Хадис

Кутуб ситтә, № 817

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
107. «Мужадилә» сүресі
Нөмірі
№ 817 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
817
Кутуб ситтә, № 817 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي وَسِعَ سَمْعُهُ الْأَصْوَاتَ. لَقَدْ جَاءَتِ الْمُجَادِلَةُ خَوْلَةُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تُكَلِّمُهُ وَأَنَا فِي جَانِبِ الْبَيْتِ، مَا أَسْمَعُ مَا تَقُولُ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: قَدْ سَمِعَ اللَّهُ قَوْلَ الَّتِى تُجَادِلُكَ فِي زَوْجِهَا وَتَشْتَكِى إِلَى اللَّهِ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деді: «Барлық дауысты еститін Аллаға мадақ болсын. Хаула Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, күйеуі жайлы шағым айтты. Мен үйдің бір шетінде едім, оның не айтып жатқанын естімедім. Сол кезде Алла Тағала ﴿قَدْ سَمِعَ ٱللَّهُ قَوْلَ ٱلَّتِى تُجَٰدِلُكَ فِى زَوْجِهَا وَتَشْتَكِىٓ إِلَى ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَآ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌۢ بَصِيرٌ﴾ “Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөздеріңді естуде. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші)”1 деген аятты түсірді».2

Түсіндірме

Аятта айтылған әйел – ансарлық Әус ибн Самиттің (р.а.) әйелі Хаула бинт Сағлаба (р.а.). Әус қартайып, жағдайы мүшкіл еді. Бір күні әйелі одан бір нәрсе сұрағанда, ол ашуланып: أَنْتِ عَلَيَّ كَظَهْرِ أُمِّي «Сен мен үшін анамның арқасындайсың», – дейді. Бұған зиһар дейді. Жаһилият дәуіріндегі ажырасудың бір түрі еді. Солай айтқан еркекке әйелі харам болады, онымен жыныстық қатынасқа түсе алмайды.

Бұл Исламдағы ең алғашқы зиһар еді. Әус айтқан сөзіне сол сәтте-ақ пұшайман болып, әйелін өзіне шақырады, алайда әйелі қарсылық танытып: «Жанымды құдірет қолында ұстаған Раббыма ант етейін, сен сол сөзді айтқаннан кейін Алла мен Оның Елшісі (с.а.с.) үкімін бергенге дейін сен менің жаныма келе алмайсың. Бар-дағы, Расулалламен ақылдас», – дейді. Әус: «Мен ұяламын, Расулалладан бұны сұрай алмаймын», – деген соң, әйел: «Олай болса мен сұраймын», – деп пайғамбардың құзырына барып былай деді: «Уа, Алла елшісі, Әуспен үйленгенімде жас едім, сұлу едім, бірақ қазір қартайдым, бірнеше балам бар, енді мені анасы секілді қылды, жалғыз қалдырды, егер маған рұқсат беріп, онымен қайтадан қосатын болсаң айт». Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен бұл мәселеде осыған дейін Алладан уахи алмадым, менің ойымша, сен боссың!» – деп жауап берді. Әйел: «Уаллаһи, талақ айтпады!» – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтадан: «Харам болыпсың!» – деді. Әйел қайта-қайта жалынып: «Уа, Алла елшісі, жаным құрбан, маған жәрдем беріңіз!» – деді. Алла Елшісінің (с.а.с.) жауабы өзгермеген соң, әйел Аллаға бет бұрып: «Я, Алла! Жалғыздығымның қасіретінен, мені қинайтын ажырасудың қайғысын саған шағымданамын. Кішкентай балаларым бар, оларды оған қалдырсам, құриды, өзіме алсам, аш қалады!» – деп көз жасын төгіп, басын көкке қаратып: «Я, Алла, саған шағымымды айтамын. Я, Алла, Пайғамбарыңа уахи түсір!» – деп жалбарынды. Сол жерден кетпей жатып, жоғарыдағы аят пен оның жалғасы түсті. Осы аяттарда Алла Тағала жаһилият дәуіріндегі зиһар деп аталған ажырасу түрінің Исламдағы орнын, жазасын баяндады. Аяттың жалғасы былай: ﴿ٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِنكُم مِّن نِّسَآئِهِم مَّا هُنَّ أُمَّهَٰتِهِمْ إِنْ أُمَّهَٰتُهُمْ إِلَّا ٱلَّٰٓـِٔى وَلَدْنَهُمْ وَإِنَّهُمْ لَيَقُولُونَ مُنكَرًا مِّنَ ٱلْقَوْلِ وَزُورًا وَإِنَّ ٱللَّهَ لَعَفُوٌّ غَفُورٌ ۝ وَٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا۟ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مِّن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِۦ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ ۝ فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ مِن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا فَمَن لَّمْ يَسْتَطِعْ فَإِطْعَامُ سِتِّينَ مِسْكِينًا ذَٰلِكَ لِتُؤْمِنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَتِلْكَ حُدُودُ ٱللَّهِ وَلِلْكَٰفِرِينَ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін туған әйелдер ғана. Анығында, олар өте жағымсыз әрі жалған сөз айтуда. Соған қарамастан Алла Афу (кешірімі мол), Ғафур (өте кешірімді)! Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар! Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім. Бұл – Аллаға және Елшісіне кәміл иман келтірулерің үшін кесілген үкім. Бұлар – Алланың белгілеген шектеулері! Кәпірлер үшін жан төзгісіз азап бар!»3.

  1. 1«Мужадилә» сүресі, 1-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәухид», 9; Нәсәи, «Талақ», 33 (№3460); Ибн Мәжа, «Талақ», 25 (№2063).
  3. 3«Мужадилә» сүресі, 2–4-аяттар.