وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا ضُيِّعَتِ الْأَمَانَةُ فَانْتَظِرِ السَّاعَةَ». قِيلَ: «وَكَيْفَ إِضَاعَتُهَا؟» قَالَ: «إِذَا وُسِّدَ الْأَمْرُ إِلَى غَيْرِ أَهْلِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Аманат аяқасты етілсе, қияметті күт”, — деді. “Аманат қалай аяқасты етіледі?” — деп сұрағанда, ол: “Іс оған лайық емес адамға тапсырылғанда”, — деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Сенімді адамдар қалмағанда немесе жоқтың қасы болғанда, аманат жоғалады. Бұхаридің «Ілім» кітабында бұл хадис «Қиямет қашан болады?» деп сұраған бәдәуиге берілген жауап ретінде келтірілген.
Хадистегі «وُسِّدَ» сөзі «أُسْنِدَ», яғни «тапсырылды» дегенді білдіреді. Іс деп аударылған «әмр» сөзі халифалық, басшылық, қазылық, мүфтилік сияқты қызметтердің бәрін қамтиды. Хадис осындай жауапты іске лайықты адамды тағайындау керегін ескертеді. Ибн Баттал мұны былай түсіндіреді: «Алла басшыларды құлдарының үстінен аманатшы етіп қойды әрі оларға халықтың қамын ойлауды парыз етті. Сондықтан басшылар жауапты қызметке діндар кісілерді тағайындауы керек. Алладан қорыққан адам халыққа әділдікпен қызмет етеді. Егер басшылар ондай қызметке діндар емес адамдарды тағайындаса, Алланың өздеріне тапсырған аманатына қиянат жасаған болады».
- 1Бұхари, «Риқақ», 35 (№ 6496), «Ілім», 2 (№ 59).