Хадис

Кутуб ситтә, № 819

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
107. «Мужадилә» сүресі
Нөмірі
№ 819 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
819
Кутуб ситтә, № 819 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا نَزَلَ قَوْلُهُ تَعَالَى: «يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نَاجَيْتُمُ الرَّسُولَ فَقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَةً. قَالَ لِى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مَا تَرَى دِينَارًا؟ قُلْتُ: لَا يُطِيقُونَهُ. قَالَ: فَنِصْفُ دِينَارٍ؟ قُلْتُ:لَا يُطِيقُونَهُ. قَالَ: فَكَمْ؟ قُلْتُ: شَعِيرَةٌ. قَالَ: إِنَّكَ لَزَهِيدٌ. فَنَزَلَ: أَأَشْفَقْتُمْ أَنْ تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَاتٍ الْآيَة. قَالَ: فَبِي خَفَّفَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْ هَذِهِ الْأُمَّةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَقَالَ: يَعْنِي وَزْنَ شَعِيرَةٍ مِنْ ذَهَبٍ.

Қазақша аудармасы

Али ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا نَٰجَيْتُمُ ٱلرَّسُولَ فَقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَىٰكُمْ صَدَقَةً ذَٰلِكَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَأَطْهَرُ فَإِن لَّمْ تَجِدُوا۟ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлесетін болсаңдар, жолығып сөйлесер алдында садақа беріңдер. Міне, сол өздерің үшін қайырлы һәм жүрек тазалығы әрі шынайылық тұрғысынан ең дұрыс іс болмақ. Ал егер садақа беретін еш нәрсе таппасаңдар, әрине, Алла – Ғафур (кешірім иесі), Рахим (ерекше мейірімді)!»1 (Мужәдала, 12) деген аят түскен кезде, әзірет Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған:

– (Бұл садақа) бір динар болса, қалай қарайсың? – деп сұрады. Мен:

– Бұл өте көп, шамалары жетпейді, – дедім.

– Жарты динар болса ше? – деді.

– Оған да шамалары жетпейді, – дедім.

– Олай болса қанша болсын? – деді.

– Бір арпа дәнінің салмағындай алтын, – дедім.

– Тым аз мөлшер ұсындың ғой! – деді.

Осыған байланысты мына аят түсті: «Алла Елшісімен оңаша жолығып сөйлесер алдында садақа беруді ауырсындыңдар ма (яғни, жолыққан сайын садақа бере берсек, дүниеміз ортайып қалар деп қорықтыңдар ма)? Мұны істей алмадыңдар, Алла Тағала да (шексіз мейірімімен) сендерге кеңшілік жасады. Ендеше, намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер, Аллаға және Оның елшісіне бойсұныңдар. Алла не істеп жүргендеріңнен толық хабардар».2

Әзірет Али (р.а.) былай дейді: «Алла менің арқамда бұл үмбеттің жауапкершілігін жеңілдетті».3

Түсіндірме

Аят Алла елшісіне (с.а.с.) жеке мәселесін айтуға, дұға сұрауға немесе сауал қоюға барған адамға әуелі садақа беруді бұйырған.

Хадисті түсіндірушілер бұл бұйрықта екі мақсат бар екенін айтқан:

1. Алла елшісімен (с.а.с.) оңаша сөйлесудің қадірін арттыру. Адам қиындықпен қол жеткізген нәрсенің қадірін біледі. Оңай жеткен нәрсені бағалай бермейді.

Бұл бұйрықтан мұқтаж мүміндер де пайда көрер еді.

2. Алла Елшісіне (с.а.с.) баруды азайту. Бұл да өте маңызды мәселе. Бұны түсіну үшін ибн Аббастың сөзіне қарайық: «Халық Расулаллаға (с.а.с.) бір нәрселер сұрау үшін жиі барып кетті. Тіпті бұл жағдай Пайғамбарымызға (с.а.с.) машақат бере бастады. Алла Тағала Елшісінің ісін жеңілдетуді және халықтың келіп-кетуін азайтуды қалады. Осы мақсатпен Расулаллаға (с.а.с.) бармай тұрып садақа беру керектігін бұйырды».

Аяттың түсу себебіне қатысты Қатада мынаны риуаят етеді: «Осы аят байларға қатысты түсті, өйткені олар жиі баратын және кедейлердің алдын орағытып кететін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олармен ұзақ отырып, жеке мәселелерін сөйлесуден мазасыздана бастады. Садақа беру бұйырылғанда, олар жеке сөйлесуден бас тартты. Өйткені кедейлер мен жағдайы жоқтар садақа бере алмады, ал байлар мен жағдайы жақсы кісілер сараңдық танытты».

Бұл жағдай сахабаларға қиын соқты. Содан кейін жеңілдік берген аят түсті: ﴿أَأَشْفَقْتُمْ أَنْ تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَيْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَاتٍ ۚ فَإِذْ لَمْ تَفْعَلُوا وَتَابَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ﴾ «Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлесер алдында садақа берсеңдер, мұқтаж болып қаламыз деп қорықтыңдар ма? Егер мұны істемесеңдер де, Алла сендерге кеңшілік жасады».4

Осылайша, Алла Елшісіне (с.а.с.) жеке мәселесімен барғысы келген кедейлерге қайтадан жол ашылды.

Әлидің садақа мөлшерін бір арпа дәнінің салмағындай алтын деп ұсынуы аз мөлшердің де жеткілікті болатынын білдіреді. Алла елшісі оған «Сен нағыз заһид екенсің» деген. Бұл жерде заһид дүние-мүлкі аз, соған сай шағын мөлшер ұсынған адам деген мағынада айтылған.

Ибн Аббас (р.а.) пен Қатададан жеткен екі риуаят бір-бірін толықтырып тұр.

Садақа Алла елшісіне (с.а.с.) берілмей, мұқтаждарға арналды. Алла елшісі сыйлық қабылдаған, ал садақа мен зекет алмаған. Оларды өзінің әулетіне де алуға тыйым салған.

Тәпсірлерде әзірет Алидің мына оқиғасы жазылған: «Құран кәрімде бір аят бар, онымен менен бұрын ешкім амал жасамады, менен кейін де ешкім амал жасамады: Нәжуа (жеке мәселемен бару) аяты: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نَاجَيْتُمُ الرَّسُولَ . Осы аят түскен кезде менде бір динар бар еді. Бір динарды он дирһамға ұсаттым. Расулаллаға (с.а.с.) әр барған сайын, әуелі бір дирһам садақа бердім. Кейін ол аят насых етілді. Ешкім онымен амал жасамады».

  1. 1«Мужадилә» сүресі, 12-аят.
  2. 2«Мужадилә» сүресі, 13-аят.
  3. 3Тирмизи, «Тәпсір», «Мужадилә» (№3300; Жанан басылымында №3297).
  4. 4«Мужадилә» сүресі, 13-аят.