Хадис
الموطأ

Кітап пен авторы жайлы толығырақ

Муатта · Имам Мәлик ибн Әнәс (һ. 93–179)

«Муатта» – хадис ілімінің бізге жеткен ең көне еңбектерінің бірі. Жинақ Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті Мәдинада қалай сақталып, кейінгі ұрпаққа жеткенін аңғартады. Осы мұраға сүйенген имам Мәликтің фиқһ жөніндегі пайымдары да кітаптан көрінеді.

I. Имам Мәлик

Өмірі мен тұлғасы

Мәлик ибн Әнәс һижраның 93 жылы (712 ж.) Мәдинада туып, 179 жылы (795 ж.) сол қалада дүние салды. Арғы аталары Мәдинаға Йеменнен қоныс аударған. Ол хадис пен фиқһты Нәфиғ, Абдуррахман ибн Һурмұз, Ибн Шиһаб әз-Зуһри, Яхия ибн Сағид және Рабиғат әр-Рәй секілді ғалымдардан үйренді. Абдуллаһ ибн Омар азат еткен Нәфиғ Мәликке Ибн Омардың риуаяттарын, сахабалардың амалдарын және Омар ибн әл-Хаттабтың іс-тәжірибесін жеткізді.

Мәликті дәріс беріп, пәтуа айтуға лайық деп таныған жетпіске жуық фиқһ ғалымының арасында өз ұстаздары да болды. Ол әуелі Пайғамбар мешітінде сабақ беріп, кейін сырқатына байланысты шәкірттерін үйінде қабылдады. Елу жылға жуық ұстаздық етіп, хадис оқытты, күнделікті өмірде туындаған мәселелерге пәтуа берді.

762 жылы Мұхаммед ән-Нәфс әз-Зәкия Мәдинада көтеріліс бастағанда, қала жұрты имамнан халифа Мансұрға берген анттарының күші бар-жоғын сұрады. Мәлик мәжбүрлеп алынған антты жарамсыз деп таныды. Өзі көтеріліске қосылмай, үйінде қалды. Көтеріліс басылған соң, 764 жылы Мәдина әкімі Жағфар ибн Сүлейман оған дүре соқтырды. Кейін Аббас әулетінің халифалары имамға құрмет көрсетті. Мәлик Һарун әр-Рашидке жазған хатында халифаны әділдікке, тақуа кісілермен ақылдасуға, жәбір көргендерге жәрдем беруге үндеді.

Һарун әр-Рашид имамды ұлдары Әмин мен Мәмунға дәріс беру үшін алдына шақыртқанда, Мәлик: «Ілім өзі келмейді, ілімге өзің барасың», – деп жауап берген. Ол Мәдинадан қажылық сапарына ғана шыққан. Мысырдан, Шамнан, Ирактан, Солтүстік Африка мен Андалусиядан келген шәкірттер Мәликтен Мәдинада тәлім алды. Имамның фиқһ мектебі сол шәкірттер арқылы Мысырға, Солтүстік Африкаға және Андалусияға тарады.

Үкім шығару әдісі мен ижтиһад ұстанымы

Имам Мәлик үкім шығару қағидаларын жеке еңбекте жүйелеп жазбаған. Кейінгі мәлики ғалымдары оның әдісін «Муаттадағы» тұжырымдары мен «әл-Мудаууанада» хатқа түскен ижтиһадтарына сүйеніп айқындады. Имам әуелі Құран мен сүннетке жүгініп, хадистің сенімділігіне қатаң талап қойды. Ғалымдардың бір мәселе жөнінде бірауыздан қабылдаған тоқтамын, яғни ижманы да үкімге дәлел санады. Мәликтің «Бізде бірауыздан қабылданған үкім» деген тіркесі Мәдина ғалымдарының осындай ортақ байламын білдіреді.

Мәлик Мәдина жұртының амалына айрықша мән берді. Сахабалар Алла елшісінен көрген сүннетін кейінгі буынға жеткізген. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осы амалдарды имам белгілі шарттармен үкімге негіз етті. Ол бұл ұстанымын Ләйс ибн Сағдқа жазған хатында да түсіндірген. Ләйс Мәдина дәстүрінің маңызын мойындап, өзге өлкелерге қоныстанған сахабалардың да жергілікті жұртқа ілім үйреткенін алға тартты.

