Зәйд ибн Али мен Хасан Басриден жеткен риуаяттар қиямет күнінен бұрын бір түтін шығатынын айтады. Мүслимдегі бір риуаятта былай делінген:
لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى تَرَوْا عَشْرَ آيَاتٍ طُلُوعَ الشَّمْسِ مِنْ مَغْرِبِهَا وَالدُّخَّانَ وَالدَّابَّةَ
«Сіздер он белгіні көрмейінше, қиямет болмайды: Күннің батыстан шығуы, түтін (духан), даббатул-ард...»4
Табаридің бір риуаятында Хузайфа (р.а.): «Уа, Алла елшісі, түтін деген не?» – деп сұрайды. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Духан» аятын оқып: «Мүмін одан тұмауратқандай аздап әсерленеді, алайда кәпірдің мұрынынан, құлағынан және құйрығынан шығады», – дейді.
Ибн Хажар «Духан – қиямет белгісі» деген әртүрлі риуаяттардың (әлсіз болса да) бар екеніне қарап, оның бір сахих негізі бар деп, ибн Мәсғудқа қарсы пікір білдіреді.
Түтіннің көріну мәселесін хадисті түсіндірушілер аштық пен сусыздық себебінен елестейтін қиял екенін, оның бір ұшы көктен көрінетіндей елестеуі ықтималдығына қарай риуаяттарда жазылған «жерден шықты», «өзі мен аспан арасында еді» секілді түрлі пікірлерді жазады.
Ибн Мәсғудтың (р.а.): «Қайсыбіреуіңнің білмеген нәрсесі үшін «Алла біледі» деуі – ең үлкен ілім» деген сөзі Бұхаридің бір риуаятында «Біреудің білмеген нәрсесі үшін «білмеймін» деуі – ілім» деп берілген. Ол сөз уақыт өте келе لَا اَدْرِى نِصْفُ الْعِلْمِ «Білмеймін деу – ілімнің жартысы» болды.