Хадис

Кутуб ситтә, № 830

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
110. «Саф» сүресі
Нөмірі
№ 830 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
830
Кутуб ситтә, № 830 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Сәлам (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَلَامٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ جَالِسًا فِي نَفَرٍ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَتَذَاكَرُونَ. يَقُولُونَ: لَوْ نَعْلَمُ أَىُّ الْأَعْمَالِ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى لَعَمِلْنَاهُ؟ فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ؟ الْآيَةَ، فَخَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَرَأَهَا عَلَيْنَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Сәлам (р.а.) былай дейді: «Өз араларында бір мәселені талқылап отырған бір топ сахабамен бірге отырған едім. Олар: «Әттең, Алланың қай амалды көбірек жақсы көретінін білсек қой, соны жасар едік», – деп айтып жатқан еді. Осыған байланысты мына аят түсті: ﴿سَبَّحَ لِلَّهِ مَا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ ۝ يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ ۝ كَبُرَ مَقْتًا عِندَ ٱللَّهِ أَن تَقُولُوا۟ مَا لَا تَفْعَلُونَ﴾ “Жеті қат көк пен жердегінің бәрі Алланы мінсіз һәм кемшілік атаулыдан ада екендігін айтып, ұлықтайды! Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (асқан даналық иесі)! Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе!”1. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасымызға келіп, аятты оқыды».2

Түсіндірме

Аят істей алмайтын ісіне уәде беріп, кейін сөзінде тұрмаған кісілерге тыйым салады. Алдыңғы буын ғалымдары осы аятқа сүйеніп, уәдені орындауды уәжіп санаған. Уәде еткен істің адамның қолынан келуі не келмеуі үкімді өзгертпейді. Кейінгі ғалымдардың көпшілігі де осы пікірде. Олардың айтуынша, аят жиһадтың парыз болуын қалағанымен, парыз болған соң одан жалтарған кейбір адамдарға байланысты түскен.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мүминдердің бірталайы жиһад парыз болмай тұрып: «Алла өзі сүйетін істі бізге білдірсе ғой, соны жасасақ, қатты қуанар едік» деген еді. Алла Тағала Пайғамбарына (с.а.с.) ең сүйікті істің өзіне күмәнсіз иман келтіру, содан кейін иманға қарсы шаққандармен жиһад жасау екенін білдірді. Алайда бұны мүминдердің бір бөлігі ұнатпады һәм нәпсілеріне ауыр келді. Міне, осыған байланысты «Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?!» деген аятпен айыпталды.

Аяттың түсу себебіне қатысты басқа түсіндірмелер де берілген.

  1. 1«Саф» сүресі, 1–3-аяттар
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Саф» (№3309, Ибраһим Жанан басылымында №3306).