Мәлик дәлелге сүйенген құқықтық пайымға, яғни рәйге де жүгінді. Соның бір тәсілі – себебі ортақ екі мәселенің біріне берілген үкімді екіншісіне қолдану, яғни қияс. Адамдар арасындағы қатынастарға үкім бергенде, ол шариғаттың жалпы қағидаларына сай қоғамдық игілікті де ескерді. Өз ижтиһады жайында имам: «Мен де адаммын. Қателесуім де, дұрыс байламға келуім де мүмкін. Пікірім мен ижтиһадыма зер салыңдар. Құран мен сүннетке сай сөзімді алыңдар, қайшы келгенін қалдырыңдар», – деген.

Еңбектері

Имам Мәликтің ең танымал еңбегі – «Муатта». Кей деректерде оған «Китаб әс-сүнән», «Китаб әл-мәнәсик», «Китаб әл-ақдия» секілді фиқһ еңбектері де телінеді.

Мәликтің фиқһ жөніндегі мұрасы «әл-Мудаууана әл-кубра» жинағында да мол сақталған. Тунистік Сахнун ибн Абдуссәләм Әсәд ибн әл-Фураттан оқыған «әл-Әсәдияны» Мысырда Ибн әл-Қасымға ұсынып, онымен бірге түзетіп, толықтырған. Әсәд бұл түзетулерді құптамаған. Сахнун құрастырған нұсқа «әл-Мудаууана» деген атпен таралып, имам Мәликтің фиқһтағы көзқарасын жеткізген негізгі еңбектердің біріне айналды.

II. Муатта

Кітаптың ерекшеліктері

«Муатта» фиқһ тақырыптарына қарай түзілген. Әуелі Пайғамбардың хадистері, содан соң сахабалар мен табиғиндерден жеткен сөздер мен пәтуалар беріледі. Мәлик Мәдина жұртының амалдарын келтіріп, кей мәселеде өз байламын және оған қалай келгенін түсіндіреді. Түрікше басылымның есебінше, жинақта 1720-ға жуық риуаят бар. Олардың 600-і – мүснәд, 222-сі – мүрсәл, 613-і – мәуқуф, 285-і – мақтуғ. Омар ибн әл-Хаттаб пен оның ұлы Абдуллаһтан жеткен хадис, әсәр мен пәтуаның өзі 250-ден асады.

Халифалар Мансұр мен Һарун әр-Рашид «Муаттаны» бүкіл елге ортақ заң ретінде қолдануды ұсынған. Мәлик мұндай шешім ғалымдардың ижтиһад еркіндігін шектейді деп, ұсынысты қабылдамаған.

Риуаяттары мен түсіндірмелері

«Муаттаны» көптеген шәкірт риуаят еткен. Соның ішінде Яхия ибн Яхия әл-Ләйси мен Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбани жеткізген нұсқалар кең тараған. Ләйси жинақты әуелі Андалусияда Зияд ибн Абдуррахман ибн Зиядтан оқыған. Һижраның 179 жылы Мәдинаға барып, кітаптың басым бөлігін Мәликтің өзінен тыңдаған. «Муатта» дегенде көбіне осы нұсқа меңзеледі. Түрікше аударма Мұхаммед Фуад Абдулбақи әзірлеген басылымға сүйенген.

Әбу Ханифа мен имам Мәликтен тәлім алған Шәйбани өз нұсқасында әуелі Мәликтің риуаятын келтіреді. Содан соң оған үндес және одан өзгеше пікірлерді атап, өзі құптаған байламын білдіреді. Сілтемеде «Шәйбани» есімінен кейінгі сан хадистің осы нұсқадағы реттік нөмірін білдіреді.

Ләйси нұсқасын Ибн Абдилбәрр «әл-Истизкар», Әбул-Уәлид әл-Бажи «Мүнтәқа», Суюти «Тәнуир әл-хауалик», Зурқани «Шарх әл-Муатта» еңбектерінде түсіндірген. Бажи фиқһ үкімдерінің дәлелдерін көрсетсе, Зурқани хадистердің дереккөздерін атап, риуаяттардағы айырманы түсіндірген. Әли әл-Қаридің «Фатх әл-муғатта» және Абдулхай әл-Ләкнауидің «әт-Тағлиқ әл-мумәжжәд» еңбектері Шәйбани нұсқасына арналған.