وَعَنْ قَيْسِ بْنِ أَبِي حَازِمٍ قَالَ: قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بَعْدَ أَنْ حَمِدَ اللَّهَ تَعَالَى وَأَثْنَى عَلَيْهِ: «يَا أَيُّهَا النَّاسُ، إِنَّكُمْ تَقْرَؤُونَ هَذِهِ الْآيَةَ وَتَضَعُونَهَا عَلَى غَيْرِ مَوْضِعِهَا: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا عَلَيْكُمْ أَنْفُسَكُمْ لَا يَضُرُّكُمْ مَنْ ضَلَّ إِذَا اهْتَدَيْتُمْ﴾. وَإِنَّا سَمِعْنَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: “إِنَّ النَّاسَ إِذَا رَأَوُا الظَّالِمَ فَلَمْ يَأْخُذُوا عَلَى يَدِهِ أَوْشَكَ أَنْ يَعُمَّهُمُ اللَّهُ تَعَالَى بِعِقَابٍ”. وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: “مَا مِنْ قَوْمٍ يُعْمَلُ فِيهِمْ بِالْمَعَاصِي، ثُمَّ يَقْدِرُونَ عَلَى أَنْ يُغَيِّرُوا فَلَمْ يُغَيِّرُوا، إِلَّا يُوشِكُ أَنْ يَعُمَّهُمُ اللَّهُ بِعِقَابٍ”». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَمَعْنَى «يُوشِكُ»: يَقْرُبُ وَيُسْرِعُ.
Қайс ибн Әбу Хазым былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) Алла тағалаға мақтау айтып, мадақтаған соң, былай деді: “Уа, адамдар! Мына аятты оқып жүрсіңдер, бірақ оны орнымен қолданбайсыңдар: ‘Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе қараңдар. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқандар сендерге зиян тигізе алмайды…’1 Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Адамдар залымды көре тұра оны зұлымдығынан тыймаса, Алланың оларға жаппай жаза жіберер кезі жақын’, — дегенін естідік. Сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Арасында күнә жасалып жатқан қауым оны тоқтатуға шамасы жете тұра тоқтатпаса, Алланың сол қауымға жаппай жаза жіберер кезі жақын’, — дегенін де естідім”»2. Хадистегі «юшику» сөзі істің жақындағанын, жуық арада болатынын білдіреді.
Түсіндірме
- Тура жолға түскен мұсылманның міндеті — айналасындағы адамдарды да жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Мұсылман үмбеті де адамзатқа ізгілікті насихаттауға жауапты.
- Мұсылман үмбеті өзара ынтымақтасып, бір-біріне насихат айтып, Алланың дінін берік ұстануға тиіс. Сонда адасқандар оларға зиян келтіре алмайды.
- Залым зұлымдығы үшін Алланың жазасына ұшырайды. Оны тыюға шамасы жете тұра, жол берген адам да жазаға лайық.