وَفِي رِوَايَةِ مُسْلِمٍ رَحِمَهُ اللَّهُ: «رَأَى جِبْرِيلَ فِي صُورَتِهِ».
Мүслим жеткізген нұсқада «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілді өзінің төл бейнесінде көрді» делінген.1
Түсіндірме
«Нәжм» сүресінде ардақты Пайғамбарымыздың тәні мен рухы бірге көкке көтеріліп, Алланың құзырына жақындаған миғраж оқиғасы суреттеледі.
Миғраж – Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нәсіп болған, бүкіл адамзатқа ортақ ең ұлық мұғжиза. Оған дейінгі пайғамбарларға да мұғжизалар, тіпті миғражға ұқсас мұғжизалар берілген. Алайда №5568 хадисте айтылғандай, ешбірі Алла елшісінің миғражындай миғражға ие болып, ол жеткен жақындыққа жете алмаған.
Хадис «Нәжм» сүресінің басындағы миғражға қатысты кейбір тіркестерді түсіндіреді. Сүреде әуелі Алла елшісі, одан кейін Жәбірейіл мен миғраж сипатталады. Бұл аяттардағы сөздердің мынадай ерекшеліктері бар:
1. Ғайыпқа қатысты.
2. Аз сөзбен терең мағына береді.
3. Аяттардың алдыңғы бөлігі мен сөздердің мағынасы есімдіктерді әртүрлі ұғынуға мүмкіндік береді. Сондықтан ғалымдар кейбір есімдіктердің Аллаға, Жәбірейілге немесе Алла елшісіне қатысты екені жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Сүреге қатысты Алла елшісінен нақты түсіндірме жетпегендіктен, ғалымдар сахабалардан жеткен риуаяттарға сүйенген. «Нәжм» сүресінің басында миғраж былай сипатталады:
1. Ағып бара жатқан жұлдызға серт!
2. Жолдастарың (Мұхаммед) адасқан да жоқ, азғындап тура жолдан тайған да жоқ.
3. Ол ешқашан өз әуейілігіне (нәпсі қалауына) қарай сөйлемейді.
4. Ол (яғни, оның айтқанының бәрі) уахи ғана.
5. Оны (Құранды) оған пәрмені күшті (Жәбірейіл періште) үйретті.
6. Тым күшті, асқан ақыл-ой иесі. Ол негізгі періште кейпінде тікесінен тік тұрды.
7. Сол кезде ол көкжиектің ұшқар биігінде (яғни, күн шығысында тікесінен тік тұрған) еді.
8. Содан кейін жақындап келіп, төмен қарай құлдилай бастады.
9. (Жақындап келгені соншалық) екі арада (қатар қойылған) қос садақтың арасындай ғана аралық қалды, тіпті одан да аз.
10. Міне, осылайша (Алла) құлына уахи етуді қалаған нәрсесін толық уахи етті.
11. Оның (өз көзімен көргенін) жүрегі жалғанға шығармады.
12. Енді келіп, сендер оның өз көзімен көргені жайлы онымен сөз таластырасыңдар ма?
13. Оны (дәл сол періште кейпінде) басқа бір жолы (екінші рет) түскенінде тағы көрді.
14. Сидратул-мүнтаһаның (болмыстың ең шетіндегі Жаратылыс ағашының) дәл тұсында.
15. Оның тұсында (шейіттер мен тақуалар паналайтын) Жәннәтул-Мәуа болды.
16. Сол сәтте Сидраны (Жаратылыс ағашын) қапсырған (Алланың рақымы) оны одан сайын қапсыра түсті.
17. Алла Елшісінің көзі асып-саспады һәм басқа жаққа таймады (көргенін анық көрді), сондай-ақ көру шегінен де ары аспады (яғни, елес көрмеді).
18. Шүбәсіз, ол Раббысының ең үлкен аяттарының (яғни, Раббысы жаратқан ең елеулі таңғажайып жаратылыстардың) бір бөлігін көрді. (Нәжім, 1–18).
Хадисте ибн Мәсғудтың (р.а.) айтуы бойынша, қос садақтың арасындай ғана аралық – Расулалла мен Жәбірейіл арасындағы жақындық. Алайда кейбір ғалымдардың пікірінше, Расулалла жеткен осы жақындық – оның Ұлы Жаратушыға жақындығы. Кейбір көзқарас бойынша, Қаб-қаусайн (қос садақтың арасындай ғана аралық) бір-бірінің үстіне қойылған екі садақ. Елмалылы осы түсіндірмені ұтымды деп санайды. Оның пайымынша, аят бір-бірінің үстіне қойылған екі садақтың арақашықтығынан да аз жақындыққа ишарат етеді, тәпсіршілер бұл теңеудің Пайғамбардың байланыстырушы періштесіз, арадағы қашықтықты ортадан шығарып, уахиды тікелей естігенін жеткізу үшін қолданылғанын айтады. Осы мағына бойынша, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінен бұрын ешкімге нәсіп болмаған, өзінен кейін де ешкімге нәсіп болмайтын таңғажайып илаһи жақындыққа қол жеткізіп, Алла тағаладан дәнекерсіз уахи алған. Осы жақындықтан кейінгі уахиге тоқталған аят осыны білдіреді. «Оның (өз көзімен көргенін) жүрегі жалғанға шығармады», «Шүбәсіз, ол Раббысының ең үлкен аяттарының (яғни, Раббысы жаратқан ең елеулі таңғажайып жаратылыстардың) бір бөлігін көрді» деген аяттарда Алла Елшісінің (с.а.с.) көрген нәрсесі не еді? Алланы көрді ме, Жәбірейілді көрді ме, басқа нәрсені көрді ме? Бұл мәселелер ғалымдар арасында көп талқыланған.
Ибн Мәсғуд (р.а.) бұл аяттарда Алла елшісінің Жәбірейілді төл бейнесінде көргені айтылған деп түсіндіреді. Ғалымдар аяттардағы өзге мәселелерге қатысты да әртүрлі пікір білдірген. Көру мәселесінде Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) миғражда Алла Тағаланы көзімен көргенін айтқан. Айша (р.а.) бұл пікірді теріске шығарып: «Кімде-кім “Мұхаммед (с.а.с.) Раббысын көрді” десе, Аллаға үлкен жала жапқан болады», – деген. Айша мен оның пікірін жақтағандар «Нәжм» сүресіндегі көруді «Жәбірейілді (а.с.) төл бейнесінде көру» деп түсінген. Алланы ешбір адамның көре алмайтынына мына аяттарды дәлел еткен:
لَا تُدْرِكُهُ الْأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الْأَبْصَارَ: ﴿لَّا تُدْرِكُهُ ٱلْأَبْصَٰرُ وَهُوَ يُدْرِكُ ٱلْأَبْصَٰرَ وَهُوَ ٱللَّطِيفُ ٱلْخَبِيرُ﴾ «Көздердің Оны көруге шамасы жетпейді, бірақ Ол барлық көздерді көріп-біліп тұрады. Ол – Латиф, Хабир!»2 аяты мен وَمَا كَانَ لِبَشَرٍ أَنْ يُكَلِّمَهُ اللَّـهُ إِلَّا وَحْيًا أَوْ مِنْ وَرَاءِ حِجَابٍ أَوْ يُرْسِلَ رَسُولًا: ﴿وَمَا كَانَ لِبَشَرٍ أَن يُكَلِّمَهُ ٱللَّهُ إِلَّا وَحْيًا أَوْ مِن وَرَآئِ حِجَابٍ أَوْ يُرْسِلَ رَسُولًا فَيُوحِىَ بِإِذْنِهِۦ مَا يَشَآءُ إِنَّهُۥ عَلِىٌّ حَكِيمٌ﴾ «Алла адам баласымен тек аян беру арқылы немесе оған перде сыртынан (көрінбей) тіл қату арқылы, я болмаса оған Өзінің рұқсатымен қалағанын уахи ететін елші жіберу арқылы ғана тілдеседі. Шүбәсіз, Ол – Али (ұлы, асқақ), Хаким (асқан даналық иесі)!»3.
Келесі риуаят та осы тақырыпты түсіндіреді.